Кәсіби мереке құтты болсын!
01.07.2024
701
0

Бүгін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Қаламды қару еткен журналистердің
төл мерекесі. Тілші қауымы туралы сөз болғанда шоқ шайнап, от бүріккен Шерхан Мұртазаның «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген әйгілі сөзі тіл ұшына оралады. Бұл – қазіргі кезеңнен көп бұрын айтылса да, журналист еңбегіне берілген әділ баға! Осы ақиқаттың астарында БАҚ қызметшісінің жауапты жұмысы, қоғамдағы беделі, еңбегінің өтеуі сияқты ұғымдар жатыр.
Заман өзгеріп, қоғам қыбылнамасы ауысқанымен, кәсіби журналистика ұстанымынан айныған емес. Ұлт алдындағы парыз, тіл үшін күрес пен мемлекетшіл, әлеуметшіл қалпынан айнымаған әріптестеріміз Тәуелсіздіктің тұғырын нықтауға алғаусыз қызмет етіп келеді.
Кәсіби мерекеде барлық журналистерді қазақ қара сөзінің қормалы қоржынына 90 жыл олжа салған қарт басылым – «Қазақ әдебиеті» газетінің атынан құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!

ЖУРНАЛИСТЕР

Жұртқа жұмсап бар жарқылын
жанының,
Безбендеумен өмір сырын, ағымын,
Журналистер алғы шепте келеді
Қалғытпастан қаламы мен дарынын.

Қай шақта да ел тұлғасы ретінде,
Кірпік қақпай, тұрар желдің өтінде.
Ақиқатты аласартпай, ақсатпай,
Аршып беріп газет-жорнал бетінде.

Еш тынбайды, маңдайынан құйып тер,
Артта қашан қалғанынша биік бел.
Қырсыздықпен қылыштасып жүргені,
«Қиындықты көрмесе деп», –
сүйікті ел.

Арамдықты жағадан ап бездіріп,
Адалдықтың асқақтауын сөз қылып.
Жүрегі ақ журналистер келеді,
Жұртқа деген махаббатын сездіріп.

Дала жатыр еңбекпенен тыныстап,
Ел еншісі сонда дейміз ырыс, бақ.
Журналистер бәрін жазу үстінде,
Туған жердің туын жықпай, тік ұстап!

Қасқырбай Нарбатыр

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір