ҚазҰУ — дың аңыз ректоры
Университет – қасиетті атау. Елдің екпінді дамуын, мәдениеті мен өркениетін көрсететін ерекше белгісі. Тоқсанжылдық тарихы бар қара шаңырақ ҚазҰУ бүгінде алдыңғы қатарлы білім ордасының біріне айналып отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті егеменді еліміздің ғылымын дамытуда, білікті кадрларды даярлауда еркін бәсекелестікте үнемі алдыңғы орында. Өйткені оған еліміздің бас оқу орны ретінде үлкен жауапкершілік пен талаптар жүктелетіні белгілі.
1934 жылдың 15 қаңтарынан бастау алатын университет тарихында қаншама тұлғалардың есімдері тарих беттерінде хатталып, кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі-өнеге болып жетіп отыр. Сондай ірі тұлғалардың бірі әрі бірегейі – мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, академик 1948–1953 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің ректоры болған Төлеген Тәжібаев.
1948 жылғы 15 наурызда КСРО Жоғары білім министрінің бұйрығымен Төлеген Тәжібаев С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің ректоры болып тағайындалады.
Бұған дейін еліміздегі жалғыз университетте жергілікті ұлт өкілінен ректор тағайындалмапты.1934–1940 жылдары Ф.Т.Оликов, ал 1940–1947 жылдар аралығында И.К.Лукьянец басқарған екен. Тұңғыш қазақ ұлтының өкілі еліміздің бас жоғары оқу орнының ректорлық қызметіне тағайындалуы үлкен сенім мен жауапкершілік жүктейтіні түсінікті.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі экономикалық-әлеуметтік ауыр қиыншылық жағдай Республиканың бас оқу орнында да бар еді. Профессорлық-оқытушылық құрамның тапшылығы, университеттің материалдық-техникалық жағдайының төмендігі мен жетіспеушілігі, сондай-ақ оқу-тәрбие жұмысының ойдағыдай жүзеге аспай жатуы бәрі де жаңа бір серпінді, жаңа бір қуатты күшті талап еткендей болатын. Оған бірден-бір лайықты тұлға деп Т.Тәжібаевтың аты аталды. Ол кезде Т.Тәжібаев небәрі 38 жаста еді. Бірақ өмірлік тәжірибесі қалыптасқан, соғыс кезінде Д.А. Қонаевпен бірге елдің экономикасы мен мәдениетін көтерудегі азаматтық және елдік істері ел жадында еді. 1940–1945 жылдары ҚазКСР ХКК төрағасының орынбасары (мәдениет және идеология бойынша) ретінде жауапты істердің үдесінен шыға білген азамат болатын.
1944 жылы тұңғыш рет еліміздің Сыртқы істер халық комиссариатын құрып, жолға қояды. Осындай ұйымдастырушылық қабілеті жетілген, тәжірибесі мол азаматқа елдің бас оқу орнының ректорлық қызметі қоса тапсырылады. Бұл кезде Т.Тәжібаев Сыртқы істер министрі болатын. Университеттегі жиналып, қордаланып қалған күрмеуі қиын мәселелерді шешу Т.Тәжібаевтан үлкен іскерлік пен жауапкершілікті және рухани адамгершілік пен азаматтықты талап етті. Жаңадан келген басшы университеттің қалыптасқан ахуал-жағдайын зерттеуден бастады. Не себептен кадр жетіспеушілігі туындап отыр, не себептен жергілікті ұлт өкілдері балаларының саны төмен, материалдық-техникалық оқу базасының жабдықталуы неге нашар деген және тағы да басқа сансыз сұрақтар жаңа басшының алдынан шыққаны белгілі. Мұның шешу жолдары қандай? «Қысқа уақытта, тез арада қалай жүзеге асыруға болады» деген мазасыз ойлар ректорды әділетті және байсалды бастамаларды тудыруға себепші болған құралдардың бірі болды.
Университеттің әлуметтік-экономикалық жағдайын түземейінше, оған жан-жақты қолдау көрсетпейінше белгілі бір нәтижеге қол жеткізу бос әурешілік болатынын жаңа басшы бірден-ақ түсінді. Алдымен, ішкі резервтерді дұрыс жолға қойып, олардың барынша тиімділігін арттыру мәселесі. Екінші, сырттан келетін бүгінгі түсінікпен айтқанда инвестиция тарту мәселесі, үшінші, бөлінген қаржыларды тиімді пайдалана білу тәртібін жолға қою мәселесі. Осыларды ретке келтіре білген ректор Т.Тәжібаев бір жылдан кейін-ақ университет өз нәтижесін бере бастағанын баяндамасында атап өтеді.
Ректор Т.Тәжібаев өмірдің теперіші мен тар жол тайғақ кешуін өз басынан өткерген жан болатын. Жастайынан жетімдіктің зардабын, ащы дәмін тартқан Төлеген Тәжібаев, алдымен, университетте оқитын студенттердің жағдайын барынша қадағалап, назарында ұстап отырды. Алдына жағдайын айтып келген студенттерді әкелік мейіріммен, ағалық қамқорлықпен қабылдап, барынша әділетті шешімдер шығаратын еді. Ол туралы студенттер арасында ақиқатпен астасқан аңыздар тарап, ҚазМУ-дің ректоры туралы жақсы пікірлер қалыптасты.
Ректор Т.Тәжібаевтың «Менің рұқсатымсыз студенттер жатақханасына бөтен адамдар мен университет қызметкерлері орналастырылмасын» деп басталатын бұйрығы болатын. Осыдан кейін-ақ бұрын бір бөлмеде он адамнан тұратын болса, енді алты студент емін-еркін жата бастады. Жатақханада сабаққа дайындалатын бөлмелер пайда болып, үстел, орындықтар қойылып, біршама жағдай тұрақталып, қалыпқа келтірілді. Бұл студенттердің елдің ертеңіне деген сенімдерін оятып, жаңа бір лептің келгенін сездірткендей еді.
Студенттік асханада да жағдай реттеліп, бұрын ашқұрсақ болып жүретін студенттердің бойына қуат кіріп, өзектері талмайтын болды. Университеттің беделі мен студенттердің қамы үшін ректор барлық жерде қатаң тәртіп орнатты. Ол өз нәтижесін беріп те жатты. Ректор Т.Тәжібаев негізгі үш саланы қатар дамытты: алдымен, оқу орнының материалдық-техникалық базасын дамыту, екінші, оқу-тәрбиелік жұмыстың сапасын арттыру, үшіншіден, профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттердің әлеуметтік жағдайларын жақсарту мәселелері.
Іскер басшы, қабілетті ұйымдастырушы университетке септігі тиетін тетіктерді үнемі назарда ұстайтын. Ол өзіне тиісті міндеттерді орынды іске асыра білетін. Оның бір мысалы ретінде: Қазақстан Компартиясының IV съезінде «Жоғары оқу орындарының материалдық базаларын кеңейтіп, ұлғайту ісіне көңіл бөлінбей келеді. Қазақ ССР Министрлер Кеңесі мен ҚК (б) П Орталық Комитеті жыл сайын жаңа оқушылар алу алдында жоғары оқу орындарына көмек көрсетуді көздеген қаулылар қабылдайды. Ал бұл қаулылардың құрылыс жөніндегі, оқу-шаруашылық жабдықтармен қамтамасыз ету жөніндегі тармақтары орындалмай қалады» деп университеттің болашағы үшін биік мінберден, осылайша, сыни-пікірлерін жеткізе білетін.
Ол кезде мұндай сын-пікірлер аяқсыз қалмайтын. Университет ректоры Т.Тәжібаевтың сөзінің де, сынының да салмағы бар болатын. Оның барлық мақсаты университетті ірі ғылыми және жоғары оқу орнының орталығына айналдыру болатын. Оған оның жекебасының беделі мен адамгершілік қасиеттері де қызмет етті. Университетке атақты ғалымдар мен беделді оқымыстылар шақыртылып, дәрістер оқытылды. Ректор Т.Тәжібаев университеттің ішкі потенциалын дұрыс жолға қойып, өз ғалымдарын даярлай бастады. Аспирантура мен доктарантураға қабылданғандардың саны күрт арта бастады. Оқытушылар сабақ берумен шектелмей, өз тақырыптары бойынша ғылыми-ізденіс жұмыстарымен айналыса бастады. Мұның өзі күтпеген үздік нәтижелерге қол жеткізді. Университеттің барлық факультеттері мен кафедраларында ғылыми-шығармашылық ахуал қалыптасты.
Төлеген Тәжібаев ҚазМУ-ді бес жыл басқарды. Осы бес жылда университеттің беделі мен абыройы асқақтап көкке көтерілді. Бұрын мүлде болмаған спорттық комплекстер ашылып, студенттердің физикалық-денсаулық сақтау шараларын ұйымдастыру орталығына айналды. Қалалық және Республикалық жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізе бастады. Ректордың айналысатын сүйікті спорт түрі шаңғы тебу болатын. Қалалық жаппай спорт сүйер қауымымен бұл спорт түрі бұқаралық сипат алды. Қашан да ерік-жігері мол, ашық-жарқын Т.Тәжібаев өзі бастамашыл болып студенттердің оқумен, ғылыммен, спортпен және көркем өнерпаздар үйірмелерінде шығармашылықпен айналысуына мүмкіндіктер аша білген білікті басшы бола білді.
1949 жылы университетте 10 спорт секциясы жұмыс істеп тұрды. Ректордың құптауымен 1949 жылы ҚазМУ-дің 15 студенті мен оқытушылары Алматыдағы атақты «Комсомол шыңын» бағындырып, альпинизмнің дамуына бағыт сілтеді. Өзі педагогика мен психология ғылымын терең меңгерген Т.Тәжібаев салауатты өмір сүрудің мәнінде не жатқанын терең ұғындыра білді. Адамның жан-жақты дамуына күш беретін спорт пен өнер екенін жастарға насихаттай білген көреген ректор болды.Университет ұжымы да ректордың бастамасын қолдап, әрмен қарай жалғастырып алып кетті. Студент жастардың оқу, біліммен қатар осындай іс-шараларға қатысуы оларға болашақта дұрыс өмір сүру мен қызметте үлкен табыстарға қол жеткізуіне алғышарттар еді.
Бүгінде университетімізде «Қазақ университеті» деген газетіміз бар. Оның да негізін қалап кеткен Т.Тәжібаев болатын. Алдымен бұл газет «Үздіксіз оқу үшін» деген атпен 300 данамен шыққан еді. Ректор Т.Тәжібаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне бұл газеттің тиражын мыңға дейін көтеріп, атын «Қазақ университеті» деп өзгертіп қою туралы хатта жазған болатын. Оның бұл идеясы қазір жүзеге асқанымен, бастамашыл болған Т.Тәжібаев екенін ұмытпауымыз керек деп есептеймін. Қазақ университеті дейтін киелі қара шаңырақта Т.Тәжібаевтың бастамасымен дүниеге келген немесе жаңа өрісін ашқан қаншама игі істерді санамалап шығудың өзі оңай дүние емес.
Бір жылдың ішінде ғана ректордың қолдауымен 13 кафедра ашылыпты. Әрбір кафедраның жасақталуына, оның жұмыс істеп кетуіне қаншама қаржы,қаншама кадрлық қызметкерлер даярлау керек. Міне, осының барлығы ғылым үшін, елдің игілігі үшін, ҚазҰУ-дің болашағы үшін жасалған қыруар дүниелер болатын. Т. Тәжібаевтың кезінде философия және экономика факультеті ашылып, тарих факультеті жеке отау болып бөлініп шықты.
Ректор Т.Тәжібаевтың осы жылдар ішіндегі қызметін айтқанда, алдымен, еске алатын жайт – қазақ жастарына және қазақ тіліне деген айрықша қамқорлығы.Университет қабырғасына келген қазақ жастарын барынша демеп, олардың техникалық мамандықтарды игеруге деген ұмтылыстарымен талаптарына үнемі қолдау көрсетіп отырды. Ректор университеттің жаратылыстану пәніне қазақ жастарының не себептен аз келуінің себептерін анықтап, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің I съезіндегі баяндамасында атап өтеді.
Университет ашылғалы бері тек 17 пайыз ғана қазақтар бітірген. Бұлардың көбі гуманитарлық саладағы мамандар. Сондықтан бұл мәселенің бірден-бір шешу жолы мектептермен байланысты екеніне баса назар аудару керегін айтады. Ол жоғары оқу орындарында химия, физика, математика және биология факультеттерінен қазақ бөлімдерін ашу қажеттілігі күн тәртібіндегі өткір мәселе екеніне тоқталады. Айтқандай-ақ, ректордың бастамасымен биология факультетінде қазақ бөлімі ашылады. Ректордың арманы барлық жаратылыстану факультеттерінде қазақ бөлімдерін ашу болатын. Бірақ оның бұл арманы ол кезде орындалмады. Оған сол кездегі тоталитарлық жүйе де, уақыт та сай келмеді.
Тәуелсіздіккке қол жеткізген соң ғана Т.Тәжібаевтың армандары орындала бастады. Бұған да тәубе дейміз. Ал оның жекелей қазақ жастарына жасаған әкелік қамқорлығы туралы аңыз-әңгімелер көзі тірісінде-ақ айтылып жүретін. Айтылған аңыз-әңгімелердің негізінде ақиқатпен астасқан шындық жатары белгілі. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы жақсы білетін ҚазМУ-дің ректоры Т.Тәжібаев алдына қиналып келген студент жастардың мәселелерін бір ауыз сөзбен шешіп жіберетін. Ректорға кіріп-шыққан студенттер ол кісі туралы айтқанда, ауыздарынан суы құрып баяндайтын. Атақты жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақ ағамыз өзінің естеліктерінде былайша баяндаған еді:.
Емтиханның бәрін ойдағыдай тапсырып шыққан ағамыздың жолына бір жапырақ мінездеме қағазы кедергі болады. Журналистика факультеті деканының орынбасары «мінездеме қағазы жоқ» деген сылтаумен оқуға қабылдатпай тастайды. Не істерін білмеген ағамыз жанында жатқан студенттерден ректорға кіріп, мән-жайды баяндау керегін ұғады.
Ректордың қабылдауында отырған жас Қалихан, шынында да, қатты сасады. Үлкен кісі, қауырт шаруалары бастан асады. Мен сияқты ауылдан келген қарапайым қазақтың баласын қабылдай ма екен деген көкейінде қорқыныш та бар екенін жасырмайды. Міне, ғажап, ректордың хатшысы кезек ағамызға келіп, ректорға кіруін сұрайды. Болған мән-жайды ұққан ректор дереу деканның орынбасарын шақыртып, «мынандай жас баланы мінездеме қағазының жоғына бола оқуға қабылдамауы, ақылға қонымсыз» деп шешеді. Бірден оқуға алдыртып, стипендия мен жатақханадан орын бергізеді. Ректордың осындай асыл қасиеті болмаса, бүгіндері Қалихан Ысқақтай жазушы болар ма еді, болмас па еді? Кім білсін? Бүгінде көзі тірі куәгер тоқсанның біріне келіп отырған Т.Тәжібаевтың төл шәкірті профессор Жолмұқан Түрікпенұлы ағамыз да талай естеліктер айтып, сағынышпен еске алып, абзал азаматтың арда істерін үлгі ететін. Өзінің ұстазы жайында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бүгінгі ұрпаққа шынайы қалпында жеткізіп отыр.
Жоғарыдағы суретте 1945–1950 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген түлектердің суретін беріп отырмыз. Ректор Т.Тәжібаев ғылыми-зерттеу жұмыстарымен терең де шынайы айналысқан ғалым-ұстаздарға үлкен қамқорлық танытып отырған тұлға болатын. Кейде оларды, шын мәнінде, адал бағалап, жұрттың көзінше көтермелеп те отыратын. Сондай ұлы тұлғалардың бірі Мұхтар Әуезов болатын. 1948 жылғы Орталық Комитеттің «Космополитизммен күрес» атты қаулысы шыққаннан кейін қазақ зиялыларына қарсы екінші бір науқан басталғаны тарихтан белгілі.
Т.Тәжібаевтың Құдай қосқан жары Әзиза апайдың мына бір естелігін бүгінде шөбересі болып келетін Лайла Тәжібаева былай деп әжесінің әңгімесін айтып берген еді. Сол Қаулы шыққаннан кейін М.Әуезовке қарсы қайтадан қаралау шаралары үлкен әзірлікпен ұйымдастырыла бастады. Оның бір ұшы шәкірті Қ. Мұхаметқановқа тиіп жатты. Осындай қайта қуғындау әрекеттері басталғанда, ректор Т.Тәжібаев жазушыны өз үйінде 3-4 күн жасырын ұстап, аман-есен Мәскеуге шығарып салады. Мұның қаншама батылдықты, қайсарлықты талап ететіні айтпаса да түсінікті. Соның айғақ белгісі ретінде, шын дос, адал көңілмен өз кітабының алғашқы шыққан данасын Төлегенге сыйға тартқан екен. Ұлыларды ұлылар ғана танитынына осы бір Мұхаңның шын жүректен жазған авторлық қолтаңбасы куәгер болып тарихта таңбаланып тұр. Төлеген Тәжібаевтың жанын сала қорғаған азаматтарының бірі Ермахан Бекмаханов болатын. Ол қазақ арасынан шыққан тарих ғылымдарының тұңғыш докторы, ҚР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессоры еді. Оның 1946 жылғы «ХIХ ғасырдың 20–40 жылдарындағы Қазақстан» деген монографиясы сынға түсіп, авторы қудалауға ұшырады. Оның бүкіл ғылыми еңбектері қайшыға түсіп, қырқылып тасталды.
Т.Тәжібаев академиядан шеттетілген Е.Бекмахановты университетке шақырып, оқытушылық қызмет беріп қолдау көрсеткен еді. Өзіне де қара күйе жағылатынын біле тұра шын ғалымға араша түсті. Қаншама дау-жанжалдардан Е.Бекмахановты қана емес, Т.Тәжібаевты да қаралап «Правда» газетіне мақалалар ұйымдастырылды. Мұндай арызқойлардың шағымына келіспеген жалғыз адам ректор Т.Тәжібаев еді. Тоталитарлық жүйенің тепкіні темірдей қатқыл болатын. Оған шыдас бергендер ғана аман қалатын. Т.Тәжібаев тағдырдың бұл қатқыл сынағынан да арына дақ түсірмей шыққан бірегей тұлғалардың қатарынан орын алған арда азаматтың бірі болып тарихта қалды.
Алмасбек МӘУЛЕНОВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың профессоры,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі