ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ЫҚЫЛАСЫН ЖЕТКІЗДІ
06.01.2026
106
0

Ыстамбұл қаласындағы Рами кітапханасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 34 жыл, Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына арналған әдеби кеш ұйымдастырылды.

Аталған шара аясында қазақ әдебие­тінің көрнекті өкілі Дулат Исабековтің «Тіршілік» (Dirlik) атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітапты қазақ әдебие­тінің жанашыры, білікті аудармашы, PhD ғалым Ашур Өздемир аударған.
Кітапқа жазушының «Тіршілік», «Бекет», «Өкпек жолаушы» повестері енген. Түрік тіліне аударылып жарық көрген бұл жинақ – қазақ-түрік әдеби байланысын нығайтуға бағытталған маңызды басылымдардың бірі.
Әдеби кешке Қазақстан Республикасының Түркиядағы алғашқы бас консулы Ержан Уәйіс, Рами кітапханасының басшысы Әли Челик, ғалым Ораз Сапашев, ақсақал Арыстан қажы Шәдетұлы, қоғам қайраткері Бешир Жаналтай, «Қазақ елі» журналының бас редакторы Ертолқын Гайретуллах, сондай-ақ түрік зиялы қауымының өкілдері қатысты.


Кешті ұйымдастырушы «KAM-US» баспа үйінің басшысы Айдемир Гүлтекин ашып, жобаның мән-маңызына тоқталды. Қазақстанның Түркиядағы алғашқы бас консулы Ержан Уәйіс құттықтау сөз сөйлеп, тележурналистика саласында Дулат Исабековпен әріптес болған жылдарын еске алды.
Құттықтау хаттар алғыс хаттарға ұласып, Орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесі «Алматы кітапханалары» директоры М.Е.Бектембаевтың атынан М.Әуезов атындағы кітапхана жетекшісі, қаламгер Әлия Іңкәрбек Рами кітапханасы ұжымына және кітапты дайындаған баспаның басшысы Айдемир Гүлтекинге ыстық ықыласын жеткізді. Сонымен қатар Әлия ақын түрік тілін жетік меңгергендіктен әдебиет пен мәдениетке қатысты, жалпы түркілік таным турасында еркін келіссөз жүргізді. ҚР Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновтің ықыласын жеткізіп, Төрағаның қазақ жазушыларына қолдауын, елдің әр аймағындағы Жазушылар одағының филиалдарына қолайлы жағдай жасап отырғанын атап өтті.
Одан кейін сөз алған Рами кітапханасының басшысы Әли Челик қазақ-түрік әдеби байланысына, соның ішінде Дулат Исабековтің түрік тіліне аударылған повестері мен пьесаларына кеңінен тоқталды. Келесі кезекте Қожабаева Динара сөз алып, кештің мазмұндық маңызына назар аударды.
Шараның әсерлі сәттерінің бірі – түрік жастарының Абайдың қара сөздерін мәнерлеп оқуы болды. Екі күн бұрын өткен «Қара сөз» оқу байқауының жеңімпаздарын марапат­тау рәсімі көпшілікке ерекше әсер сыйлады. «Тіршілік» кітабының тұсаукесерінен кейін «Қазақ әдебиеті: кеше, бүгін және ертең» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір