Гарри күйеу бала
21.01.2026
216
0

Бақытжан күндегі әдетінше екі немересін әпкесінің үйінен алып келіп, тамақтарын берді. Ол жұмысқа кеткен кезде балаларды тастайтын жер жоқ болған соң, амал жоқ, қала шетіндегі ауылға алып барады.Бақытжан қызы Жанар екеуі пәтер жалдап тұрғалы біраз жыл болды. Үш қызы шешелерінен ерте жетім қалды. Тоқсаныншы жылдары ел жұмыс іздеп, Алматыға ағылған кезде, бұлар да Өскеменнен жұмыс іздеп келіп, осында тұрақтады. Пәтер жалдап жүріп, барахолкада сауда жасады. Асханда істеді. Алматының ол бармаған бұрышы жоқ шығар. Базар өртеніп, бар тапқан-таянған ақшаларынан айырылды. Сатып алған дүңгіршектерінен де базардың қожайыны қуып шықты.Гүлшат жаман ауруға шалдығып, қайтыс болғалы он бес жыл өтіпті. Жанар ол кезде жетінші сыныпта оқитын. Бақытжан «арқа еті арша, борбай еті борша» болып, үшеуін де жоғары оқуға түсіріп, оқытты. Олардың диплом алғандарына іштей қуанатын. Екі қызы Ардақ пен Алма тұрмысқа шығып, балалы-шағалы, өздерімен өздері. Кенже қызы Жанар күйеуімен ажырасқалы қатты уайымдайтын болды. Қытай компаниясына аудармашы болып, жұмысқа кіргелі үйде болмайды, іссапары көп. Шетелдерге жиі кетеді. Бақытжан жұмысқа күнде баратыны қиын. Жұмыс дейтін де жұмыс емес, бір байдың балаларын мектепке алып барып, кешке алып келеді. Қалған кезде немерелерінің жанында болады. Екі бөлмелі «времянка» жер үй болса да, бір жақсысы үйдің ішінде бәрі бар. Қожайыны жас бала. Ұлты ұйғыр демесең, қазақша сайрап тұр. Бір жақсысы, ештеңемен шаруасы жоқ. Әйелі екеуі таң ертеңгісін кетеді, содан кешке бір-ақ көреді. Кейбір де тіпті екі-үш күн үйлерінде болмайды. Ондай кезде даладағы темір тапшанға балаларды апарып, әбден шаршағанша ойнатады. Бір уақ әткеншек тебеді, әйтеуір аулада емін-еркін жүреді.
Бірде Жанар жұмысынан асығыс келді де, үйдің астан-кестеңін шығарып тазалап, кішігірім жиhаздарды жиыстырып, шақ- шәлекейі болды. Бақытжан іштей «не болды екен» деп таңғалды.
Кешке екеуі шайға отырған кезде Жанар бір әңгіменің ұшығын шығара бастады:
– Әке, ертең құдалар сізбен танысуға келетін болды. Гүлжан апайымызды шақырыңыз. Бала- шағасымен келсін. Қазір орталықтан көп қабатты үйлерден екі бөлмелі пәтер таптым. Көшеміз, – деді Жанар әкесіне тіке қарап.
– Ой, сенде қызық екенсің, Жанар. Екі кештің арасында қайда барамыз?
– Әке, бұл жерде біздің алып кететін көп жүгіміз жоқ.Теледидар, шаңсорғыш, тоңазытқыш-осы үйдің иесінікі. Анау ескі үстелді, орындықтарды қалдырып кетейік.Тек киім-кешектерді алсақ болды.
– Балаларға жер үй жақсы еді, – деді Бақытжан үйреніп қалған үйін қимай.
– Әке, уақыт тығыз, тез дайындалайық.Ой, айтпақшы, құдаларыңыз Әмерикадан келеді, – деді Жанар жайбарақат. Бақытжан қызына үрейлене қарады.
– Әмериканың қазағы ма?
– Жоқ, әмерикандық.
– Не деп тұрсың, қызым-ау?! Түріктен әрең құтылғанда, енді кімді таптың. Осында жүріп, бір қазақ бұйырмады ма?
– Ертең болашақ күйеу балаңыздың ата-анасы сіздермен, қазақтармен танысуға келеді. Мен барлық жағдайды айтып түсіндірдім.
–Нені түсіндірдің? Балаларыңды қайтесің?
– Әке, уайымдама. Балаларым бар екенін де айттым. Көлік сыртта келіп тұр, тез шығайық, – деп қызы заттарын тездетіп көлікке тиеді. Олар қаланың тура ортасындағы көп қабатты үйлердің біріне барып жайғасты. Жаңа үйлер болу керек, бәрі қоршалған, кіре берісте қарауылдары отырады.Анау-мынау адам кіре алмайды. Бақытжан балалар ойнайтын жерді, доп тебетін алаңды көріп, қуанып кетті. Бұлар жүгімен, балалармен даңғарадай лифтіге емін-еркін сыйды. Лезде сегізінші қабатқа көтеріліп, жаңа пәтерге де келді. Мынандай үйді Бақытжан көрмегелі қашан? Екі бөлмелі деген аты болмаса, үш-төрт бөлмелі үй сияқты. Баяғыда қайнағасы Дәулеттің досы Аманжол деген жігіттің үйін көріп, таңғалған. Бір қабаттағы барлық пәтер соныкі екен. Бір есіктен кіріп, шыққанда қай есіктен шыққанын білмей қалған еді.Мына үйлер ондай үлкен болмаса да, әжептәуір кең көрінді.
Олар киім-кешектерін орын-орнына қойып, өздері жатын орындарына жайғасты. Бақытжан түнімен көз ілмеді. Қызы түрікке күйеуге шыққан кезде дәл осындай уайымдамап еді. Ол түрік бір дастарқаннан шай ішіп, бірге тұрып жүріп, бұларды алдап соқты. Екі балалы болғанда Түркияға қашып кетті. Жәй кетпеді, Жанарды белшесінен қарызға батырып кетті. Ұялмай «отбасым бар еді, сол жаққа барамын» депті. Сонда осы уақытқа дейін неге отбасын айтпаған? «Әйтеуір, қызымыз да, ұлымыз да кім көрінгенге алданамызда жүреміз» деп Бақытжан іштей кіжінді. Бәрінен бұрын екі балаға обал болды.Үнемі әкелерін күтіп, елеңдеп отырады. Енді мына күйеу баланы олар жақын тарта ма екен, кім білсін? Алып қалсам, қарай алам ба? Бұлар қайда тұрады? Әмерикасына кете ме? Бақытжанды түрлі сұрақтар қаумалап, әртүрлі ойлар қажай бастады.
Ертесі Бақытжан зіл батпан басын әрең көтеріп, орнынан зорға тұрды. Жанар өзі де, балаларға да өзіміздің ұлттық кимімізді кигізіп қойыпты. Гүлжан апайымыз бала- шағасымен келіпті. Келе сала Жанарға сұрақтарын жаудырып жатыр.
– Жанар, неге бізге қазақша камзолдарыңды киіп келіңдер демедіңдер? Әмериканың қай жерінен екен?
– Өзінің Уашингтон деген үлкен қалада үйі бар. Ата-анасының кәрі әке-шешесі бар екен. Олар басқа қалада жеке-жеке виллалары бар, сонда тұрады, – дегенше телефонның қоңырауы безілдей жөнелді.
Жанар:
– Құдаларыңыз келді.Мен өзім алып кіремін, – деді.
– Неге? Сен шықпай-ақ қой, біз шыға­йық, – деп әпке-жездесі құдаларды алып келуге кетті. Олар шашу шашып, құдаларды үйге ертіп кірді. Бақытжан ә дегенде сасып, тұрып қалды. Ерлі-зайыпты әмерикандықтар табалдырықты имене аттаса да, күлімсіреп, Бақытжанды, содан соң Жанарды құшақтап амандасты. Екі балаға базарлықтарын беріп, беттерінен сүйді. Бәрі дастарқан басына отырып, әңгімелесе бастады. Жанар күйеу баланы аты Гарри деп таныстырды. Ерлі-зайыптылар Гарридің ата-анасы екенін өзі айтты. Орысшасы тәп-тәуір екен. Бақытжан Өскеменнің Самар ауданында орыс класында оқыған. Әйелі марқұм Гүлшат Қатоннан қазақша оқып, бітірген. Ол Алматыға келгелі қазақша біршама үйреніп алды, ұмытайын деп қалған орысшасымен өзін, туған-туыстарды таныстыра бастады. Гарри ата-анасына аударып беріп отырды. Олар қазақ деген ұлтты жақсы білетін болып шықты. Тарихымызды да оқып үлгеріпті.
– Гарри Жанар туралы айтқанда, біз бірден ұлтын сұрадық. Қазақстаннан дегенде қатты қуандық. Өйткені қазақ елі туралы бұрындары да білетінбіз. Ең бірінші, өзіміздің үйдегі үлкен кісілер сәлем айтып жатыр. Олар сексен жастан асты. Ал біз келініміздің ата-анасынан рұқсат сұрап келдік. Рұқсат бересіздер ме? – деді олар.
Мұндай кезде ауызға сөз түсе қойсын ба, Бақытжан үнсіз отырып қалды. Тек әйел емес пе, апайы Гүлжан үнсіздікті бұзып:
– Әкесі қайда қашар дейсің, Жанар өзің келістің бе? Екі бала бар. Олар туралы ойландың ба, – деді.
Жанардан бұрын Гарри жауап берді.
– Жанар келісімін берген, тек әкеміз рұхсат берсе болды. Ал балаларды мен өзіммен бірге алып кетемін. Әке-шешем қараймыз деп отыр. Оларды алдымен ағылшын тілін үйрету үшін осы Алматыдағы курстарға береміз, – деді ол. Бақытжан басын көтеріп, Гарриге тесіле қарады. Мына сөзінен бір жылылық көргендей болды ма, басын үнсіз изеді. Тек «алып кетеміз деді ме, мен… мен қайда қаламын…» – деп Бақытжан жас баладай жаутаңдап Жанарға қарады. Ислам мен Фатима Бақытжаннан айырыла қояр ма, екен. Анда-санда Исламға ұрысқанда ол «менің туыстарым келгенде сені айтып беремін» деп өкпелейтін. «Туысың мен ғой, менен басқа кімге керексің» дейтін іштей Бақытжан. «Жоқ, қателесіппін, бұл тірі жетімдерге де жаны ашитын ер-азаматтар бар екен. Әттең, тіл білмейтінімді-ай, Гарри күйеу баламен бір ерлерше отырып, әңгімелесу керек еді» деп айтпақшы болды да, үнсіз қалды. «Өлмесек, бұл күйеуді де көрерміз».
Жанар, Гарри құдаларды, Бақытжанды ертіп, қыдыруға шықты. Алдымен, үлкен дүкенге тоқтап, олар аралауға кетті. Бір кезде үлкен теледидар, ең қымбат шаңсорғыш сатып алып, Бақытжанға берді.
– Жанар, мына заттарды сен алғыздың ба, ұят болды ғой, – деді Бақытжан.
– Жоқ, әке, бұлар келген кезде бәрін байқап отырған екен ғой. Мен «енді көшіп келіп жатырмыз» деп қайтып айтамын.
– Аа, бағана мен сыпыртқымен есік жақты сыпырғанымды көріп қалған екен ғой, қап, ұят болды-ау?
– Жарайды, ренжімеңіз. Олар бәрін түсініп отыр.
Оларды Алматының көрікті жерлерін аралатып, ертесі самолетке шығарып салды.Гарри Жанарға сырға салу үшін Дубайға ұшаққа билет алып қойғанын айтып, бәрін сол жаққа шақырды. Бақытжан Гарридің әрбір ісіне таңғалып отырды. Бірер аптадан соң барлығы Дубайға барып, сырға салу рәсімін жасап қайтты. Әмерикадан ата- анасы қайта ұшып келді. Бақытжанды тағы үлде мен бүлдеге орап жіберді. Ол әлі ештеңе түсінер емес. Біздің қазақ екі баласы бар әйелді алуға бірінші ата-анасы қарсы болады емес пе? «Қыз құрып қалғандай, мұның не? Біреудің балаларын қалай бақпақсың? Өз әкесіне керек емес бала, саған қалай керек болып қалды?» деп талай сөздер айтамыз ғой. Осылай деп бір жігіттің шешесі баласын айнытып алып кеткен. Ал Гарри күйеу бала өзіміз жасамайтын жақсылықты жасап отыр. Дұрыс-ау десең де, іштей қимастық сезім бәрін жеңгендей болады». «О, тоба! Құрылықтың арғы жағындағы үш қайнаса сорпасы қосылмайтын аузын айға білеген Әмерика деген елде мейірімділікке, ізгілікке толы жүректері бар адамдар көп екен-ау» деп сүйсінді. Біз кейде асығыстық жасап,бір адамның жамандығын көріп, сол ұлттың барлығы жаман деген ой түйеміз ғой. Алайда Бақытжан Жанарға: «Сен олардың ақшасына қызықпа, дүниесі керек емес.Әлі кеш емес, ойлан. Олардың өмір сүру тәртібі мүлде бөлек. Сен салт-дәстүрімізді көріп-біліп өстің ғой», – деп қайта-қайта айтумен болды. Жанар болса әлі ойланумен жүр». Шынымен, не істеу керекпін?»
Гарри сол күні Ветнамнан келді де, бірден Алматыға Бақытжанға жолықты. «Әмерикадағы үлкен кісілер құданы, келінді алып кел, көреміз деп жатыр, сізбен ақылдасуға келдім.Барып қайтыңыз, бізбен бірге», – деді. Ол Жанарды жалғыз жібергісі келмей, амал жоқ, баруға келісті.Сөйтіп, құжаттарын реттеп, біраз күн жүріп қалды. Олар билет алысымен, бірден жиналып, ұшаққа отырды.Бақытжан бірінші рет ұшаққа отырғандай, бойына әлде бір қорқыныш сезім пайда болды. Көзін тарс жұмып алып, жан-жағына қарауға жүрегі дауаламады. Әйтеуір «Біссіммілләні» айта берді. Қанша сағат ұшқанын кім білсін, әйтеуір қыздың хабарлап жатқанын естіп, жақындап қалған болуымыз керек деп әрең көзін ашты. Жан-жағындағылар абыр-сабыр. Жанарға қарап еді, ол басын изеді. Бірер сағаттан соң барып, аман-есен жеткенімізді хабарлады. «Уһ» деп терең бір тыныс алып, мүлде аяқ баспаған бөтен елге қарай бет алды. Алдарынан Гарридің бір топ туыстары қарсы алды. Барлығы көліктеріне отырып, үлкен кісілер тұратын шағын қалаға бет түзеді.
Бұларды екі үлкен кісі – Гарридің апасы мен атасы тағатсыздана күтіп отыр екен.Төрде отырған олар қонақтарды көріп, бұрыннан танитын адамдарша орнынан тұрып келіп, құшақтап амандасты. Жанар оларға иіліп сәлем берді. Оны Гарри қазақтың салт- дәстүрінде үлкендерге осылай сәлем береді деп түсіндіріп жатыр. Екі әмерикалық қарт ризашылығын білдіріп, Жанарды құшақтап, бетінен сүйді. Екі баланы да жақын тартып, амандасты. Сексеннен асса да екеуі де әлі тың көрінді.Жанар сияқты дастарқан жайып қойыпты.Олар бәрі жиналып, бірге тамақтанды. Гарри екі-үш күн қаладағы көрікті жерлерді аралатты. Бақытжан Гарридің отбасы бақуатты тұратынын байқады. Әрқайсында жеке-жеке виллалары бар. Күтушілері зыр жүгіріп жүр. Алайда Бақытжан еліне кеткісі келді. Бақытжан түнде түс көрді.Тарбағатай жақ екен дейді. Жап-жасыл. Қызыл-жасыл гүлдер жайқалып тұр.Биік шың басына Гарри шығып алыпты. Бақытжан қараса көз тоймайтын кең далаға қарап, «Туған жер! Қандай әдемі!» деп екпетінен жата кетеді. Енді қайта аунаса, бағанағы гүлдердің бірі жоқ. О, тоба! Мұнысы несі деп оянып кетті. «Елге қайту керек, елге қайту керек» деп Бақытжан күбірлей берді. Енді біраз жүрсе, ол осында мәңгілікке қалып қалатын сияқты болып көрінді. Гарриге қайтуға билет алғызып, Жанар барлығы елге қайтты. Бақытжанға он күн он жылдай көрінді. Ол Алматыға келе салысымен жерге жата қалып, аунағысы келді. «Туған жерге ештеңе жетпейді екен-ау?! Қасиетіңнен айналайын, туған жер!» деп көзіне ыстық жас лықсыды.
Гарри күйеу бала Жанарды Алматыдан ұзатып, балалармен бірге Әмерикаға алып кетті. Бақытжан туған-туысымен сол жақтағы тойға баратын болып, қызу дайындықты бастады.Гарри оған екінші қызы Алманың қасынан екі бөлмелі үй алып берді.
Бақытжанның өмірі екі-үш айда мүлде өзгеріп сала берді.

 

Роза Ыстай

Жаркент қаласы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір