«Жыланбұзған» хикаясы (аңыз әңгіме)
17.07.2025
2093
3

Қазығұрт­тың солтүстік бетін ала батысқа қарай созылған жотаның табанын бойлап ағатын Бадам өзенінің Тоғыспен қосылатын тұсынан біршама жоғарырақ жатқан боздалаға алғаш қоныс тепкен сайрамдық Сұлтан қожа еді. Бұл тұс – ел орнығуға ыңғайлы, теп-тегіс жазық әрі арнасы мол Бадам өзенінен су тартып, алма, өрік, жүзім, тары, қауын-қарбыз сияқты жеміс-жидектер мен көкөніс өсіруге аса қолайлы алқап-ты. Сондықтан болар, әлгі қожадан соң ағылып келіп, осында ірге көтерген кірмелердің басым көпшілігі – диқаншылықты кәсіп еткен, отыз жылдай бұрын Қоқан ханы сонау Парғана, Әндіжан өңірінен Сайрамға көшіріп, қазақтар арасына орнықтырған өзбектер-тін. Содан Қоқан ханы датқа деген атақ берген Шойбек байдың малынан басқа тірі жан табаны тимеген бұл тың далада айналасы аз уақыт­тың ішінде бір-біріне жапсарласа салынған тамдардың саны көбейді, бес-алты жыл өтпей-ақ елге толды. Аракідік білезік, сақина жасайтын зергерлер, көрік басып, қанжар-қылыш, қазан-көсеу құятын теміршілер, ағаштан ер шауып, жас талдан зембіл, себет тоқитын ұсталар да қоныстанып, таудағы қазақ руларының Шымқала шаһарына баратын жолы үстінен үлкен қышлақ пайда болды. Шойбек датқа мен Сұлтан қожа ақылдаса отырып, қышлақ ортасына көк мұнаралы зәулім мешіт, бірнеше шайхана және керуен сарай салдырды. Негізінде, осы қышлақ орналасқан бұл тұс ілкіден-ақ сонау Қытай елімен қатар Қашғар, Алмалы, Әулиеата жақтан Тәшкен, Самарқан шаһарларына кіре тартқан керуеншілердің жолы-тын. Ілгеріде алыстан тау жағалап мал айдайтын, қиырдан керуен тартатын саудагерлер бұл тұста қоналқы орын таппай, дала-далада түнесе, осы қышлақ пайда болғалы бері ат шалдырып, көсіле жатып демалатын жай тапты. Шайханаларда керуенбасы саудагерлер мен іргелес ауылдардан келген қазақ қарт­тары, Сайрамдағы туыстарынан бөлініп, осы жерге қоныстанған өзбек шалдары жамбастай жатып, неше түрлі әңгіме-дүкен құрысар-ды. Болмаса домбырасын арқалаған әлдебір жыршының жырына ұйып, одан қалса, ел кезген дәруіштің сәуегей әңгімелерін, дағарадай сәлделі ғұламаның ғақлиясын үнсіз тыңдар-ды.
Сөйтіп көлденең көк ат­ты, алысқа тартқан көп ат­ты бір қонбай кетпейтін бұл қышлақтың жыл өткен сайын ауқымы үлкейіп, кент деп атауға боларлықтай үлкен қонысқа айналды. Бірақ оны жергілікті халық та, осы өңірді билеп тұрған қоқандықтар да кент деп атамады. Өйткені іргеде хандықтың қазақ жеріндегі шеткі хәкімдіктері боп есептелетін, бірде – шаһар, бірде – кент делінетін Шымқала мен Сайрам бар-ды. Олар тұрғанда аумағы қанша үлкен болса да, жаңадан бой көтерген мұндай мекен кент аталмас-ты. Ол кез­де үлкен керуен сарайлары бар, тұрғыны көп мекенді қоқандықтар рабат дейтін. Осыған орай бұл қоныс – бұл жерге алғаш көшіп келген Сұлтан қожаның атына байланысты Сұлтанрабат деп аталыпты.
Ол кез­де Сұлтанрабат сықылды үлкен қышлақ базарсыз болмас-ты. Мешіт­тің қарсысында ашылған айналасы ат шаптырым базарда түймеден түйеге де­йін сатылыпты. Бұл базарда төрт түліктің барлық түрімен қатар, Бұхар шәйісі мен кенебі, қытай жібегі мен бөзі, тәжік анары мен араб құрмасы, парсы тәт­тісі мен Наманған көкнәрі де саудаға түсіпті. Шымқаланың шаңды, Сайрамның сансыз базары мұның жанында жолда қалып, сатушы түйеге жүк артып, алушы арбаға өгіз жегіп, осы жаққа қарай асығыпты. «Сұлтанрабат­та бір кез­де абат бақша, үлкен базар болған» деген сөз сол кез­ден қалыпты.
Осылай саудасы күні бойы құж-құж қайнап, думаны дамылсыз шалқып жататын Сұлтанрабат­тың еңсесі түсіп, аспаны торланатын кез­дері де болыпты. Мұндай үрейді Шымқаладан қылышын сүйретіп, қамшысын иіре келетін Қоқан бегінің салық жинаушылары төндіріпті. Олар әр тоқсан басында келіп, зекет салық, түтін салық, қырман салық дей ме, әйтеуір, көп салықты жинап әкетеді екен. Айт­қанын орындамағандарды дүрелеп, қарсы сөйлегендерді ұрып-соғып, жұрт­тың зәресін ұшырыпты.
Рабат­тың осындай қым-қуыт тірлігіне араласпай, қышлақ шетінде оқшау ғұмыр кешкен бір бейбақ кемпір тұрыпты. Ешкімге жұғыстығы жоқ бұл байғұстың есік алдында егіз лағы бар ақ ешкісі күндіз-түні арқандаулы тұрар-ды. Кемпірдің күнкөріс нәпақысы – сол ешкіден сауылған сүт. Сол сүтпен ішер шайын ағартып, артылса айран ұйытып күн көрген, ешкімнен нан сұрап, қол жаймаған Құдайдың елеусіз пендесі-тін.
Кемпірдің үйі өзеннен елу қадамдай жердегі кішкене төбенің маңында. Зауза ауып, саратан туа қайдан келгені белгісіз, сол төбені ордалы жыландар жайлап алды. Күн сәскеге көтерілгенде олар індерінен шығып төбені айнала, тіпті, қарсы бет­тегі жыра бетіне де тұтастай жайылып, арқалары жылтырай, қыздырынып жатады. Саны есепсіз. Іштерінде білектей жуан, сала құлаш, бір үлкен жылан бар. Орданың иесі болса керек, сол басын көтерсе, бәрі де бастарын қақшита қалады. Әлдеқандай ұсақ жыландар өзара «келісе алмай ұрысып», бір-біріне маталып айқаса кетсе, әлгі дәу жылан жандарына жетіп барып, оларды ысылдай ұзын құйрығымен сабалап, ажыратып жүреді. Содан соң төбе мен жыраның бетін түгелдей алып жатқан жыландар тыным таппай айналып, шашау шығармайды.
Алғашқыда кемпір бұлардан қат­ты сескенді. Алайда арада біршама уақыт өткен соң өзің тимесең, өздігінен тиіспейтін бұл мақұлықтарға үйреніп те қалды. Қайта оларға жақындап барып, жыландардың өздеріне тән қым-қуыт тірліктерін күн ұзақ қызықтап қарап отыруды ермек етіп жүрді.
Кемпір күнде кешкісін ешкісін сауып алатын. Сүт толған ыдысты «үйге қойсам, ашып кетеді» деп, даладағы нардың үстіне қалдыратын. Бүгін де сол әдетінше сүт толған ыдысты далаға қалдырып, бетін шүберекпен жаба салған. Ал таңертең тұрып, сүт­ті пісірем деген оймен шелекті қолына алса, ыдыс бос. Сүт қайда, беймәлім. Бұрын бір адам мұның сүтін алмақ түгілі, үй маңына келмейтін…
Алайда кемпір дәл сол күні бұл жайында көп ойланған жоқ. Бірақ осыдан ке­йін ылғи таңертең сүт жоқ болып жүрді. Содан кемпір түнде келіп жүрген ұрыны аңдымаққа бекінді. Түні бойы көз ілмей, нар үстіндегі шелектен көз алмай, терезеден қарады да отырды. Келген ешкім болмады. Таң бозара көзі ілініп кет­ті. Бір кез­де сусылдаған дыбыстан оянып кетіп, сыртқа қараса, о, құдіреті күшті Құдай, адам сенбес нәрсені көрмесі бар ма? Жыландар төбедегі індерінен бірінен соң бірі тізбектеле шығып, шелекке қарай бет­теді. Ең алдында күнде өзі көріп жүрген дәу жылан. Шелекке жеткенде сол дәу жылан шүберекті тұмсығымен түртіп, жерге түсірді де, алдымен өзі сүтке бас қойды. Одан ке­йін қалғандары шелекке кезектесе бас қойып, келген іздерімен кері қайтып жат­ты. Кемпір олардың таңқаларлық істеріне тапжылмай қарады да отырды. Ал шелек түбінде бір тамшы да сүт қалдырмай, жалап-жұқтаған жыландар болса, індеріне кіріп, лезде көзден ғайып болды.
Содан кемпір оларға қарсы қолданар амал таппай, күні бойы басы қатып жүрді. Ақыры ойланып-ойланып, мынадай шешімге келді. «Кешке сауылған сүт­тің жартысын табаққа құйып, індерінің аузына апарып қояйын. Таңалакеуімде үйге қарай келіп, әуре болмай-ақ, ішетіндерін ін аузында-ақ ішсін. Бәрібір олар енді сүтке тыныштық бермейді».
Сол күні кешке табаққа сүт құйып, іннің аузына апарып қойды. Ертесіне ертемен тұрып, табағын алып қайтуға төбе басына шықты. Табақ бос. Ал табақтың түбінде шығып келе жатқан күнге шағылысып бір зат жылтырайды. Оны қалтасына салды да, табағын алып, үйіне келді. Келген соң жаңағы зат­ты ары-бері аударыстыра қарады. Осы кез­де оның есіне жас кезінде әкесі айт­қан бір әңгіме түсті. Әкесі «Қай жерде ордалы жыландар болса, сол жерде алтын болады» дейтін. «Құдай-ау, сонда жылтыраған мына кесек шынымен-ақ алтын болғаны ма? Сонда бұл алтынды аяғы жоқ, қолы жоқ мақұлықтар қалай ыдысқа салып жүр?» – деп таңданды.
Кемпір енді осы ойына көз жеткізбекке бекінді. Ертесіне таң бозара ін аузына келіп отырды. Айнала әбден жарықтанған кез­де жыландар іннен кезектесе шығып, сүт­ті жалап, ішке қайта кірді. Әлден соң құйрықтарын бір-біріне байлап алған бес-алты жылан кесектей алтынды сүйретіп әкелді де, табаққа тастай салды. Адамдар тілі жоқ, ал ой-сана мүлде болмайды деп есептейтін жорғалаушы мақұлықтардың сүт үшін қандай әрекетпен өтем жасағанын көргенде, кемпір естен тана таңданды.
Содан кемпір күнде кешке ін аузына сүт тола табақты апаратын болды. Ал азанда табаққа тасталған өтем – алтынды алып қайтып жүрді. Арада бес-алты күн уақыт өткенде кемпір бір кесек алтынды қойнына тығып, базарға келді. Оны мал сатып тұрған саудагерге көрсет­ті. Анау салған жерден бас салды:
– Мұныңа екі сиыр, он қой беремін. Ризамысың?
Қарияға мұнша мал түсіне кірмес байлық еді. Аяқ астында осындай тосын байлыққа ие болатынына сеніңкіремеген бұ байғұс не айтарын білмей қат­ты састы. Ал саудагер болса, уәдесін орындап, жөніне кет­ті.
Бұрын ешкім назар аудармайтын жалғызілікті кедей кемпірге аяқ астынан бір қора мал біткені рабат жұртшылығын елең еткізді. Біреулер «Мұнша малға жетерлік дүниені бұрын қайда жасырып келген?» деп таңқалысса, енді біреулер «Үйінде шалынан қалған қазына бар екен. Өзін өлтіріп, сол байлықты қолға түсірсек қайтеді?» деген бұзық пиғылды сөздер де айтып үлгерді. Бірақ ел арасында қанша алып-қашпа сөздер айтылғанымен, жұрт шын сырға көз жеткізе алмай, дал болды…
Рабат­та осындай әңгіме гулеп тұрғанда Шымқаладан кезекті тоқсанның салығын жинаушылар сау ет­ті. Олар бұрындары алдымен керуен сарайға жайғасып, ет пен қымызға тойып, бозаға бөгіп, бес-алты күн жататын да, содан соң барып іске кірісетін. Бұл жолы олар өйтпеді. Паруанашы деген атағы бар салық жинаушылардың басшысы: «Тез-тез қимылдап, істі жылдам бітіріңдер!» – деп өз шабарман-шеріктерін жан-жаққа шапқылатып жіберді де, керуен сарайға жалғыз өзі кірді.
Оның сөзін екі етпеген шабарман-шеріктер жұрт­тың үстіне қамшы-қылыштарын қатар үйіріп: «Берешек мал-мүліктеріңді тез-тез жинаңдар!» – деп елдің апшысын қуырып жатқанда, салық басшысы керуен сарайда жантая шай ішіп, рабат­тағы мұрт­ты тарақат-жансызымен әңгімелесіп отырды.
– Сөйле, – деді паруанашы жансызына тесіле қарап, – рабат­та менің құлағыма тимеген жаңа хабар бар ма? Күллі мұсылман жұртының қамқоршысы, Алла дәрге­йін биік еткір Құдияр ханның пәрменіне сай жиылатын салықтан жалтару үшін мал-мүлкін, тапқан пұлын азайтып көрсеткен болмаса жасырып жүрген қанша бай қазақты һәм қанша көрікші-зергер сарт­ты анықтадың?
Мұрт­ты жансыз соңғы жылда мал-мүлікпен әжептеуір байыған, бірақ дәулет-дүниесінің біраз бөлігін Қоқан хәкімдерінен жасырып жүрген базбір адамдардың ат­тарын атап берді де, сөзінің соңында:
– Хан пәрменіне адал болмаған ондайларды қалай жазалау керектігі өзіңіздің құзырыңызда ғой, тақсыр. Бірақ маған һәм мына рабат жұртшылығына сыры бимағлұм бір хабар бар. Рабат­та шалы жоқ, бала-шағасыз бір жесір кемпір бар. Ол ілгеріде Сұлтан қожаға күң ретінде еріп келген. Қожа өлерінің алдында оған еркіндік берген. Содан бері қышлақ шетінде бір ешкісінен басқа ештеңесі жоқ кембағал күйде жападан-жалғыз тұратын. Сол кемпір екі-үш айдың ішінде табан астынан байып шыға келді. Бір қызығы, ол жинаған малдарының ешқайсысын осындағы базардың тұрғылықты саудагерлерінен алмаған. Бәрін ары-бері мал айдап өткен саудагерлерден алған. Осыған қарағанда, ол кемпірде ауылдастарынан жасырған бір құпия қор бар-ау, шамасы. Әйтпесе өткінші саудагерлер бұған тегіннен-тегін мал беруші ме еді. Бәрінен бұрын тап қазір есік алдына қырық-елу қой мен оншақты сиырдың басын құрап отырған оның сол саудагерлермен не нәрсе арқылы сауда жасағаны қызық боп жүр жұртқа…
Мына хабарға елең еткен паруанашы көтеріліп отырды да, жансыздың сөзін бөлді:
– Әй, мынауың шынында тосын хабар екен. Ол қатынның жасы қаншада?
– Шамасы жетпістен асып қалған-ау.
– Иә, иә, сен айт­қандай, расында, түкке жарамсыз кемпір екен. Әйтпесе мен ойлап едім, жастау болса қазақтың бір еріккен байы оны сырт­тай тоқал қып алған шығар деп… әлгі малдарды сол әперген болар деп… Һә-ә, бұл жаңалығың тіптен таңданарлық. Сонда жетпістен асып кеткен қалтаң-салтаң кемпірің сонша малды қалай бағып, оларға қалай ие болып отыр?
– Ой, ол қақпас бұ күнде есіріп, малшы-жалшы ұстайтын болған. Бір-екі мал үшін оған жалданатын кедейлер аз деймісіз. Біреулерге үш-төрт қой, бір сиыр беріп, мал қамайтын қора салдырып, жаман тамының дуалдары мен төбесін сылатып алды. Көрпе-жастығын да жаңартып алғанға ұқсайды. «Енді бір күйме мен оған жегетін ат сатып алсам ба деген ойым бар», – депті біреулерге. Біз болсақ, оны мүсәпір деп аяп жүрміз. Ал ол өлер алдында бір Құдайға ғана аян себеппен байып алып, тайраңдап жүр. Егер сіз рұқсат берсеңіз, біраз жігіт­теріңізді ертіп алып, өзін бір сығымдап көрсем бе деймін. Әлгі малдарды қандай пұлдарға сатып алғанын, жасырған дүниесін, құпия сырын айтсын. Одан қалды, хандыққа ел қатарлы салық төлесін.
– Әй, сен мені бүгін төбемнен жай түскендей күйге түсірдің ғой. Айт­қаның ақиқат шықса, біраз қызық нәрсеге куә болғалы тұр екенбіз. Сыртқа шық та, Арон бастаған шеріктер тобын осында шақыр! Жігіт­тер келгесін, маған да бір тың ат дайындасын! Жаңағы кемпіріңнен сауалды өзім аламын.
Жансыз бағаналы бері осы сөзді күтіп тұрғандай, орнынан ұшып тұрды. Паруанашыға басын қайта-қайта иіп, қолын қусырды да, «Мақұл, тақсыр!» деп тысқа зыта жөнелді.
Көп ұзамай паруанашы бастаған оншақты салтат­ты кемпірдің үйіне жет­ті. Үй алдында талдың жуан бұтақтарымен қоршалған төбесі ашық қора тұр. Қора ішінде жансыз айт­қандай, қырық-елу қой емес, ары кетсе оннан әзер асатын ұсақ мал, екі сиыр қамалыпты. Өзіне жеткен хабардың рас болмай шыққанына күйінген паруанашы жансызға айқайлап берді:
– Ей, малғұн! Сен жаңа бұл үйде малдың саны көп деп едің ғой. Оншақты ғана жаман-жәутік тұяғы бар сорлы кемпірдің үйіне мені неге әуре етіп, сүйреледің-ә?! «Адам жалдап, тамын сылатып алды» деп едің тағы. Төбесі опырылып, дуалы құлайын деп тұрған мына тамда қатып өлгір кемпіріңмен қоса өзіңді де, тап қазір жаман тамның топырағының астына көмдіре салайын ба?!
Зәре-құты қашқан жансыз атынан домаланып түсе салды да, паруанашының үзеңгідегі аяғына жармасып, дірілдей сөйледі:
– Ойбай, тақсыр… ойбай, тақсыр! Ағат сөзіме кәт­та ғапу сұраймын. Маған біреулер солай хабар айт­қан еді… Бірақ бұ қақпастың малдары мына қорада тұрғандармен ғана шектелмейді. Қалғандары далада, жайылымда болса керек. Одан ке­йін, паруанашы мырза, бұл рабат­тың екі қойы бар тұрғындарының өзі әр жыл сайын бір төлін сіздерге салық ретінде өткізуі шарт. Ал бұл үйде, санап тұрмын, тұп-тура он үш қой, екі сиыр, бір бұзау бар екен. Мұнша мал – кәт­та байлық қой. Осы малдардан тиісті салықты алайық. Бұдан ке­йін бұ кемпірдің жаңағы мен айт­қан жасырын сырын білейік те.
Басшының иіні сәл жібіп, қасындағы атқосшыларына бұрылды:
– Мына тамда тірі жан бар ма, айқайлап шақырыңдаршы!
Қосшылар: «Кім бар үйде? Шық бері!» – деп айқай салды. Бір кез­де тоқал тамның жыртық киізбен қапталған ескірген есігі сықырлап ашылды да, ар жағынан жұлым-жұлым жеңіл камзол киген кемпір көрінді. Басындағы шәлісі де, аяғындағы мәсісінің қоныштары да көне тартқан кейуана байғұс қорыққанынан екі қолын кеуде тұсына айқастыра ұстап, есіктен бері қарай үш-төрт қадам басты. Қат­ты үрейден алдындағыларға тура көз салуға да именген ол жазған, басын төмен салған күйі жақ ашпай тұрды. Паруанашы оған дауыс көтере сөйледі:
– Ей, қақбас! Сені жұрт бай десіп жүр ғой. Неге салық төлемейсің?! Жоқ, әлде саған осылай тобымызбен келіп, құрмет көрсетуіміз керек пе?!
Ананың зәрлі дауысы басына таяқтан бетер тигендей күй кешкен сорлы кемпір құлап қала жаздап, өз-өзін әзер ұстады. Сосын қалшылдап тұрып, әзер тіл қат­ты:
– Ма-а-ғ-ған е-е-шш-кім «сс-алл-ыық тө-ө-ле» де-е-ген ем… ем-м-ес.
– Демесе, енді айтып тұрмыз. Осы күнге де­йін салық төлемегенің үшін қойларыңның екеуін ғана өзіңе қалдырамыз да, басқаларын мына сиырларыңмен қоса айдап әкетеміз. Айтпақшы, айтшы, сен бұл малдың бәрін қайдан алдың? Әгәрәки бар шыныңды айтсаң, саған, малдарыңа тиіспеуіміз бек қайыл.
– Маған Құдайдың бір рақымы түсіп… Бұ малдар содан көктен түскендей болды ғой, – деді кемпір қорқып тұрса да, анық сөйлеп.
– Не былшылдап тұрсың? Құдайдың рақымы түсіп, байлық көктен жауатын болса, неге келмейді бізге сол дәулет?! Әйда, жігіт­тер! Тінтіңдер үйін! Көрейік, тығулы жатқан қанша пұлы бар екенін, – деп ақырды басшы.
Үш-төрт шерік ат­тарынан түсе-түсе қалып, үйге қойып кет­ті. Бірақ төрт дуал, ескі-құсқы үш-төрт көрпеден басқа тұлдыр дүниесі жоқ үйді қанша тінтісе де, қолдарына ештеңе ілікпеді. Олар амалдары таусылып, қолдарын жая сыртқа шыққанда паруанашы кемпірге қайта шүйлікті:
– Өле­йін демесең, мына малдарды қандай пұлға алғаныңды айт!
Кемпір жұмған аузын ашпаған күйі мелшиіп тұрды. Араға жансыз килікті:
– Бүйтіп қырсықтана берсең, сені дүреге салып, сөйлетпек түгілі сайратып жібереміз. Одан да мына малдарды қандай дүниеге алғаныңды ашып айт! Жаныңның барында сұрағымызға жауап бер!
Кемпір тағы да жауап қатпады. Жынданған жансыз ышқына, айқайға басты:
– Ә-ә, ештеңе айт­қың келмей ме? Мә, онда, ал алғашқы таяқты! – деп тістенген күйі кемпірдің басына қамшымен салып қалды.
Кемпір сорлы ес-түссіз сұлап түсті. Құлаған кезінде камзолының қалтасындағы жеті-сегіз түйір алтын шашылып жерге түсті. Мұны көрген жансызда ес қалмады. Дереу жерге шашылған алтындарды жинап алды да, паруанашыға қарады:
– Айтпап па едім, тақсыр-ау, айтпап па едім… бұл қақпас тегін адам емес деп. Мыналарға қараңызшы. Таза алтын ғой мыналар, таза алтын. Бұл сүмелек бұларды қайдан алып жүр? – деді дірілдей, лепіре сөйлеп.
Паруанашымен қатар алтындарды аударып-төңкеріп көрген басқа шеріктер де таңданысып, бір-біріне қарасып, бастарын шайқасты. Ойламаған жерден мол олжаға кенелетінін ойлаған паруанашы қосшыларының қолдарындағы алтындарды жиып, қалтасына басты да, оларға бұйырды:
– Сендер, біреуің су шашып, мына өлімтікті тірілтіңдер. Бұл қақпаста тағы да алтын болуы кәдік.
Біреуі су әкеп, кемпірге шашты. Басын сілкілей есін жиған бейбақ бет-аузын жауып кеткен қанды орамалымен сүртіп, жайлап орнынан тұрды. Басының қамшы осып кеткен жерін алақанымен басып, біраз тұрды да:
– Жүріңдер, мен сендерге көмбемді көрсете­йін, – деп бәрін ертіп, үй маңындағы кішкене төбе басына шықты.
Күн бұлт­ты болып, жел соғып тұрған. Содан сескенген бе, жыландар далаға шықпапты. Бүгін ін аузындағы табағын әлі алған жоқ еді. Табақ түбінде сүт үшін өтем болған зат жылтырап жатыр. Кемпір бар оқиғаны бастан-аяқ айтып берді де, өз үйіне қарай бет­теді.
Паруанашы өз тобымен аз уақыт өзара кеңес құрды. Сосын қосшыларын екіге бөліп, біреулерін рабатханада қалған шеріктерді шақырып келуге, енді біреулерін шайханалардан үлкен-үлкен қазандарды әкелуге жұмсады. Біраздан соң төбе маңына рабатханада қалған шеріктердің бәрі жиналды, артынша дәу арбаларға артылған үлкен-үлкен жеті қазан жеткізілді. Басшының пәрменімен дереу ошақтар құрылып, қазандар суға толтырылды. Ойласқандары бойынша, қазандардағы суларды қайнатып, ін түбіне құймақ. Үстеріне құйылған қайнаған судан ін түбіндегі жыландар тегіс күйіп өлмек. Сосын жыландар иеленіп жатқан алтындарды қазып алмақ.
Әлбет­те, ордалы жыландар мекен еткен ін апан тәрізді бір шұңқырлы болмайды. Олар мекендеген ұя-орын жер астында неше тармаққа бөлінген, бірде жоғарыға, бірде төменге өрлейтін тарау-тарау тар індерден тұрады. Әрі қанша су құйсаң да, ін толмайды. Өйткені жыландар өздері ін қазбайды, тышқандар мен сарышұнақтар қазған інді тартып алады. Ал тышқандар мен сарышұнақтардың қулығында шек жоқ. Олар індерін тарау-тарау бөліктерге бөліп қазғандары былай тұрсын, бірнеше тұстан жер бетіне шығатын ауыз жасап қояды. Мұндай тәсілді олар бір тесіктен қауіп төнсе, келесі бір тесіктен қашып шығу үшін жасайды. Сондықтан іннің бір тесігінен қанша су құйсаң да, ол қауіптен қашқан тышқан секілді екінші бір ауыздан лақылдап шығып кетеді. Бірақ жыландар мекен ететін іннің осындай болатынын, онда жатқан улы жорғалаушылардың барлығын суға тұншықтырып болмаса күйдіріп өлтірудің мүмкін еместігін оңай олжаға кенелуді мақсат еткендер бағамдамады. Барлық шерік жабылып, үстін-үстін жаққан от­тан қазандардағы су қайнаған кез­де көп алтынды иеленуге манадан бері ынтызар боп, тықыршып отырған паруанашы:
– Һә-ә жігіт­тер, ін түбіндегі мақұлықтардың барлығы ендігі жаһаннамға ат­танған болар. Құдай қаласа, бүгіннен бастап бәріміз бай болмақпыз. Ал енді, інді қазуды бастаңдар! – деп пәрмен берді.
Төбе басына жиналған қырық қаралы жігіт­тің барлығы кішкене ғана іннің айналасында қатар тұрып жұмыс істеуге мүмкіндіктері болмағандықтан, топтан он шақты жігіт бөлініп, іске кірісті. Олар біраз жерді ойып, кезекті екінші топқа берді. Бағана паруанашы жігіт­терін осылай кезектесе жұмыс жасайтын топ-топқа бөліп қойған-ды. Бірінен ке­йін бірі дамылсыз жер қазған топтардағы жұмысқа қызып кеткен кейбір жігіт­тер белуардан шешініп, жалаңаштанып алды. Көп қол қоя ма, әп-сәт­те іннің айналасын үңірейтіп, тереңдетіп қазып тастады. Бірақ кетпен-күрекке ін аузына жақын жатып, қайнаған суға күйіп өлген біраз жыландардың өліктері іліккенімен, қолға түскен алтын болмады. Бір кез­де қазылған жердің айналасы он шақты қадам, ал тереңдігі бес-алты құлашқа жет­ті. Алтын жердің жеті қат астында жатқандай, сонда да көрінбеді. Бие сауымындай мезгіл өткенде паруанашы шеріктеріне демалуды бұйырды.
– Әлгі жаман кемпірдің сандырағы рас болса, енді сәл қазсаңдар, жер түбінде үйіліп жатқан мол алтынға қол жеткізеріміз хақ. Әзірше сусын ішіп, бірауық екпін басыңдар.
Жерге отыра-отыра кеткен жігіт­тердің кейбірі күректерін лайдан тазартып, кейбірі аз уақыт­тан ке­йін қолға түсетін алтындарды қайда жұмсайтындарын айтып, мәз болуда. Оларға паруанашы мен жансыз да қосылып, өздерінің келешегін ертегідей елестеткен әңгімелерге берілген. Алайда…
Алайда дәл осы сәт­те қазылған апанның жан-жақ қабырғаларындағы кішкене-кішкене індер аузынан өздерінің мазаларын алып, ордаластарының біразын ыстық суға күйдіріп өлтірген екі аяқтыларға кектенген жыландар шыға бастады. Әдет­те жылан ашуланғанда қат­ты ысылдаушы еді. Бәлкім кек алуға ат­танған мақұлықтардың да өзіндік санасы бар шығар, бәлкім жауына үнсіз тап беруді олар да білетін шығар, әйтеуір бұ жолы бірде-бір жылан ысылдамай, бірінен соң бірі құжынап шығып, апан жиегіне қарай жарыса өрмелесті. Апан жиегінен тегіс жерге шыққанда олардың санын кім санапты, яки жүз, яки мың болар, әйтеуір дыбыссыз сусыған сансыз жылан даурыға әңгімелесіп, қаннен-қаперсіз отырған кісілерге жан-жақтан бас салды. Бас салған кез­де ғана ысылдаған айбат­ты дыбыс шығарды. Бейқам отырғандар осы сәт­те ғана шошынып, орындарынан атып-атып тұруға әрекет­тенді. Бірақ әр кісіге отыздан, тіпті елуден жабылған мақұлықтар жан-жаққа үрейлене қашқандардың денелеріне жармасып, тамақтарына оралды. Біреулердің жеңдеріне сүңгіп, қолтықтарынан шақты. Бір жігіт өзіне секірген жыланның тамағынан шап беріп ұстап, аулаққа лақтырып жіберді де, жақындап қалған басқаларды күрекпен сабалай бастап еді, сол жақтан жіп-жіңішке бір жылан оқша атылып, құлағына кіріп кет­ті. Басқа бір жылан дәл осындай тәсілмен біреудің көзін ойып түсірді. Екі жазған да өкіріп, құлап түскенде көп жылан оларға тағы жабыла кет­ті. Әркім құмырсқадай қаптаған пәлекет­терден құтылудың амалын жасап бақса да, бірде-біреуі апан айналасынан ұзай алмай, төбе басын ойбайлаған, өкірген, жанұшыра айқайлаған дауыстар басты. Қан шайқаста да шеріктер бұлай өкірмес-ті, бұлай амалсыз ажал құшпас-ты. Мұрт­ты жансыз мойнына бір жылан орала бергенде-ақ жүрегі жарылып кетіп, оп-оңай ажал тапты. Жалғыз ол емес, талай жүрексіздер осылайша әп-сәт­те жантәсілім қылды. Тек жыландар алғаш шабуылдағанда ортада отырғандықтан улы тістерге ілікпей қалған паруанашы ғана бәрінен пысықтық жасап, дүрбелең басталғанда алды-артына қарамай, анадайдағы атына жүгірді. Атына міне бергенде оған екі жылан бірдей оқтай атылған. Бірақ жыландар арасындағы «оқжылан» деп аталатын бұл мақұлық түрінің жылдамдығы мен соққысы сұмдық болғанымен, бір секіргенде екпіні бес-алты қадамнан аспайды. Сондықтан екеуінің де секірісі атына міне сап, ұзап үлгерген паруанашыға жетпеді. Одан басқаның барлығы төбе басында улы зәһардан азапты өлімге душар болды.
Алтын дәметушілерді шетінен осылай теңкитіп тастаған жыландар өз тірліктерін бітірген соң бәрі бір жерге жиналып, кемпірдің үйіне қарай жылжыды. Үйге он қадамдай жерге келгенде дәу жыланнан бастап бәрі қалт тұра қалып, кеуделерін көтере біраз уақыт ысқырып, ысылдап тұрды да, кері бұрылды. Бәлкім өздеріне сауап, мейірім жасаған кемпірмен қоштасты, бәлкім өлген ордаластарына қайғырды, мүмкін тыныштығын бұзғандарға лағынет айт­ты, ол жағы тек көктегі бір тәңірге ғана белгілі, ал белгілісі – сол күннен ке­йін ол төбеден жыландар кетіп қалды. Одан соң қайда бет алғанын ешкім білмейді, бұл маңнан кемпір де көшіп кет­ті.
Ажалдан аман құтылған паруанашы сол қашқаннан қашып барып, Шымқалаға жет­ті. Жеткенімен жаны тыныштық тап­пады. Көзі ілінсе болды, түсіне тұла-бойын тістелеген, аяқ-қолдарын шағып жатқан жыландар кіріп, үрейлене, айқайлай оянды. Далада жүрсе көз алдына жыландардың елес сұлбасы көлбеңдеді. Сөйтіп жынданардай хәлге түсіп жүргенде бір танысы оған: «Бұл – сені ордалы жыландардың іздеп жүргенінің белгісі. Олардан һәм мынадай жағдайдан құтылғың келсе, тезірек алысқа кетіп, бір жақсы молдаға оқылғаның ләзім», – деп кеңес берді. Одан басқа амал таппаған залым айт­қанға құлақ қойып, қатын, бала-шағасымен Тәшкенге көшті. Сол жақта бір ілімді молдаға оқылып, жаны жай тапты.
Ал әлгі оқиғадан бір жыл өткен соң Талас жақтан жол тартқан әлдебір саудагер осы маңнан Тәшкен базарына қарай қой айдап өтеді. Саудагер Бадамнан асып, Қазығұрт етегіне түнемекке аялдайды. Ертесіне қойлар арасындағы бір қошқардың мүйізіне оралып келе жатқан жыланды көреді. Жылан Тәшкенге де­йін әлгі қош­қардың мүйізінен түспей келеді де, қалаға жақындағанда көзден ғайып болады. Алайда саудагер бұл жыланның шаһарға жақындағанда неліктен жоғалып кеткеніне онша мән бермейді.
Содан ол бар малын екі-үш күн саудалап болып, шаһар ортасындағы бір кәт­та шайханаға кіреді. Мұндағы кісілерден күні кеше ғана осы шайханада бұрын Шымқалада салық басшысы болған бір паруанашыны терезеден түскен шұбар жылан шағып өлтіргенін естиді. Саудагер сонда ғана барып, былтыр Сұлтанрабат­та болған оқиғаны еске алып, өзінің қошқарының мүйізіне оралып келген жыланның сырын ұққандай болады. «Құдайдың құдіреті, сонша кісінің ішінен өздерінен қашқан салық басшысын тап басып, қалай таныды екен ол мақұлық? Бәрінен ғажабы, ол паруанашының Тәшкенде екенін қайдан білген?» – деп жағасын ұстапты саудагер…
«Ордалы жыланға тиіспе, тиіссең олар кек алмай қоймайды» деседі қарт­тар. Мұнысы өтірік пе, рас па, ол жағын білген адам жоқ. Бірақ не десек те, атам қазақ жерге ат қойғыш қой, әлгі уақиғаға байланысты сол жер әлі күнге де­йін «Жыланбұзған» деп аталады. Бір кез­де ордалы жыландар мекендеген төбе де, тіпті алтын іздеушілер қазған шұңқырдың орны да сол үңірейген қалпы жатыр. Сұлтанрабат атауы да жойылмаған. Оны кешегі кеңес өкіметі де өзгерткен жоқ. Қазір түбі Ферғанадан, бергі аталары Сайрамнан ауған баяғы өзбектердің ұрпақтары тұратын үлкен ауылға айналған.

 

 

Момбек Әбдіәкімұлы

ПІКІРЛЕР3
Аноним 17.07.2025 | 21:03

жақсы әңгіме.

Аноним 23.07.2025 | 23:57

Қызық әңгіме екен,Момбек аға

Аноним 24.07.2025 | 18:17

Өте қызықты оқиға екен. Және сол өңірді әдемі суреттеп жазыпсыз

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір