ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДЫҢ ӨНЕРІ МЕН ӨНЕГЕСІ

Алматы қаласындағы И.А.Крылов атындағы Қалалық балалар кітапханасында профессор, ақын, жазушы, этнопедагогика ғылымының негізін қалаушылардың бірі Әдібай Табылдының өмірі мен шығармашылығына арналған тағылымды әдеби-танымдық кеш өтті. Рухани мазмұны терең бұл шара ұлы тұлғаның ғылыми һәм шығармашылық мұрасын жас ұрпақ санасына сіңіруді мақсат етті.
Кешке ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназиясының» жоғары сынып оқушылары қатысып, үлкен дайындықпен келгенін көрсетті. Оқушылар Әдібай Табылдының өлеңдерін мәнерлеп оқып, патриоттық әндер орындап, залға ерекше әсер сыйлады. Әдеби композицияны гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әбдіманап Дана Қанатқызы дайындап, шәкірттердің сөз мәдениеті мен рухани дүниесін тереңдетуге бағытталған нәтижелі жұмыс жүргізді. Оқушылардың өнерін одан әрі ерекше ететін сәт – гимназия оқушылары Тұрсынбай Айбек, Сауданбек Ерасыл, Боранбай Рахат, Еділ Бақдәулет «Мен қазақтың баласы» әнін орындап, кештің рухын патриоттық әнмен толықтыра отырып, көрермендердің жүрегін тербетті. Бұл музыкалық сәт кештің эмоциялық әсерін күшейтіп, ұлы тұлғаның шығармашылық әлеміне енуге мүмкіндік берді.
Айта кетерлік, Тілеубай Сәния Өскенбайқызы басқарып отырған М.Мақатаев атындағы 140 гимназия өз ісіне берілгендігі мен сапалы білім беруімен танымал. 2015 жылы қала көлемінде «Үздік орта білім беретін ұйым», 2016 жылы республика көлемінде «Дарынды балаларға арналған үздік білім беру ұйымы», ал 2021 жылы «Алматы қаласының үздік ұйымы» атанған бұл білім ордасы кешке қатысып, мектеп ұжымының біртұтас рухани қолдауын көрсетті. Сондай-ақ «Мақатаев ізбасарлары» атты шығармашылық шеберхананың оқушылары қатысып, рухани байлықты бөлісті.

Шара барысында кітапханашы Ә. Мамынжанова оқушыларға арнайы экскурсия ұйымдастырып, И.А.Крылов атындағы Қалалық балалар кітапханасының тарихы мен қорындағы құнды әдебиеттермен таныстырды. Бұл экскурсия балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, кітапхананың рухани орда ретіндегі маңызын терең сезінуге жол ашты.
Кештің ең әсерлі сәті – Әдібай Табылдының ұрпағының қатысуы болды. Ұлы Бақытжан Табылды инженер, Америкада қызмет етіп, ағылшын тілінде лекциялар оқыған. Қайтыс болған ұлы Бақберген Табылдиев – елге танымал журналист, Қазақстан ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасында бас редактордың орынбасары болған, телерадиожурналистиканың майталманы Нұртілеу Иманғалиұлымен бірге КазГУ журналистика факультетінде білім алған. Досжан Бақытжанұлы Табылды – Қазақстандық балет артисі, балетмейстер, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазіргі уақытта Америкада тұрады. Бұл ұрпақтар әкенің өнегелі жолын жалғастырып, рухани мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізеді.
Бақытжан Табылды ағамыздың жары айтқан атамыз туралы естеліктер көпшілікті тебрентіп, ой салып қойды. Келіні кітапханаға атамыздың еңбектерін табыстайтынын атап өтті. Олар ғалымның қарапайым болмысы, балаға деген мейірімі, кітап пен білімге адалдығы жайлы шынайы әңгімелерімен бөлісті. Бұл сырлы әңгімелер арқылы оқушылар ұлағатты ұстазды тек оқулықтардан ғана емес, тірі тұлға ретінде таныды.
Кешке арнайы қатысқан академик, ұстаз, Әдібай Табылдының көзін көрген Сәбит Райысұлы Дүйсебаев ғалымның педагог ретіндегі дара болмысына, ұлттық тәрбиеге сіңірген еңбегіне кеңінен тоқталып, оның ғылымдағы һәм адамдық биігін әсерлі сөзбен жеткізді, тіпті өлеңін де оқып талдап берді.
Республикалық «Ақ желкен» журналының журналисті әрі ертегі жазу шебері Айнұр Мұратова кешке ерекше мазмұн қосты. Ол жас оқырмандармен журналист әрі жазушы ретінде еркін сұхбат жүргізіп, мектеп оқушыларының шығармашылық дайындығына жоғары баға берді. Сонымен қатар өзінің жеке қаржысына жарық көрген екі тілде (қазақша,ағылшынша) жазылған ертегі кітабын кітапхана қорына сыйға тартты.
Кеш соңында кітапхана меңгерушісі Қаракөз Исаханқызы сөз алып, қонақтарға, оқушылар мен мектеп ұжымына алғыс білдіріп, кітап сыйлады. Ол кітапты ерекше жанға азық деп бағалай отырып, рухани байлыққа деген құндылықты атап өтті.
Тағылымды кездесудің соңында мектеп ұжымына, ұстаздарға және оқушыларға ыстық лебіздер мен алғыс айтылып, Әдібай Табылдының мұрасын насихаттауға бағытталған мұндай рухани кездесулердің маңызы ерекше екені атап өтілді. Ұлағатты ұстазға арналған бұл кеш жас ұрпақтың жүрегінде із қалдырып, ұлттық тәрбие мен кітапқа деген сүйіспеншілікті арттырған мәнді рухани басқосу болды.
А.Жолдасқызы,
қаламгер,кітапханашы
ПІКІРЛЕР2