НӘУРІЗЕК ТУРАЛЫ АҢЫЗ
01.04.2026
306
0

Болат ШАРАХЫМБАЙ

Наурыз – тіршілік атаулы ұйқысынан оянып, тамам табиғат түлеуге көшетін бипаз мезгіл. Күз түсе жылы жаққа қоныс аударған құстардың көктем лебін сезініп, қайта оралатын шағы да осы наурыз айы. Бәрінен бұрын мұхит асып, тауларды артқа тастап ұшып жететіні – Нәурізек аталатын құс.

Осындай сүйкімді құстың әсем дауысы жан дүниеңді әдемі әсерге бөлейді. Нәурізек – нәп-нәзік болғанымен, алған бетінен қайтпайтын табанды құс. Құшағы құштарға толы адал да еңбекқор құс. Қанатының талғанына қарамастан, біздің оңтүстікке алғашқы болып жетеді. Ел көзіне бірінші болып көрініп, елжіреген жүректерге алғашқы болып қуаныш сыйлайды. Міне, осы Нәурізек жайлы аңызды мен бала кезімде анамнан естіген едім. Оны ол өз анасынан естіген екен. Нәурізек жайлы сол аңызды енді сіздерге баяндап берейін.

Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, жаугершілік заманда осы Қазығұртта бір кейуана ғұмыр кешіпті. Оның Наурыз айында кіндігі кесіліп, Наурызару есімін еншілеген ажарлы да ақылды жалғыз қызы болыпты. Кейуана басынан өткізгені көп, парасатты жан екен әрі жанары қанжардай өткір болыпты, әрі елінің де қорғаны екен. Өзге жұрттың құтын қашырып, тыныштық бермейтін жау бұлардың ауылына тимек түгілі, маңайына да жолай алмапты. Себебі қыз анасының көзінің өткірлігі соншалық, бір қарағаннан-ақ қарсыластары қоғадай жапырылып қалатын көрінеді. Күндерден күн, жылдардан жыл өтеді. Тұлымшағы желбіреген қыз бойжетеді. Сұлу қызға қызығып, жүрегі от пен шоққа оранған жігіттер сөз салайын десе, анасынан бата алмайды. Наурызарудың сұлулығы алысқа жайылады, даңқы аспандаған үстіне аспандай түседі. Сонымен бірге бұл елдің ынтымағы жарасып, ауызбіршілікте өмір сүруі дұшпандардың қызғанышын тудырып, олар қандай да бір қастандық жасауды ойластырады. Аңдыған жау алмай қойсын ба?! Бірде түн жамылған жауыздар аңдып жүріп, Наурызқыздың анасының қос жанарын ойып алудың амалын табады. Қос жанарынан бірдей айырылған ана бұрынғыдай қаһарына мініп, айбат шақыруға шарасыз болып қалыпты. Көп ұзамай қорғансыз қалған халыққа ту сыртынан шапқыншылық жасалып, Наурызару қапыда қолға түседі. Қаншама қорлық-зорлықтың азабын тартқанмен ержүрек бойжеткен жаудың ырқына көнбейді. Зомбылық бірнеше күнге созылады. Мүмкін айларға созылған шығар, оны ешкім білмейді. Әбден жаны қиналып, жапа шеккен бойжеткен: «Мынадай азапқа салып қинағанша, неге бір құсқа айналдырып жібермейсің, Жаратқан! Сонда анамның қасына барып, сағынышымды басар едім ғой, жәрдемімді ұсынар едім ғой…» – деп оңашада Құдайға мұңын шағып, күні-түні жалбарынады екен.

Құдайдың құдіреті деген шексіз емес пе. Күндерден бір күн Наурызқыздың тілегі қабыл болып, күтпеген жерден жұдырықтай бір уыс құсқа айналыпты. Ол қамаудағы үйден бір саңылау тауып ұшып шығып, теңіздің арғы жағындағы ауылдағы анасына жетеді. Жанарының шуағы сөнген анасының қолына барып қонып, бұрын-соңды ешкім естімеген мұңлы әуенге басады. Осылайша өзінің құс бейнесіне енгенін білдіреді. Сорлы ананың жүрегі оны бірден сезеді. Ол перзентінің пешенесіне мәңгілік құс болу жазылғанын жан-тәнімен ұғынып, қауырсын қанатынан сипалап, сүп-сүйкімді үнін тыңдап, мауқын басады. Құдайдың басқа салғанына көнгеннен басқа амалы қалмаған кейуана:

«Нәурізегім, келдің бе,

Хақ ісіне көндің бе,

Самарқанның көк тасы

Жібігенін көрдің бе,

Таудан асып өттің бе,

Теңіз суын кештің бе,

Көзің жасын төктің бе,

Қазығұртқа жеттің бе? » – деп ыңылдап, үнсіз егілге беріпті.

Наурызарудың Құдайдың құдіретімен кіп-кішкентай құсқа айналып кеткені туралы сыбыс төңіректегі елге де жетеді. Сондықтан да оны кездестіргенде ел-жұрт әлі күнге дейін: «Нәурізек, Нәу­різек! Анаңның көзі жазылды ма?» – деп сұрай­ды. Адам тілін түсінетін құс қайыра үн қатып, сұрасқандармен құс тілінде
жауаптасады екен.

Наурызару осылайша жұдырықтай Нәурізек құсқа айналып жер-көкті кезіп ұшып жүр деседі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір