ӨЛЕҢМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨНЕГЕ
12.07.2024
62
0

Тәуелсіздік тақырыбы – елдікті ту еткен, тағылымды жырларға сусап отырған өзіміздің балалар үшін ауадай қажет­ті, қазіргі кезеңде де күн тәртібінен еш түспейтін ділгір, толғанысты тақырып. Кітапта алабөтен отаншылдық сезім, ешбір жұртқа ұқсамайтын қазақи тәрбие мәйегі, оның сарқылмас берекелі бастаулары осы аталған тақырып тереңінен берік тамыр тартып, кең де кемел өріспен тыныстап жатқандай. Әсіресе, қаз тұрып, қадам басқалы бері, көрсем, білсем деген сәбилік сансыз құштарын күн санап қияға самғатып, он сегіз мың ғаламның сырына үңілгісі келер балдырған көңіл, алаңсыз ғұмыр кешер таңғы шықтай балауса шақтың бүгінгі кейіпкерлері – балалар қауымына арналыпты. Өлеңмен өрнектелген өнеге іспет­ті.

Авторы – көп жылдар бойы еліміздің жас өркендерінің талай буынын оқу мен білімге, адалдық пен ізгілікке тәрбиелеп, сүйікті балалар қаламгерлерінің көптеген толқынының зергерлік сөз шеберлігін шыңдаған, осының орайында көпшілікке белгілі ақын-жазушылар етіп қалыптастырған көркемсөз ұстаханасы — «Балдырған» және «Ақжелкен» журналдарында абыройлы қызмет етіп, лирик ақын санатынан жеткіншек буынға мөлдір тұмадай жырларын тарту ете келе өзі де көрнекті балалар ақынына айналып кеткен. Сол тағдырлы сан тарау жолдан бастау алған ұлан асуға толы ұзақ жыр сапарында Болат Үсенбаев – бүгінде өз қолтаңбасын айнытпай дәл тапқан, оқырмандардың сүйікті ақыны саналатын дара тұлға, мәртебелі поэзия жанрындағы бірегей әрі жаңашыл формат­тағы ізашарлардың бірі. Оның жазу стиліне тән жаңашылдық, соны ізденістер өзіміз қолға алып парақтап, терең зерделеп отырған тың дүние — «Тәуелсіздік деген не?» ат­ты көлемді еңбектен менмұндалап тұр. Кітаптың аты айтып тұрғандай, автордың ерекше екпін түсіріп айбынды атау берген «Тәуелсіздік деген не?» ат­ты салиқалы да салқар өміршең жыры қазіргі таңдағы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен біртұтас Қазақ елі алға басты мақсат етіп қойып отырған «Әділет­ті Қазақ­стан» ат­ты ізгілік пен әділдікке негізделген қазақ­стандық модельдегі жаңа қоғамды орнату жолында, яғни қаламгер ретінде әдеби мәнерде бейнелеп айт­қанда «желкілдеп өскен құрақтай» ержетіп келе жатқан ел ертеңі — жас өркенге тағылымы мол танымдық тәрбие беріп, оның ұлт тарихында алатын орнын, діл мен тілдің, Ту мен Әнұранның, қасиет­ті қазақ жерінің ырыс-бағының сақталуын, оның ертеңгі нағыз иесі әрі қорғаны өздері екендігін ұғындыруды басты бағыт, сара жол етіп алады. Ал бұл тұрғыдан алғанда «Құрмет жырлары» бөліміндегі «Абайды сүю» бәсірелі өлеңі ұлы ақын ескерткіші алдындағы жеткіншектің ішкі эмоционалдық сезім күйінің толғанысы, мінез табиғаты тұрғысынан салыстырып қарағанда тап қазіргі өскелең ұрпақтың жан дүниесімен астасып кеткендей. Ол төмендегіше шумақпен өрілген, түр мен мазмұн жағынан алғанда өзгеше жанды кейіптегі қозғалыспен өрнек­телген монументальды сипатқа ие болып тұр:
«Санамды ойға бөктірдім,
Ескерткішіне кеп тұрмын.
Абайды сүю арқылы
Ұлтымды сүйдім деп білдім!»
Әлбет­те, адамзат ғұмырының басым бөлігі мерекелерге толы болатыны айдан анық. «Ең жақсы күн» (мерекелік жырлар) бөліміндегі «Аяз ата» жыры көпшілікке таныс тақырып сияқты көрінеді. Бұл – әсте бұлжымас заңдылық. Сәби психологиясы солай қалыптасқан. Ол мерекелік көңіл күйді, сыйлықтар мен тәт­тілерді қашанда мейрамнан, Жаңа жылдан күтеді. Айналадағы адамдарға, түрлі ойыншықтармен әсем безендірілген шыршаға, Аяз атаның аяқтағы пимасына, суықтан қызарған мұрынына, ішінде сан алуан тәт­тілерге толы сыйлықтары бар дорбасына бір жағынан тамашалай таңқала қарап, екінші жағынан оған іштей аяй қарап тұрғанда, бет-жүзі ашылып қалған Аяз атаның нағыз кім екенін көрген балақайдың сол кез­дегі таңданысын, аңғал көңілін, шынайы түрдегі психологиялық хал-ахуалын автор қалай айнытпай бере білген.
«Сақалының ұзыны-ай,
Шапанының қызылы-ай!
Аяз ата дегенім –
Асан ағай… қызығы-ай!»
Жырдың соңғы түйін шумағы осы. Мұнда не жоқ! Мұнда бәрі де бар! Күнделікті сабақта мектеп оқулығынан ғана көріп, ондағы Аяз атаны қиялындағыдай елестетіп жүрген сүйікті Аяз атасы – өзі күнде көріп жүрген Асан ағайы болып шықса, таңданбасқа не шара! Өйткені, оның ойынша Аяз ата осында тек сонау қиыр солтүстіктегі бораны үскіріп, аппақ қары борап тұратын мәңгі жасыл шыршалы мекендегі аяз аталар елі — Лапландиядан ғана келетін сияқты болып көрінетіндіктен, сәби психологиясы да өзінің аңғалдық мінез-құлық ерекшелігімен нақты айқындалып тұр. Соған сай балғын кейіпкердің ассоциативтілік ойлау жүйесі, аталған өлеңдегі ақиқат болмысқа қатысты мағынаның конструктивтілік әсері осы бір шумақтың өн бойы­нан жиі ұшырасып, ақынның образды шебер сомдауы осылайша сәт­ті шыққан.
Ал «Балабақша жырлары» бөліміндегі бір-бірімен өзара әсем үйлесім тауып орайластыра топтастырылған көркем туындылардың дені мазмұн жинақылығымен, кейде бір ғана шумақтан тұратын мәтін қысқалығымен, оның ішінде образдық ой нұсқалығымен де дараланады. Мысалы, осы бөлімдегі «Суретші» деп аталатын өлең бар болғаны бір-ақ шумақ.
«Сызып біраз шимайды,
Сыдық өзін қинайды.
Ақ қағаздың бетіне,-
Дейді,- пілім сыймайды».
Ақ қағаздың бетін қайта-қайта сурет салмақ болып шимайлап шаршаған, сөйтіп, үлкен пілді бір парақ қағаз бетіне сыйдыра алмай әбден әлекке түскен сәби Сыдықтың періште көңіліне, аңқау пейіліне өлеңді зе­йін сала оқып отырған оқырманның еріксіз езу тартып, кейіпкерге мейірлене әрі сүйсіне қарайтындығы да даусыз ақиқат. Өйткені, автор болған оқиғаны шынайы өмірдің өзіне айналдырып, оп-оңай шын иландыра да, сенімді түрде сендіре де біледі, басқаша болған жағдайда оқырман оған тіпті селт етпес те, іштей езу тартып жымимас та еді. Ақынның қайсыбір өлеңіндегі қандай да бір кейіпкерді, сан алуан құбылыстар мен сыры мол табиғи жаратылысты алып қарасақ та, оқиға мен сюжет­ті өмірдің өзінен ойып тұрып алып, жас жеткіншектерге қаз-қалпында нанымды етіп ұсына қоюы аталған жанрдың бүгінгі таңдағы жас шығармашылық өкілдері үшін балалар поэзиясының өркендеп-дамуына бағыт-бағдар сілтейтін, сара да дара бағыт­ты нұсқап, әрдайым даңғыл жол салып отыратын дарабоз Бөкеңнің ешкімге ұқсамайтын жеке қаламгерлік мектебі деп білген абзал.
Болат ақын кітаптағы алуан тақырыптарды тарауларға сәтімен саралап, «Жақсы мен жаман» бөліміне тапқыр шумақтарға толы, балғын ұрпақтың ой-санасы мен көке­йіне бірден қона қалатын: «Ұялшақ», «Шолжаң», «Қолғабыс», «Еліктеймін атама», «Дидар неге «екі» алды?», «Дастарқанға нан қайдан келеді?», «Бағдаршамда», «Логикалық есеп. Жұмбақтар: Неше адам?», «Кітаптарым, қайдасың?» сияқты өн бойы мол тағылым мен қазақы тәрбие қайнарына тұнып тұрған айтулы жырларын топтастырыпты.
«Табиғат – тылсым әлем» бөлімі негізінен жыл мезгілдерінің сан түрлі сурет­теріне, жан-жануарлардың қызғылықты қылықтарын жеткіншек ұрпақтың жадына ұялатып, олардың сырларын меңгеріп-үйренуге, тереңірек ұғынуға арналған. Мәселен, «Сәуір» ат­ты өлең екі-ақ шумақтан тұрады екен.
«Күн күлімдеп, нұр тұнып,
Жадырады тіршілік.
Үзе қашты кермесін
Құлын-бұлақ жұлқынып.

Жұтып сәуір жұпарын,
Қызықтаймын құс әнін.
Сәби көктем қол созды,-
Бүршігінен бұтаның».
Осындағы «…Сәби көктем қол созды,- Бүршігінен бұтаның.» дейтін екі жолдың арқалап тұрған жүгі аса қомақты. Ой орамдары лирикалық шабыт шалқарынан мөлдір тұмадай бүлк-бүлк еткен қалпында сонау қиыр алысқа бұлқына бағыт алып, келісті мазмұнмен жарасымды келісім тауып тұрғандай. Бұтаның бүршігінен сәби көктем қалай қол созған? Осындайда ұлы Абай еріксіз еске түседі. Ойшыл ғұлама «…Жас жүрек жайып саусағын…» деп толғанбайтын ба еді! Сезімтал да сырбаз мінезді лирик Болат Үсенбаев болса ойламаған жерден қисынын келтіріп бұта бүршігінен көктем мезгіліне осылайша қол создырып қойған. Тапқырлық па? Тапқырлық! Жанды табиғат дүниесінің адам кейпіне кенет­тен көшіп өзіндік іс-әрекет етуі тілсіз жаратылыстық құбылыстың адам санасында жанды қозғалысқа еніп, уақыт пен кеңістік аясында ақын көзімен қарағанда идеалды түрдегі формациялануға ауысу үдерісі арқылы жүзеге асқан. Бұған қоса көлемі дәл осындай екі шумақтан тұратын «Көктемде» жырының соңғы екі жолындағы «…Алақайлап бұлақтар, Сықылықтап су ақты» деген тамаша жолдар бар. Сәт­ті дүние! Сәбилердің шат-шадыман күйдегі уақыт мезгіліне сай үйлестіріле отырып алаңсыз тәт­ті қылықтарын бейнелейтін табиғат картинасының айнымас көрінісі ауыспалы мағына реңкінде де өзінің шынайы болмыс-бітімімен ақынның жүйрік ойы және жүрдек қаламы арқылы шебер жүзеге асқан.
Сондай-ақ кітаптың «Шынықсаң шымыр боласың» бөліміндегі «Мұз айдыны», «Шымырлықтың мәнісі», «Көңілді ойын», «Саусақ жат­тығулары», «Циркте», «Болам спорт саңлағы» ат­ты жырлары балғын жеткіншектерді салауат­ты өмір салтына баулып, жас кез­ден бастап денсаулықтың қадірін білуге, айналадағы ортамен үндесе келе мемлекетіміздің ертеңгі жарқын болашағына айналуға, саламат­ты ұрпақ болып ержетіп қалыптасуға үндейді. Ал, «Ертегілер мен аңыздар» деп аталатын қорытынды бөлім бастан-аяқ ізгілік пен адамгершілік, мейірбандық пен жомарт­тық, кешірім және келісім, достыққа адалдық, бейбіт күнде көмек қолын созып ерлік жасауға ұмтылыс сынды абзал қасиет­терді жас балғын ұрпақтың санасына жеткізіп, ұлт­тық тәрбиеге бау­луға, өнегесі мол ата-баба тағылымын бойға сіңіруге бағыт­талған. Оның айқын айғағы ретінде «Ынтымақ пен бірлік туралы ертегі», «Жарылмаған бас туралы аңыз», «Аңдардың мектепке баруы туралы ертегі», «Мадиярдың ерлігі туралы баллада» сияқты тамаша туындыларды мақтанышпен атап өтуге болар еді.
Кітаптың атының өзі-ақ өршіл рухпен, сабырлы санамен қалың қазақ жұртының балғын оқырмандарына сергек үн қатып, алдаспан жырларын тыңдатып тұрғандай. Басты лейтмотиві қазіргі заманғы кезеңдегі Азат­тық пен Теңдік, Егемендік пен Елдік қағидат­тарына негізделген тамаша туындының айтар ойы да, берер өнегесі де мол.
Қазіргі ұлт­тық поэзияның, оның ішінде балалар поэзиясының алтын қорына қосылып отырған «Тәуелсіздік деген не?» ат­ты ғажайып жыр кітабы тамаша лирик, мысалшы әрі ертегіші, бүгінде бала жанының бағбанына айналған көрнекті қазақ ақыны Болат Үсенбаевтың өскелең әдебиетімізге үлкен олжа салған зор табысы деп бағалар едік. Бұл тұрғыдан алғанда ақынның көп жылдарғы ұзақ ізденістерінен ке­йін туған бұл табысты туындысы, талант­ты жыр кітабы балалар поэзиясы жанры бойынша 2024 жылғы Қазақ­стан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекет­тік сыйлығына бірден-бір лайықты шығарма деп білеміз.

Бақытжан АБЫЗОВ,
ақын, аудармашы,
Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір