Хиджабы бар болсын!
02.11.2023
314
0

Қазақ сатирасында ойып алар орны бар, елімізге танымал сықақшы-жазушы Мұхтар Шерімнің тілі де, сатирадағы ділі де, стилі де бөлек. Егер оның сатирасына аты-жөні жазылмаса да, оқып отырып, Мұхтар Шерімдікі деп біле қоясың.
Осы жыл Мұхтар Шерімнің жылы болғандай. Кешігіп келсе де, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанғаны сатириктер қауымына қуаныш сыйлады. Арада ай өтпей, Көпен Әмірбек атындағы «Ара» сыйлығының лауреаттығын да қанжығасына байлады. Біз Мұхаңның қос қуанышына ортақтаса отырып, бірнеше әзіл-сықағын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Хиджабы бар болсын!

Әшейінде ашық-шашық жүретін, сәл бірдеңе айтсам, ыржалақтап күлетін әйелім күндердің күнінде тас бүркеніп алды… Басында – қара орамал, ұзын қара көйлек, аяғында – мәсі-кебіс. Қысқасы, қарамен тұмшаланып алды. Қолында – қара қолғап, көзінде – қара әшки… Осылай киініп, үйге кіріп келе жатқанда, танымай қалып:
– Қарындас, атыңыз кім? – деппін ғой, өзімше қырындап.
– Қыздарда басың қалсын! – деп ұрысқан әйелімнің даусын естіп, есімнен танып қала жаздадым.
– Ойбай, саған не болды? Күн ыстықта пысынап? – деймін ғой.
– Хиджаб… – деді әйелім.
– «Хиджаб – арабтардың ұлттық киімі», – дейді. Сен – қазақ әйелісің… – деп келе жатыр едім, төбеме кәртөшке қуыратын «скәбөредкамен» бір ұрды. – Хиджаб кигендер осылай күйеуін ұрып тұра ма не? Бұл да қазақ «дәстүрі ме не? – деп сұрадым. Содан, әйелім бір шешінсе ғой… Шешінбейді ғой. Сол киімімен төсекке құлайды. Сол киімімен көшеге шығады. Бір құрбысына барды да, осылай өзгеріп шыға келді. Қолынан ұстасам:
– Ойбай, ұстама! Ұят болады, – деп
қояды.
– Оу, сен менің заңды әйелім емессің бе?
– Иә. Бірақ хиджаб киген соң, әр нәрсенің орны болады.
Мен әйелімді құшақтағым келген.
– Құшақтама! Ұят болады, – деді.
– Оңаша отырмыз ғой.
– Хиджаб киген әйелді құшақтауға болмайды.
– Кім айтты саған?
– Құрбым айтты.
– Құрбың бар болсын! Сен хиджаб кигелі түріңді де ұмытып қалдық қой! «Теледидар көруге болмайды», «домбыра тартуға болмайды», «туыстарға қыдыруға болмайды!» Сонда не болады?
Әйелім хиджабын тастамады. Тойға барса да, ойға барса да, жатса да, таң атса да… Бір күні ұйықтап жатқанда, хиджаб қиімдерін қайшымен қиқалап тастадым. Қиқалағаны несі, ұзын көйлегінің алдын тігінен тіліп тастадым. Таңертең тұра бергені сол, көйлегі сусып түсіп қалды! Менен қатты ұялғаны соншалық:
– Қарама! Қарама деймін! Ұят болады! – деп жылап жіберді. Шифонерден бұрынғы көйлегін жылап жүріп, киіп алды да, шай ішіп отырғанымызда қолшатыр ұстап отырды.
– Сәулежан, жынды адам ғана үйінде қолшатыр ұстап отырады. Бұның не? – деп сұраймын ғой.
– Хиджаб орнына ұстап отырмын…. Қарама… – деп қояды. Мен де еркекпін ғой, өкпелеп үйден шығып кеттім. Зуылдап, құрбысының үйіне барсам, бір шолақ шалбарлы, сақалды уахабиске тұрмысқа шығып кетіпті! Қазір Сирияда жүр дейді ме? Тө-өу, хиджабы да, дінін сатып кеткен әйелім де құрысыншы!

Менде бәрі бар…

Құдай жоқтан сақтасын! Құдайға шүкір, төрт жылдан бері түбіркүлезбін. Жөтелгенде, бетімнің бәрі ауыз болып кетеді… Кіші дәретім ұстамайды. Бүйрегімде бес киләдәй тас бар көрінеді. Құдай жоқтан сақтасын, бар ғой енді, менде бәрі бар! Тоқ ішегім тоңып қалған дей ме, «көз қуанышым» – остео­хондроз, радикулитім менің! Жандарым сол! Ауырмасам, ас батпайды… Артроз, артрит, бронхит, ринит, тонзилит, ларингит, гепатит деген өңшең «иттерім» де – бар «байлығым!» Тамағым қышиды, қолтығым ысиды, кірпіктерімнің түбі сызда-ап ауырғанда, ой бір «рахаттанып» қаламын!
…Кеше минингит болып, оны әжептеуір жуып тастадық… Достарым қант диабетімен ауырғаныма «құтты болсын!» айтып келді… Енді грыжа болсам ба деп жүрмін… Геморройды бастан кештік. Құс тұмауы, шошқа тұмауы, сиыр, қой тұмаулары – арманым. Қалай жұқтырарымды білмей жүрмін. Кеше үй кезегінде тұрып, тегін инсульт алдым. Алты сотық жерімді қала әкімшілігіндегі жұқсыздар басқа біреудің атына жазып жібер­ген­діктен, қан қысымым көтерілді. Құдай көтергенге жеткізсін! Қоғамдағы небір әділетсіздіктерді көріп-біліп отырып, ойпырмай, құдайдың маған бас ауруы – сақинаны бере салғанын айтсаңызшы! Мемлекеттік шенеу­нік­тердің өзі бас қатырып, бастарын ауыртпай жатқанда, мына «абыройлы» ауру көңілім­ді көтеріп тастады! Біреулер қазынадан қарпып жеп, кедейдің малын тарытып жеп, шіріген бай атанып жатса, мен пақырың Қазақстандағы бар ауруды бойыма жинап алып, іріген «бай» болып жатырмын! Енді Африкаға барып, эбола вирусын жұқтырып келсем бе деген… Құрысыншы, отандық ауруларымыз жетіп артылады! Денсаулық сақтамау министрлігі қыруар қаржы бөліп, медициналық құралдарды пайдалана алмай жатқанда менікі не әурешілік? СПИД шіркін қазақтың бренді болып кеткелі қашан! СПИД-пен ауырып, қуанғаным сонша­лық, өлуге уақыт жоқ!
О, менің өмір бойғы серігім – простатит! Ассалаумағалейкум, аденома! Хош келдіңіз, Гастрит мырза! Эпикондилитім менің! Айналайын, аллергиям! Панкреатит патшам сол! Қашан келгенсіз, маған айтпай, Астмажан? Зоб, «ваще», ауругершілігің жоқ екен ғой, менен кетпей қойдың ғой тегі, жабысып… О, махаббатым – көкжөтелім! Ішкен-жегенімді қамап қоятын «запорым» менің! Гипертониямды сағынып жүрмін… Тағы.. тағы қандай ауруым бар еді? Атеро… Атеросклерозбын ғой, ұмытып қалыппын… Қазір жындыханада тегін емделіп жатырмын. Менде бәрі бар ғой, Құдай жоқтан сақтасын!

Қойыртпақ

(Қоғам қайраткері Дархан
Мыңбай інімнің мақаласы идеясымен)

Құдайым-ау, өміріміз шала болды, халық билікке нала болды, қасқырлар қой біткенге «пана» болды, мәдениеттен жұрдай болып, қыздарымыз тырдай болып, дәстүріміз ада болды… Әншілер енді «Попуриге» көшті. Шетел әндерін үзіп-үзіп, таныстыру үшін шырқаса мейлі, қазақтың қаймағы болған әндерді жұлмалап, қиқалап, попури шырқайтын «өнер» ретті-ретсіз сәнге айналды. Попури – «Pot–pourri» дегенді француз тілінен төңкеріп жібергенде, «Қойыртпақ» деген мағынаны білдіреді екен.
«Қызық концерт болады екен!» – дегенге делебем қозып, жаяулатып, әйелімнен озып, үшінші қатарда отырмын, мойнымды алға созып. Бір кезде, атақты, домбырасы шашақты бір әнші сахнаға шыға келіп: «Сіздерге попури шырқап берейін!» – деді. Шәмшінің «Арыс жағасындасын» сондай әдемі шырқап келді де, үзіп жіберіп, көше әні «Махаббатым өліп қалды» әнін шырқай жөнелді.
Оны тоқтата салып, жарапазан
айтып кетті ме? Оны шорт үзіп, рэпке көшті:
Әкім: «Халқым!» – деді,
Одан-бұдан жеді,
Әкім: «Жер-жер!» –деді,
Жерден де жеді.
Атауыңды жегір,
Қалмады ғой, дегбір,
Біздің оған ойымыз,
«Отставка» еді… – деп қоя салды да, «Адай» күйін тартып кетті ме… Сосын, тағы рэп айтты:
– Ана жерім,
Мына жерім,
Тағы бір жерім,
Мына бір жерім,
Ішім,
Тісім,
Үйрек-үйрек,
Бүйрек, бүйрек,
Жауыр-жауыр,
Бауыр-бауыр,
Қалай енді сауығады?
Барлық жерім ауырады… – деп келіп-келіп, Е.Хасанғалиевтің «Атамекенін» шырқап кетті. Медицинамыздың да қойыртпақ екенін, адам денсаулығының да қойыртпақ екенін, әкімдердің де қойыртпақ екенін білеміз, бірақ сахнада сарнайтындай, оларға рэп арнайтындай, бұл қандай қойырпақ, өзі? Сосын, қара сөзбен қоңырлатып: «Әлемнің өзі – попури! Бір жерде тыныш, бір жерде – быдыжың, быдыжың, гүрс-гүрс соғыс… Израиль Газа секторын жермен-жексен етті. Ах…» – деді. Ойы, ниеті дұрыс, алайда әнге араластырғаны несі? Бұл өмірде қойыртпақ болмаған не қалды өзі? Дініміз де – қойыртпақ, діліміз де, тіліміз де – қойыртпақ, дәстүр-салтымыз да, Отанға берген антымыз да – қойырт­пақ… Қысқасы, көңілім – шөл, нәстірение – нөл! 

 

 

Мұхтар ШЕРІМ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір