ӨР МІНЕЗДЕН ӨРІЛГЕН ӨЛЕҢ
Маңғыстау топырағы – талай таланттың шығармашылық қалыптасуына негіз болған, өзіндік әдеби дәстүрі орныққан киелі мекен. Әсіресе өңірдегі ақын қыздар поэзиясының дамуында өзіндік орны бар көркемдік сабақтастық байқалады. XVIII–XIX ғасырлар тоғысында өмір сүрген Балдай қыздан бастау алған бұл дәстүр кейін Қанапия, Фариза, Айсырға, Бақтыгүл, Оңайгүл, Ақшагүл, Гүлжаухар, Айнахан және басқа да ақындар шығармашылығында жалғасын тауып, әр кезеңде жаңа мазмұндық және көркемдік сипаттармен толығып отырды. Осы арнаның табиғи жалғастығы ретінде Гүлай ақынның шығармашылығын да ерекше атауға болады. Ол өзіне дейінгі ақындық дәстүрді қайталамай, оны өзіндік дүниетанымы мен көркемдік ізденістері арқылы жаңғыртып, қазақ поэзиясында өзіне тән өрнек қалыптастырып келеді.

Сол жыр сабақтастығының бүгінгі бір көрінісі Гүлай ақын шығармашылығы да кең арналы. Оның поэзиясында Маңғыстаудың кең тынысы, Каспийдің толқыны, туған жерге деген перзенттік сезім, қыз жүрегінің нәзік иірімдері тоғысады.
Гүлай Шынтемірқызы – табиғатынан ақын қыз. Оның бойына әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған тәлім-тәрбие жалпы поэзиясынан көрініс береді. Ол ұлттық салт-дәстүріміздің, рухани құндылықтарымыздың қадір-қасиетін жырлаған. Гүлай поэзиясындағы сөздің рухы, этнотілдік дүниетаным, сөздің синергиясы, ұлттық мінезі, қазақы болмысымызды танытудағы поэтикалық күші ерекше және ол тек бір өлеңінен емес, тұтас поэзиясынан сезіледі.
«Құлындай кеңістікте көсіле кең,
Шабытым, шапқан сайын шешіліп ең…» деген жолдарда кең далада көсіле шапқан құлынға балаған шабытынан ақынның кең тыныстылығын байқаймыз. Мұндағы «құлын» бейнесі – ақынның поэтикалық ойлау жүйесіндегі кездейсоқ алынған образ емес, ұлттық дүниетаныммен сабақтасып жатқан көркемдік нысан. Ақын шабыттың еркін қозғалысын кең далада көсіле шапқан құлынның табиғи болмысымен салыстыру арқылы шығармашылық қуаттың серпінін, ішкі еркіндігін және кең тынысын танытады. Мұндағы құлын образы қозғалыс, еркіндік, серпіліс ұғымдарымен астасып, ақынның поэтикалық дүниетанымындағы дала концептісін толықтыра түседі. Қазақ дүниетанымында жылқы – тек төрт түліктің бірі емес, еркіндік, тектілік, қозғалыс, кеңістік ұғымдарымен тығыз байланысты мәдени-танымдық феномен. Осы тұрғыдан келгенде, Гүлай поэзиясындағы жылқыға қатысты образдардың жиі ұшырасуы оның ұлттық танымының табиғи көрінісі ретінде бағаланады. Бала кезінен кең далада атқа мініп, жылқының жүрісін, шабысын, мінезін көзбен көріп, табиғатпен етене өскен ақынның шығармашылық санасында жылқы бейнесінің орнығуы заңды. Сондықтан оның өлеңдерінде жылқы түлігі бір ғана сипатта емес, сан алуан поэтикалық трансформацияға түсіп, кейде еркіндіктің, кейде шабыттың, кейде жастықтың, кейде өмірлік серпіннің символына айналады. Әсіресе «құлын» бейнесінің таңдалуы ақынның ұлттық-танымдық жадындағы балалық шақпен де сабақтас. Құлынның кеңістікте еркін шапқан қимылы мен ақын шабытындағы еркіндік арасында ішкі семантикалық үндестік бар, яғни ақын сыртқы кеңістіктегі табиғи қозғалысты ішкі шығармашылық қозғалысқа айналдырады. Осы арқылы жылқы образы этномәдени белгі деңгейінен көтеріліп, ақынның өзіндік поэтикалық әлемін танытатын көркемдік концептіге айналады.
Гүлай поэзиясының ерекшелігін айқындайтын негізгі белгілердің бірі – сөздің рухани-танымдық әлеуетін ұлттық мәдени кодпен сабақтастыра қолдануы. Ақынның этнотілдік дүниетанымы, ұлттық болмысты тілдік әрі поэтикалық құралдар арқылы таныту тәсілдері, сөз мағынасының контекстік және ассоциативтік қабаттарын тереңдетуі оның шығармаларының тұтас поэтикалық жүйесінен байқалады. Сондықтан бұл сипаттарды жекелеген өлеңдердің мазмұндық ерекшелігі ретінде ғана емес, ақынның жалпы шығармашылық концепциясын айқындайтын тұрақты поэтикалық ұстаным ретінде бағалауға болады.
Гүлайдың «Қысыр інген» өлеңіндегі түйе бейнесі жай ғана этнографиялық деталь немесе балалық шақтың естелігі емес, қазақтың көшпелі-тұрмыстық мәдениеті, еңбек этикасы, төрт түлікке қатынасы және ұлттық жады тоғысқан көркем концепт деңгейіне көтеріледі. Өлеңнің ерекшелігі де осында. Өлеңнің атауының өзі ұлттық ойлаудың бір қабатын ашып тұр. «Қысыр» сөзі қазақ ұғымында төлдемеген малға қатысты қолданылғанымен, ақын оны малдың физиологиялық күйін ғана білдіретін атау ретінде қалдырмайды. Өлең барысында «қысыр інген» бірте-бірте балалық шақтың, ауыл тұрмысының, еңбекпен бітеқайнасқан өмірдің символына айналады.
«Біздің үйдің көлігі – қысыр інген».
Осы бір тармақтың өзінде қазақтың дәстүрлі дүниетанымына тән маңызды түсінік бар. Қазіргі адам үшін көлік – техникалық құрал. Ал ауыл баласының танымында көлік – түйе, ат, арба, яғни тіршіліктің табиғи жалғасы. Ақынның «көлік» ұғымын «қысыр інгенмен» байланыстыруы – ұлттық когнитивтік модельдің көрінісі. Түйе – мұнда жануар емес, отбасының тіршілігіне қызмет ететін әлеуметтік-мәдени нысан.
Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде төрт түлік тек шаруашылық нысаны болған жоқ. Ол адамның өмір сүру кеңістігінің бір бөлігі еді. Гүлайдың өлеңінде де бала мен түйе арасындағы шекара шартты түрде жойылады:
«Сол інгеннің үстінде өстік біздер
Нан-секерді өзімен бөлісіп жеп».
Мұндағы «бөлісіп жеп» тіркесі өте маңызды. Ақын түйені мінетін, жүк артатын жануар ретінде ғана көрсетпейді. Онымен бала нанын бөліседі. Бұл – қазақтың малға деген прагматикалық емес, эмоциялық-этикалық қатынасын танытатын деталь. Сондықтан өлеңдегі түйе образының семантикалық аясы кең, түйе көлік те, еңбек серігі де, отбасы тіршілігінің бір мүшесі де, балалық шақтың куәгері де, ұлттық жадының нысаны да болып тұр. Бұл – ақынның ұлттық ойлау жүйесінің ең басты белгілерінің бірі. Өлеңнің өн бойында «қысыр інген» атауы бірнеше рет қайталанады:
Соған бола атанған «қысыр інген»
Қысыр інген – қоспаймын әсірені
Бұйдасы ала, қоп-қоңыр қысыр інген.
Бұл қайталау кездейсоқ емес, ақын бір қарағанда жағымсыздау, кемістік мәнді «қысыр» сөзін уақыт өте келе жылы естелікке айналдырады. Бастапқыда «қысыр» – інгеннің төлдемегенін білдіретін атау. Бірақ бала санасында ол ерекше, сүйікті, қадірлі көлікке айналған. Інген «қысыр» болғанымен, отбасы үшін оның «жұмысы артық»:
«Басқалардың қысырдан күйісі артық,
Басқалардан қысырдың жұмысы артық».
Бұл түліктің құндылығы – еңбегінде, көтерген жүгінде, отбасыға тигізген көмегінде. Бұл қазақтың еңбекке негізделген моральдық танымымен сабақтас.
Өлеңде кеңестік ауыл өмірінің әлеуметтік шындығы да бар:
«Қой қырқу, түйе күзеу, қи аудару.
Үйдің іші, даланың бүкіл ісі,
Атқарылар тек қана қол күшімен».
Ақын балалық шақты тек сағынышпен суреттеп қоймайды. Ол сол дәуірдегі еңбектің ауырлығын баланың көзімен қайта бағамдайды. «Демалысы болмайтын мал ауыл» деген тіркес арқылы ауыл баласының еңбекке ерте араласқанын көрсетеді. Бірақ бұл жерде де ұлттық дүниетанымның бір ерекшелігі көрінеді: еңбек балалыққа қарсы қойылмайды.
«Қойда жүріп үй ойнап, кітап оқып,
Ойнап жүріп болады қолда қамшы», – яғни бала үшін ойын мен еңбек екі бөлек дүние емес. Қой бағу, қамшы ұстау, әкесіне бару, құдықтан су тасу – бәрі оның балалық әлемінің табиғи бөлігі. Бұл – дәстүрлі қазақ қоғамындағы «еңбек арқылы тәрбиелену» моделінің көркем көрінісі. Өлеңде әке бейнесі де өте мәнді:
«Аптапта да ішпейді әкем сусын
Желкемізден біздердің бір иіскемей!»
Бұл жерде әкенің баладан сүйіспеншілігін жасыруы емес, еңбекті бірінші орынға қоятын мінезі көрінеді. Балалар әкесінің қасында жүріп, оның жұмысын «бөліскендей» болады. Қазақы тәрбие моделіндегі үлкенді көріп үйрену, еңбекке араласу, әкенің ісін жалғау ұғымдары осындай қарапайым детальдар арқылы берілген. Өлеңнің соңғы бөлігіне келгенде түйе нақты жануарлық болмысынан ажырап, естеліктің символына айналады:
«Жылдар өтті – жоғалмай ой қалады,
Көз алдымда сурет тұр сол баяғы».
Осы тұста уақыт пен кеңістік алмасады. Қазіргі Гүлай өткендегі балалық шағына қайта оралады. Бірақ ол балалық шағын адамның бейнесімен емес, қос өркешке жабысып отырған күйімен еске алады:
«Қос өркешке жабысып балалығым
Кетіп бара жатқандай ойнап әлі…»
Өлеңде інген, балалық балғын шақтың кеңістігі мен балалаық шақтың нақ өзі сияқты өте нәзік метафоралық когнитивтік модель бар, яғни ақын үшін балалық шақ – белгілі бір уақыт кезеңі ғана емес, «қос өркешке жабысып» кеткен кеңістік. Өткен уақыттың өзі түйенің жүрісіне айналып, алыстап бара жатқандай әсер береді. Өлеңнің ең әсерлі тұсы:
«Еркелетіп, келеді секер бергім,
Інгеніме бұл жырым – етер белгім.
Менің бала-шағымды әкетуге
Асықтың ба, інгенім, бекер желдің…»
Мұндағы «секер беру» – жай ғана еркелету әрекеті емес. Қазақтың малға, әсіресе бала кезден жақын болған төрт түлікке деген мейірімін танытатын этномәдени деталь. Ал «бала-шағымды әкетуге» деген жолда інген уақыттың метафорасына айналады. Ақынның балалық шағын алып кеткен, шын мәнінде, інген емес, уақыт. Бірақ ақын уақыттың өзін түйенің жүрісімен сезіндіреді. Сондықтан соңғы тармақтың философиялық салмағы бар: адам өткен балалығын қай тара алмайды, тек оның «белгісін» жыр арқылы сақтай алады. Бұл жерде өлеңнің басындағы авторлық ескертпемен де ішкі байланыс бар. Ақын «өлең жарияламаймын» деп өзін тежегісі келгенімен, қайтадан өлең жазады. Демек, өлең – оның еркінен тыс туатын ішкі қажеттілік. Ал «Қысыр інген» сол қажеттіліктің ең табиғи түрін – балалықтан, туған ортадан, ұлттық жадтан шыққан жырды көрсетеді.
Бұл этнографиялық балладада малды ауылдың тұрмысы, қой бағу, түйе күзеу, қой қырқу, құдықтан су тасу, қом, бұйда, киіз, шалап, нан, секер, көші-қон, түйені көлік ретінде пайдалану, ауылдағы бала еңбегі сияқты көптеген этнографиялық-мәдени кодтар жинақталған.
Бұл баллададан Гүлайдың ұлттық ойлау жүйесіне тән ерекшеліктерді анық көруге болады. Ақын ұлттық дүниені тұрмыстық детальдан табады. Үлкен ұғымдарды «ұлт», «дәстүр», «тарих» деп тікелей айтпайды. Оның орнына қомды, бұйданы, шалапты, құдықты, қамшыны, інгенді әкеледі және ол жануарды ұлттық мәдениеттің субъектісі ретінде қабылдайды. Қысыр інген – шығармадағы пассив нысан емес, балалық шақтың белсенді кейіпкері. Ақынның ұлттық танымында адам мен табиғаттың арасы алшақ емес. Бала түйеге мініп қана қоймайды, онымен нанын бөліседі, оған секер береді, оны еркелетеді. Балалық шақ – абстрактілі өткен уақыт емес; ол «қос өркеш», «ақ киіз қом», «нан толы дорба», «қоп-қоңыр інген» арқылы қайта тіріледі. «Қысыр» деген атына қарамастан, інгеннің құндылығы оның отбасы тіршілігіне сіңірген еңбегімен өлшенеді. Сондықтан «Қысыр інген» – түйе туралы өлең емес, түйе арқылы қазақ баласының дүниені қалай танығанын көрсететін өлең. Ақынның ұлттық ойлауы дәл осы тұста дараланады: ол үлкен философиялық ойды ауылдың қарапайым тіршілігінен табады. Қос өркешті інген – бір кезде баланың мінген көлігі болса, бүгін ақын жадындағы балалықтың көркем символына айналған. Ал сол символ арқылы жеке адамның естелігі тұтас бір дәуірдің, малды ауылдың және дәстүрлі қазақы тіршіліктің ортақ тарихи-мәдени жадына ұласады.
Ұлттық болмысымызды, ұлттық бұйымдарды, салт-дәстүрімізді жырлаған өлеңдерінде ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың ежелгі ойлау кеңістігінде, яғни ноосферада жинақталып, қалыптасқан терең ұлттық мазмұн жатыр. Ошақ, текемет, сырмақ, кебеже, сандық, құлын, жылқы, қыр бейнесі Гүлай өлеңдерінде концепт деңгейіне көтерілген. Мысалға, киіз үйді жырлаған өлеңінде «Киізіне құса-мұң сіңген киіз үй – көшпелі жұрттың киесі» дей келіп, қазақтың ұрпағы киіз үйде туып, киіз үйде өліп, ұрпақ алмасатындығын жазған Гүлай қазірде жұрттың зәулім үйді аңсап, киіз үйді ұмытып кеткенін, бүгінде киіз үйдің басынан бағы тайған кез екені мұңая жырға қосады.
Шаңырақ, уық, кереге, босаға, туырлық, сықырлауық, киіз, түндік арқылы киіз үй бөлігінің атауларын ғана емес нақты ұғымдарды түсінеміз. «Киіз үй» өлеңінде уықты шартарапқа, керегені кеңістікке, шаңырақты бірлікке, босағаны құтқа балаған. Гүлайдың сөз қолданыстары оқырманына этномәдениетті, рухты жаңғыртудағы қазақ сөзінің синергетикасын танытады. Тілдік тұлғаның қолданысында дүниені тану, қабылдау, сезіну, тұтастану, яғни концептуалдану нәтижесіндегі символ арқылы іске асатын концептілер ұлттық тілден тамырын үзбегенін, тамырын кеңейтіп жатқанын Гүлай сөздерінің құдіреті деп білемін.
«Қызғаныш біреулерге өр мінезім,
Шындық боп шың басында желбіредім», – дейтін Гүлай шындықты ту қылып ұстайтынын айтады. Ол үшін шындық – жай ғана ұстаным емес, мінезінің өзегіне айналған азаматтық қасиет. Сондықтан Гүлайдың тура сөзі мен өр мінезі кейбіреуге оғаш көрінгенімен, ақынның өзі одан таймайды, шындықты биікте желбіреген туындай асқақ ұстайды. Оның өлеңіндегі өрлік те, өмірдегі өткірлігі де осы шыншыл болмысынан бастау алады.
«Қызғанба менің қалам-қарымымды,
Жаралдым болмысымнан дарып үлгі.
Бір Алла, сүре – сауыт, намаз – қалқан
Кір пиғыл баса алмайды арынымды!» деген шумақта Гүлай өз бойындағы қалам қуаты мен өр мінездің табиғатынан дарыған қасиет екенін танытады. «Бір Алла, сүре – сауыт, намаз – қалқан» деген жолдардан ақынның рухани тірегі мен иманға сүйенген ішкі беріктігі аңғарылады. Сондықтан ол кір пиғылға бой алдырмай, арын таза сақтап, өз болмысынан таймайтын қайсар тұлға ретінде көрінеді. Міне, Гүлай өлеңдері – осындай арынды, өр де биік жалды.
Ақын поэзиясында туған жер тақырыбы ұлттық таным, тарихи жады және тұлғалық болмыспен сабақтастықта көрініс табатын маңызды тақырыптардың бірі ретінде танылады. Мәселен, «Беу, Бозжыра!» өлеңінде Гүлай Бозжыраны табиғаттың жай ғана көркем нысаны емес, тарихы мен тылсым сыры бар тірі рухани тұлға ретінде қабылдап, онымен сырласады. Бозжыраның асқақ та қайсар болмысынан ақын өзіне күш алып, оның тасқа айналған тарихын, Тұмар қызды, батырлық пен домбыра сарынын елестете отырып, ұлттық жады мен туған жер рухын, өзінің мұқалмас мінезін астастыра жырлайды.
Г.Дәуітбаеваның «Ақ Кетік берендеріне» өлеңі – Ақкетіктің тарихи жады мен рухани кеңістігін, сондай-ақ осы өлкеден шыққан өнер иелерінің шығармашылық мұрасын арқау еткен лирикалық-патриоттық туынды. Өлеңнің көркемдік жүйесінде Ақкетік географиялық мекен ғана емес, ұлттық руханиятты қалыптастырған, талай дарын мен тұлғаны тәрбиелеген мәдени кеңістік ретінде концептуалданады. Ақын шығарманың идеялық желісін туған өлкенің тарихи-рухани болмысын асқақтатуға құрады. «Ақ Кетік – ақтарылған ақ маржан аңызбысың», «Кетік едің шежіре-сыр кеудеңде бөктерілген» деген метафоралық тіркестер арқылы Ақкетік ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи жадтың, мәдени мұраның және рухани құндылықтардың символына айналады. Өлкенің өткені «ақ маржан», «аңыз», «шежіре» ұғымдарымен астастырылып, оның сакралды сипаты көркемдік тұрғыдан тереңдетіледі.
Ақын Г.Дәуітбаеваның «Айыру керек» өлеңін оқиық: Далиған мендік даладай жүрек, Қалады кейде қаралай жүдеп. Жабысқақтарды майға құныққан Айырсам деймін аямай іреп! Қырғидай тисем шулатып бәрін, Құлқынын қисам қуратып нәрін — Тоңқалаң асып тоғышар біткен Үлгермей кетсе тіл қатып залым…
«Айыру керек!» өлеңі – Гүлайдың азаматтық үнін айқын танытатын, қоғамдағы келеңсіз құбылыстарға қарсы уытты да өткір жазылған шығарма. Ақын «айыру» ұғымын қайталау арқылы ой екпінін күшейтіп, ел қамын жемейтін әкімнен бастап, жалған сөйлейтін депутатқа, міндетін атқара алмаған әскериге, ана тілін қадірлемеген ұлтсыз санаға дейін батыл сын айтады. Өлеңдегі өткір сарказм мен ашынған пафос ақынның ел тағдырына бей-жай қарай алмайтын өр мінезін аңғартса, «Қазақ ертеңі – қазаққа ортақ» деген түйін оның азаматтық ұстанымын айқындай түседі. Бұл – шындықты бүкпей айтуға, ұлт мүддесін жоғары қоюға үндеген әлеуметтік салмағы бар өлең.
«…Мақұрым ұлттың ғажап құнынан,
Санасын миқұрт қажап құрыған,
Ананың тілін сүймес сүмсікті
Айыру керек қазақтығынан!
Кеш емес әлі, айыру керек!
Ұлтсыздың уын қайыру керек!
Қазақ ертеңі – қазаққа ортақ
Қазағым көрсін қайырын демек!»
«Айыру керек!» – Гүлайдың «тентек» өлеңдерінің бірі. Тентек дейтінім – оның ойы да, сөзі де бір қалыпқа сыймай, қоғамның жарасын саусағымен басып, биліктегіні де, бұқараны да аяусыз сын тезіне салуында. Ақынның «Айыру керек!» деген қайталама тіркесі өлеңге асау ырғақ, қайсар мінез беріп, оқырманды бірден ой арпалысына жетелейді. Бұл – біреуге жағыну үшін емес, елдің кемшілігін күйіне отырып айту үшін туған, әзіл мен ащы шындықты, тентектік пен азаматтық батылдықты қатар алып жүрген Гүлай поэзиясының бір қыры.
Ақын үшін өмір – тек қуаныш пен мұңның кезектесуі емес, адамды адам ететін үлкен сынақтардың кеңістігі. Адамның жалғыздығы, уақыттың өткіншілігі, әйелдің тағдыры, туған жер, ел мен жердің қадірі, көңілдің құбылысы – мұның бәрі Гүлайдың ақындық әлемінде өзіндік бояумен көрінеді.
«…Төбемде тұршы, тарама,
Ақ бұлтым – менің періштем.
Жұбаныш болшы жарама
Танимын сені… мен іштен…
«Кетемін көкке бір күні…» – өлеңінде досының рухымен сырласады. Жердегі мұңнан шаршаған нәзік жанның көктегі аппақ бұлтты өзінің жалғыз сырласы, қорғаушы періштесі әрі мәңгілік тыныштық табатын мекені ретінде көретін ішкі психологиялық күйі өлең болып төгіледі.
«Додаға түсті дәстүрім», «Ертегілер еліндегі адасу», «Жаңбырлы түн», «Балауыз», «Тағдыр», «Нәпсімен күрес», «Домбыраға араша», «Жалғанның ақиқаты – жалғандығы», «Жүрегіммен сырласу» және т.б. өлеңдерінде Гүлай өмірдің мәні мен адам болмысы, тағдыр мен уақыт, ақиқат пен жалған, нәпсі мен ар, рух пен өлім секілді іргелі мәселелерді қозғап, философиялық ой түйіндейді.
Ақынның ішкі дүниесіндегі қайсарлық пен нәзіктік, сыр мен мұң, үміт пен арман, сондай-ақ өмірлік пайымдары мен терең толғаныстары оның поэзиясында ойлы әрі мазмұнды көркемдік жүйеге айналады. Гүлайдың лирикалық шығармаларында жеке тұлғаның ішкі сезімі мен қоғамдық-адамгершілік пайымдары өзара сабақтасып, ақынның өзіндік дүниетанымын танытатын поэтикалық өрнек қалыптастырады.
Адамның болмысын бір ғана қырымен танып-білу мүмкін емес. Әсіресе ақын табиғаты – өз алдына бір әлем. Оның сөзіне үңілсеңіз, мінезін көресіз, мінезіне қарасаңыз, жүрегін танисыз. Гүлай Шынтемірқызының да табиғаты осындай – өлеңінде ой, сөзінде өткірлік, болмысында еркіндік бар.
Гүлай ақынның поэзиясы – өмірдің терең сырларын, адам жанының күрделі иірімдерін философиялық пайыммен өрнектеген көркем әлем. Оның ойлы да өр рухты жырларынан ұлттық болмысқа деген адалдық, туған жерге деген перзенттік махаббат, адам тағдырына деген терең толғаныс аңғарылады. Балдай қыздан бастау алған Маңғыстау ақын қыздарының жыр көшін Гүлай ақын өзіндік үнімен, сырлы сезімімен жалғастырып келеді.
Гүлай деген – өз мінезі бар, өз үні бар, өз шындығы бар бір әлем. Сол әлемде өлең де бар, өткір сөз де бар. Ол ешкімге бас имей, ешкімге жалтақтамай өз сөзін батыл айта алады. Қоғамның кемшілігін көрсе – түйреп өтеді, елдің мұңын сезсе – толғайды, ұлттың жоғын көрсе – шырылдайды. Гүлайдың ақындығын бір сөзбен түйіндеу қиын. Ол – сезімнің ғана емес, ойдың ақыны. Ол – жай ғана жыр жазатын емес, сөз арқылы өмірге өз көзқарасын білдіретін қаламгер. Өлеңдерінен ішкі толғаныс пен философиялық ойды, әйел жүрегінің нәзіктігі мен өр мінезді қатар кездестіруге болады. Гүлайдың бір ерекшелігі – өлеңі мен мінезінің алшақ жатпайтыны. Өмірде қандай болса, сөзінде де сондай: еркін, өткір, турашыл. Жалған пафосқа, жасанды әсемдікке ұмтылмайды. Оның жыры да өзіне ұқсайды – ойлы, ширақ, кейде ащылау, бірақ әрдайым шынайы. Ал шынайылық – ақын үшін ең үлкен қасиеттердің бірі. Гүлайдың шығармашылығына үңілген сайын оның өлеңдерінің арғы жағынан бір ғана ақынды емес, өз дәуірінің сөзін айтқысы келетін, өз замандасының жанын түсінуге ұмтылатын, өмірге өз өлшемімен қарайтын тұтас бір тұлғаны танимыз. Оның жырына үңілу – Гүлайдың өзін тану. Ал Гүлайдың өзін тану – оның сөзіндегі өрлікті, жүрегіндегі адалдықты, мінезіндегі өткірлікті тану. Биыл Гүлай Шынтемірқызы елу жасқа толып отыр. Елу адам өмірінің жай ғана белесі емес, бұл – артқа қарап, өткен жолыңды бағамдайтын, бүгінгі орныңды таразылайтын, алдыңдағы жолға жаңаша көз салатын кемел шақ. Ал ақын үшін елу – сөздің салмағы артатын, өмірден көргені мен көңілге түйгені тереңдей түсетін кезең. Ақын Гүлайдың елу жасы – ақындық жолының бір белесін бағалайтын, қаламгерлік қолтаңбасына қайта үңілетін айтулы мезет. Елу жылдық белес – ақын шығармашылығының қорытындысы ғана емес, жаңа биіктерге бастайтын рухани қуаттың бастауы.
Нағбду ҚАМАРОВА,
Ш.Есенов атындағы (КТжИУ) университетінің профессоры
ПІКІРЛЕР5