АТА ЗАҢНЫҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – АДАМ
Адамзат баласы, даму дейсіз бе, өзгеру дейсіз бе еркіңізде, түлеу мен түрленудің жаңа дәуір қалыптастырған алапат ақиқаттарымен, сұрапыл мінезді сұмдық қиындықтарымен бетпе-бет келіп отыр. Күн емес, сағат сайын құбылған дүниелік құбылыстар жұмырбас пенденің алдына ғаламдық, құрлықтық, аймақтық шешуі қиын аса күрделі мәселелерді үздіксіз көлденең тартуда…
Бұл – әр таңын үмітпен атырып, әр кешін оймен батыратын жаңа заман адамының жүрек қақпасын күнде солқылдатар шындық!
Ғаламдық шындық!
Қазақ елінің жаңа Ата заңының жобасы осындай сауалы мен зауалы қоюланып тұрған кезеңде жалпыхалықтық талқыға түсіп отыр. Талқыға Ата заңмен қоса Тәуелсіз жұртымыздың, тағдырлы ұлтымыздың бүгінгі өмір сүру салты ғана емес, алдағы ұзақ мерзімдік дәуірде ел болып қалу мен мемлекет болып сақталудың құқықтық негіздері де қоса талқыға түсуде.
Мен – Кеңес дәуіріндегі Конституцияны айтпағанда, Тәуелсіздік дәуіріндегі осымен үшінші Ата заңның өмірге келгенін көрген, көріп қана қоймай, алғашқы екі конституциямыздың (1993; 1995) әзірленуіне, қабылдануына біршама араласқан адаммын. Аласапыраны мол дәуірдегі тарихи сілкіністердің тұсында өмірге келген бұл екі конституцияның екеуі де екі түрлі ұлт, ұрпақ, халық, мемлекет алдында тұрған жас тәуелсіз еліміздің жаңаша өмір сүру салты мен әлемдік ұлы ағысқа жаңа-жаңа бет түзеген жаңа қоғамдық қалпымызды қалыптастыруға бағытталған еді.
1993 жылғы азат елдің алғашқы Ата заңынан ұлы империяның құрсауы мен бодандық психологиясынан құтылуға ұмтылған халықтың жанайқайы анық аңғарылса, 1995 жылғы Ата заңда державалық елдің ықпалы мен билігінен шығып үлгермей жатып, еліміз жаһандану атты шағын ұлттардың тағдырын тұйыққа тіреген жойқын мінезді жайын құбылысқа қарсы тұруды мақсат еткен еді. Бірақ… Тәуелсіз еліміздің ірге бекітіп, әлемге кең танылуына мол мүмкіндік берген бұл Ата заңға әр кезеңдегі әрқилы орынды-орынсыз енгізілген өзгертулер мен түзетулер қоғам өмірі мен мемлекеттік құрылымымызға кері салқынын тигізгенін уақыт дәлелдеді… Өзгерген заман мен құндылық атаулының өрісін тарылтқан жұмыр жер бетінде жүріп жатқан соңғы сана қорығын тарылта бастаған сойқан соғыстар мен күрделі халықаралық жағдайлар халық жүрегі мен қоғам санасын оятты. Ұлы Абайдың тілімен айтқанда, «Өзіңді-өзің күзет!» дейтін жаңа дәуірдің келгенін сезіндік.
Сол сезіну ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауызымен қазақстандықтарға қаратып айтылды. Соның нәтижесінде, жаңа Конституцияның жобасы өмірге келді!
Халық пен қоғам, уақыт пен заман қазіргідей аса күрделі кезеңде Ұлы Дала жұртының басты құндылығы – адам деп танылып, жаңа Конституцияның жобасында (преамбулада) «адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді…» Сондай-ақ осы преамбулада «Егемендік пен Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды».
Ата заң «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлық сыйпатына, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылады…»
Қысқасы…
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Ата заңының жалпыхалықтық референдумға шығарылған бұл жобасы еліміздің тұтастығы мен халқымыздың береке-бірлігін, әлеуметтік теңдігін, ұлт бүгіні мен ұрпақ болашағын қамтамасыз етер басты тарихи құжат екені даусыз. Бұл Ата заң мына мың құбылған заманда ел іргесін бекітіп, ішкі, сыртқы саясатымызды баянды етуде бүгінгі біз үшін қалай қажет болса, ұлт ертеңі мен ұрпақ болашағын қамтамасыз етер негізгі Заңымыз болары да солай анық деп сенемін!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері