Шахман Нағымұлы. ХИУАЗ ДОСПАНОВА: ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ӨНЕГЕСІ
31.08.2026
41
0

Газет бетінде ұсынылған фотосуретте алдыңғы қатарда маңдайы жарқырап қазақтың қаһарман қызы Хиуаз апамыз тұр. Оң жақтан үшінші тұрған – Хиуаз апаның анасы Меруерт. Сурет 1965 жылы түсірілген. Жеңістің 20 жылдығына арналған кездесулердің бірінде Краснодардан келген сурет.

Марина Раскова жасақтаған қыздардан құралған үш әуе полкінің ұшқыштары, атқыштары мен механиктерінің Мәскеудегі кездесуінде түсірілген тарихи суреттердің бірі. Күні кеше, яғни 2026 жылдың 20 тамызында, «Хиуаз» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тамара Ерсейітқызының ұйымдастыруымен Атырау қаласынан барған бір топ ардагер Құрманғазы ауданындағы Хиуаз ауылында болып, Қазақстанның Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған мұражайды тамашалады. Осы сапар барысында батыр апамыздың өмірі мен тағдырына қатысты бұрын көп айтыла бермеген бірқатар қызықты деректермен таныстық. Бізді ауыл әкімі Сәрсенбай Бердіханұлы Қалиев өзі бастап қарсы алып, әкімшілік ғимаратындағы Хиуаз Доспанова атындағы музей экспонаттарымен таныстырды. Мұражайдағы әрбір жәдігер, әрбір сурет туған елдің тарихын, сол тарихты жасаған тұлғаның тағдырын кейінгі ұрпаққа жеткізудің қаншалықты маңызды екенін тағы бір аңғартты. Жеке басым Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен ерлігімен есімі бүкіл Кеңес Одағына белгілі болған ұшқыш апамыз Хиуаз Доспанова туралы өткен ғасырдың 50-жылдарында мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде танысқан болатынмын. Алайда 90-жылдарға дейін біздің бәріміз батыр апамызды Орал облысының тумасы деп келдік. Бұған оның Орал қаласындағы аэроклубта білім алып, ұшқыштық жолын сол жерден бастап, кейін майданға аттануы себеп болған еді.
Бүгінде Хиуаз Доспанованың туған жері, өмір жолы, ерлігі туралы деректер кеңінен белгілі. Бірақ қазіргі ұрпақ үшін Хиуаз апайдың қадірі тек оның қазақтың тұңғыш ұшқыш қыздарының бірі болғанымен немесе соғыс майданындағы ерлігімен ғана өлшенбеуі керек. Хиуаз Доспанова – өз халқының атын ерлігімен әлемге паш еткен, елдік рухтың, отаншылдықтың, қайсарлық пен табандылықтың жарқын үлгісіне айналған тұлға. Осы тұрғыдан алғанда, мен тарихшы ретінде батыр апамызды француз халқының XV ғасырда өмір сүрген батыр қызы Жанна Д’Аркпен салыстырар едім. Екеуін жақындастыратын ең басты қасиет – туған елінің тағдыры сынға түскен кезде жеке басының қауіпсіздігін ойламай, Отан қорғау жолына түсуі. Екеуі де – өз халқының азаттығы мен болашағы үшін күрескен тарихи тұлғалар. Тарихтың қалың қойнауынан біздің заманымызға дейін жеткен француздың ер жүрек қызы Жанна Д’Арктың Отан алдындағы жауап­кершілігінен туған ұстанымы мен қазақтың батыр қызы Хиуаз Доспанованың ел қорғаудағы ерлігі арасында рухани үндестік бар. Бұл – туған жерді сүюдің, ел тағдырына бей-жай қарамаудың, қиын сәтте азаматтық жауапкершілікті өз мойнына алудың өнегесі.
Хиуаз Доспанованың бойындағы алабөтен батылдық пен төзімділікті соғыс кезіндегі бір оқиғадан-ақ анық көруге болады. Жауынгерлік тапсырмалардың бірінде Доспанованың ұшағын жаудың зениттік қондырғысы атып түсіреді. Ұшақ басқаруын жоғалтып, жерге гүрс етіп соғылған кезде екі әйел ұшқыш кабинадан ұшып кетіп, жерге бар пәрмендерімен құлайды. Өкінішке қарай, ұшқыш Пашкова қаза тауып, ал одан салмағы жеңілірек әрі нәзік денелі Хиуаздың бүкіл сүйегі сынса да, өзі аман қалады. Соншалық ауыр жарақатына қарамастан, Хиуаз Қайырқызы бірнеше ай бойы госпитальде емделеді. Медициналық комиссия оны армия қатарынан босату туралы шешім қабылдайды. Бірақ батыр қыз бұған көнбейді. Айығып шыққаннан кейін қайтадан өз ұшағына отырып, жауынгерлік тапсырмаларды орындауға оралады. Сөйтіп, жауынгерлік ұшулар санын 300-ге жеткізіп, соғысты жеңіспен аяқтап, елге бейбіт өмірге оралады. Госпитальға ауыр жарақатпен түскен кезде оның сүйектерінің қирағаны соншалық, дәрігерлер бір аяғын кесуге тура келетінін айтады. Хиуаз енді ұшаққа отырып, қайта ұша алмайтынын естігенде, мұндай шешімге рұқсат бермей қояды. Хирургтердің өжет қыздың талабына келісуден басқа амалы қалмай, ақыры бар күштерін салып, оны емдеп шығарады. Бұл жай ғана жауынгерлік ерлік емес, бұл – адамның өз тағдырына өзі жауап беруі, қиындыққа мойымауы, ел алдындағы борышын соңына дейін атқаруға деген рухани беріктігі. Осындай ерлігімен талай қанды шайқасқа қатысып, бірнеше жауынгерлік ордендермен марапат­талған Хиуазға Кеңес Одағының Батыры атағының берілмегеніне таңданбасқа шарамыз жоқ.
Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы 15 мамырда Ганюшкин ауылында, қазіргі Атырау облысының аумағында дүниеге келген. Әкесі Қайыр – балықшы, анасы Меруерт – мұғалім болып еңбек еткен. Байұлы тайпасының Масқар руынан шыққан Хиуаздың балалық шағы қазақ халқы үшін аса күрделі, нәубетті жылдармен тұспа-тұс келді. Ол Орал қаласындағы №1 орыс мектебінде оқып, білім алады. Хиуаз апай сол жылдары қазақтың тағы бір батыр қызы Мәншүк Мәметовамен Орал қаласында бірге жүріп, жақсы дос болған көрінеді. Мектептегі оқуымен қатар Оралдағы аэроклубта да білім алады. 1940 жылы мектепті үздік бағамен тәмамдап қана қоймай, «Запастағы ұшқыш» куәлігін де алып шығады. Осылайша арманына қанат бітіріп, Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түспек болады. Алайда академия өкілдері мұнда тек ерлер қабылданатынын айтып, қазақ даласынан келген қыздың құжаттарын қабылдамайды. Алғашқы қадамы сәтсіз болғанымен, Хиуаз кері қайтпайды. Мәскеудің Бірінші медициналық институтына түседі. Арада бір жыл өткенде соғыс өрті тұтанады. Осы кезде қазақтың қайсар қызы майданға медбике, болмаса санитар болып кетсем деген оймен талпынып жүрген. Сөйтіп жүргенде, әйгілі ұшқыш Марина Раскованың қыз-келіншектерден авиаполк құрып жатқанын естиді. Хиуаз ойланбастан полк басшылығына келеді. Оралдағы аэроклубта меңгерген ұшу дағдыларын көрсетіп, өзінің өжеттігімен көзге түседі. Осылайша, жауынгерлер құрамына қабылданады.
Хиуаздың ұшқыштық өмір жолы Оралдың аэроклубынан басталып, кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полк құрамында жалғасты. Ол 300-ден астам әуе шайқасына қатысып, теңдесіз ерлігі үшін сол кездің өзінде «қанатты қыз» атанды. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова… Бұл есімдер қазақ халқының жадында мәңгілікке жазылды. Олардың ерлігі – бір ғана тарихи кезеңнің шежіресі емес, кейінгі ұрпаққа қалдырылған елдік рухтың асыл мұрасы. Отан алдындағы борышын өтеуге бел буған жауынгер қыздар Саратов қаласындағы әскери әуе училищесіне жіберіледі. Мұнда штурмандар даярлайтын арнайы курсты аяқтап, 1942 жылдың көктемінде авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі мезгілде жау шептерін бомбалайтын әйел­дер авиаполкінің құрамында майданға аттанады. Хиуаз Доспанова қызмет еткен полк Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Беларусь, Польша және Германия аспанындағы шайқастарға қатысты. Қазақ қызы қан майданда 300-ден астам жауынгерлік операция орындап, аса маңызды жау шептерін талқандауға үлес қосты. Түн қараңғысында жауға қырғидай тиген Хиуаз Доспанова соғыс кезінде ұшақтан 14 рет құлаған екен. Төрт мәрте ауыр жарақат алса да, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған.
Кеңес Одағының Батыры атағын алған Марина Чечнева Хиуаздың шеберлігі туралы жазған еді: «Хиуаз Доспанова ұшағын нысанаға ылғи да дәл апаратын және өз аэродромына да сондай дәлдікпен қайта оралатын». Қазақтың жас қызы Ұлы Отан соғысы жылдары Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы-ұшқыштар полкінде штурман қызметін атқарды. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапат­талды. Ал төсіндегі «Еңбек Қызыл Ту» ордені соғыстан кейінгі жылдардағы елеулі еңбегінің жемісі болды. 1945 жылы Кеңес әскері Берлинді азат етіп, Жеңіске жеткен соң Мемлекеттік Қорғаныс комитеті қыз-келіншектер авиаполкін бірінші болып таратады. Ал бұл кезде екінші топтағы мүгедек Хиуаз медицина институтына келіп, оқуын жалғастырмақ болады. Алайда ол сол кездері өзінің ерлік істерімен, іскерлігімен Орал облыстық комитетінің бірінші хатшысы Мінайдар Салиннің көзіне түсіп, Хиуаз облыстық комитеттің нұсқаушысы болып қызмет атқарады. Одан кейін 1956 жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебіне жіберіліп, осы кезден бастап оның ел басқару ісіндегі жаңа қыры ашылады. ЛКСМ Орталық комитетінің хатшысы қызметін атқарады. «Хиуаз Қайырқызы биік адамгершілік қасиеті мен ортасындағы беделі, іске өте жауапкершілікпен қарайтын, бірбеткей мінезі мен турашыл жан болған», – деген екен бірге қызметтес болған Зейнолла Мұқашұлы. Бұл қызметтен жоғарылап, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы, содан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ғылым және мәдениет бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқарды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып бірнеше рет сайланды. Ал зейнетке шығар алдында Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды.
Осы тұста Хиуаз Доспанова тұлғасының тағы бір қыры айқын көрінеді. Ол Отанды қорғауды тек соғыс жылдарындағы міндет деп түсінген жоқ. Соғыстан кейін де елге қызмет етуді өзінің азаматтық борышы санады. Майданда қарумен елін қорғаған Хиуаз бейбіт өмірде біліммен, еңбегімен, мемлекеттік қызметімен халқына қызмет етті. Сондықтан оның өмір жолын бүгінгі ұрпаққа тек соғыс тарихы ретінде емес, «Отанға қызмет етудің тұтас мектебі» ретінде танытудың маңызы зор. «Халық қаһарманы» Хиуаз Доспанова сұрапыл соғыста Отаны үшін соғысып, бейбіт күнде елі үшін еңбек етіп, 2008 жылдың 20 мамырында өмірден озды.
Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың майдандағы ерліктерін қазір жұрт­тың бәрі біледі. Ал күнделікті өмірде ол кісі қандай болды? Қандай қадір-қасие­тімен ерекшеленді? Адам ретінде қандай өнеге қалдырды? Бұл сұрақтарға жауапты Хиуаз апайдың өз атымен аталатын ауылдағы мектепте ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер ұстаз әрі сол кісінің немере сіңлісі Сәуле Сақыпқызы Рысқалиеваның естеліктерінен табуға болады. Ол кісінің ерекше айтқаны:
– Хиуаз апам қазақтың қарапайым әйелдеріне бүкіл болмысы, адамгершілігі, мінез-құлқы мен өмірлік ұстанымы жөнінен мүлде ұқсамайтын, жаратылысы бөлек жан еді. Мен ол кісінің қолында Алматы қаласында бес жыл бойы болып, тәрбиелендім.
Сәуле Сақыпқызының естеліктеріне қарағанда, Хиуаздың бойында бір-біріне қарама-қайшы көрінетін, бірақ, шын мәнінде, біртұтас адамдық болмысты құрайтын қасиеттер мол болған.
Тік мінезді. Ойын ішіне сақтап қалмайды, не ойласа, соны ашық айтады. Айналасындағылардың көңіліне қарау үшін шындықты бұрмаламайды.
Қызу қанды, қайсар. Ашуланғанда эмоциясын қатты білдіруі мүмкін. Бірақ бұл оның әлсіздігін емес, сезімінің күштілігін көрсетеді. Оның қайсар мінезі майдандағы шешімдерінен де, күнделікті өмірдегі ұстанымынан да байқалған.
Әділ әрі шыншыл. Адамға жағу үшін өтірік мақтамайды. Біреудің қателігін көрсе, оның кім екеніне қарамай, турасын айтуға дайын.
Қаталдық таныта алатын. Ренжіген кезде сезімге беріліп, қатты сөйлейтін тұстары да болған. Бұл – оның мінезінің өткір қыры.
Әлсізге қамқор. Өзі қатал болғанымен, қорғансыз немесе әлсіз адамды басын­баған. Керісінше, оған көмектесуге, қорғауға бейім болған. Бұл оның ішкі мейірімділігін көрсетеді.
Бос, мәнсіз адамды жақтырмайтын. Адамның сыртқы көрінісінен гөрі оның ақылына, мінезіне, ісіне, адамдық қасие­тіне мән берген.
Өзіне сенімді. Жөнсіз ешкімге ұрын­байды, бірақ қажет жерде өз ойын қорғау­дан қорықпайды.
Көрікті, табиғи сұлу. Оның тартымдылығы тек сыртқы келбетінде емес, өзін ұстауы мен мінезінде де көрінген. Осы қасиеттердің бәрін жинақтай келгенде, Хиуаздың тұлғалық болмысы айқындала түседі. Ол сырт көзге қаталдау әрі мінезі өткір көрінгенімен, жүрегінде мейірімі бар жан болған. Өтірік пен жасандылықты ұнатпаған, әділетсіздікке шыдамаған, әлсізді қорғаған. Өз қадірін түсіріп, біреуге ұнауға тырыспаған.
Хиуаздың тұлғалық өнегесінің бүгінгі жас ұрпақ үшін құндылығы да осында. Өйткені патриотизм тек Отан үшін қару алып соғысу емес. Патриотизм – шындықты айту, әділетті қорғау, білім алу, еңбек ету, өз ісіне жауапкершілікпен қарау, әлсізге қолдау көрсету, елдің болашағына алаңдау. Хиуаз Доспанованың өмірі осы қасиеттердің барлығын бір адамның тағдырынан көруге мүмкіндік береді. Сәуле Сақыпқызы өзінің өмірінде үлкен шамшырақтың рөлін атқарған апайы туралы «Өмірлік ұстазым – Хиуаз апам» атты мақаласында әрі қарай былай деп сабақтайды:
– Жақсы жанның ізгілік қасиетін көзге түсер ештеңесі жоқ, өзінің жан сарайын жайнатар қағаз-қаламы мен жазба үстелінде жазып жатқан жұмыстарынан-ақ аңғаруға болады. Жақсы адамның адамгершілік қасиетін төрге қойсақ, ол бүгінгі өрендей өскелең жасқа өнеге болар.
Хиуаз анамыз ауылға соңғы рет келгенде, мен небәрі 4 жаста екенмін. Демалыс күні үйдегі қонақтармен бірге қатарласа сыртындағы егінжайға барамыз. Онда апамның жанына жайғасып отырып, ылғи өзі сияқты қарияларды көретінмін. Ол кісі менің маңдайымнан сүйіп:
– Өскенде кім боласың? – деді.
Көзімді ашқалы көргенім оқытушы, ойланбастан:
– Оқытушы боламын, – деп тақ ете қалдым.
– О, жарайсың, оқы, білімді бол, мектеп бітіргенде Алматыға кел, – деп қарлығаш үмітіме қанат бітіргендей болды. Уақыт деген зымыран… Көзді ашып-жұмғанша мектепті де бітіріп, арман қалаға бір-ақ шықтым.
Хиуаз апамыз өзі мектепті алтын белгімен бітірген адам ғой. Мені мұғалімнен бетер сынаққа алды. Таң елең-алаңмен оятып, маңайдағы «Дзержинский» паркіне ертіп апарды. Түске дейін таза ауада тыныстап, еркін отырып дайындалсам, түстен кейін институтқа әзірлікке апарды. Сөйтіп, кедергісіз мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының химия-биология бөліміне қабылдандым. Тәртіп қатты. Апамның айтқанын бұлжытпай орындауға тырыстым. Сабақ оқу үшін талай сауық-сайраннан, той-томалақтан бас тартқаным есіме түссе, өзіме күлкі болады. Таңғы 6-да оятып жіберетін. Мұнда да ауылдағы «алтын әжемнің» таңмен оятып, дүниемді еңбекке баулыған шағым еске түседі. Орынсыз бөсіп-көсіп ұйықтатпай, сиыр сауғызып, бұзау өргізіп, самаурын қоя­тын шағым ерте тұруға көмегін тигізді. Қыстың қамын жаздай ойла демекші, бүкіл өмірдің жобасы жас кезден жасалады. Менің жастық шағым қазір зейнеткерлік жасқа келіп, мазмұн-мүсін болып айқындалып, алыстағы сағым боп қол бұлғап кеткендей. Бейнеттен бейқам жүрме. Сабағыңды меңгергенің өзіңе жақсы, енді еңбекке аралас, көптің бірі болма деп үшінші курсты бітірісімен институттың жанындағы «Қазақстан» кинотеатрына еден жуушы етіп орналастырды. Түптің түбінде, менің де болмысым апама қарап қалыптасқанын байқадым. Қызық, адам өмір кешіп жатады, уақыт өте келе көрінбегенмен, жанға сезілетін түп қазығы, асыл өзегі болғанын білесің. Әлгі көрінбейтін, бірақ сезілетін нәрсе уақыт өте келе сан бейне, сұлу мүсін болып айқындалып, бас әріппен жазылатын тұлғаға айналады. Сол тұлға – киелі Құрманғазының төл перзенті Хиуаз. Көзге көрінбегенмен, жүрек түкпірінде тектілік тәлімі тепкілеп жатқан мақтаныш, қазақ халқының қадір-қасиетін асырып, әлемге, өзге ұлтқа мойындатып кеткен биік тұлға Хиуаз – мен үшін ұстаз, халқы үшін қаһарман болғаны сөзсіз.
Хиуаздың ерлігі бізге бір нәрсені анық ұғындырады: Отанға деген сүйіспеншілік сөзбен емес, іспен дәлелденеді. Қазақтардың жандарын аямай соғысып, ұрыс даласында қаһармандық көрсеткені туралы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» повесі, Илья Эренбургтің «Қазақтар» очеркі, Армия генералы Белобородовтың қазақтар туралы естеліктері бұл күнде әскери әдебиет жанрының классикасына айналды. Бұл тізімге Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықовқа арнап өлең жазған Алексей Сурковты, Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін паш еткен Борис Горбатовты да қосуға болады. Міне, сондай батырлардың бірі – Хиуаз Доспанова.
Бүгінгі ұрпақ Хиуаз апамызды төбесіне көтеріп, есімін құрметтеп қана қоймай, оның өмірінен өзіне сабақ алуы тиіс.
Өйткені Хиуаздың мұрасы соғыс туралы естелік қана емес. Ол – елге адалдықтың, білімге ұмтылыстың, еңбекке жауапкершіліктің, қиындыққа мойымау­дың, өз ұлтының абыройын асқақтатудың өнегесі. Ал осындай тұлғалардың өмірін жас ұрпаққа жеткізу – тарихты құрметтеу ғана емес, ұлттық рухты тәрбиелеу. Хиуаз Доспанова – қазақтың қаһарман қызы. Ол – елін қорғаған жауынгер. Ол – бейбіт өмірде халқына қызмет еткен мемлекет қайраткері. Ол – кейінгі ұрпаққа жол көрсеткен ұстаз. Ең бастысы, ол – қазақ халқының намысы мен қайсар рухын әлемге танытқан тарихи тұлға. Сондықтан Хиуаз есімі халық жадында ғана емес, жас ұрпақтың жүрегінде де мәңгі жасай беруге тиіс.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір