ТЕАТРҒА — ТАРИХШЫ, ҒЫЛЫМҒА — ШЫРАҚШЫ
02.04.2026
115
0

 

Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз.
АБАЙ

Өткен тарих – жеке өміріңіз (10.10.1926 – 22.01.2010). 84 жас. Сырдария мекені Сұлутөбе ауылы. Арғы көне тарихтан ой қозғап, сыр шерткен ежелгі ел – өз ата-жұртыңыз. Ұлт тарихында тұңғыш кәсіби Қазақ театры шымылдығын ашқан Қызылорда. 1925 жыл. Ұлт­тық Автономия. Алғашқы кезең. Тарихи Астана.

Өнердің әсері болар,

 

Өнердің әсері болар, алғашқы  оқу орныңыз – Ташкент (ГИТИС.1955 жыл). Оқытқан ұстаздарыңыз – театр саласындағы әлем әдебиетінің білгірлері – М.Григорьев, М.Морозов, Л.Эфрос, Я.Фельдман. 1963-жылдары Мәскеу аспирантурасында жетекшілік еткен
Г.Гоян мен Қазақ театрының алғашқы «30 жылдық тарихын» құрастырған білім иесі Н.Львовтың берген білімі. Өнерге деген құштарлығыңызға ұстаздар дәрісі осылай жол ашты. «Тәшкен көрген бала» атанып, қатар өсіп, қара талқанды бөліскен Қалтай Мұхамеджанов, Нұрмұхан Жантөрин, Бәйтен Омаров, Ахметжан Қадыровтай дос-жоралар. «Осылардың бәрін бағып, асыраған мен болатынмын» деген әзіліңізді мойындаған да осы серіктес курстастарыңыз. Бұлар да өмірден әр қайсысы театр өнерінің бір-бір биігі мен шынары болып өтті. Тума талант, ерекше топ.
Алғашқы еңбек жолыңызды Алматыда бастап (ТЮЗ.1955–1956) «әдебиет бөлімі», одан кейін 1956–1958 жылдары Жамбыл қаласындағы «Мәдени ағарту» училищесінде ұстаздық қызметте өсіп, қалған бар ғұмырыңызда Қаныш ағамыздың қара шаңырағы академияда Өнертану бөлімінде өткізген еңбек мерзіміңіз. «Бөлім» десек те, ғылымның ең бір мықты уығы осы орын. Ғалымдардың алтын бесігі атанған бұл мекемеде Ахмет Жұбановтан кейінгі өнертану саласында ұлттық мүддені көтерген де өзіңіз. Оның бір дәлелі Ахаңнан кейінгі өнертану саласында. «Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері» атанған таза ғалымдық өз сүбелі еңбегіңіз. Бұдан өзге ұстаздық жұмысыңыз 1989 жылдан Т.Жүргенов атындағы жоғары оқу орны. Бұл мекеме де – сіз үшін білген біліміңізді келер ұрпаққа қалдырар таза ғылыми кафедра. Өшпес өнерге қосқан ғылыми табысыңыздың ауыр-жеңілді ғұмырлы жолы тарих қойнауына осылай енді. Білім. Ұстаздық. Ғылым жолы. Иесі – өзіңіз. Бағыбек Құндақбаев.
Қай елдің болса да өнері өз ұлтының әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен бастау алады. Ал мәдени жетістігін қалыптастыратын басты саласы – ғылым. Соның өзекті белдісі – театр өнері. Сүйенері – өз ұлтының ана тілі ұлт байлығы. Осы ойды басты негізге алғаннан алғашқы еңбегіңізді Аймауытов, Дулатов, Кемеңгеров, Садуақасов, Шаниннен бастадыңыз. Бұлар сол замандағы Кеңес дәуіріне жат ұлтшыл-буржуазияның нағыз «халық жаулары» екенін де жақсы білдіңіз. Сол ортадан аман қалған Мұхаңмен жүзбе-жүз кездесуде (1955 жыл) алғашқы театр тарихын зерттеу жөніндегі іштей серт-сенімнің рухына да сенгеніңіздің ерекше әсері болар. Болмаса, Әуезовтің әдебиет кеңістігіне театр арқылы келгені. Бұл ойлар сыбырмен айтылса да сыр боп қана қалатын қиын кез екенін де білдіңіз. Жазуға болмайтын заңы қатал қиын кез екенін біліп тұрып және ескермедіңіз. Мұхаңның да бір сенгені сол кездегі заманның «жылымығы» жылт еткен жылуы болатын. Оның соңы сорақылық соттау боп қайта оянарын кім білген. Қалай қапалансаңыз да өткен тарихтан үмітіңізді өшірмей, келер күнді күтумен 60 жылғы еңбегіңізді қайталап жазып зерделеумен болдыңыз. Шыдамы қиын заманның ызғарына осылай шыдадыңыз. Амалы, өзге айласы басқа кер заманның әдісін ұқпастан жанып тұрған отқа өзіңіз осылай түстіңіз. Жоғарғы жақтың сізге деген теріс күні де оңынан тумай, терісінен атты. Білмедіңіз емес, білдіңіз. Білсеңіз де білген біліміңізді мінезіңіз жеңгендей. Ұтам деп ұтылдыңыз. Одан бөлек, бір сенген сенімді серігіңіз Мұхаңның қызы Ләйла апамыздың іштей дем бергенінен болар, алғашқы ғылыми диссертациялық еңбегіңізді (Алаштың Отаны) «Семей театры» деп төтелеп бастағаныңыз (1964 жыл). Қорғалмады емес, сәтін беріп өзіңіз айтқандай әп-әдемі боп қорғалды. Оған бір себеп – Кеңес үкіметін 10 жыл билеген Хрущевтің де «жылымшық» жылғы жылдарының соңғы әсері. Қалай десек те тарихты бір аунатып Алашты айтып, Семейді жаздыңыз. Айтылды. Хатталды. Жазылды. Ізденіс. Жеңіс. Тәубе.
Бұл тәубеңіздің тәубесі «тәуіптің тәуірі ауруға ауру жұқтырмаса» дегенге саймай, емі жоқ «саясаттың сары ауыры» қалған өміріңізге жазылмас дерттей жабысты. Үндемес үнсіз билік улатпай-шулатпай жеке бөлмеге өзіңізді оңашалап шақыртты. Тергеді. Тексерді. Ескертті. Қатаң болмаса да сұмырай көз, суық сөзбен үн шығармастай қатқылдау түрде ой-сөзіңізді түзетті. Биліктің бұл «ескерткені» ендігі жерде аңдушы биліктің қырағы есебіне енгеніңіз. Болды осымен. Мұның бәрі – Әуезовтің сөзі мен ісі, болмаса тәрбиесі емес, Әуезовтен де өтіп кеткен Алаштың ақтаңгері Аймауытовтың театр өнеріне қатысты зор тарихы. Қазақ әдебиеті мен театрының ерекше айдыны болған Аймауытов – басқалардан басқа. Ол бөлек. Бөлек болғанда да елден ерек, білгір, сұңғыла. Бар себептің басы да осы. Әр зерттеуіңізде «Қазақ театрының бастауы Аймауытов» деген пәле басы өз сөзіңіз. Одан өзгесі болса Аймауытов пен Әуезов арасындағы ежелгі достық. Келісімшарт. Сыр боп сақталған сырлы тарих. Аймауытовқа қатысты (екі аударма). Гоголь. Шекспир. Ортақ ой. Театр. Ұлтшылдық. Түптеп түгендесек, ең алғашқы болып оққа байланған Аймауытовтай нағыз қаскөй ұлтшылдың ұлтжанды сөзі мен ойы. Голощекинге деген жеке әрекет. «Жүсіпбек кеткен соң ғой біздің жүніміздің тікірейіп тік көтеріліп адам болғанымыз» деген
Бейімбет пен Ғабаңның да сөздері өзіңізге осындай ой тастаған болар. Одан өзге Ләйла (Әуезова) апамызға хатшы болып, Мұхаң қойылымдарының айтылмаған сырларына жасырын түрде барғаныңыз да бір бөлек дүние. Ізденіс. Білдіңіз. Білгеннен жаздыңыз да. Ал құтылып көр.
Осыған орай айтылар басты оқиғаның ең бір маңыздысы Нарком Смағұл Сәдуақасов құрған «Ұлттық театрдың» тұңғыш Көркемдік кеңесі (1925 жыл). Мүшелері – А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, О.Жандосов, М.Жолымбетов, М.Насоновтар. Жаңа ашылған
театр үшін ең басты қауіп, негізгі ой-жүйе осы Көркемдік кеңестің ұлтшылдары болды. Мұны сол кездегі қырағы басшы Ф.Голощекин жақсы білгеннен өз жақтасы Ғаппас Тоғжанов пен Ілияс Жансүгіровті айтыстырып, Ахаң (Байтұрсынұлы) бастаған Көркемдік кеңес мүшелерін ұлттық ой-жүйеден ажыратып, орыс мүддесінің негізгі идеологиясы болып бекіген «социалистік реализмді» тізеге басып отырып бекітті (құрушы
М.Горький, иесі В.Сталин. 1925 жыл).
Бұл тартыста айтысқан Тоғжанов Жансүгіров екеуі де театр айналасынан қуылып, Әуезов, Дулатов, Кемеңгеров, Шаниндер мүлде тысқары қалды. Алғаш құрылған қазақ театрының «сая­си қойылым» ойыны осылай басталды. Ұлттық ойдың негізгі иесі Аймауытов Голощекиннің тікелей бақылауымен тұтқындалып ел аман, жұрт тынышта ең алғашқы Мәскеуде атылғандардың тізіміне осылай енді. Сенген сенімді серігі Тоғжанов болса, мемлекеттің негізгі саяси газеті «Еңбекші қазақ» бүгінгі «Егемен Қазақстанға» басты қадағалаушы (редактор) болып сайланып, қазақ театрының бағытын айқындаушы қара күштің нағыз өзі болды. Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс иесі болған соцреализмнің сара жолы осылай басталды. Мойындамаған, тыңдамағандар – «халық жауы». Сөйткен Голощекин, Тоғжанов өз түбіне өздері жетті. Қамалды. Атылды. Өнерден жау іздегендердің жаулығы осылай аяқталса да, сара жол сарыны қазақ елінің өз тәуел­сіздігін өзі алғанша айғай-қуғындаудан басы бір босаған жоқ.
Тұжырымдап айтқанда, «соцреализм» деп сөз бастап ой тастаған социализмнің қырағы солдаттары атанған алғашқы сыншылар 1937, 1952 жылдары жазықсыз атылған талай жанның ажалына басты себепкерлер боп, есімдері тарихқа еніп, өздері де оңбады. Алды – академик, арты – кандидат. Архивтегі «тергеу протокол» көрсеткіші осылай. Қызғаныш. Айыптау. Қуғын-сүргін. Сібір. Итжеккен. Алды Әміре, Жұмат, Толыбаев (операдағы жалғыз бас). Тізе берсең, тізімнің өзі тізгінсіз кетер кер заманның тар қыспағы осындай көріністе өтті. Әлі де сол сарынның сарылы. Қашан да үнсіздердің үні қауіпті. «Секретный сотрудник» (сексот), серый кардиналдар.
Қорған иесі болар Мұхаң (Әуезов) дүниеден өткен соң докторлық диссертацияңызды (тәуелсіздік алғаннан кейін) әзер дегенде 1996 жылы (32 жылдан соң) «Қазақ театрының негізгі даму кезеңдері» деген адам түсінбес тұжырымдамамен есептеп, бес ғасырлық жүгі бар бес кітабыңыздың жинағын жинақтап барып берді-ау әйтеуір. Бермеске лаж жоқ. Ар жағында өз-өзін ақтап айғайлаған Аймауытов бастаған аруақтар шеруі. Одан өзге театрдың айтылмаған, жазылмаған тарихының арғы көзі сонау көне заманнан келе жатқан ұлттың өз салт-дәстүрі екенін ғылыми түрде дәлелдеп айтып, тағы да жаздыңыз. Еңбектің ерекшілігі де осында. Ғылым.
Қазақ театрының жалғыз «тарихшы докторы» дегеннен сескенді ме, 70 жасыңызға орай, қайраткер мен «Құрмет» орденін жеделдете беріп, бұл парыздан олар да тез құтылды. Бұл екі аралықта сіздің тәлім-тәрбиеңізбен өскен өнердегі бала-шәкірттер тәжірибесіз қыранға айналып, 30-ға толмағандар орден алып, 40 жастағылар «Халық артисі» атанды. Бұл көзқарас – биліктің өнер, ғылымға дегенде әлі де өзгермей келе жатқан өз теріс пиғылы. Өнер де ғылымның негізгі бір күші десек, осындайда қашан да ойға оралып, мидан кетпейтіні Мұхаңның драматургияда соңғы жазған (1958 жыл) «Дос-Бедел дос» пьесасындағы жылтыңдаған сұмырай ұғым. Сондағы айтылатын «ғалымбысың, жоқ әлде, залымбысың» деген сөздің сұр келбеті қоғамда әлі тірлік кешумен келеді. Мұхаңның сол ойы сол қалпынан өзгерген емес. Ашық кетсе, сот абақтының есігі Мұхаңа қашан да ашық болғаннан артық сөзге де бара алмай, ішқұса қам көңілдің запыран қайғысында өмірден өтті. Осындағы Жаппас (қақпас) рөлін керемет сомдаған Қарағандының біртуар актері Рамазан Баймағанбетовтің ойынын талай жерде үлгі де еттіңіз. Әттең, бүгінде автордың дүниесіне араласа алмайсың, әйтпесе «Дос-Бедел достың» айтпағы Мұхаң көріп тартқан бар азаптың өз шындығынан да биікте. Қайта өңдесе қаны атқылар нағыз шындық осы пьеса. Нағыз классика. Өмір – театр. Адам – пенде.
Сіздің ең бір ұтымды ұтқаныңыз өміріңіздің әр күнін ғылымға арнап, Қазақ театр тарихының қалтарыста қалған кем-кетігін саралап зерттеумен өткізген құнды 300 ғылыми еңбек, 700 мақала. Оның сыртында 20-ға жуық шәкіртіңізге ғылыми жетекшілік жасап, ғылым кандидаты мәртебесіне жеткізгеніңіз – өнерге қосқан ең сүбелі бөлек табыс. Әрқайсысы өз алдына бір-бір тақырып, жеке еңбек ғылыми жүйе. Одан өзге жазылған әр кітабыңызды түгендесек, актерлер құрамынан Қуанышбаев, Өмірзақов, Қожамқұлов, Жантөрин, Ноғайбаев, Қалтаев, Сәкиев, Сүлейменов, Жайлыбеков, Жайсанбаев, т.с.с болса, режиссурада Байсеркенов, Сейтметов. Авторлардан Әуезов, Мүсірепов, Тәжібаевтар драматургиясы – бүгінгі күнде келер ұрпақ үшін театр тарихына таптырмас шежіре, бағалы еңбек. Құнды тарих. М.Кәрім, Б.Жәкиев, И.Экрен, Л.Устиновтан аударған аудармаларыңыздың құны бір бөлек. Еліміздегі әр облыстық театрдың еселенген еңбегі мен жеке-жеке жазылған тарихы өз алдына. Одан өзге талай жерде ауызекі айтылып, жазылмаған еңбектеріңіздің өзі қаншама? Бір қара шаңырақтың тірегіндей болған 62 уықтай сан-салалы өнердің әр дерегін Қаллеки, Сер-аға, Ел-аға, Қапан, Камал, Сәбира, Хабиба, Хадиша, Айша, Жамал, т.с.с. үлкендердің әр естелік сөзінен елеп-екшеп, түгендеп жазғаныңыз – бағасыз байлықтың нақты нұсқасы. Соның бір қызықты мысалы өнер адамдарының арасында «білмегеніңді Сер-ағаңнен сұра, болмаса Қапаннан қарастыр. Бұл ағаларыңнан таппасаң, білгені мен жазғаны көп Бағыбектен біл, сол біледі» деген Қалтай ағамыздың қалжыңында да талай шындықтың сыры жатыр. Астарлы қалжың – күлкілі, әзіл – нақты дәлел.
Сыншы ретінде өнер тазалығын сақтауда сырқат сырын ерте сезіп, ауру тамырын бақсыдай дөп бастыңыз. Не бір таланттардың сахналық кейпін (портрет) жазарда жеке тағдырын (жақсы білсеңіз де) бірде-бір жазбаңызда, артық сөзге барып келеңсіз сөзді кірістірмедіңіз. Жазбадыңыз. Жазғанды қойып кейде өтініп сұрасақ та айтқан емессіз. Жаздырмаған заман емес, бала жастан қалыптасқан адами кісілік тәрбиеңіз. Орыстар болса, жеке бастың ісін әсте ұмытпайды. Жазады. Жазды да. Қалай айтсақта оларда ежелден қалыптасқан аталы мәдениет бар. Біз басқамыз. Айтсақ та, не айта алмаймыз, не жаза алмаймыз, ол аздай тыңдай да алмаймыз. Өтірік жалған ежелгі аурудан әлі де арылмай келеміз. Соңы сорақы өсектің өз соры. Бұл тақырыпта Абай айтқан «топас надандықтың тірі тіршілігінен» әлі де асқан емеспіз.
Бұның бір себебі бүгінгі ұрпақтың, әсіресе өнер адамдарының арсыз ақшаға салынған мына замандағы көргенсіз қылықтары мен ессіз надандығы. Жатқан-тұрған. Ішкен-жеген. Өз артын өздері ашқан көргенсіз ұрпақтың ел алдындағы жексұрын қылығы. Солардың көбі – өнер жолына жолдан қосылған жалған «шоумен» жолдыаяқтар. Ақыл айтар үлкені мен білімді тәрбиесі жоқ ел осылай күйрейді. Абай айтқан «арсыз заман», қайта оянған кер заман. Қара надандық. Босқа өтіп жатқан қайран уақыттың кесел кесірі.
Осыған орай айтар ойымыз, бірде-бір рет (тәуелсіз ел болғанда) төрде отырып төрелік айтып шапан киген жеріңіз және жоқ. Одан былайғы жерде бір астаудан жем жеп, бір табақтан теңге бөлісіп, иесіз өнерге иелік еткен есерлердің шашқан дәніне және таласпадыңыз. Бұл дерт – тәуелсіздікпен туған «қума» аурудың өз дерті. Мұндайда жасанды сандуғаштардың аңдығаны бір теректің қолайлы қонар басқа бұтағы екенін білгендіктен, «бағалы Бағыбек» басыңызды кішірейтпей, қашан да аулақ жүрдіңіз. Өнер тарапынан атыңыз озып тұрса да, Мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне тым құрығанда жаяу атыңыз да жүйріктің бірі боп қосылмады. Бәйге атаулының шынайы сый-сыяпат дегендері сізге емес, бөтенге кетті. Қалай айтсақ та академик деген (театр саласында) құрметті атақты алмасаңыз да, сол атаудың құрметті төрінде Бағыбек Құндақбаев атыңыз бәрібір қалды. Бұл сөз – мына дүниенің сорақы көрінісінде екінің бірі академик, профессор атанған арсыз заман болғаннан айтылған сөз. Енді бір қарасақ, бүгінде өнерге әділ баға берер нағыз білікт,і ойлы профессор Бағыбек жоқ. Сіз – бөлексіз. Уақыты келгенде есесін жібермес уақыттың есебі олардың да жақсы-жаман атын түгендеп жазар. Мүдде. Талап. Уақыт.
Өнердегі ең басты ұстанымды еңбегіңіз сынға деген сыншылдықтан гөрі өнер тарихына деген құрметте басым өтті. Әр талдауыңызда өткен өнердің өрісін бүгінгі күн тұрғысынан қарап, салыстырмалы түрде талдап жазуыңыз ғылым үшін таптырмас олжа. Тарих – қашан да анықтаушы күш. Өткеннен сабақ алмаған өнерсіздердің өрісі қашан да тар. Бұл жолда саясаттың сөзін сөйлеп, арнайы тапсырыспен сын жазып, шапан киіп, сыбаға дәметкен кезіңізді көрмедік. Қашан да еңбектің мінін емес, жеткен жетістігін жіліктеп, тек ғылымға керектіні екшеп жаздыңыз. Сынның жөні осы екен деп, әр нәрсені сөз қылып, кім көрінгенді мұқатып-қағытқан жеріңіз және жоқ. Көпшілік болып жиналған театр фестивалінде пәлсәпә соғып, әркімнен сілтеме (цитата) келтіріп елдің мыйын ашытып білімдарланбадыңыз. Не жазып, айтсаңыз да ғылымға негізделген нақты дәлелмен теориялық тұрғыдан талдап, өнер тазалығын сақтаумен өттіңіз. Әр айтқан ой сөзіңізде арзан баға емес, байып­ты айтқан пікіріңіз өз құнын еш жоғалт­қан емес. Біздің бір үлкен кемшілігіміз де осы баға қойғыш білімсіздігімізде. Ойлы жанға қашан да пікір қымбат. Пікірі тазаның ойы орнықты, жолы бөлек. Шын сынның сыры да осы тазалықта. Ар. Ұят. Намыс. Тәрбие.
Өзіңізден қалған өзекті ойлардың ең бастысы – ұлттық драматургия жауапкершілігі. Соған орай осы күнге шейін орыс-өзбек, қырғыз-татардан қалған арзан дүниелерді төрге сүйреп, ұлттық ұғымда әлі де сол кіріптар күй кешумен келуіміз. Ұлтқа деген қастандық тек театрда. Одан қалса ақшаға құныққан арсыздардың талғамсыз сөз келеңсіз оқиғадан келсін-келмесін пьесасымақ арзан дүние жазуы күнделікті әдетке айналды. Әр нәрседен инсценировка жазып сахна тазалығын бүлдіруге келгенде, талантымыз тіптен аспандауда. Инсценировка еш уақытта таза драма болған емес. Ол уақыт талабына орай ғана айтылар өтпелі көрініс екенін әлі ұғар емеспіз. Инсценировка – әдісі өткен соцреализм­нің театр арқылы қолданар ең ұтымды идеологиясының басты құралы. Солай болды, содан солай тәрбиелендік те. Осы ойды өз аузыңыздан талай естісек те, әлі де қоймаймыз. Бұл да – арам ақшаның бүгінде таптырмас әзәзіл жолы. Драматургияға керегі қашан да көркемдік сұлу кеңістіктің өз жетістігі. Таза пьеса. Сахна талабы да осы ұғымнан еш өзгерген емес.
Ал актерлердің бүгінгі дарынсыздығына келсек, өз табиғи үндерінен ажыраған дәрменсіздердей. Басына байланған микрофон, одан қалса ұялы телефон арқылы сөз жаттап, жүре тыңдау. Табиғатынан ажыраған өлі өнердің соңғы сарқытындай. Фонограммаға қарсы жазылған заң бұларға жүрмейді. Неге? Әлде, көрерменді ақымақ санау­дың саудасы ма? Образ деген ұғымды бұларға өлсең де айтып түсіндіре алмайсың. Кешегі таланттардың небір табысы образ кейпінде тарихқа еніп, өнерге үлгі болды. Білімсіздіктері сондай рөл ойнаса болды, соны образ дегендеріне не дерсің. Білгенге образ ұғымы – қайталанбас асыл бейне. Сұлулық. Тазалық. Театр. Өнер мәртебесі осылай.Өзіңіздің өмір бойғы басты қағидаңыз режиссер білімі, өмір тәжірибесі, содан туындайтын қойылым, соңғы шешім. Соған орай театр билігі режиссер билігіне көшпей өнер өспейтінін өмір бойы айтумен өттіңіз. Сол айтқаныңыз да келді. Әр театрда ерінбеген екінің бірі режиссерсымақ одан қалса, театрға көркемдік жетекші бола салу одан да оңай. Көп режиссердің ісін көріп, сөзін тыңдасаң, айтарлары «ел түсінбесе түсінбесін, өзіме түсінікті» дегендері – нағыз дүмбілез шоумендер сойқаны. Сахнаға шығудың жолы есіктен гөрі төр жақтан оңай. Заманына қарай жаршысы. Көздері – инстаграмм, сөздері – фейсбук, істері – тик-ток. Нағыз шолақ ой, таяз ұғым, сылдыр сөздің сабаздары. Бұл да сіздің сөз ұқпас тәжірибесіздерге айтқан ұғынықты өз ұғымыңыз. Сол сіз айтқан ойлы сөздердің айғағы – бүгінгі ойсыз көрініс, мазмұнсыз қойылымдар. Режиссер – білімсіз, театр – иесіз.
Бүгінде театрға баратын зиялы қауым жоқтың қасы. Барса да көрері мен айтары жоқ. Талғам таяз. Жазғыштардың айтары – «жастардың талғамы, жастардың сұранысы. Театр ізденісте. Театр өсу үстінде. Әр театрдың өз дәстүрі бар» деуді қалай түсінуге болады? Мына заманның жастарына салсаң, көп шуылдақ надан тобырдың айтары мен ісі өздеріне. Жастарға қай уақытта да керегі – үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие. Әсіресе отарлық бұғаудан енді құтылған қазақ үшін. Театрдың өз ортасына, әсіресе ұлтқа тигізер ықпалын мүлде ұмыттық. Театр жұмысы қашан да ізденістен тұрады. Дәстүрге келсек, театр дәстүрі қашан да ортақ. Ол – өнер. Бұл – бұзылмайтын ежелден келе жатқан ұлттық, әсіресе мемлекеттік ұстаным. Бұл да – сіз айтқан ағалық сөзден қалған әсерлі ұғымдардың жалғасы.
Өз заманыңыздың өз ортасында өз орныңыз тым бөлек еді. Өзіміз шет жағасын көріп-білген «Қобыланды», «Бөлтірік – бөрік астында», «Жат елде», «Шығыстағы бір бейбақ», т.с.с. қойылымдағы жеке пікіріңіз – осы ұстанымдардың нақты дәлелі. Кейбір білгірлердің білсе де білмегенсіген білімсіз теріс пікірі өзіне. Сол заманның өзінде желке тұстан сыбырлап, әр сөзіңді теріс жеткізетін ағалығы жоқ үлкендердің өзі қаншама. Көрдік. Түйдік. Білдік. Қалай созбалақтаса да қойлымға жат деген небір жақсы қойылымдар көрермен тұрғысынан бәрібір қабылданған. Бүгін де солай. Солардың көбіне жақсы пікір білдірген де – өзіңіз. Өнерге жәдігер, сынға мәмілегер, білімді-білікті қабілетіңіз ғылымға өнеге, жастарға тәрбие болды. Біліміңіз – тазалығыңыз – қашан да өзгермейтін өнеге.
Өз өміріңізде ең бір ерекше есте қалғаны – Болгарияда өткен театр фестивалі. «София – 82. Ұлттар» театры. Бұл фестивальдің ерекшілігі – талай ғасырға бергісіз жылдардан соң жаңа кейіпте оянған ерекше қойылымдар мен ірі танымал режиссерлер шешімі. Талантты актерлердің таланты мен ерекше өнер сұлулығы. Сахна суретшілерінің жаңашылдығы. Ғасырлап келе жатқан театр өнерінің бұрыннан қалыптасқан жасандылығына қарсы туған сахна эволюциясы. 32 елден келген 45 театр. Күніне 7-10 қойылым. Билет жоқ, орын жоқ. Әлемдік театр өнерінің нағыз алтын ғасыры болған ұлы өнердің ұмытылмас әсерлі тойының ұлы жеңісі. Кеңес үкіметінен арнайы барған қазақ театр өнерінің зерттеушісі ретінде тапқан бас пайдаңыздың бір жетістігі де осы – 1982 жылғы фестиваль. Сондағы көріп-білгеніңізді таңдай қақтыра талай рет жыр қылып айттыңыз. Өзіміз көрмесек те, сіздің сол айтқаныңыздан ой оянды, сап­қа тұрдық. Өстік. Өндік. Бұл – сіз берген тәрбие білімнің бір шарапаты. Бар қазақ театрына ортақ мектеп, жаңа дәстүр.
Қойылым (спекталь) ғұмыры – қашан да уақыттың құлы. Сол уақыттың өзі сахна өнеріне келгенде, қаталдығы күшеймесе, азаймайды. Бүгін бар, ертең жоқсың. Әсіресе театр өнері. Атап айтқанда, көркемдік мазмұнға сай әр рөлдің өз мінезі мен ұлттық ерекшілігі. Мінез. Образ. Өнер. Бүгінде образды қойып, образға деген ұғым жоқ. Образ жойылса, ұлттық өнер де жоқ. Бұл – басты қағида. Театрға иелік етер ой-сана (оқыған тоқығаны мол) режиссер жоқ жерде өнерден не қайран. Театрдың көркемдік деңгейі – режиссер. Өнер ұстанымы – тіл, мәдениет, әдебиет, салт-ғұрып, өз тарихың. Үндемей өлтіретін өмірдің өнері де осы пайымда өседі. Бүгінде өрелі өнерге әділ баға берер Бағыбек жоқ деп, іштен тынасың және жауаптысың.
Надан жұрттың өнер атаулыны жын­ойнақ көрген мына есер заманында сахна өнерін ғылыммен ұштастырып, әлем мәдениетіне қазақ деген ұлы елдің ұлттық өнерін өшпес биікке көтердіңіз, өсірдіңіз. Ол өнер (сахна өнері) – қазақтың өз өнері мен өз әдебиетінен туған өз шежіресі. Өз таланттары. Мұндайда ғылымға бет бұрған ғалымның екіжүзді, жағымпаз, жалтақ болғаны да жаман. Сіз өз мінезіңізбен өсіп, жеттіңіз. Солай боп қалдыңыз. Мықтылығыңыз сондай, соңғы күніңізге дейін машинаңыздың рулінен түспей, жайдары, жақсы көңілдің көгінде жасымай, жадырап өткеніңіз. Өнер жолында Бағыбек атыңыз төс пен балғаның арасында шыңдалған сынның соққысында шындалып, құндағында оралған сыншы Құндақбаев атыңыздың өткен өміріңізге (театрға) ұят келтірген жері жоқ. Ол ойдың отаны ілім-білімге шырақшы болған Шәкәрім айтқан «кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбектің» ар-намыс, абырой, ұятында өткеніңіз. Жиған ілім, білген біліміңіз де ғылымға шырақшы, театрға тарихшы болды. Солай қалдыңыз. Кең дүниеге қашан да тар көңілдей болған сахна өнері сізден тарихқа аманат. Ылайым солай болғай. Рухыңыз – ғылымда, атыңыз – тарихта…

 

Ерсайын ТӨЛЕУБАЙ,
режиссер-драматург

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір