ЕЛ ИГІЛІГІНЕ АРНАЛҒАН ҚОЗҒАЛЫС
03.04.2026
86
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына, волонтерлік қозғалыстарға, қайырымдылық шараларға әлеуметтік кәсіпкерлікке және ел игілігіне арналған басқа да жұмыстарға белсене қатысу – жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдық көрінісі.

Бүгінде ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Атырау облысында табиғат қорғау аймақтары мен табиғи қорықтарда өрт қауіпсіздігін сақтау және оның алдын алу мақсатында өткен экологиялық іс-шараға 200-ге жуық жас қатысты.
Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, «Экологиялық ағарту және насихаттау жұмыстарын жүргізу» жобасы аясында өткен іс-шара барысында жастар мен еріктілер табиғат қорғау аумақтарында демалушылар мен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өрт қауіпсіздігі ережелері туралы ақпарат таратып, табиғат аясында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде арнайы жадынамалар үлестірді, демалыс орындарында қоқыс қалдырмау, от жағу кезінде сақтық шараларын сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Омаровтың айтуынша, табиғи аумақтардағы өрттердің басым бөлігі адам факторынан туындайды. «Сондықтан тұрғындар арасында экологиялық ағарту жұмыстарын күшейту және жастардың табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларын қолдау аса маңызды», – дейді басқарма басшысы.
Басқарма басшысы былтырғы жылы облыс аумағында 11 қамыс өрті тіркеліп, табиғатқа айтарлықтай зиян келтірілгенін атап өтті. Осыған байланысты облыс әкімінің қолдауымен Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватына 20-ға жуық арнайы техника берілген. Ол «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясындағы мұндай іс-шаралар өңірде эко-волонтерлік қозғалысты дамытып, қоғамның әр мүшесінің табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға үлкен ықпал ететінін атап айтты.

Өз тілшімізден

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір