БІРЛІГІМІЗ БЕКЕМ БОЛСЫН!..
01.04.2026
67
0

Наурыз – қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық мерекесі. Жаңа жыл… Жаңарудың, жақсылықтың мерекесі. Өзін қазақпын деп санайтын әрбір жан осы жаңа жылдан бастап өзіме жақсылық келсе екен, отбасыма, еліме, жұртыма, мемлекетіме жақсылық келсе екен деп тілейді. Бұдан артық тілек болмайды.

«Бұл тілекті орындау үшін не керек?» деген сұрақ та тұрады көкейде. Бірінші, әлбетте, бірлік, ауызбіршілік керек. Ауызбіршілік бар жерде береке бар. Халық та, әулет те құлашын кеңге жаяды бірлік барда. Ал оны қамтамасыз ету үшін бізге сабақтастық керек. Ата-бабамыз жерді, елді сақтау үшін қанын төкті, жанын берді. Халықтың басынан өткерген тарихы арқылы балаларды тәрбиелеудің маңыздылығы зор. Өткенімізде осындай жақсылық, осындай қателік болған деп саралай отырып, жақсыдан сабақ алып, қателікті түзеуіміз керек.

Қазақ мемлекеттігін сақтау жолындағы күрестердің бірі – қазақ пен қалмақтың шайқасы. Екеуі бірде дос, бірде қас болған. Отбасылары өзара аралас-құралас болды. Бірақ ешқашан ұзақ бірігіп тұра алмаған. Соның кесірінен қалмақ таөзінің мемлекеттігінен айрылды, қазақ та зобалаңдардан өтті. Құдай жар болып Тәуелсіздігімізді алдық. Тәуелсіздікке жету барысында бірліктің арқасында Орбұлақ шайқасында әлемде болмаған жеңіске қол жеткіздік. Жеті жүз-ақ қазақтың батыр ұлдары екі таудың ортасын қазып елу мың жау қолына қарсы шығып қана қойған жоқ, ойсырата жеңді. Аздаған қазақ жауынгерлері ұзақ шайқасқа шыдай алар ма еді, шыдай алмас па еді, сонау Самарқаннан жиырма үш мың қолмен Жалаңтөс батыр көмекке келді. Міне, қазақтың бірлігінің құдіреті! Жанын да, қанын да, терін де аямай, ел үшін бірікті. Осыны халық санасына тарих, білім арқылы жеткізу керек.

Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама 35 жылға созылды. 35 жылдан кейін қазақ бола ма, болмай ма, сын үстінде тұрған еді. Бұл нәубеттен де кім сақтады? Батырларымыз, билеріміз сақтады, халықты біріктіре білді. Бүкіл қазақ батырларының 60-70 пайызы – осы «Ақтабан шұбырындыда» аты шыққан батырлар. Әйгілі Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай ерлікпен, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер даналығымен хандардың өзін ақылға жүгіндірді.

Осы жылы Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадағы алғашқы ұлы жеңіс – 1726 жылғы Қалмақ қырылған шайқасына 300 жыл толып отыр. Биыл осыны атап өту арқылы қалың қазаққа, өскелең ұрпаққа ата-бабаларымыздың ұлағатын ұғындырамыз. Қазыбек Тауасарұлы осы соғысқа қатысып, әрбір батырдың қалай соғысқанын жазып алған. «Ол адам жоқ қой» дейді кейбіреулер. Ол адам жоқ болса, тарих та жоқ. Отарлық жүйе халықты өзара соғыстырып қояды, «анау адай», «мынау суан» деп ру-руға, жік-жікке бөліп. Олай емес, адай да – сенің бауырың, суан да, арғын да – сенің бауырың. Бәрің де – Арыс деген ұлы шалдың ұрпағысыңдар.

Жаңа жылда, Ұлыстың ұлы күнінде осыны ескеруіміз керек. Биыл – ұлы жыл. «Ақтабан шұбырындыдағы» жеңіске 300 жыл. Неге екенін, тарихшылар айтпай отыр осыны. Қаламгерлер неге жырға қоспасқа?! Ұлттық мейрамды ұлықтау да осындай отансүйгіштіктен бастау алады. Жаңа жылдың басты мақсаты да осы деп есептеймін. Жаңа жыл құтты болсын! Бірлігіміз бекем, елдігіміз берік болғай!

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ,

Қазақстанның Халық жазушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір