ӘДЕБИЕТ АЛЫПТАРЫНА АРНАЛҒАН ТУЫНДЫ
04.11.2024
211
0

Әдебиет­тануда өзіндік орны бар Қансейіт Әбдезұлының таяуда ғана «Атамұра» баспасынан «Алаш перзенті» ат­ты сын мақалалар мен әдеби портрет­тер енген жаңа кітабы жарық көрді. Кітаптың беташар сөзін көрнекті әдебиет­танушы ғалым, профессор, жазушы Нұрдәулет Ақыш ағамыз жазыпты. Профессордың кітаптың атымен аталған «Алаш перзенті» ат­ты зерт­теу публицистикасы кешегі қызыл биліктің қырғынына душар болып, тек қана ел ертеңі үшін еңбек етіп, сол жолда жанын құрбан еткен Алаш алыптарына арналады. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұстафа Шоқай, Смағұл Сәдуақасұлы, Тұрар Рысқұл сынды Алаш ардақтыларының мәдени һәм ғылыми майданда аянбай еңбек еткен жылдарына әдеби тұрғыдан тереңірек тоқталады.

Сонымен қатар осы мақаласында ол ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында жарық көрген әйгілі профессор Темірбек Қожакеевтің «Жыл құстары», «Көк сеңгірлер», «Сара сөздің сардарлары» ат­ты еңбектерінде сол жылдары толықтай тарихи әділ бағасын алмаған Н. Төреқұлов, С. Қожанов, Т. Рысқұлов, Т. Жүргенов, Б. Сүлеев, Қ.Кемеңгерұлы, И. Тоқтыбаев, М. Жолдыбаев, Ш. Тоқжігітов, А. Асылбеков сынды қазақ әдебиеті мен мәдениетіне еңбегі сіңген Алаш арыстарының шығармашылығына ғылыми тұрғыда алғашқылардың бірі болып, жан-жақты зерт­теулер жүргізілгенін айрықша атап өтеді.
Қансейіт ағамыздың «Алаш перзенті» ат­ты кітабының әрбір тақырыбы оқырман назарынан әсте тыс қалмайды. Оның қашан да елгезектігімен қатар, әдебиет айналымын қырағы көзімен қадағалап отыратыны, расында, сүйсінтеді. «Қалам ұшындағы қазақ әдебиетінің тағдыры» ат­ты сараптамалық әдеби зерт­теуінде соңғы жылдары жарық көрген кітаптардың мазмұндылығы мен әдебиетке әкелген тың жаңалықтары турасында тереңінен ой қозғап, әдеби әділ бағасын береді.
Ғалымның әдеби сындарынан байқайтынымыз, ол ешбір мақаласында жасырын оймен оқырманды шаршатпайды. Қай портретін алып қарасаңыз да, жүйелі ойдың жетегінен өз оқырманын жалықтырмай жетелеп отырады.
Сөз басында атап өткеніміздей, бұл кітап жаңа бір «ғылыми мемуарға» ұқсайды. Себебі көпеген зерт­теулерінің алғашқы сөйлемдерін өз кейіпкерімен қалай жолыққанынан бастайды. Сонымен қатар автор сол әдісі арқылы оқырманмен сұхбат­тасудың тамаша бір тәсілін тапқандай көрініс береді.
«1934 жылы Қазақ университеті ашылды. Ұлтымыздың санасын оятып, болашаққа мықты буын тәрбиелеу миссиясы енді осы университетке жүктелді. Дәл осы тұста Қазақ­станның түкпір-түкпірінен сталиндік режимнен ғайыптан аман қалған ұлт зиялыларының барлығы ҚазГУ-ге келіп, ат басын тіреді», – деп өзінің «Қазақ ұлт­тық университеті және Әуезов ұлағаты» ат­ты мақаласында өліара шақта еңбек еткен нағыз академиктер турасында кеңінен тебіренеді. Әрісі Әуезов, берісі Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдоловтардың мектебінен түлеп ұшқан нағыз әдебиет­танушы ғалым, профессор Қансейіт ағамның «Алаш перзенті» ат­ты кітабының тұсаукесер рәсімі 29 қазан күні, сағат 11:00-де қарашаңырақ ҚР Ұлт­тық кітапханасында өт­ті.
Тұсаукесер кешінің тізгінін ұстаған көрнекті ақын, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып ағамыз ерекше дайындықпен шараның мазмұнды өтуіне мұрындық болды.
Шараны қазақтың көрнекті қаламгері, қоғам қайраткері, үнемі ізденіс үстінде жүретін пассионар тұлға, қасиет­ті ордамыз Қазақ­стан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов құт­тықтау сөзбен ашты.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алғандар қатарында академик, мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Бақытжан Жұмағұлов, белгілі әдебиет­танушы-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанғара Дәдебаев, ХҚТУ жанындағы Еуразия ғылыми-зерт­теу институтының директоры, доктор Суат Бейлур, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай сынды белгілі зиялы қауым өкілдері автор мен кітап туралы өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ қазақтың арқалы ақыны, Қазақ­стан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов, ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев, Қазақ журналистикасының ардагері Жұмаш Кенебай-Көкбөрі сынды әдебиет пен тарих тарландары кеш мазмұнын байыт­ты.
Сыртқы сұлбасымен қатар, типографиялық мүмкіндіктерді шебер қолдана білген «Атамұра» баспасының президенті, белгілі баспагер, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед пен шараның өтуіне ықпал жасаған мәдениет майталманы, ҚР Ұлт­тық кітапханасының директоры, Қазақ­стандық кітапханалық одақ төрағасы Бақытжамал Оспановаларға автор өз алғысын айт­ты.

Қанат АЛТЫНБЕК,
жазушы, публицист,
ҚР Ұлт­тық кітапханасы, Ғылыми-
әдістемелік қызметінің маманы,
ҚР Авторлар қоғамының РҚБ мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір