Абзал БӨКЕН, ақын, «Құрмет» орденінің иегері: ӨЛЕҢ ОЙ ОЯНҒАНДА ТУАДЫ
Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Абзал Бөкенмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Поэзия туралы ой толғай отырып, өлең мен өмірдің иірімдеріне терең бойлаған ақын жалпы әдебиет жайында да кеңінен тіл қатты.
Қажеті қасынан табылған буынға босаңсудың реті жоқ
– «Күндерімді кеткен анау бытырап,
Кім кінәлі жүрмеуіме бүтін ап.
Қалды бірі балалықтың бозында,
Қалды бірі қалқатайдай үкіні ап…» – деп жырлаған екенсіз. Балалық шағыңыз қалай өтті? Өлең-сөзге деген ынтаңыз қай кезден, қалай бастау алды?
– Мен – Сарыарқаның салқар белін ен жайлап жатқан Қарағанды облысы, атақты Ақтоғай ауданының тумасымын. Бұл – әнін естіп аспандағы аққуы қонақтаған, күйін естіп ботасы өлген інгені иіген, шешені сөйлеп, тыңдаушысы ішер асын жерге қойған, батырын естіп баласы белдеудегі бестісіне ұмтылған қазақы қасиеттің кенішіндей керемет мекен. Оның тағы бір кереметі – Алаш жұртының үш бірдей берен перзенті Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевтың осы топырақта дүниеге келуінде. Арғы-бергі тарихында атағы жер жарған жақсыларымен аңызға айналған бұл жұрттың қадір-қасиетін айтып тауыса алмайсың. Ақтоғай – түу басынан бастап бүгінге дейін шойын жол бармаған, ұшақ қонбаған, күретамыр жолмен жанаспаған, соның арқасында аталған қатынаспен ілесе жүретін неқилы індеттерден аман қалған, ауасы таза, суы тұнық, адамы адал, салт-дәстүрі салқам ажарлы аймақ.
Біз, жыр жүйрігі Жарасқан айтқандай, соғыстан соң дүниеге келген буын едік. Төрт жыл бойы әлем елдерін әлекке салған өрттің өзін көрмесек те түтінін иіскеп өстік. Колхозшы әке-шешенің еңбеккүнге алған азын-аулақ талғажуына қараған күн де болды. Бертінде таң атпай Хрущев көке мәжбүр еткен нан кезегіне де тұрдық. Осының бәрі өмір сабағы еді. Сол сабақ Брежнев кезіндегі мамыражай үзіліске ұласқан.
Менің өлең өнеріне бой ұруымның исі қазақ баласына тән талпыныстан еш айырмашылығы жоқ. Сондықтан оған тоқталып жатпаймын. Тек, кітап әлемімен танысып, жазу өнеріне жақын келуде алдымен, анам Қалия мен апам Иназәріпке қарыздар екенімді айта кеткенім жөн. Нәбәрі жеті кластық қана білімі бар шешем кітап оқыған баланың далада қалмайтынын білген болуы керек. Өзі қыс кезінде пешін жағатын кітапханадан небір жақсы дүниелерді әкеп беретін. Оқуға әбден құнығып алған маған кітап шақ келмейтін болған. Соған орай, шешемнің иығында келетін қаптың ішінен төрт-бес кесек қимен қоса небір сөз шеберлерінің қалың томдары қабаттаса шығатын. Менің әдебиетке қызығуымның бір көзі осы болса, екіншісі өзім ылғи кітап оқып беретін апам еді. Сол кісінің кітап сөзіне құмарлығы арқасында, сүлей сөздердің төресі – «жеті батыр», қиял-ғажайып ертегілері, шешендік сөздер, аңыз-әфсәналар, 1961 жылы жарық көрген «Абай жолы» мен Абайдың қалыңдығы жырта қарыс сарыала томдары, «Манас», «Мың бір түн», қазақшаға аударылған орыс классиктерінің орайы келген әңгімелері, алпысыншы жылдарға қарай жарқ ете қалған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің көп томдықтары, Қасымның жасыл, Ілиястың қоңыр мұқабалы жоян кітаптары сынды дүниелермен ертерек таныстым.
Үйдегілер жаңа кітап болмай қалғанда қайта-қайта оқыта бергендіктен «Қобыланды», «Алпамыс», «Қамбар батыр» жырларын жатқа айтатын болдым. Апам – аса зерек жан. Мәселен, Қобыланды батыр алыс жорықтан оралып, асыл жары Құртқамен табысар тұсын аттап өтіп кетсем, мұны бірден байқап, ескерту жасап отыратын. Соған қарағанда, бұл жырларды мен ғана емес, ол кісі де жатқа білген сияқты. Әсіресе Абай өлеңдері мен «Абай жолы» эпопеясы ең сүйіп тыңдайтын шығармалары болды. Өмір есігін іңгәлап ашқан немерелеріне де сол кітап кейіпкерлерінің атын қойып отырды. Әбіш деген інім Абайдың Әбдірахманының есімін алды. Қамар мен Жамал қарындастарымның ныспысы Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлуы» мен «Сейфіл Мәлік – Бәдиғүл Жамал» қиссасынан келді. Сөйтіп, апамды риза етемін деп жүріп, өзім де ұлтымыздың ұлы қайнарларынан сусындап жатқанымды аңғармай қалыппын. Бақытты балалық шағымның біраз бөлігі кітапхана мен мал жайғайтын қораның арасында өткен мен, бүгінде әдебиетіміздің алтын бастауларымен балауса кезден таныс болуыма дәнекер болған сол бір ғазиз аналарымды терең сағынышпен еске алып жүремін.
– «Өлең жаздым екі мың,
Толтырмаққа торта ойдың кетігін.
Түртіп қалсаң – алдырмайтын асты зар,
Жұлқып қалсаң – шалдырмайтын шеті мұң», – деп төгілтесіз тағы бір өлеңіңізде. Сіздің шығармашылық қорыңыз бай екенін білеміз. Туындыларыңызда сыршыл лирика да тіл қатады, азаматтық үніңіз де айқын. Жаныңызға қандай поэзия жақын? Өлең қандай кезде туады?
– Әрине, шығарманың сапасы оның санымен өлшенбейтіні белгілі. Бұл цифр өлеңге іліккенде көлемі жиырма бес баспа табақ болатын бес томда екі мың бет болатынын, бір бетке бір өлеңнен кеткенде екі мың жыр желіге байланатынына сүйендім. Бұл аса көп те, аса аз да дәулет емес, сапасына ден қойған әлхам шүкір тірлік. Атақты Қасым ағамыз кезінде: «Жаман өлеңдерімді жақсы өлеңдерім асырайды», – деген екен. Тұтамдай өмірі қан майданның қолқасы мен дау-дамайдың ортасында өтіп, мойын бұруға мұршасы болмаған ақын үшін мұны мін етуге болмас. Ал қолына мамыражай заманда қалам алып, қажеті қасынан табылған буынға босаңсудың реті жоқ. Мұның «екі мың» деп елеуреп отырған өзімізге де қатысы барын түсінеміз.
Ал «өлең қандай жағдайда туады?» дегенге келсек, Мұқағали ағамыз айтқан: «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген тулайды қайшылықта» деген қағидаға сүйенген дұрыс секілді. Өз тұсымнан қосарым, өлең ой оянғанда туады. Ал ойды кім оятады? Оны сенің жан дүниеңде болып жатқан дүмпу оятады. Дүмпуді кім түрткілейді. Оны сенің өмірге деген көзқарасың, мақсат-мұратың, солардың жүзеге асуындағы сәттіліктер мен сәтсіздіктер түрткілейді. Мысалы, менің ел аузында жүрген «Шыткөйлекті» жазуыма сол көйлектің ішіндегі көркем жанға деген іңкәрлігім мен оған өмірі қолым жетпейтін уайымым себеп болды. Ұлы Жұмекен бір өлеңінде: «Ең бірінші уайым – уайымның жоқтығы», – дейді. «Уайымы жоқ болса, ол қандай ақын?» – депті А.Пушкин. «Уайым – ердің қорғаны» деп мәтелдететініміз де бар. Ақылман Абай: «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», – деп кесіп айтады. Дана халқымыздың: «Ой да көп, уайым да көп ойлай берсең…» – деп термелететінін де білеміз. Демек, ой мен уайым көңілдің қозғалтқышы, өлеңнің от алғышы екен. Сондықтан ойландыратын өлеңдерді ұнатамын. Өзім де солай жазуға талпынамын. Тұрпатында түк жаңалығы жоқ, мың жыл бойы мыжғыланған мәселені қайта ұсынып мезі ететіндерден алыс жүретініміз содан.
Қазақ прозасы – бәсекеге қабілетті проза
– Поэзия мен проза үнемі қанаттасып қатар желіп қана қоймай, кейде өзара тайталасып та жататыны байқалатындай. Сәл бұрынырақта поэзия алға озып, өлеңнің оқырмандары көп екені жиі сөз болса, қазір прозаға ден қоятындар көп секілді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Мойындау керек, поэзия – әуелден аз оқылатын жанр. Бүгінде мұның тенденцияға айналғаны анық. Заманында жырдың гүл-бақшасы болған қай елде де өлеңнің өрісі қуаң тартып бара жатқандай. Батысың мен Шығысың да, Еуропа мен Америкаң да осы күйді бастан кешуде. Дегенмен, тұқымы не өспейтін, не өшпейтін қайсыбір әулеттей, өлеңнің де өркені өзіне біткен өрлікпен үзілмей келеді. Көңілге бұл да медеу. Жер бетінде қазақ барда оның өлеңі де өзгеше реңк тауып, өмір көшінің көркі бола беретініне сенгің келеді. Ал прозамызға келер болсақ, ол қашан да дүмді болған. «Поэзиямыз алға шықты» деген ана бір жылдары арыны басылған сияқтанғанымен, ол әдебиеттің ауыр арбасы ретіндегі абыройлы рөлін әзір ешкімге бере қойған жоқ. Бұған кейінгі бес-алты жыл мұғдарында, ұлы Мұхтар Мағауин үміттеніп кеткен, талантты жас прозашыларымыздың үлкен шоғыры пайда болып, құнарлы туындыларын бере бастауы дәлел. Қара сөзіміздің осындай қауқарлы өкілдерінің күрт көтерілуіне кейінгі кезде қолға алына бастаған ынталандыру шараларының да игі әсер еткені анық. Қазақ прозасы – бәсекеге қабілетті проза. Ол оқылып келген, оқыла береді де.
Қазір әдебиетіміздің алтын табалдырығынан аттап, өз сөзін айтқысы келетін ақындар қарасы баршылық. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген. Бары ешқайда қашпас, бұларға не жетіспейді деген сұрақ тууы мүмкін. Бұларға, ең алдымен, «мен ақынмын ба, жоқ па?» деп өзіне-өзі сұрақ қою жетіспейді. Осыған бас қатырмағандардың көбі ақын деген атты ақ көбік қып мініп жүр. Әуесқойларын былай қойғанда, қалыптасып қалдым деген көп әріптестеріміздің өзі өлеңдеріне өте ұқыпсыз қарайды. Сөз сұрыптауға селсоқ. Неге екені белгісіз, олар әлденеге асығулы. Көпшілігінің жазған дүниесін қайта бір қарап шығуға мұршасы келмейтін сияқты. Мұндайлар көбіне назарын ұйқас пен буын санына аударады да, сөз бен сөз мағыналық жағынан үйлесіп тұр ма, жоқ әлде бұл жерге басқа сөз керек пе еді дегенге көңіл қоя бермейді. Соның салдарынан «сөз арасы бөтен сөзбен былғанады». Ақындарымызға өз ырғағын өзі тыңдап, өз ұйқасын өзі ести білу жетіспейді. Осылар жетіспеген соң өлең ұйқастары мүкіс, ырғақтары бір шумақтың өзінде бірнеше рет құбылған іри-тіри халге ұшырайды. Ол «іри-тірилер» мыналар:
Өлең шумағының алғашқы тармағын үш буынды бунақтан бастайды да, келесі тармағында төрт буынды бунаққа көшеді. Одан кейінгі тармақта үш буынды бунаққа қайта оралады. Өлеңнің бей-берекетін шығаратын осы тірлік әрі қарай да қайталана береді. Сөйтіп, «сылдырап өңкей келісім…» (гармония) бұзылады. Бұл оқырманға шауып келе жатқан аттың кенет кейін қарай жалт бұрылғанындай жайсыз әсер етеді. Мұның бәрі ақынның жазып отырған дүниесінің әріптерін ғана көріп, оның ішкі үнін тыңдай білмеуден туындайды.
Жалпы, бізде өзін ақын санап жүрген жандардың дені қара өлеңнің буын саны он бір болатынын білгенімен, оның әр тармағы үш бунақтан тұратынын, олардың «үш, төрт, төрт; төрт, төрт, үш; және төрт, үш, төрт; буын болып үш түрлі ыңғайда орналасатынын, өлеңді осы үшеуінің қайсысымен бастасаң, аяғына дейін сонымен алып шығу дұрыс болатынын, олай етпеген жағдайда жыр гармониясы жырымдалып, ырғаққа нұқсан келетінін білмейтін секілді. Мұнымен келіспейтіндер барша өлеңін тағы бір шолып өтсін. Соның дені осы ырғақ орнын сақтамаудан ақсап тұрғанына көзі жететініне мен кепіл. Қазақ өлеңі, негізінен, тоникалық емес, силлабикалық екені белгілі. Ендеше, кімге де оның ежелгі шартын берік ұстану ләзім. Ырғақтан ауытқу кейде мықты ақындарда да болып тұратынын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ жұрттың бәрі мұндай мінді өзінің ақпа-төкпе, ағыл-тегіл стилімен байқатпай жіберетін Мұқағали емес екенін ескергеніміз жөн. Әрине, қазіргі ақындарда жетпей жатқан нәрсе, тек, бұлармен шектелмейді. Оны түгендеу көп сөз болып кетеді. Біздікі – ақындарымыз, тым болмаса, өлеңнің техникалық жағына ұқыпты болса екен деген ыңғайда айтылған сөз.
Тағы бір айтылмай жүрген, бірақ айтылуға тиісті мәселе – өлең жолдарын кіші әріптермен бастап жазу. Өлең шумағы төрт жол болу керек, оның біріншісіне үтір екіншісіне нүкте, үшіншісіне үтір, төртіншісіне нүкте қойылады деген қасаң қағидаға жатып алған жұрт мұның қажеттіліктен туып отырған қадам екенін әзірге қабылдай алар емес. Бірен-саран ақын ғана оны түсініп қолданса, қалғандары «қатардан қалмау» үшін қам қылатын сияқты. Шындығында, бұл өлең сөзде тыныс белгісін дұрыс қолдануды құнттамаған әуелбастан кеткен қате. Қараңыз. Егер өлеңнің бірінші тармағында айтылған ой кідіруді қажет етпей, екінші тармаққа жедел өтіп кетіп тұрса, оған неге үтір қоюымыз керек? Қоймаймыз, қисын қойдырмайды. Ендеше, мен бірінші жолды аяқталмаған сөйлем ретінде танып, тыныс белгісінсіз қалдырамын да, екінші жолды кіші әріптен бастап жазамын. Бұл – менің жеке қалауым емес, грамматиканың тыныс белгісін дұрыс қою талабы. Мұның дұрыс екенін өлең жолдарын қара сөйлемге айналдырғанда анық көруге болады. Мәселен, Бас ақынымыздың бәрімізге белгілі төмендегі тармақтарының дұрыс жазылуы былай болмақ:
«Біріңді, қазақ, бірің дос
көрмесең, істің бәрі бос».
Мұнда мен «достан» кейінгі үтірді неге алып тастап, келесі жолды кіші әріппен жаздым? Оның себебін түсіну үшін қара сөйлемге айналдырайық:
«Қазақ, біріңді-бірің дос көрмесең, істің бәрі бос». Оқыңыз, сіз осындағы «дос» сөзінен кейін үтір қоя алар ма едіңіз? Әрине, жоқ. Ал біз қойып келеміз. Сауаттылыққа іңкәр көзбен қарасаңыз, үлкен қате. Жалпы, өлеңді түсініп оқу дегеніміз – оның мағынасын қара сөйлемге айналдырып барып ұғу. Көп жұрт өлеңнің белгілі бір өлшемге түскен кәдімгі сөйлемдер екенін түсіне алмай жүр. Мұны түсініп игерсе, поэзия оқырмандары да көбейер еді. Өз тәжірибемде шумақтың бірінші жолын ғана бас әріппен бастап, қалғандары кіші әріппен кететін, кейде алдыңғы шумақтың соңғы жолын тыныс белгісінсіз қалдырып, келесі шумақты кіші әріппен жалғайтын тұстар да кездеседі. Себебі алғашқы шумақтағы ой жалғас шумаққа кідіріссіз өтіп кетіп тұр. Өлеңдегі осындай «кілтипанды» алдымен ,ақындарымыз дұрыс меңгеріп, алдағы уақытта жыр дүниесін орфографиялық һәм пунктуациялық тұрғыда сауатты жазуға негіз қаласақ, дұрыс болар еді.
Тайбурылдың қырық үш күндік кемдігі қалмайды екен
– «Шарапат» поэмаңызға әдебиет жолында қолдау көрсеткен ағаларыңыздың ірі болмысы арқау болыпты. Бүгінде бұндай кесек мінездер бар ма?
– Менің бұл мейлінше шағын, сюжетсіз поэмам 1992 жылы Алматының «Балауса» баспасынан шыққан «Сүмбіле» жинағымда жарияланыпты. Ол кезде жас қаламгердің қолжазбасы баспа тарапынан шегіндіріле беретінін ескерсек, сексенінші жылдары қағазға түскен болуы керек. Мұның философиясы – «ештеңе де, ешкім де өздігінен өспейді… Жас талапқа, жас шыбыққа қалай да бір қамқорлық керек» дегенді меңзейді. Біз ол кезде әкеміздің ала тайыншасын сатқызып, Алматыға жылына бір-ақ рет келіп-кететін түкпірде өмір сүрдік. Қамқор көңілге зәру едік. Әуелінде қойнауынан Оралхан, Жарасқан, Дәуітәлі, Тынымбай, Мұхтар Мағауин, Марат Қабанбай секілді небір сөз сүлейлері шыққан сол кездің ең беделді «Жалын» конкурсының жүлдегері атандық. Одан кейін Алматыға поштамен аттандырған қолжазбаларымызды жылы қабылдаған редакторлардан хат келе бастады. Олар – өзім әлі бет-жүзін көре қоймаған қазақтың қабырғалы ақындары еді. Жалаң сөз болмас үшін бірер үзік келтіре кетейік.
Жүсіп Қыдыров: «Абзал, «Саумал» атты жинағыңды оқып шықтым. Өлең жасай алатының емес, жаза алатының ұнады. Қазір бізде өлең жасағыштар көбірек екенін ескерсек, сенің бойыңдағы табиғи қасиет қуантады…» – десе, Әнуарбек Дүйсенбиев: «… Сендерге қол ұшын беріп, шама келсе, қызмет істеген, әрине азматтық парыз ғой… Өлеңдерің өте ұнады. Сен – өз бетің, өз бағыт-бағдарың қалыптасып қалған ақынсың…» – деп жазыпты. Ал Сәкен Иманасовтың: «Бұл ақынның өлеңі маған барша сөз саптауы, ойының нақ та дәлдігін, пікірін жинақы ұстауымен ұнады… Әр өлеңінде жете түссем, жетіле түссем деген ниет, сол жолдағы ізденіс, өзін-өзі қамшылай қайрау бары аңғарылып отырады…» – деген екен.
Бұларды мақтаулардың тізімі деп емес, асыл ағалардың әлі де балаң ақынды қолтығынан демеп, шарапатын тигізуі деп ұққан жөн. Осыдан кейін халқымыздың «жақсыдан – шарапат» деген мәтелін негізге алған «Шарапат» сынды поэма қалай тумасын?!
Біздің әдебиетте жас таланттың тез аяқтанып кетуіне әкелік қамқорлық көрсетудің мысалы көп. Осы орайда, атақты Әбу Сәрсенбаев, Әбіш Кекілбаев бастаған талай жаны жайсаң, көңілі дарқан ағаларымыздың есімін тізіп шығуға болар еді. Бірақ ол басқа уақыттың еншісіне қалсын деген ниеттеміз. Жуырда әлеуметтік желі лентасынан майданнан он екі беттік «романын» қолтығына қысып оралған жауынгер Әбдіжәміл Нұрпейісовті алып ағамыз – Сәбит Мұқановтың өле-өлгенше қанатының астына алып, баласындай баулып кеткенін оқып қайран қалдым. Ал сондай «болар баланың белін буатын» кісілер бүгін бар ма, білмеймін. Қазіргідей тұщы дүние түгіл, біреуге деген ниетің айырбас саудаға түскен заманда бұрынғы кесектеріміздің түйірін де тауып алу қиын сияқты…
– Ақселеу аға нені оқуды, қалай оқуды үйреткенін айтқан екенсіз. Ол кісі қандай дүниелерді қалай оқы деген еді? Ал сіз қандай кітаптар мен еңбектерді оқыған дұрыс дер едіңіз?
– Өз басым жастау кезде қолыма не түссе, соны оқыдым. Іріктеп оқуға кеңес беретін кісі болмады. Ақселеу ағалармен кейін жолықтық. Сонда байқағаным, көркем әдебиетті оқудың көкесін танытсақ та, танымдық дүниелерге ден қоюдан шолақ қалыппыз. Ақаңдар берген бағытпен біраз еңбектендік. Бірақ дер уағында құнттап отырмаған соң, Тайбурылдың қырық үш күндік кемдігі қалмайды екен. Ақыры Ақаң сөз болғаннан кейін айта кетейін, менің «Жалын» бәйгесін алған поэмамның тақырыбын ұсынған осы кісі еді. Кейіпкері – ақ боранда ақтылы қойымен ығып кетіп, қаза тапқан шопан келіншек… Мұны Ақаң алдында аз да болса парызым өтеле берсін деген ниетпен келтіріп отырмын. Сол 1977 жылы Ақаңның маған жазған хатынан үзік: «…Бірінші орын ешкімге берілмеді. Екінші орынды Дәуітәлі Стамбеков еншіледі. Үшінші орынды сен алдың… Тоқырауын бойы аруақ қонған жер ғой, қос ұлы құйрық тістесіп аламан бәйгесінен келгенде еріксіз қуанады екенсің…»
Қайран да біздің ағалар… Айдалада жатқан біздей бозымдардың болымсыз жетістігін жалау еткен ағалар, жырым-жырым қолжазбамызды жамап, кітап етіп жолға салған ағалар, бөгде жұрттың саман сарайын жалдап жүрген жерімізден суырып алып, су жаңа қолайлы пәтерге кіргізген ағалар, кетпестей болып көрінген, бірақ келместей болып кеткен ағалар… Сіздерді енді қайдан табармын?!
Қазіргі жастардың кітап оқуда бізден гөрі өрісі кең, өресі биік. Шет ел әдебиетін түпнұсқадан оқитын оғландарымыз күннен-күнге көбейіп келеді. Әдебиетіміздің болашағы – қалам ұстағандардың осындай тірлігіне шын жүректен қуанасың. Сондықтан ұсыныс айта алмаймын, керісінше ұсынысты қабылдауға әзірмін. Дегенмен «Тәж» кітабымда осы сұраққа жауап болардай «Кітап оқу» атты қызықты бір толғауым бар екенін еске саламын.
– Қазақ поэзиясының классигі, жыр жампозы Жұмекенді: «Арзанға әуелден жаны қас ақын үнемі жапаннан жол іздеп, үнемі жақпардан мүсін қашап, онысымен біреудің қызғанышын туғызып, біреудің ризашылығын нәсіп етуден танбаған тарлан», – деп бағалаған едіңіз мақалаңызда. Шығармашылық ортадағы қызғаныш неден тууы мүмкін?
– Өмір деген қып-қызыл талас, қырғын бәсекеден тұрады. Бұл – адамды қоса алғанда, он сегіз мың ғаламның тірісінің бәріне тән қасиет. Ендеше, бұдан шығармашылық орта қалай сау қалмақ?! Кешегі Құлагер қалай мерт болды, қазақтың бұлбұл көмейі Күләш қалай қаза тапты, Шәмшіні қалай шалшыққа батырдық, әр сөзінің түбін шұқып Жұмекенді қалай жындандыра жаздадық, піскенін көрмей, ішкенін көріп Мұқағалиды қалай мұқалттық, «Көшпенділерін» үлкен сыйлықтан құлатып, басылып жатқан «Алтын ордасын» пышаққа жіберіп Есенберлинді қалай еңіреттік… Айта берсең, ұштығына жетерсің бе?! Соның бәрі іштарлық атты ит пен қызғаныш атты түлкінің қараптан-қарап тұрып көз алартуынан. Қанға қонған осы кесел кескестеп тұрғанда, әлі талай тарланды табытқа саламыз. Әлі де талай жақсымызды жанарымызды жалған жасқа шылап, жер қойнына жібереміз. Бұл – дауасы жоқ дерт. Болған, бола да береді. Тек, шығын аз болсын дейміз. Өйткені біз ең әуелі пендеміз. Ал пенде деген кім? Ол – адамның алып түсер азулы аңы. Әлгіндей жауыздықтардан арыла алмай жатқанымыз сол «аңның» әлсін-әлсін оянып кетіп жатуынан. Алыста қалған алпысыншы жылдары мектеп қабырғасында жүргенімізде Американың Мальтюс атты философының «адам адамға қасқыр» дейтін теориясы барын естіп тұла бойымыз түршіккен. Себебі біздің девизіміз – «Адам адамға дос, бауыр және жолдас» еді ғой. Алайда әлемдегі ең момын халық – өзімізде күнде болып жатқан қорлық пен зорлықтың неше атасын көргенде, Мальтюс марқұмның тұжырымы тура ма деп қаласың. Жақсымызды қызғанбайық, пенде болмай, адам қалпымызда қалайық дегім келеді мұндайда.
Ақылымызды көркейткенге не жетсін…
– «Қаршадай кезімізден талабы шақ,
Хат жаздық қара өлеңмен қаламұш ап.
Өлшедік жырдың тәжін басымызға,
Ел жоқта еркінсіген бала құсап», – дейсіз «Тәж» жинағыңызда. Жырдың тәжі неде деп санайсыз? Яғни қазақ поэзиясының өткені, бүгіні, ертеңі турасында не айтар едіңіз?
– Әрине, жазба поэзиямыздан тартар болсақ, қазақ жырының алтын тәжін киген ақын Абай болмақ. Біздің мойын мұндай салмақты көтеруге қауқарсыз. Бірақ «ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген сөзін арқаланып, ұлы ақын сыртқа шығып кеткенде қасиетті бас киімді киіп көріп қызықтайтынымыз бар. Қызықтау қиялға бастайды. Қиял қияға жетелейді. Қазақ поэзиясының тарихы бай, тамыры терең. Осы тереңдік бізге Абайдай алыпты берсе, Абай бүгін өзіміз ардақ тұтып жүрген алапат арыстандарымызды сыйға тартты. Осы мектеп, осы үрдіс бұдан әрі де жалғаса бермек. Жырдың тәжі дегеніміз – оның өзегінде адамзат аңсарын асқақтатып, ақиқат баяндылығын көксейтін кемел ойдың өріліп жатуында. Бұл болмаған жерде тәж де жоқ. Бүгінгі қазақ поэзиясы үлкен өткелдің үстінде тұр. Арғы беттегі келешекке өтсем деген ізденіс әртараптан жүріп жатыр. Сондықтан бүгінгі деңгейіміз қандай, болашақ қалай болмақ деген сұрақтың жауабына асыға қоймаймыз. Бір анық нәрсе – қазақ жыр-сабасының кешеден жеткен қоры бай, бүгінгі құйылып жатқан саумалы қою, ертеңгі таңдайға тиер қымызының қызуы биік.
– Ал ақын тәжі, ақын бағы неде деп есептейсіз, аға? Жырдан тәж киген ақын қандай болмақ?
– Ақын тәжі, ақын бағы дегеніміз – оның жүрегін жарып шыққан жырлары мен оқырман көңілінің талғам биігінде табысуы. Жазған дүниесі халқының көкейіне қонған ақыннан асқан бақытты адам жоқ, тіпті аса құзырлы мансап пен аса құрметті лауреаттығың да мұның қасында солғын. Себебі бұларды әртүрлі әдіспен сатып алуға болады, бірақ оқырман ықыласын еш нәрсеге сатып ала алмайсың. Сондықтан құндыз бөрік алдымен басымызды емес, ақылымызды көркейткенге не жетсін?!
– Талай хас таланттардың шығармашылық болмысына, жан-дүниесіне, ғұмыр жолындағы кескін-келбетіне үңіліп келесіз. Сіздіңше, таланттардың ерекшелігі мен ортақ қасиеті қандай?
– Меніңше, әр талант – өзінше бір әлем, өзінше бір мінез, өзінше бір «мен». Осы «өзіншелер» оның жазу стилін, температурасы мен темпераментін белгілейді. Өзіндік жазу мәнері мен қолтаңбасын қалыптастырады. Онан ұстыны бөлек сөз ұстасын жасайды. Бұл әрқайсының өзгешелігі болса, ортақ қасиеті – баршасы жұмылып адамзат игілігі үшін иығын тосып, ауырын көтереді. Сол мұрат жолында, қажет болса, жеке мүддесін де мүдіртеді.
– Талант иелерінің қадірін қалай бағамдар едіңіз?
– «Дарын біткен өз бағасын алып жатыр» десек, өтірігі өріп жүрген мына заманның тағы бір өтірігі болып шығар еді. Бұрын дарынды болу кемел келешекке кепілдік беретін. Қазір қаз тұруыңа дарын кепіл емес, пысықтық кепіл болып тұр. Аннан-мұннан кім көп жылтыңдаса, жылтыңды жетелеп әкетер жоғары жағы болса, соның асығы алшысынан түсуде. Өтірік ақын көбейді, өтірік ақынды өтірік мақтау көбейді, өтірік мақтауға өліп түсер өлермен көбейді. Даусыз дарын иесі осы көбеймегір «көбеюлердің» астында қалатын сәттер аз емес. Күніне бір макулатураның тұсауын кеспесек, ішкен шайымыз шайылып кетердей күйге түстік. Баяғы Шал ақынның алмағанын шала ақындар алғанда шалқаңнан түсе жаздайсың. Ал өздері мәз-мейрам. «Осыған мен лайық па едім?» дейтін біреуі болсайшы. Әлгінде «қазақ поэзиясы үлкен өткелдің үстінде тұр» деуіміздің мәні содан. Бірақ қазан аузы жоғары. Қазақ әдебиетінің ұстынын, бәрібір, дарындар құрайды, қарындар ас үй мен содан кейін баратын жердің арасында қалады. Өйткені адамзат мәдениеті тарихының тұла бойынан осыны көреміз.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА