ҰСТАЗДЫҢ ӘСЕМ ӘЛЕМІ
02.04.2026
47
0

Ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарның кандидаты Рыскен Рахымқызы жан дүниесі жыр мен сырға толы, аспан мен жер қабат сыйып кетердей ішкі әлемі байтақ жан.

Ол ұлтын сүйетін, өз ұлтының рухани құндылықтарын, мәдениетін, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын қастерлей білетін, елінің тағдырына, болашағына алаңдайтын, оған шын жаны ашитын, әсіресе жас ұрпақтың келешегіне, тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін, керек жерде елі үшін отқа да, суға да түсе алатын ұлт патриоты деуіме толық негіз бар. Бүгінде ұлтжанды болу, ұлтын шын сүю екінің бірінің қолынан келмейді. «Тегінде дүние сұлулық пен сұмдықтан, мейірімділік пен қатыгездіктен, шындық пен жалғаннан, ақ пен қарадан тұратыны өмір заңдылығы болса керек. Онсыз адамға тән жақсы-жаман қасиеттерді парақтап білу қиын», – деп, Рыскен Рахымқызының өзі айтқандай, мынау жұмбағы мен сыры қатпар-қатпар әлемдегі барлық ізгілікті бір бойына жинаған адамдардың тым азайып кеткені ойландырмай қоймайды. Ал адам жанына мейірімділікті қалай ұялатамыз? Меніңше, оның бірден-бір кілті – әдебиет, халықтың салт-дәстүрі мен мәдениеті. Рыскен Әбішеваның «Тірі жүріп көргеннің бәрі қызық» деген кітабының адам жанына нағыз мейірімділік ұялататын шығарма екеніне назар аударғым келеді. Кітаптағы әңгімелер мен эсселер бұл сөзімнің дәлелі. Атауына қарап бұл еңбек естеліктер жинағы ма деп қаласың. Естелік деген – басыңнан өткен-кеткенді еске алып жазып шыққан дүние. Ал Рыскен Әбішеваның мына жазған дүниелерінің басым бөлігі – естеліктен асып, көркем әңгіме деңгейіне көтерілген шығармалар. Бұл әңгімелердегі табиғаттың тамылжыған суреттері кейіпкер Қоңырқыздың жан толқынысымен, жүрек лүпілімен, балауса арман-қиялымен, ішкі сезім бұлқыныстарымен астасып, мөлдір бұлақтай сыңғырлай аққанда тұла бойың шымырлап сала береді. Ондағы оқиға, эпизодтарға байланысты автордың толғаныстары терең ойға жетелеп, бірде мұңайтып, енді бірде жаныңды жадырата түседі. Қоңырқызбен бірге күрсініп, бірге күлімдейсің. Көркем әдебиеттің құдіреті деген осы. Рыскен Әбішева өзі әдеп сақтап «естеліктер» деп атағанымен әрбір шығармасы әңгіме әсерін арқалап тұрғанын жан-тәніңмен сезінесің. Мысалы, кішкене Қоңырқыздың ауыл қыздарымен бірге шалғайдағы әулие ағаштың жанындағы бұлақтан су алып, екі шелекті иін ағашпен әзер көтеріп келе жатып сүрініп құлап, суын төгіп алуы, суға барамын деп сабақтан кешігіп «көккөз» мұғалімнен зәбір көріп, егіле жылауы, үйдегі өгей шеше Кербезден бірауыз жылы сөз естімей көңілі құлазуы өмірдің ащы дәмін татқан талай-талай жетімектің тағдырын көзіңе елестетеді. Қоңырқыздың қақаған қыста колхоздың ұстаханасынан ағаш жаңқаларын қапшықпен арқалап тасып, үйге отын жинауы – сол жетім тіршіліктің шынайы суреті.
«Қашқын» деп аталатын әңгімесінде автор 9-10 жасар шамасындағы Қоңырқыздың өгей шешесі Кербездің қорлығына шыдамай кеш қарайғанда үйінен қашып шығып, қызылша алқабының батпағын кешіп жүріп көрші ауылдағы қайдағы бір жамағайындардың үйін паналауы, оның өмірге деген мұң-наласы жүрегіңді ауыртып, жаныңды сыздатады. «Көз ілеспейтін жылдамдықпен Кербез кемпір қолындағы ожауды бейқам сөйлеп тұрған бүлдіршін қызға сілтеп қалды, – деп жазады әңгімесінде қаламгер. – Сол сәтте бейшара қыз шырылдаған күйінде екі қолымен төбе шашын жұлмалай жерге отыра кетті. «Менің жанашыр туған анам болса, осынша қорламас еді» деген ой тұңғыш рет кіршіксіз сәбидің санасында жылт етті».
Өгей шешенің зорлық-зомбылығына шыдай алмай екі кештің арасында үйден қашқан Қоңырқыздың жан күйзелісін автор былай кескіндейді: «Үлкендердің әңгімесінен соң, бүгінше, атасының ағайындас қарындасы сонау көз ұшында көрінген ауылда тұрады дейтін, «Не де болса бара көрермін, сол әйел паналатар, өңі жылы кісі еді ғой» деп ойлады. Ол жан-жағына қарап еді, ұшы-қиыры жоқ ен даламен бүгін жүріп жете алмастай көрінді. Жоқ, қимылдайын, артқа қайтуға болмайды деп, өзінің ауыл жағына үрейлі көзбен қарап қойды да, дәл бір тұтқыннан босанып шыққан қашқындай жанталаса алға қарай ұмтылды. Төбе құйқасы қатты шымырлап ашығаны басылып, енді жараның орны ауыра бастады. Жаратқан Иесі де тас-бауыр жандардың тірлігінен түңіліп, жетім қозының күйін кешкен жетімектің тағдырына күңіренгендей болды ма, ол кешіп келе жатқан қызылша алқабы әп-сәтте қара-қышқыл реңге ауысты. Адам-итке таланған сормаңдай сәби қыз пана болар пенде іздеп, екі жағына алаңдай қарап, жығылып-сүрініп келеді». Міне, бұл жолдарды толқымай-тебіренбей, көзіңе жас алмай оқуың мүмкін емес.
Рыскен Әбішеваның осы кітапқа енген Қоңырқыз туралы әңгімелерінің бірінен-біріне ауысқан сайын жүрегің одан әрмен сыздай түседі. Мысалы, «Тас галош» әңгімесінде пәлендей күрделі сюжет те жоқ, жай ғана оқиға: «Қоңырқыз күн боранда алыстағы суаттан екі шелек су алып қайтып келе жатып аяғындағы бедері жоқ тас галошпен тайып жығылып, суын түгел қопарып алды, екі аяғы малмандай су, қайтып су әкелуге шамасы жоқ, жетімдігіне налып ағыл-тегіл жылайды. Бірақ осы үш беттік шағын әңгімеде оқиғадан гөрі жан түршігерлік психологиялық күйзеліс басым. Мысалы, «Ауылдан ұзап шыққаны сол еді, әп-сәтте алай-дүлей боран басталды. Иығындағы шелегін ашулана соққан жел арлы-берлі шайқап, оның өзін біресе алға, біресе артқа итеріп келеді. Алды-артынан үдей соққан желмен қаңғалақтап алға ұмтылады. Ілгері жүрген сайын өршеленген жел оның жолын бөгеп жүргізер емес. Қарлы боран ұйтқи соғып, үскірік жел бет қаратпайды… Жел жағадан алса, тозығы жеткен галош тайғанақтап ол жүргізбейді. Қойны-қонышын суық жел ызылдай аралап, тоңа бастады. Көйлектің сыртынан киген, оңып кеткен қырық жамау тоқыма жемпірінің екі жеңін кезек-кезек тартқылап, қолын жылытпақ болады… Дүниенің кеңдігін қайтсін, аяғындағы тас галошы қолпылдап, тайғанақтап, сүрініп жығыла жаздайды». Міне, осы жолдардың өзінен-ақ автордың табиғат суреті мен адам тағдырын шебер үйлестіре білгені аңғарылады.
«Бұдан кейін не болды?» деп оқырман да кітапқа енжелектей түсері белгілі. Тағы да табиғат пен адам тағдырының шарпысуы… «Тізерлеп отырып әп-сәтте екі шелегін толтырып алды. Шүпілдете толтырған екі шелек мөп-мөлдір суды иін ағашына іліп, ол тоғанынан шықты. Аяғын енді-енді басып жүре бастаған сәбидей қалт-құлт етіп, әрең жүріп келеді. Әр қадамын сақтана басып жүріп келеді. Жалғыз аяқ жолды жел үрген қар тұтастай жауып үлгеріпті. Жолдың тегістеу жерін анықтап алмақшы болып, демалайын­шы дегенше, бұдырсыз таз галошы тайып кетті… Шелектің түбі шоңқиған тікеннің түбіріне тиіп, қисайып құлап жатыр. Шелек түбіндегі сарқынды су жерге қимағандай, аяғынан шешіліп бос қалған галоштарға құйылып жатты. Жүк тірей құлаған екі алақаны ашып, жанына бір батса, төгілген суына қарап жан жарасы екі есе ауыр тиді… Бос шелек. Жаралы жүрек… Ол өксіп келеді…» Жетімнің жан ауыртар тағдырын осы бір қысқа жолдарға сыйғызған автордың шеберлігіне тәнті боласың.
Бұдан басқа да «Әулиеағаш», «Зәбір», «Жаңбырлы түн», «Сағыныш» сияқты әңгімелерінде жетімек Қоңырқыздың аянышты тағдыры одан әрі тереңдей береді. Автордың жазу шеберлігі ерекше: табиғат суретін құбылта суреттеп, адамның ішкі жан дүниесін, психологиясын терең ашып көрсетіп образ жасауы, оқиға-құбылыстарға байланысты ой-толғауы нағыз қалыптасқан жазушының қолтаңбасын танытады. Әрине, шығармаларынан публицистикалық сарын да байқалып қалады. Бірақ бұл шығарманың көркемдігін әлсірете алмайды, керісінше оқиғаның жылдам дамып, тез өрбуіне әсер етеді.
Біз сөзімізді «әңгіме желісі арқылы адамдарда мейірімділікті қалай қалыптастыруға болады?» деген сұрақтан өрбіткен едік. Мен, мейірімділік сезімін осындай әдеби шығармалар, ондағы күйзелісті адам тағдыры оятады деп ойлаймын. Сондықтан әлемді электронды жазбалар жаулап алған қазіргі таңда жастарымызды әдеби шығармалар оқуға, одан идеялық тағылым алуға үйретуіміз керек сияқты.
«Баланың бәрі бақытты болу үшін жаралған» (2018) атты мақаласында ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезімізде қолға алар ісіміз – ұрпақ тәрбиесі, ал сол бала тәрбиесіне үлкен мән беретін отбасындағы тәрбие қандай болу керек деген сұраққа жауап береді. «Қазіргі кездегі төрткүл дүниеде болып жатқан жантүршігерлік нәрселерді ғаламтор арқылы беріп те, көріп те жатамыз. Автор аталмыш мақаласында қазақтың ұлттық санасына, салты мен әдебіне жат әдеттерден аулақ болуға үндейді.
Рыскен Рахымқызы біршама уақыт бұрын Жамбыл арнасының «Кәусәр» бағдарламасында (2020) бүгінгі жастардың келбеті мен ұлттық тәрбие аясында сұхбат берді. Сонда кешегі дәуір мен бүгінгі заман арасындағы алшақтыққа тоқтала келіп, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның жастарына отбасы тәрбиесінің жетіспейтінін тілге тиек еткен болатын. «Құдайға шүкір, қазір Тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз» деп мақтанышпен айтсақ та, әттеген-ай дейтін өзекті мәселелер әлі көп. Оның бірі – бүгінгі жастарымыздың өз тілінде өз ойын толық жеткізе алмауы, ертеңгі отбасының ұйытқысына айналар қыздарымыздың ашық-шашық киінуі, ұлдарымыздың жауапсыздығы, үлкенді сыйламауы, түптеп келгенде отбасы тәрбиесінің осалдығынан», – дейді бағдарлама қонағы. Жастарымыздың бұлай өзгеруіне қоғам мен жастарды ғана кінәлауға болмайтынын, бұл бағытта үлкендердің де дұрыс бағдар көрсетуге мүдделі болуы керегін де алға тартты.
Қашан да өз бақытынан ұлт бақытын жоғары қоятын қазақтың қайсар қыздарының бірі – Рыскен Рахымқызының алдынан тәлім алған шәкірттер де осал болмайтыны ақиқат. Елінің ертеңіне бей-жай қарамайтын Рыскен апайдай ұлтжанды тұлғаларымыз өз шәкірттерін Абай ілімімен терең сусындатып, оны ұрпақ санасына сіңіре берсе, тіліміз бен мәдениетіміз өркендей беретіні хақ.
Мақала соңында Рыскен Әбішеваның мықты жазушы, білікті педагог қана емес, ардақты ана, аяулы әже, асыл жар екенін де айтқанымыз жөн. Рыскен Рахымқызының мерейлі 70 жасқа толуына орай, ұстазға зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық табыс тілеймін.

Ғалия ТАУБАЕВА,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Педагогика және психология
факультетінің
Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының доценті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір