ҒЫЛЫМҒА СҮЙЕНГЕН ШАРУА
28.06.2024
32
0

2002 жылдан бастап Қазақстанда қант қызылшасының тұқымын өндірістік жолмен өндіретін бірден-бір серіктестікке айналған Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Үлкеншыған ауылындағы Әлен Жолдасов басқаратын «Қамқорлық» шаруашылығының өніміне сұраныс жылдан-жылға артуда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өндірісінде отандық тұқымды пайдалану арқылы мол өнімге қол жеткізу туралы тапсырмасын жүзеге асыруды мықтап қолға алған кәсіпкер жаңа бір саланы игеруге кірісті. Былтырғы жылы халықтың қантқа сұранысын қамтамасыз ету үшін Жетісу облысы 300 гектар, Жамбыл облысы 500 гектар жерге қант қызылшасының тұқымына сұраныс берсе, биылғы жылы ол көрсеткіш тіптен артып отыр.

Жетісу облысындағы Қаратал, Сарқан, Көксу аудандарының шаруашылықтары биыл қант қызылшасының өнімін арттыру үшін егіс көлемін ұлғайтып, 500 гектарҒа дейін көбейтіп отыр. Отандық «Қамқорлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қазіргі кездері қант қызылшасының сапалық құрамы жоғары «Ақсу», «Айшолпан» тұқымының бағасы Франция, Германиядан әкелінетін тұқымдардан 9-10 пайызға төмен. Еліміздің ішінде тасымалдауға шаруашылықтар көп шығын шығармайды. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған» тиімді шығар. Кейбір шаруашылық жетекшілерінің жері эрозияға ұшырап, тұқымы құрып кеткенше бір дақылды жылда себе беретіні шындық. Ал мұндайда ізденімпаз кәсіпкер Әлен Жолдасов – нағыз жаңалыққа жаны құмар қожалықтың басшысы. Ол – бұқаралық ақпарат құралдарындағы саяси, өндірістік, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңалық атаулыны көз алдынан сүзгідей өткізетін жандардың бірі. Ондағы ойы – ауыл шаруашылығы саласына ғылымның соңғы жетістіктерін пайдалану әрі аз шығын шығарып, ауыл тұрғындарының астықтан мол өнім өндіруге қолын жеткізу. Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультеті ғалымдарының астық өндіру саласындағы, оның ішінде өздерінің зертханаларында бидайдың көп жылдық тұқымын тәжірибеден өткізіп шығарғандығы туралы хабарды естіген Әлен бірден факультет деканымен хабарласып, бидайдың жаңа сұрыбын себуге тәжірибе алаңы ретінде 5 гектар егістік жер беретінін айтып, тәжірибе жұмыстарын жүргізуге келісім жасайды. Көктемгі егіс уақытында екі ғалым, екі студент егіс алқабына келіп, тәжірибелік жұмыстың басы-қасында болады. Ғалымдардың айтуынша, бидайдың жаңа сұрыбының ерекшелігі сонда, бір мәрте себілген тұқым жақсы күтімде болса, 4-5 жыл бойы үздіксіз астық береді. Осылайша, арнайы тазаланып дайындалған агро-техникалық өңдеуден өткізілген 5 гектар аумақтың әр гектарына 15 келі жаңа тәжірибелік тұқым егілді. Егін бұл күндері көңілдегідей жайқалып өсіп келе жатыр. Ел үшін еңбек етіп, ғылым жетістіктерін ауылға сүйреп, өзгелерге үлгі болған жаңалыққа жаны құштар еңбек адамы алар өнімі мол боларына сенімді.

М.СОЛТАНАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір