Ақын Байкөкшеге арналған ас
30 мамыр күні аудан орталығы Қарауылдағы «Хан Шыңғыс» мейрамханасында Байкөкше ақын рухына арнап ас беріліп, хатым түсірілді. Осы ас барысында біздің осыдан оншақты жыл бұрын шығарған, ал биылғы көктемде қайтадан толықтырылып, екінші қайыра баспа бетін көрген «Тәбәрік» атты жыр жинағы асқа қатысқан қауымға таратылды.

Бұдан кейін аудандық мәдениет үйінде Абайдың Байкөкшесі құрметіне арналған мағыналы рухани шара облыстық деңгейде ақындар мүшайрасы өткізілді. Оған облыстың түкпір-түкпірінен оншақты ақын қатысты. Әділқазылар алқасына жергілікті абайлық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, Құрмет орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Төлеген Жанғалиев жетекшілік етті. Бас бәйгені кейінгі жылдары топ жарып, есімі елге кеңінен танылып қалған Бауыржан Игілік иеленді. Қалған ақындардың бәрі де сый-сияпаттан тыс қалған жоқ. Ақындар мүшайрасы «Қаламқас» халық ансамблінің талантты өнерпаздарының ойын-сауығымен өрнектеліп жатты.
Сөз соңында аталған шараның бәрі алда тақап келе жатқан хакім Абайдың 180 жылдық торқалы тойы аясында зор ұйымшылдықпен өткенін айта келіп, сол үшін ұлылар елінің басшысы Мейіржан Смағұлов мырзаға Байкөкше ақын ұрпақтары, жалпы әдебиет жанашырларының атынан шын жүректен алғыс сезімімізді білдіреміз.
Дәулет Сейсенұлы,
«Қазақ әдебиеті» газетінің Абай облысы
бойынша меншікті тілшісі