КҮЙЕУ, КҮЙЕУ, КҮЙЕУЛЕР…
Үмбетбай Уайдаұлы – өмірден өзі өтсе де, шығармашылығы көңілдерден кетпейтін сирек тұлғалы сықақшы. «Оң көзім – поэзия, сол көзім – сатира» деп өзі айтпақшы, ол қоғамның көлеңкелі жақтарын түгел шолатын қыран көз еді. Ендеше, тікен тілдіміздің өткен күндерінде туындаған іштен шыққан «шұбар жыландарына» тағы бір көз жүгіртейікші.
Анау: Оқып отырғаныңыз қай газет, қарындас?
Мынау : «Жарнама».
Анау: «Жарнама?» Иә, ал «Жарнамада» не жазылыпты? Бойы қанша см ұзын, қанша см. қысқа. Мойны қанша см жуан, қанша см жіңішке – тұла бойларынан толып жатқан мағлұмат беріп, кілең бай іздеген, қатын іздеген қасқаларды жазған да?
Мынау: Біріншіден, бұл – баспасөз. Екіншіден, тағдырды сіздің олай сайқымазақ қылуға хақыңыз жоқ, ағасы.
Анау: Ойбай, қарындас, өзімнің де жетісіп жүргенім шамалы. Жай айтам… Ал сіздің тұрмыста не өзгеріс, не жаңалық?
Мынау: Сіздің өз тұрмысыңызда не өзгеріс, не жаңалық?
Анау: Сол… оңбай тұр ғой.
Мынау (күліп): Бізде де бәлендей көп өзгеріс, не жаңалық болмай тұр ғой.
Анау (қутыңдап): Болмаса болдырмаймыз ба? Ол дегеніңіз, қолда тұр ғой?
Мынау (ыршып): Ой, жоқ!
Анау: Немене, «ой, жоқ?» Өміріңізге өзгеріс-жаңалық әкелетін қиялыңыздағы ол адамыңыз менен артық деймісіз?
Мынау (сықылықтап күліп): Қиялымдағы адамды сіз білмейсіз ғой.
Анау (залға қарап): Қандай адам, қандай күйеу болды екен, ей, мынаның қиялына түнеп жүрген? (Қызға қарап.) Сізге керегі, меніңше, маңдайы жарқыраған, маңғаз және мәшинесі бар бастық күйеу?
Мынау (күліп): Жо-ға.
Анау: Ендеше, былай болсын: мен осы қазір өзім білетін біраз күйеулерді іждағаттап айтып шығайын. Жолшыбай көңіліңізге ұнаған біреуін ұстасаңыз, «стоп!» дерсіз.
Мынау (күліп): Иә, ал?..
Анау: Көзінен ұяты, бетінен иманы тамған ибалы күйеу; құласаң, қолтығыңнан демеп, қуансаң, қоса қуанып, жақсылық десе жаны кіретін, жамандық десе жанып өлетін күрескер күйеу;
балаларын мойнына мінгізіп, шанаға салып сүйретіп, балабақшаға бара жататын, балабақшадан келе жататын, келіншегін арықтан аттатып, сөмкесін қолдасып, базарға бара жататын, базардан кайтып келе жататын «мынауский» күйеу… Күлдіңіз ғой, таптым білем?
Мынау: Айта беріңіз.
Анау: Айта берсем, әлқисса, кайын атасымен де, кайын енесімен де қалжыңдасатын, әдеп әлемінен бейхабар, берекесіз күйеу; үлкен отыр демей, кіші отыр демей қалыңдығын қапсыра құшақтап, жауырынын күтірлетіп сүйетін көргенсіз күйеу (күлмеңіз, басыңызға келеді); үй күшік күйеу; үй көрмейтін күйеу, үй көрмей, үй тірлігіне үлгірмейтін күйеу; әйелі жөн сұраса, жауабын әдейі тауысып алатын «көкжөтел» күйеу; әйел алғыш, әйел жібергіш, күлегеш күйеу; әйелі курорттан шықпайтын, өзі қазан-ошақтың басынан шықпайтын күйелеш күйеу; қойын дәптеріндегі қалың қыз-келіншектердің телефон нөмірлерін әйеліне дәлелдеп бере алмай, быж-тыж болатын, содан қан қысымы көтеріліп кететін күйгелек күйеу; үйелеп жатып ұйқыдан көз ашпайтын маубас күйеу; ерсілікті білмейтін есер және ертеңгісін әп-әдемі боп кетіп, әр жерде ішіп-ішіп, содан, күлге де, көңге де аунап-аунап, үйге албастыға ұқсап кешкісін бір-ақ келетін күйік күйеу… күлдіңіз ғой, кідірейін бе?
Мынау: Жүре беріңіз.
Анау: Бір жағынан ішіп-ішіп келіп, бала-шағасын бөріктіретін, «Леген әкел, ойбай, леген әкел, құсамын», – деп айқайлап немесе ұйқы көрмей үйді кезіп, түнімен аласұрып шығатын, күндіз қолы дірілдеп, көзі іріңдеп әркімге бір тиісіп, сыраханалардың айналасында жүретін, адамға да, Аллаға да керегі жоқ көк бейнет күйеу; ішіп-жеп іш шіріткеннен басқа, ішіп-жеп қарын қампитқаннан басқа қасиеті жоқ, ән, әйел, әдемілік жайындағы әңгімелер басына бәлендей көп бара бермейтін көкми күйеу; көпіріп не болса соны сөйлеп, жан-жағындағы жұртты шаршатып тастайтын көкезу, көкмылжың күйеу… Күлдіңіз ғой, үстінен түстім бе?
Мынау: Жо-ға.
Анау: Әлқисса, баюдан басқа ойы жоқ, өліп жат, тіріліп жат, тырс етпейтін арам күйеу; машинадан басқа махаббаты жоқ, машинасын айтып, тек маңқылдауды білетін мақтаншақ күйеу; қайын жұртынан да таситын, қалған жұрттан да таситын жайын ауыз жалмауыз күйеу… Сіз күлесіз…
Мынау: Айта беріңіз.
Анау: Ой-бой, қарындасым, «выборыңыз» күшті болды ғой. Әлқисса, кісі баласын менсінбейтін және жүйкесі жүз грамм сөз көтермейтін кіржік күйеу; әйеліне де сөзін өткізе алмай, балаларына да сөзін өткізе алмай, айранға да, аспиринге де өзі жүгіретін, байғұс, құрып бітуге қараған қу сүйек күйеу; ағайын-туыс, жора-жолдастары үйіне келгенде бір шәугім шайға билігі жоқ, яғни әйеліне де сөзін түсіндіре алмайтын, әжесіне де сөзін түсіндіре алмайтын мырындаған мырық күйеу; жоқ жерде ақылынан қолы бұрын жүгіретін жуан жұдырық күйеу; қақиып жұмысқа барып, жұмыстан келуді ғана білетін, балаға да, басқаға да басы ауырмайтын, еденде ине жатса, иілмейтін, кітап, газет-журнал дегендеріңді «мойындамайтын», терезені жауып қойып, каналдарын сарт-сұрт бұрап, тек телевизор көретін, телевизормен бірге сөйлеп, бірге сөнетін бір түрлі күйеу; екі-үш күн бір жағына құрып кетіп, екі-үш күннен соң арып-тозып үйге келіп, үйге келген соң келіншегінен кешірім сұраудың орнына өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай қып ананы-мынаны боратып айтып, адамның сай-сүйегін сырқырататын желік күйеу; ертеңгісін «ұшпа жиналыс» деп, «планерка» деп, түстен кейін «мен райкомға кеттім», «мен аэропортқа кеттім» деп, келесі күні «президиум» деп кілең сүргін жүріспен шапқылап жүріп, өмірі мектеп есігін ашпайтын жұмысбасты күйеу… Күлдіңіз ғой, тоқтайын ба?
Мынау: Жай, өзімше…
Анау: Жақындап қалдым. Сусылдап әркімге әйелін жамандайтын, зуылдап бармайтын жері жоқ, ашпайтын есігі, білмейтін тесігі және жоқ, кәдімгі жұмыстан жұмыс шақ келтірмейтін сұйық күйеу; кіре беріс, шыға берісте, киоск-ларектерде, көшеде, кафеде, ана жерлерде, өңді қыз-келіншектер көрсе, беті жыбырлап, көзі жымыңдап: не анекдот, не бір ауыз әзіл тастап, қапелімде улана қалатын немесе бір аяғын, болмаса бір иығын алға жіберіп: «Мынау Киевтен келген дәм», «Мынау Мәскеуден келген дәм», – деп, конфет үлестіретін, өзінше көп нәрсе білетін, өзінше өзін сал-сері санайтын, ой, әдірам қал… «жентелменсымақ» күйеу; қу басы телефондандырылған, электрлендірілген, отын кіргізіп, от жақпайтын бір-екі бөлмелі үйде тұратын, «Үй болайық», – деп, әр әйелді үйіне бір шақырып, дәмелендіріп қоя беретін дәйіс күйеу… Неге күлдіңіз, жайшылық па?
Мынау: Жайшылық.
Анау: Қазір, міне, жақындап қалдым. Әншейінде әр жерде Бауыржандай батыр болып сөйлейтін, екіталай уақытта басқаны ұстап беріп, өзі басын сауғалап аман қалаты, қара бет күйеу; бір ауық Қасымдай қайсар ақын болғансып, бір ауық Қожанасыр болғансып, не боларын білмей жүретін «жалдап» күйеу. Күлдіңіз ғой, аманшылық пa?
Мынау: Аманшылық.
Анау: Міне, біттім. Қалалы жерде қазір көбейіп кеткен, яғни өйтіп-бүйтіп бір әйелдің сеніміне кіріп, үйіне еніп, «пропискаға» отырып алатын алаяқ… кешіріңіздер, күшік күйеу; «пропискада» жоқ, бірақ «пропискаға» отырғанша бір әйелдің үйінде қалбалақтап жүре беретін қолбала күйеу… Сонымен, қарындас, осы айтқандарымның ішінен қайсысын ұстадыңыз?
Мынау: Ешқайсысын да…
Анау: Ендеше, бұ дүниеден күйеусіз өтейін дегеніңіз де?
Мынау: Талап қылып жүр едім, бүкіл еркекті іске асырмай, өзіңіз ғой…
Анау: Ондашы, ұят болмаса, қиялыңыздағы кісіні білуге болар ма екен?
Мынау: Отан десе, отбасы десе ойы бөлінетін, ұйқысы бұзылатын, жора-жолдастарын жоғалтса, жарты жасы кемитін – бүкіл ар, ұят, намыс атаулыны бойына жинаған нарқасқа жігіттер қайда? Адамға – адам, анаға – жар, балаға – әке, қайда қайран еркек, қайран әкелер?!
Анау: «Отырған қыз орнын табады» деген, үндеме, тауып беремін. (Өзін көрсетіп.) Түбі осы кісіден оңдысы жоқ…
ҰЯТ МӘСЕЛЕ
Доп ойнайтын төбеңе кейде шығып,
Пендешілік деген бар, пендешілік.
Неге екенін, кей кезде мәселелер,
Ол келгенде кетеді демде шіріп.
Пендешілік келгенде, пендешілік,
Принциптің тамыры демде шіріп.
Ұят байғұс бозарып, іштен тынып,
Жылжи-жылжи кетеді елден шығып!
Пендешілік дейсіз бе, пендешілік?
Содан өнген деседі елде шылық.
Содан дейді, кім білсін, митингілер…
Жыртсам ба екен тамақты мен де шығып?!
Мәселе боп қаралса пендешілік,
Сөз сөйлеймін ұялмай мен де шығып.
Түртіп кетіп талайды принципім,
Елден шыға жаздадым, елден шығып!
КІРІПТАРЛЫҚ, ОХ, КІРІПТАРЛЫҚ!
Кіріптарлық, екеуміз, кіріптарлық
Қанша еңкейіп ана үйге кіріп бардық.
Кіріп бардық қанша рет боп-боз бетпен,
Қу тіршілік сирақтан іліп-тартып!
Кіріптарлық, о, қасқа, кіріптарлық… –
Қаншама рет ана үйге кіріп бардық?..
Кіріп бардық үкінің көзіменен,
Орта жолда іркіліп тірлік барлық.
Көріне ме қасірет, қайғы ішінен,
Қараңызшы көзіне қайыршының?!.
Қараңызшы, немесе ырқ-ырқ күлген
Енді анау көзіне бай кісінің!
Кіріптарлық… о-о, қасқа, кіріптарлық,
Мұқатпады кімдерді ол іліп-тартып.
Өтінішін, мүқтажын жеткізе алмай,
Қанша көздер жұмылды құрып қалғыр!
Пендешілік. Принцип. Кіріптарлық
Осы үшеуі түйіскен тірлік барлық.
…Ұят болды-ау. Ұяттан, кіріптарлық
Босағада мөлиіп тұрып қалып!
Тұла бойы тұратын қайшылықтан,
Пендешілік алдында қайсың мықты, ал?
Кіріптардың басымен ойлайықшы
Дүниені осы бір жайшылықта…
Үмбетбай УАЙДИН