ҚОЗҒАЛЫС ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ КОМАНДИРІ
28.12.2024
156
0

Мақсот Лакибаев – Атырау станциясының кезекшісі. Ол – теміржолшылар әулетінің қызметін жалғастырушы. Болашақ мамандығын бірден таңдап, соған бала кезден бейімделетін кәсіп иелері – теміржолшылар дейтін болсақ, біздің кейіпкеріміз де өзінің кім болатынына сонау балалық шағында шешім қабылдаған. 

Әкесі – Нұрберген Гурьев теміржол бөлімшесінде пойыз диспетчері болса, анасы – Қалампыр апай пойыздарды сумен қамтамасыз етуші маман болып жұмыс істеген. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, ата-ананың тәрбиесі, ықпалы балаға әсер етпей қоймайды. Мақсот та мектеп бітірген соң, Гурьев теміржол техникумын «Теміржол көлігінде тасымалдауды басқару және ұйымдастыру» факультеті бойынша бітіріп, екі жыл Приморскіде әскери борышын өтеп келген соң, Гурьев-1, қазіргі Ақжайық станциясына бағыттамалы бұрма постының кезекшісі болып еңбек жолын бастайды. Ол кезде қазіргідей орталықтан басқару жоқ, бұрмалардың бәрі қолмен атқарылып, пойыздарға бір жолды ашу, бір жолға қосу қолмен ауыстырылатын. Сондықтан да «бұрма кезекшісі» бөлек бір қызмет саналатын. Содан кейін Мақсот Лакибаев Махамбет станциясына пойыз құрастырушы болып ауысады. Онда станция кезекшісіне дейін көтеріліп, бес жылдан соң бөлімшеге пойыз диспетчері лауазымына келеді. Мұнда енді бүкіл аймақ темір жолы алақандағыдай көрінеді. Соның бәрін қадағалап отыру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мақсот Нұрбергенұлы бұл жұмысты да абыроймен атқарады. Сол кездегі жөн сілтеп, жол көрсеткен ағалары Мұрат Әбілқайыров, Құмар Өтенов, Жолдас Үмбетов сынды әріптестерін жылы сезіммен еске алады. Мақсот аға соңғы 15 жыл шамасында Атырау станциясында станция кезекшісі қызметін атқарып келеді.
– Бұрынғымен салыстырғанда бүгінде жұмыс біраз жеңілдеген. 30-40 жылдай бұрын пойыз көп болатын, тіпті үлгермей жататын кездер болды. Ал бүгінде ондай жанталас жоқ. Сосын бұрын қолмен жасалған жұмыстардың көбі қазір компьютерлендірілген, яғни сандық технологияға көшірілді. Таблодан қай пойыз қай жерде, қандай жылдамдықпен келе жатқанын байқап отыруға болады, – дейді Мақсот Нұрбергенұлы.
Иә, кезекшінің міндеті станцияға келген пойыз­ды қабылдап-жөнелту, сұрыптау. Сондықтан ол ең әуелі пойыз құрастырушымен және белгі берушімен, жүк қабылдап-тапсырушымен тығыз жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Атырау станциясына бір ауысымда 10 шақты жүк пойызы және 4-5 жолаушы пойызы келеді. Олар аса қиындық тудырмайды. Вагондарды әр жаққа бөліп, Теңдік, Махамбет, Ақжайық станцияларына және оннан астам кірме жолдарға жіберіледі. Осы жұмыстарды біздің кейіпкеріміз абыроймен атқарып жүр.
Мақсоттың жары Гүлнар да – теміржолшы, техникалық бөлімде инженер болып еңбек етіп, зейнетке шыққан. Ұл-қыздарының екеуі ата-анасының жолын жалғап, теміржолшы болды. Нұртас Атырау станциясында пойыз қабылдап-тапсырушы, ал Айдана техникалық бөлімде еңбек етуде. Қазақстан темір жолының 120 жылдығын Лакибаевтар әулеті осындай табыспен қарсы алып отыр.

Қосұйым МҰҚАШЕВ,
Атырау

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір