«ҒЫЛЫМҒА КӨҢІЛ БӨЛСЕҢІЗ…»
29.01.2024
1266
2

 

АҚШ-тың әйгілі саясаткер ғалымы, кезінде мемлекет­тік хатшы қызметін атқарған, шыққан тегі поляк, Зигмунд Бзежинскийдің 1984 жылы әлемнің көп тілдеріне аударылып жарыққа шыққан, сан алуан пікірталастар тудырған «Коммунизмнің күнінің батуы» («Закат коммунизма») деп аталатын кітабында мынадай түйіндеме айтылған болатын: «Заман өзгерді. Адамзат қоғамы жаңа кезеңмен бетпе-бет келді. Енді коммунизмді жеңу үшін, жер бетінен аластау үшін, бір елді екіншілердің басып алуы немесе бодандыққа түсіруі үшін, зеңбірек сүйреудің, мылтық шошайтып, оқ атудың заманы өтіп кет­ті. Егер Мәскеудің Қызыл алаңында орыстың бозбаласы кетіп бара жатса, оның джинсы шалбарының ышқырында жапсырылған американың туының суреті болса, онда коммунизмнің күнінің батқаны деген осы».

Қалай болғанда да айт­қаны келді. Кітаптың аты тегін аталмапты. Бірнеше жылдан соң, социалистік жүйенің мүлде ыдырап, тарихтан көшкеніне куә болдық. Жас ұрпақтың білім алуына, тәрбиесіне селкеу түссе, идеологиялық қуат, әсіресе қоғамның берекесі қашатынына көзіміз жет­ті.
Әрине, мемлекет басшысы еліміздегі білім беру ісіндегі, ұрпақ тәрбиелеудегі қордаланған, қазіргі әлемдегі ахуал өте күрделі және құбылмалы бола отырып, күн өткен сайын қарама-қайшылықтары тереңдеп келе жатқан, ұлт­тық қауіпсіздігіміз үшін аса маңызды мәселелерге ерекше көңіл бөліп келе жатқанын жақсы білеміз. Ұлытаудағы Ұлт­тық Құрылтайда да, үстіміздегі жылғы Қазақ­стан халқына Жолдауында да, I Республикалық педагогтар съезінде де мектеп жағдайын, ұрпақ тәрбиесін, маман дайындау саласының қадау-қадау проблемаларын жіктеп көрсетіп, ел алдындағы, ұлт алдындағы аса маңызды міндет­терді анықтап берді. Президент Ұлытауда өткен Ұлт­тық Құрылтайда: «Ал енді мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы – әр азамат­тың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс.

Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер», дей келе, қазіргі күндегі халықаралық ахуалдың бұрын-соңды болмаған деңгейдегі шиеленісіне назар аудара отырып: «Бір-біріне мүлде қайшы келетін түрлі идеялар мен ұстанымдар қақтығысы белең алды. Бұл қақтығыс геосаясат­та немесе экономикада ғана болып жатқан жоқ. Тіпті мәдениет пен руханият­ты, құндылықтар жүйесін, басқаша айт­қанда, идеология саласын да шарпуда», – деген болатын.
Қысқасы, М.Әуезов айт­қан «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұстанымды «Әділет­ті Қазақ­стан құрамыз десең, мектебіңді түзе» деген терең ұғыммен жалғастыруымыз керек. Бүгінгі күннің талабы, міне, осы.

Осынау болашағымызға, ұлт тағдырына тікелей қатысты толғауы тоқсан, күрмеуі өте күрделі, қайшылығы мол мәселелермен табандап тұрып шұғылданып, білек сыбанып, тер төгіп, тынбай ізденіске түсіп, олардың шешімдерін табуға бүкіл күш-қуатын, білім-тәжірибесін арнап, еңбектеніп жүрген айтулы, тұлғалы азамат­тар бар екені рас. Осылардың бірі ғана емес, бірегейі, бүкіл өмірін, тыныс-тіршілігін, ғылыми ізденісін ұлт рухын асқақтатуға, болашақ ұрпақты оқытып, тәрбиелеу ісіне арнап келе жатқан Қазақ­станның Педагогика ғылымдары Академиясының басқарма төрағасы (Президенті), академик, Германияның доктор-инженері, педагогика ғылымдарының докторы, профессоры, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, биік парасат­тың, ұлтымызға тән асыл қасиет­тердің иесі Асқарбек Құсайынов (суретте) екенін ерекше мақтанышпен, үлкен құрметпен айтар едім.
Профессор А.Қ.Құсайыновтың қолымызға алып, қызығушылықпен танысып отырған «Орта білім сапасын көтерудің ғылыми-практикалық негіздері» деп аталатын монографиясы автордың білім беру саласын дамыту мақсатында 40 жылдан аса уақыт бойы үздіксіз зерт­теулер жүргізіп, озық әлемдік тәжірибе негізінде еліміздегі орта білім беру жүйесінің жай-жапсарын егжей-тегжейлі саралап, жетістіктері мен кемшіліктерін екшей отырып, қайткенде білім сапасын көтере аламыз деген сұрақ төңірегіндегі толғауларын, нақты ұсыныстарын тәжірибелік сүзгіден өткізіп, дәйекті материалдарға сүйене отырып жазылған ғылыми негізі бекем, методологиялық базасы тиянақты, практикалық мәні зор, заман талабына толық сәйкес келетін, жауап беретін еңбек екенін атап өткім келеді.

Орта білім беру саласын, бүгінгі мектеп өмірінің тыныс-тіршілігін әр қырынан зерт­теп жүрген ғалымдардан А.Қ.Құсайыновты даралап тұрған бірнеше ерекшеліктеріне тоқталғым келеді.

Ең әуелі, Асқарбек Қабікенұлы техникалық жоғары оқу орнын бітіріп, инженерлік мамандық алған еді. Оның бойында, санасында инженерлік ой-жүйе қалыптасып, бекемделген. Оның мәнісі – кез келген құбылысқа екі өлшем емес, үш-төрт өлшем (яғни уақыт, қозғалыс, өзгеріс – ғылымда оны «Минковский өлшемі» деп атайды) тұрғысынан қарап зерделеу­ді білдіреді. Яғни құбылысқа қатысты ой-пікірдің тереңдігі, жан-жақтылығы, мәнділігі, тұжырымның логикалық арнасының нақтылығы, қорытындының бұлжымастығы анық та айқын болуға тиіс. Инженерлік ой-жүйенің үлкен бір ерекшелігі – ылғи да «неге?», «қалай?», «қайтіп?» деген сұрақтар арқылы ізденіске, танып-білуді ілгерілетуге бастап отырады. Біз қарастырып отырған монографияда инженерлік ой-жүйе өте сәт­ті пайдаланылғанын атап өткім келеді. Мен өзім де инженерлік білімнің, инженерлік ой-жүйенің иесі болғандықтан мақтаныш сезіммен айтып отырмын.

Инженерлік ой-жүйемен қабысып, бірге дамып, бірге қолданыс тауып отырған методологиялық амал «жүйелік саралау» (системный анализ) әдісі. Ғылым мен техниканың қарыштап дамыған біздің дәуірдегі ғылыми зерт­теулерде бұл әдіс-амал ерекше рөл атқарады.
А.Құсайынов осы еңбегінде өзі зерт­теп отырған объектісін, орта білім саласын, қозғалыстағы жүйе есебінде қарастырып, оның 8 түрлі жүйе құраушыларын бөліп көрсетеді. Әр жүйе құраушының мәнін, мағынасын, атқарып отырған қызметін, басқа жүйе құраушылармен қарым-қатынасын, жүйенің қозғалыстағы қызметі барысындағы өзгерістерін жан-жақты зерделейді. Жүйе құраушы бөлімдердің әрқайсысының кіші жүйе екеніне, құрылымы күрделі екеніне назар аударады. Осындай саралау, талдау барысында біздің орта білім саласындағы орын алып отырған олқылықтар мен проблемаларды және оларды шешу жолдарын нақты көрсетеді.

Профессор А.Құсайынов жүйелі ғылыми ізденістің нәтижесінде «Салыстырмалы педагогика» деп аталатын педагогика ғылымының жаңа бір саласының іргетасын қалап, қаз тұрғызған ғалым. Ол шет елдердің білім жүйелерін терең зерт­тей отырып, оң тәжірибелерді елімізге пайдаланудың жолдарын, бағыт-бағдарын анықтауда көп еңбек сіңіріп келеді.
Әлемдегі мектеп оқушыларының білім сапасын бағалаумен шұғылданатын көптеген ұйым­дармен, орталықтармен және агент­тіктермен тығыз байланыста жұмыс істеуге дағдыланған. Әсіресе PISA зерт­теулерінің мағыналы, сенімді, әрі жан-жақты екеніне көңіл аударды. Мәселен, PISA зерт­теуі қазақ­стандық оқушылардың үлгерімі 2012 жылға қарағанда 2018 жылы 100 балға төмендеп кеткенін көрсеткен. Бұл агент­тік тек қана нәтижені жариялап қана қоймай, елдің білім беру жүйесін реформалауға қажет­ті ақпарат бере алады екен.
Профессор орта мектепте білім беру сапасын арт­тыруды қамтамасыз ететін басым бағыт­тарды анықтау мақсатында әлемнің 25 елінде жүргізілген зерт­теулерді саралай отырып, дәйекті тұжырымдар жасайды. Қысқасы, салыстырмалы педагогика ғылымының теориялық, методологиялық және әдістемелік негіздерін тиянақтай отырып, өз еліміздегі нақты жағдайлармен сәт­ті түрде ұштастырып, практикалық ұсыныстар жасап, бағыт-бағдарлар көрсетеді. Бұл саладағы қыруар атқарылған жұмыс арнау­лы бірнеше кітаптарда, нұсқаулықтарда жан-жақты дәйектелген.

Академиктің сан қырлы ғылыми ізденістерінің бір саласы «Оқулықтану» ғылымының негізі қаланып, дүниеге келуімен байланысты.
Совет­тер Одағының тұсында Қазақ­станда төл оқулықтар жазылмады, мектептер қазақ тілі мен әдебиетінен басқа пәндердің барлығын орыс тілінде жазылған, Мәскеуде басылып шыққан оқулықтардың аударма нұсқасымен оқытатын. Тіпті Қазақ­стан тарихы пәні де қазақтың шынайы өзіндік тарихынан мүлде өзгеше пиғылда жазылған орысша көзқарастарды білдіретін. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарда оқулық жазушылар қаптап кет­ті. Кім болса сол жең ұшынан жалғасып, сауатсыз, мәнсіз оқулықтар шығаруға жол берілді. Осы берекесіздікке алғашқы болып Асқарбек Құсайынов пен Ұлықпан Асылов қарсы тұрды. «Оқулықтану. Өзекті мәселелері» деген тақырыпта кітап жазып, оқулықтарға қойылатын талаптарды, критерийлерді зерделеп, олардың сапасын бақылаудың механизмдерін ұсынды. Қажырлы еңбектің нәтижесінде бүгінгі таңда оқулықтардың сапасы едәуір рет­телді. Орта білім беру жүйесін құраушы бағыт­тардың маңызды компоненті есебінде біз талдап отырған монографияда «оқу әдебиеті» деген атаумен қарастырылып отыр.
Профессор А.Құсайынов монографияда орта білім беру жүйесінің айқындаушы құрамдас жүйе құрушы саласы есебінде стандарт­тар мен оқу бағдарламаларының сапасын көтеруге ерекше көңіл бөледі.

Педагог кадрлардың кәсіби білікті­лігінің сапасын көтеру мәселесі біз қарастырып отырған ғылыми еңбектің алтын өзегі десек те болады. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтар I съезінде былай деп ерекше атап көрсет­ті: «Жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекет­тің дамуына тікелей ықпал етеді. Ал мектептің қандай болмағы ұстазға байланысты. Бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет».
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген сөзінде қандай терең мағына жатыр. Ал Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» демеп пе еді!

Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында, өзіміз мектепте оқып жүргенде мұғалімнің қадір-қасиетін, оған деген бүкіл үлкен-кішінің, халықтың құрметін бойымызға сіңіріп өстік. Үлкендер жағы балаларға бата бергенде «Мұғалім бол, қарағым!» деп ықылас білдіретін. Ұстаздар да өз тараптарынан үлкен мәдениет­тің, терең білімнің нұрын шашып жүретін. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары осы асыл қасиет­тердің бәрінен айырылып қалғанымыз рас. Монографияда автор мынадай фактіні келтіреді. Түркістан облысында 2019 жылы еңбек еткен 62 мың мұғалімнің 60% сырт­тай оқып, 70%-ы жекеменшік оқу орнында оқыған. Білім де жоқ, тәрбие де жоқ, кез­дейсоқ «көлденең көк ат­тылар, бармақ басты, көз қыстымен» мұғалім болып шыға келді. Абыройдан айрылды, оқушылардың мазағына айналды. Оның үстіне еліміз Болон декларациясының жүйесіне қосылып, білім сапасын бағалауда, ҰБТ шешуші рөл атқарған кез­де орта мектеп тұрмақ жоғары оқу орындары дағдарысқа ұшырады. «Дағдарыс» деп ащы шындықты айтып отырмын. ҰБТ-дан жоғары балл алып, студент атанған жастардың көбінде ойлау жүйесі қалыптаспаған, сөзінде логика жоқ, не ойын жеткізіп, қағазға түсіріп жаза алмайды. Міне, құлдырау деген осы емес пе?

Профессор А.Құсайынов өзінің ғылыми еңбектерінде осы жүрек ауыртатын мәселелерді терең қаузайды. Ең бастысы, Мемлекет басшысының тікелей басшылығымен «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданғаннан кейін игі шешімдер іске асырыла бастады. Сонымен бірге монография авторы ұстаздардың біліктілігін арт­тыру бағытында өз зерт­теулеріне сүйене отырып, тың ұсыныстар айтады. Мәселен, дәстүрлі ашық сабақтардан гөрі ақылдасу сабақтарының тиімді екенін дәлелдейді. Сондай-ақ біліктілікті көтеру институт­тарының бір сарынды қызметінен жаңа әдіс-амалдарға көшу қажет­тігін нақты көрсетеді.

Монографияда қызығушылық тудыратын, тәжірибелік тұрғыдан құнды болып табылатын, жаңалыққа толы тағы бір мәселеге айтарлықтай орын берілген. Ол профессор А.Құсайыновтың 2018-2019 оқу жылында және 2019-2020 оқу жылында Түркістан облысының Төле би, Ордабасы, Отырар және Сайрам аудандарында өзінің тікелей ұйымдастыруымен жүргізілген орта мектептерде білім сапасын көтеру мақсатындағы ғылыми-практикалық педагогикалық эксперимент­тің нәтижелері туралы. Ұзын ырғасы 4 аудандағы 58 қазақ орта мектебінде 4500 оқушының және 540 мұғалімнің қатысуымен іске асырылған бұл жобаның жетістігі көп, білім сапасын көтеруге тигізер пайдасы мол болғанын атап өткен жөн.

Автор осы монографиясының қорытындысында: «Егер еліміздегі орта білім саласын қайтсек көтереміз деген сұраққа жауап іздеген осы кітабым жас ұрпағымыздың бәсекеге қабілет­ті білім, саналы ұлт­тық тәрбие алуына аздаған болса да үлес қосатын болса, онда менің еңбегімнің ақталғаны болар еді», – депті.
Абай атамыздың « Ғылымға көңіл бөлсеңізінің» нәтижесі осындай болса керек.

Ұлықпан СЫДЫҚОВ,
Қазақ­станның Еңбек сіңірген қайраткері,
философия ғылымдарының докторы, академик

ПІКІРЛЕР2
Аноним 30.01.2024 | 14:27

Сондай жақсы адам. Жақсы адам екені бірден, бір көргеннен байқалады.

Аноним 30.01.2024 | 20:01

Ұрпақ тәрбиесіне терең үңіліп, өлшеусіз еңбек қосатын адамдар қатары көбейе берсін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір