КӨП ҚЫРЛЫ ҚАЛАМГЕР
05.01.2026
294
0

Ғылым мен өнерді қатар өрген…

Қазақ әдебиетінің көркемдік әлемінде де, ғылымның зерттеу алаңында да қатар ізденіп келе жатқан әрі қаламгер, әрі ғалым тұлға санаулы ғана десем, қателесе қоймаспын. Асылы, өзіңнің ғылыми ой-пікіріңді көркем шығармада қалай іске жарататының немесе керісінше, көркем шығармадағы бейнелі дүниенің қыр-сырын ғылыми ойлаудың объектісіне қалай айналдыратының мәселенің екі жағын да бірдей қамтумен байланысты.
Неге десеңіз, бұл екі үдерісте бір жағынан шығармашылықтың бейсанадан келетін феномендік табиғатына қатысты жаратылыс құпиясы ашылса, екінші жағынан сол үдерістің санамен пайымдайтын ғылыми ақиқаты таразыға салынады. Жинақтап тұжырсақ, медальдің екі жағы бір тұлғаның бойында осылай өріледі.
Бекен Ыбырайымның шығармашылық қызметіне тұтастай зер салар болсаңыз, осы жағдайға анық көзіңіз жетеді. Ғылым мен жазушылықты қатар өрген тұлғаның бойында ізденіс пен көркем шығарма жазу интуициясы бір өрісте жатыр. Ю.М.Лотманның сөзімен айтқанда, «адамның интеллектуалды қызметінің біртұтас нәтижесі» осылай көрініс табады.
Екі үдерістің де түпкі негізі тілдің түрлі статустағы санамен байланысты жағдайынан хабар береді. Сондықтан болар, Бекеннің сөз байлығы мен сөзге деген талғамы алдымен байқалып тұрады. Осы ретте мен Бекеннің шығармашылық қызметінің екі аспектісіне де қысқаша тоқталғым келеді. Алдымен, ғылыми ізденістеріне, оның ішінде ауызша немесе авторлық әдебиет туралы ойларына көз жүгіртіп көрейік.
Ғылыми қауымға мәлім, ауызша авторлық әдебиет фольклордан да, жазба әдебиеттен де бөлек құбылыс дейтін пікірдің орын алғанына біраз уақыт өтті. М.Дүйсенов, Б.Абылқасымов зерттеулерінен кейін осы бір тұғырнамалық пікір Б.Ыбырайым­ның бірқатар еңбектерінде жалғасын тапты деуге болады.
Меніңше, бұл бағыт қазақ әдебиеттану ғылымының ең бір аз зерттелген, бірақ аса маңызды тарихи аспектісі болып саналады. Мына мәселеге назар аударайықшы, XIV ғасырдағы Сыпыра жыраудан бастап, XIX ғасырдың екінші жартысындағы Абайға дейінгі аралықта әдебиеттің көркемдік жүйесін, поэтикалық бітімін зерттеуде ұлан-ғайыр сауалдардың ішінде осы әдебиеттің ауызша авторлық шығарма болғаны жай ғана факт болып тіркелген.
«Бес ғасыр» немесе «жеті ғасыр» деп аталып жүрген аса ауқымды кезеңнің өзіндік төлтума бітіміне осы жағдай жеткілікті деп санаумен шектелсек, онда ең маңызды мәселені айналып өткен боламыз. Жағдай қазіргі әдебиеттану ғылымының әлсіздігін анық көрсетеді. Қалыптасқан тұғырнама бойынша бұл дәуір картинасы – толығымен жазба әдебиет теориясының және әдіснамасының қарамағындағы зерттеу нысаны.
Енді жағдай өзгеруі тиіс. Себебі тыңдау арқылы қызмет ететін және қабылданатын поэзияның табиғаты оңаша отырып оқитын жазба әдебиет мәтінінің дискурстық жаратылысынан оқшауланып тұратынын анықтап тұрып ажыратсақ керек.
Бұған қазіргі заманғы Еуропаның мәдени антропологиялық бағыттағы әдебиет­тану ғылымы жөн сілтей алады. Себебі сананың феноменологиялық мінездемесі бойынша тыңдау мен оқудың арасында уақыт және кеңістік категориялары бойын­ша үлкен айырма бар.
Тыңдарман алдында ағын судай төгіліп айтылған сөздің оңаша отырып жазған сөзден өзіндік айырмасы барын, жаратылысы басқа екенін, ең алдымен, санадағы психологиялық үдерістерден аңғарамыз. Ал оны тарата келгенде, шығармашылық психологияның да, поэтикалық жүйенің де, әлеуметтік жүктеменің де, қоғамдық салмақтың да, қала берді әдебиетке деген көзқарастың да басқаша болғанын осы әдебиеттің функционалдық қызметінен анықтап көруге болады.
Бұл үшін зерттеудің жаңа парадигмасы қалыптасуы керек. Бекен Ыбырайымның зерттеулерінде ауызша авторлық шығармашылықтың психологиялық аспектілеріне ден қойған, поэзияның ситуативті сипатына сәйкес мезгілдік және мекендік шарт­тарын түйіндейтін тұстарын молынан кездестірдім. Әсіресе төгіп айтудың табиғаты өлең жүйесінің құрылысына тікелей ықпал ететіні, сөз саптаудың мінездемесі басқаша болатыны дөп басылып айтылады.
XX ғасырдың басында америка ғалымдары М.Парри және А.Лорд айқындаған ауызша айтудың формулалық стильге құрылатынын, белгілі бір үлгімен өлең шығарылатынын Абай білген, бірақ сын көзімен қараған. Арада 50-60 жыл өткеннен кейін барып қана бұл құбылыстың сырын америкалық ғалымдар ашты. Бекен Ыбырайымның зерттеулерінде авторлық ауызша поэзияның жанрларын, поэтикалық өзгешеліктерін, айтушы мен тыңдарман арасындағы диалектикалық байланыстың, сөз айтудың ситуативті жағдаймен тікелей байланыстылығын тарататын тұстар жетерлік.
Алдағы уақытта ауызша авторлық поэзия өз алдына жүйеленер болса, онда Б.Ыбырайымның маңызды ойлары талай іске жарайтынына сенім білдіргім келеді. Себебі мұнда ауызша шығармашылықтың сырына біліктілікпен үңілу бар.
Енді Бекен Ыбырайымның жазушылық қызметіне аз-кем тоқталып өтпекпін. Онда да қазақ балалар әдебиетінің табысы деп айтуға әбден лайықты алғашқы шытырман оқиғалы роман «Іздер құпиясына» және «Уран кеніші» әңгімесіне назар аударғым келеді.
«Уран кеніші» әңгімесі – баршамызға белгілі қасіреттің психологиялық зардабын әшкерелеуге арналған туынды. Жоқшылықтан радиациялық кеніште жұмыс істеуге мәжбүр жандардың ауруға ұшыраған халі, соңына келген өмірдің психологиялық азабы шынайы суреттелетіні сондай, авторға еріксіз «бұл жағдайды қайдан білесің?» деген сұрақ қойдым. Себебі бұл оқиғаны, психологиялық сәттерді, кейіпкер портретін тап сондай шынайы бейнелеу, ойдан құрастырып жазу мүмкін емес. Бекеннің жауабынан өз көзімен көрген, жанына батқан өмір шындығының көкейінен кетпей, көп жылдар бойы тебіренткенін білдім.
Сол жауап арқылы әңгіменің көркемдік қуаттылығының сырын бірден түсіндім. Осы орайда француз философ-экзистенциалисі Жан-Поль Сартрдың пікірі еске түседі. Оның дәлелдеуінше, суреткер шынайы психологиялық нюанстардың алуан сырлы бояуын біреуден ала алмайды. Ол өзін-өзі әшкерелейді. Әңгімедегі айықпас дертке шалдыққан жұмысшының сөзі де, оны жұбатқан бауыры да біздің әрқайсысымыздың арыдан, іштен келетін сезім иірімдерімізді қозғайды. Үдеріс сөзге өткенде, осындай «әшкерелеудің» нәтижесімен бетпе-бет келіп отырасың. Оқырман ситуацияның ішіне өзін қояды.
Бекен Ыбырайымның көркем шығармаларына арқау болған оқиғалардың және солармен байланысты психологиялық сезім үдерістерінің ақиқатына үңілер болсаңыз, соның барлығы, ең алдымен, автордың өзі көрген, бастан өткерген, әсерін сезінген, жан дүниесін мазалаған ситуацияларға құрылатынын аңғарасыз. Психологиялық иірімдер әйтеуір бір шығарма үшін жанды қамшылау емес, шынайы ішкі әсердің сыртқа тебуі болып шығады.
Бұны сөз жоқ, жазушының көркем шығармада болуы тиіс экзистенционалды дүниесінің сезіммен астасқан көрінісі десек болады. Қазіргі қазақ прозасының бүгінгі күнгі табысын, соның бір бағытын осы айтылған психологияның ұлттық бояуымен бірлікте көмкерілген сипатынан көре аламыз. Әңгіменің әсерлілігі – оқиғасында емес, түлеп, тереңдей беретін психологиялық астарында. Бұл, сөз жоқ, Б.Ыбырайымның көркем сөз дүниесіндегі өзіндік қолтаңбасы, шығармашылық сырын игерген табысы деуге әбден лайықты.
Бекен Ыбырайым – мен білгенде, асығып-аптығуды білмейтін, атақты және даңқты қумайтын, өзімен-өзі жүргенді қалайтын қаламгер. Бекеңнің осы мінездемесі айналадағы болып жатқан құбылыстарға байыппен қарайтынын, түрлі жағдайларда қалыс психологияда болатынын, құндылықтар туралы ұғымының пендешілікке бейім еместігін көрсететіндей. Маған солай көрінеді. Өмір сүрудің рухани мәнін сезінген тұлғаның қолынан шыққан дүниенің де құнды болатыны осыдан болса керек.

Шәкір Ыбыраев

Кемеліне келген жазушы

Бекен Ыбырайым қазақ әдебиеттануында, қазақ әдеби сынында өзінің шығармашылық ізденістерімен 1970 жылдардың басында көзге түсіп, алдыңғы буын әдебиет сыншыларының қолдауы мен қамқорлығына бөленген сол кездегі талантты жастардың бірі болатын. Содан бері өткен жарты ғасырдан астам уақытты алып жатқан дәуірде Бекен Ыбырайым әдебиеттану мен әдебиет сыны өкілдерінің қатарындағы көрнекті шығармашылық тұлғаға айналды. Бүгінде Бекен Ыбырайым әдеби сын, әдебиеттің тарихы мен теориясы саласындағы еңбегімен таудай болды. Өзінің туған ауылының алдындағы Хантәңірінің өзі секілді: басынан ақ мұнар кетпейді, биігіне көз жетпейді, құшаққа сыймайды. Әдебиеттану мен әдебиет сынында, жалпы көркем әдебиет әлемінде таудай болу – таудай биік танымның, таудай алып шығармашылық қуаттың, таудай талап пен таудай таланттың тұтасқан қызметінің нәтижесі.
Бекен Ыбырайым әдебиет әлемінің қақпасын ақын болып ашты. Табиғатында бар ақындық – әдебиеттанушы ғалымның, әдебиет сыншысының айрықша аяулы қасиеті. Жаратылысында мұндай ақындық қасиеті бар шығармашылық тұлға көркем әдебиеттің сыны мен сырын аңдауда, өлең сөздің назы мен сазын барлауда тұрғыластарынан оқ бойы озық тұрады. 1977 жылы жарық көрген «Таң шапағы» өлеңдер жинағы автордың өлеңдегі алғашқы айшықты өрнегін ашумен бірге, ақындық танымы мен талғамының шуақты қызуын шашқандай еді. Ақындық әлем көкжиегіндегі осы таным автордың поэтикалық ой мен поэтикалық ойлау туралы эстетикалық тұрғысының шынардай асқақтап, шырқау биікте қалыптасуына негіз болды.
1981 жылы жарық көрген «Көркемдік көкжиегі» әдеби сын кітабы сыншының осындай көркемдік-эстетикалық тұрғысын танытты, әдеби сындағы жаңа лебіз, жаңа леп болды. «Ой мен сөз» деген атпен 1985 жылы жарық көрген әдеби сын кітабы әдебиет сыншысының көркемдік-эстетикалық тұрғысы мен ұстынды ұстанымдарының күрделі жүйесін танытты. Әдебиеттанушының «Сырлы әлем» (1997) атты іргелі еңбегінде балалар әдебиетінің жанрлық құрамы, көркемдік табиғаты, әлеуметтік сипаты аясында аса ірі мәселелер шешімін тапты. Мерзімді бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған әдеби сын мақалаларында әдеби үдерістің бағдары мен бағытын, жетістіктері мен кем түсіп жатқан жайларын көзге көрсетіп, көңілге жеткізіп айтты, әдеби үдерістің бағыты мен бағдарын барлады, әдеби сынға арынды ағыс алып келді. Автор талғамы биік, танымы бай, талабы зор, кемеліне келген келісті әдебиет сыншысы болып қалыптасты, әдеби үдеріс, әдеби шығарма сөз өнері, шығармашылық тұлға туралы заманауи эстетикалық тұрғы биігінен жүйелі пікірлер айтты. «Нағыз әдеби сын – терең көркемдік таным мен сергек эстетикалық талғамның, тәжірибе мен шеберліктің, еңбек пен жауапкершіліктің жемісі. Оны айыптау емес, байыптау деп түсіну қажет», – деп, әдеби сынның әлеуметтік маңызы, әдебиет сыншысының шығармашылық дара тұлғасы туралы заман талаптарынан оза сөйлеп, озат ойлар ұсынды. Олардың негізінде ғылыми ақиқат жатты. Әдебиеттану жүйесіндегі ақиқат алуан қырлы. Оны оқырман тұрғысынан, автор тұрғысынан, сыншы тұрғысынан, ғылым заңдылықтары тұрғысынан бағалау бар. Мұндай бағалаулардың арасында қайшылықтар да жеткілікті. Мысалы, белгілі бір әдеби шығармаға қатысты сыншының сынын автордың шамданып қабылдауы екі жағдайдың бірінде кездеседі, ғылыми ақиқат деңгейінде негізделген сынға да оның достықпен қарай алмауы ғажап емес.
Талғамы биік, талабы зор, кемеліне келген әдебиет сыншысы әдебиет туралы ойларын академиялық тұрғыда, ғылыми-зерттеулер өрісінде жүйелі дамытуға бет алды. «Қазіргі балалар прозасы және рухани-эстетикалық даму мәселелері» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі мен профессоры ғылыми атағына лайықты абыройлы, айдынды кеңістікте әдебиеттанудың шырағын жағып, шуағын таратты. Тәжірибеде әдебиет сыншысының ғылыми зерттеулерінде сыншылық саз, аққудың айдын бетінде қалқуы сияқты әдемі, әсерлі болса, зерттеуші ғалымның әдеби сынында салқын талдау, суық баяндау сарыны басым болып келетін жайлар кездеседі. Бекен Ыбырайым әдебиеттанудың тарихына, әдебиеттің сыны мен теориясына өзіндік көркемдік-эстетикалық ұстанымдарымен, тағылымды талдау мәнерімен келіп, ғылыми ойлары мен тұжырымдарын жүйелі, дәлелді және қисынды негіздеу кеңістігіне шықты. Ғылыми зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, директордың орын­басары, директор, Қазақ гуманитарлық-заң академиясының кафедра меңгерушісі, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі сияқты ғылыми-педагогикалық лауазымдарды абыроймен атқарып, Қазақстанның ғылымы мен жоғары біліміне елеулі еңбек сіңірді. Халықаралық Айтматов академиясының академигі болып сайланды, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды (2012). Бекен Бекмұратұлының көп томнан тұратын еңбектерінің әрқайсысы мазмұнының байлығы, көркемдік-эстетикалық құндылығы жағынан маңызды да мәнді. Солардың қатарында автордың ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясы туралы екі томдық іргелі монографиялық зерттеуінің маңызы мен мәні менің көзіме оттай жарық шашып, жарқырап көрінеді. Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов сынды ақындардың ақындық әлемінің ажарын ашып, сыны мен сырын пайымдауда бұған дейін әдебиеттің сыншысы да, зерттеушісі де аспаған белдерден асып, лириканы тану мен талдаудың, ақындық өнер сыры мен ақындық тұлға табиғатын бағалаудың асыл жүйесін тапты.
Әдеби сында, әдеби зерттеуде ақынның белгілі бір шығармасының туу үдерісінде оның поэтикалық ойлауының тереңдері мен кезеңдерін, амалдары мен тәсілдерін, тетіктерін табудан қиын нәрсе жоқ. Олардың өзара байланыстары мен қатынастарының логикалық және поэтикалық қисынын іздеп табудың да асу бермес асқарлары бар. Мұндай асу бермес асқарлар мен тебіренбес тереңдердің сырын тануға екінің бірі тәуекел ете алмайды. Оған байтақ ғылыми таным, асқақ көркемдік-эстетикалық талғам, ерен еңбек, берен төзім иесі ғана жете алуы мүмкін. Профессор Бекен Бекмұратұлы өзінің ғылыми-шығармашылық қызметінде осындай асу бермес асқарлар мен тебіренбес тереңдердің сырын тануға дейін барды. Қасым Аманжоловтың ақындық даралығын осындай таным кеңістігінде саралады.
Біздің мектеп оқушысы болып жүрген кезімізде жоғары сыныпқа арналған Қазақ әдебиеті пәнінің оқулығының мұқабасында оқулық авторларының аты-жөндері жазылып тұрды: С.Қирабаев, З.Қабдолов, М.Базарбаев, Б.Сахариев, А.Нұрқатов. Оқулықтың авторларының құрамы жаңылыспасам, осындай еді. Бекен Бекмұратұлы да орта мектепте қазақ әдебиетін осы оқулық бойынша оқыды. Сол оқулықты оқып, қазақ әдебиеті мен әдебиет­тануының неше буын тұлғалары жетіліп, әдеби білім айдынына шықты. Уақыт өте келе авторлар құрамы өзгерді. 2015 жылы осы оқулық Бекен Ыбырайымның басшылығымен «Мектеп» баспасынан қайта жарық көрді. Авторлар құрамы мынадай болды: З.Қабдолов, С.Қирабаев, Х.Әдібаев, Б.Ыбырайым, Ж.Дәдебаев, Қ.Мәдібаева.
Мектеп қабырғасында оқыған осы бір көзге ыстық оқулық авторларының қатарында содан жарты ғасырдан астам уақыт өткенде З.Қабдолов, С.Қирабаев сынды ұстаздарыммен бірге менің өзімнің де болғаныма қатты тебірендім. Бұл тебіренісімнің қайнар көзі Б. Ыбырайым­ның менің шығармашылығыма деген ілтипаты еді. Бүгінде бұл оқулық тарихқа айналды. Соған қарамастан, осы оқулық осы күнге дейін бар оқулықтың алды сияқты болады да тұрады. Біздің достығымыз Қазақ әдебиеті оқулығындағы авторлық қатынасымызбен ажарланды.
Бекен Ыбырайым бастап, профессор Қанипаш Мәдібаева екеуміз қостап, авторлық ұжым болып дайындап, баспадан шығарған тағы бір кітабымызды атап өткім келеді. Ол «Ұлттық рух және шығармашылық даралық» деп аталатын монографиялық зерттеу еді. Зерттеу авторлық ауызша поэзия мәселелеріне арналған. Авторлары: Б.Ыбырайым, Ж. Дәдебаев,
Қ .Мәдібаева. Монография авторлық ауызша поэзияның озық дәстүрлерін рухани жаңғырудың маңызды алғышарты ретінде зерттеудің ғылыми негізін жасау жолындағы елеулі жетістік ретінде бағаланды.
Монографиялық зерттеуде әдебиеттану ғылымындағы әлеуметтік маңызы зор және өзекті де іргелі мәселелер қарастырылды. Зерттеудің басты ұстанымын, мақсаттары мен міндеттерін, құрылымдық жүйесін анықтауда Бекен Бекмұратұлы үлкен ізденістерге барды. Авторлардың өз міндетін ойдағыдай орындап шығуына лайықты көмек көрсетті. Нәтижесінде монографиялық зерттеу қазақ әдебиеттану ғылымының дамуындағы елеулі табыс болды.
Бекен Бекмұратұлы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жамбылтану және халық ақындары ғылыми-зерттеу институтының директоры, Авторлық ауызша әдебиет ғылыми-зерттеу орталығының директоры лауазымдарын атқара жүріп, авторлық ауызша әдебиет өкілдерінің шығармашылығын зерттеу мен насихаттауда үлкен жетістіктерге жетті. Өзінің авторлық бағдарламасы аясында авторлық ауызша әдебиет үлгілерінің көп томдық сериялық басылымын жарыққа шығарды. Бұл инемен құдық қазғандай жұмыс еді. Бекен Бекмұратұлы осы көптомдықтың әр томының мәтінін Орталық ғылыми кітапхананың, Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорларынан өз қолымен теріп, қағазға түсірді, баспаға дайындады, құрастырушы, корректор, редактор, беттеуші атқаратын қызметтерді қоғамдық негізде қоса атқарды. Авторлық ауызша әдебиет өкілдерінің өміріне қатысты дерек көздерін Орталық мемлекеттік архив қорларынан іздеп тауып, ілгеріде өткен шығармашылық тұлғалардың ғылыми өмірбаянын тарихи маңызы бар жаңа мәліметтермен байытты. Ғалымның көз майын тамызып, маңдай терін ағызып атқарған іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарының көптомдығы, «Қазақ әдебиетінің тарихы» академиялық он томдық іргелі зерт­теулерге жазған монографиялық тараулары қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына зор үлес болып қосылды.
Бүгінде Бекен Бекмұратұлы – балалар әдебиетінің белгілі тұлғасы, тағылымды әдебиеттанушы, сындарлы әдебиет сыншысы. Аталған үш сала бойынша қазақ әдебиетінің дамуына, қоғамның зияткерлік әлеуетінің артуына зор үлес қосып келеді.

Жанғара Дәдебайұлы

Бекен Ыбырайым прозасының поэтикалық палитрасы

Бекен Бекмұратұлы Ыбырайым (нағыз аты – Бекболат) қазақтың көркем әдебиетіне ақын, әдебиет сыншысы ретінде келді. Бұл 1970 жылдардың орта шені еді. 1980 жылдары ол біраз жыл прозаға да қалам тартып көрді. Айтпақшы, осы арада біз аталған автордың «Таң шапағы» деген өлеңдер жинағының оның ең алғашқы тырнақалды туындысы екенін де айта кетейік. Бұлағының бастауы, суының тұнығы болып табылатын бұл кітап 1977 жылы, оның авторының бар болғаны жиырма жеті жасында жарық көрген-ді.
Ал 1977 – 1982 жылдары Б.Ыбырайым «Қазақ әдебиеті» газетінде еңбек етіп, 1987 жылы М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтына ауысып, ұзақ жылдар әдебиеттану ғылымынан өріс табады. Сөйтіп, кандидаттық, докторлық диссертацияларын сәтті қорғап, біржолата ғылыми шығармашылықпен айналысады. Сонымен арада отыз жыл, яғни ширек ғасырдан аса уақыт өткенде ғана өзінің бір кездері көз жазып қалған сүйікті жанры — прозасына қайта оралады. Енді біржолата. Еуропадағы ортағасырлық қайта өрлеу дәуірінің ең талантты, көрнекті өкілдерінің бірі әрі бірегейі ретінде саналатын голланд суретшісі Рембрандтың атақты «Қаңғыбас ұлдың қайта оралуы» («Возвращение блудного сына») атты картинасындағы бір кездері ата-анасының айтқанын қылмай, әлем кезіп кеткен бұзық ұлдың туған отбасына, өз Отанына оралғаны секілді.
«Эрмитаждан» орын тапқан бұл әйгілі полотнода ұзақ жыл дүние қызығын қуып, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен азаматтың сол бір сатқындығы үшін ақ самайлы қарт әкесінің алдында тізерлеп, одан кешірім сұрап, мінәжат еткен сәті бейнеленген. Әрине, жігіттің күнәсі ауыр-ақ. Алайда әкенің аты – әке емес пе, ол осы бір сын сағаты сәтінде ұзақ жыл өзін, отбасын зарықтырып, жоғалып кеткен азаматты ашумен кері теппей, оны өзінің аялы кең құшағына алады, яғни шын көңілден оны кешіреді.
Бұны айтып отырғанымыз, осы секілді өзін ширек ғасырға дейін мүлде ұмытып, тек арада аттай отыз жылдан соң қайта оралған Бекен Ыбырайымды да қазақ прозасы кешірді. Оны ашумен кері теппей, әлгі Рембрандтағы қайырымды қарт әке секілді қайтадан құшағына алды. Құшағына алғаны емес пе, соның дәлелі ретінде соңғы он-он бес жылдың мұғдарында Бекеннің қызықты сюжеттерімен, құнарлы тілімен, шынайы характерімен тәнті еткен «Көсеге», «Люба», «Қала шетіндегі үй» секілді әңгімелері, «Аспандағы саяхат» ертегі-хикаяты, «Іздер құпиясы» атты романы бірінен соң бірі баспасөзде жарияланып, оқырмандардың көзайымына айналды. Әсіресе оның 2022 жылы «Айбоз» ұлттық әдеби конкурсында «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болған «Іздер құпиясы» атты детективтік романы тек Б.Ыбырайым шығармашылық әлемінің ғана емес, ХХІ ғасырдағы қазақ балалар прозасының санаулы жарқын жетістіктерінің бірі болды. Менің білуімше, бұл туынды — қазақ әдебиетіндегі балалар өмірінен жазылған тұңғыш роман.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, соңғы осы он жылдықта аталған автор балалар өмірінен алып жазылған шығармаларын жазуға ерекше энтузиазм­мен кірісті. Оның сондай сүйіспеншіліктің арқасында дүниеге алып келген «Аспандағы саяхат» атты ертегі-хикаяты 2018 жылы республикалық «Алтын қалам» әдеби конкурсында тағы да бас жүлдеге ие болды. Тәуелсіздік мерекесіне байланысты республикалық байқауда 2021 жылы «Сары­ауыздың саяхаты» атты ертегі-хикаяты балалар әдебиеті бойынша бірінші орын алды. Осылайша, қазақ балалар әдебиетінде кенжелеп қалған ертегі жанрының көркейуіне айтулы үлес болып қосылған бұл хикая да өзінің қызықты сюжетімен, фантастика жанрына тән көркемдік поэтикасымен, бөтен сөзбен былғанбаған айшықты, образды тілімен есте қалды.
Бекен осы жылдары ересек оқырмандарды да ескерусіз қалдырған жоқ. Оған дәлел — оның соңғы жылдары әртүрлі баспасөз беттерінде жарық көрген «Көсеге», «Уран кеніші», «Люба», «Қала шетіндегі үй» деп аталатын әңгімелері. Бүгінгі күннің сан алуан шындығын арқау еткен бұл туындылар негізінен лирикалық проза үлгісінде жазылған. Оларда қазіргі біздің өміріміздің ақиқаттары барынша бүкпесіз, шынайы, табиғи қалпында көрінеді. Сондықтан да ондағы тұнып тұрған мөлдір сезімдер, жас жандардың бір-біріне деген ынтызар жүректерінің лүпілі, құпия сырлары, ал кей-кейде тағдырдың күтпеген бұрылыстарына тап болған кездегі олардың аһ ұрған өкініштері мен сәулелі мұңдары оқырмандарын бей-жай қалдырмайды. Олар бізді, оқырмандарын өздерімен бірге өмір сүруге шақырып, жетелеп алып кетеді. Біз бұл туындылардан да өмірдің барша гаммасын — оның қуанышы мен мұңын да, сәулетті шақтарын да, тіпті жан ауыртар қатал трагедиясын тұтастай гармонияда көре білетін, соларды өзінің суреткерлік призмасынан табиғи қалпында өткізе білетін прозашының қолтаңбасын айқын танимыз.

Серік Асылбекұлы

Қазақ балалар әдебиетіндегі тұңғыш детективті роман

«Іздер құпиясы» романы қазіргі балалар әдебиетінде кейінгі кезде қалыптасқан екі қате түсінік барын дәлелдеп берді. Біріншісі, «шығарманың көлемі қысқа болсын» деу. Екіншісі, баланың есею процесін ескермеу. Біріншісі бойынша айтарымыз: бала ұзақ шығарма оқи алмайды деп, оның мүмкіндігін қолдан шектейтін болдық. Екіншісі бойынша айтарымыз: бала тезірек өскісі, жылдамырақ есейгісі келеді. Бірақ соңғы кезде балаларға арналған шығарманы күрделендірмей жазу белең алып кетті. Бұл да бүгінгі замандағы әрнеден хабардар баланың ой-санасының өсуіне қажетті азық бере алмай келеді. «Іздер құпиясы» осы екі кемшіліктің де орнын толтырыпты. Расында да көптен бері балаларға арналған көлемді шығарма жазылмай кетіп еді. Кең құлашты бұл романның сюжеттік желілері сан тарау, алған тақырыбының масштабы да үлкен, қамтитын оқиғалары да қызықты, көркемдігі де жоғары екенін атап көрсеткен жөн. Балаларға арнап осындай көлемді роман жазған автор мойнына қандай жауапкершілік алғанын да білген, яғни жасөспірім оқырманын жалықтырып алмаудың бар амал-тәсілін жасаған.

Жер шарының 19 пайызы, ал Қазақстанның 44 пайызы шөлді аймақ болса да, бізде ондай қауіп-қатерге толы өңір мен өмірді шендестіріп жазған шығармалар жоққа тән. Мырзашөл, Қарақұм, Қызылқұм, Бетпақдала сияқты атақты аймақтарымыз бола тұра, әдебиетіміздің тағдырлы кейіпкерлері ол жақтарға аттап баспайды. Оған қоса жаппай қырып-жоятын қаруларды сынақтан өткізген, ғарышты игеру үшін ғаламат құрылыстар салынған, тұзы шығып, көлі шөлге айналған жерлеріміз де аз емес. Осындай небір шым-шытырық сюжеттер тудыруға болатын даламыздың әдеби шығармалар алаңына айналмауы туған әдебиетіміз үшін үлкен кемшілік деуге болады. «Іздер құпиясы» романында еліміз бен жеріміздің нақ осы географиялық ерекшелігі кейіпкер тағдырында шешуші рөл ойнап, адамдардың жан дүниесіндегі тылсым сырлармен, құпия құбылыстармен астастырыла суреттелгені шығарма мазмұнын сөзсіз байытып тұр. «Көш жолында екі күндік шөл бар. Басқаларды қуып жетпесе, судан қағылады» дегеннен-ақ автор жас оқырманын алдағы шым-шытырық оқиғаларға дайындай бастайды. Романның Ахмет, Анар, Әкімжан, Қараман, Саян, Шахан, тағы басқа қаһармандары тәтті сезімдерге бөленіп, алдамшы қиялдарға арбалып, оңай өмір сүретін үйреншікті кейіпкерлерге мүлде ұқсамайды. Олардың бәрі де осынау қатерлі де қатал табиғат пен тарихтың куәгерлері болуға әбден лайықты кейіпкерлер болып шыққан.
«Іздер құпиясы» қазақ балалар әдебие­тіндегі тұңғыш детективті роман ретінде де тың бастамаға жол ашқан. Көлемділігіне қарамай, шып-шымыр жазылған, ұзақ сюжеті қызықты эпизодтармен шебер шегенделген, танымдық жағынан да мазмұны бай, соған сай тілі де шұрайлы. «Жусанның сәл қышқылтым, дәмді иісі ғана бұрыннан таныс үйреншікті тіршілікті еске салады», «Таң қараңғысы жұқара бастапты», «Қарасудың түбі көрініп жатыр, жағасын жиектеген арагідік жетімқияқ, шашырап өскен, сұйқылтым, тарамыс күреңсе, изен, селеу аралас», «Қою шаң арасынан құс ұшып өтердей саңылау қалмаған»… Міне, шығарма бастан-аяқ осындай суретті де өрнекті жолдардан тұрады. «Талай кітап оқып, көп фильмді көрсе де, тап бүгінгідей суреттер көзіне түспепті», «Осы Құлашөл туралы бір оқығаны бар еді «Совет еліндегі ең ыстық құм» деп. Қызылқұм да, Қарақұм да емес деп» жас оқырманды осылай сәт сайын қызықтыра, шығарманы ширықтыра түседі. «Өлім тасқыны немесе тас көшкін», «шайтан шаң», «шаңсұр көз» деген сияқты тартымды тақырыпшалар мен тың тіркестер де молынан ұшырасады. Романның соңында Рақымжан атасы Саянға: «Айт­қандарыңыз кино сияқты», – дейді. Біз де бас алмай кітап оқумен бірге , көз алмай кино көргендей болдық.

Жүсіпбек Қорғасбек

Жаңашылдықты қазақи түсінікпен астастыра бейнелейді

Бекен Ыбырайымның шығармашылық жолы қазақ балалар әдебиетіне де тікелей қатысты. Өйткені ол – қазақ балалар прозасына және оның зерттелуіне үлес қосып жүрген әрі жазушы әрі әдебиет сыншысы. Кандидаттық және докторлық диссертацияларын балалар әдебиеті тақырыбынан қорғаған. Жазушы ретінде жас оқырмандар арасында алғаш танытқан оның өткен ғасырдың сексенінші жылдарында жарық көрген «Жұмбақ із» атты повесі.
Әдеби өмірден қағыс қалып көрмеген қаламгер бір жылдары балаларға арналған «Көгершін» атты журналының жұмысы арқылы да балалар баспасөзінің де маманы екенін көрсетті. Оның бетінде көпшілік назарын аударғаны – кіші жастағы оқырмандарға арналған шағын шығармалар.
Оның ерекше атауға тұрарлық көркем туындыларының бірі – «Алтын қалам – 2018» конкурсының балаларға арналған «Дарабоз» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алған «Аспандағы саяхат» атты ертегі-хикаяты. Кіші жастағы бүлдіршіндерге арналған бұл шығарма қазылар алқасының көңілінен идеялық бағытының айқындығымен ғана емес, жазылу шеберлігімен де шықты деуге болады.
Ең алдымен, туындының тілі балалардың түсінігіне жақын әрі көркем әдебиеттің тиісті нормалары мүмкіндігінше сақталған. Қысқа да жатық сөйлемдер жас оқырманды шаршатып жібереді дей алмаймыз. Жұқалау жағылған бояулары да ұғымға ауыр тие қоймайтыны байқалады.
Ертегі-хикаяттың бас кейіпкері – Таймас атты кішкене күшік. Жалғыз өзі іші пысып, жабығып кеткен ол айналадағы ортамен танысуға ықыласы ауады. Алдымен, өзінің шолтаңдаған құйрығын қуалап ойнаған ол үйдің шарбағынан сыртқа шығып, қоршаған ортамен жете таныса бастайды. Алдымен, торғайларға, одан кейін лақтар мен бұзауларға кездесе келіп, Ардагер деген балабақша тәрбиеленушісімен ұшырасқаннан соң, тіпті батылданып алатыны қызық.
Оқиғаның қоюланып, жедел дами түсуіне түрткі болып тұрған да – осы Ардагер. Бұлар бірте-бірте желмен жақындасып алады да, жаңадан танысқан достарымен бірге аспанға ұшып шығады. Сөйтіп, бұларға жер-әлемді танытатын да – осы аспандағы саяхаты.
Шындығын айтқанда, бұндай сюжетті тосын деуге болмайды, кейбір иірімдері басқа тілдерде жазылған шығармалардың бойынан табылып жататыны сезіледі. Бірақ автор қазақи түсініктің арнасына сала отырып, сюжетті қызық та тағылымды етіп өріп шыққан. Саяхатшылардың Айды іздейміз деп әр төмпешіктің астын бір қопаруы, бұлттардың үстімен жүруі және басқа да қызықты эпизодтары жас оқырманның көз алдында таңбаланып қалатындай сипатта. Осындай тірі суреттер оқып отырған жас бүлдіршіннің қиялына қанат бітіретіні де сөзсіз.
Осыдан кейін Б.Ыбырайым бірер жыл өткен соң, ҚР Мәдениет министрлігі жариялаған «Айбоз» әдеби бәйгесінің балалар әдебиеті номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алып, осы саладағы озық қаламгерлердің бірі екенін дәлелдеді. Қазіргі балалар прозасына жаңа тыныс әкелген туындылардың бірі – жазушының «Мен және Қарагөз» хикаяты. Ұсынар ойлары ғана емес, жазылу формасына да жаңалық әкелуге ұмтылуы қаламгердің егде тартса да, заманауи талаптарға ілесуге ықыласының нышаны деуге болады.
Б.Ыбырайымның әдебиеттану саласындағы зерттеулері мен сын жанрында жазған еңбектерінің өзі бір төбе. Солардың арасында балалар прозасын сараптауға арналған докторлық диссертациясының негізінде шығарған «Сырлы әлем» монографиясы – қазақ балалар әдебиетін тану жолындағы бағалы еңбектердің бірі. Б.Ыбырайым – сонымен бірге орта мектептерге арналған Қазақ әдебиеті оқулықтары мен оқу құралдарының авторы.

Нұрдәулет Ақыш

Құпиялы кітап

«Болар елдің баласы он бесінде баспын дер, болмас елдің баласы отызында жаспын дер». Романды оқи бастағаннан дана халқымыздың осы бір нақыл сөзі көкейімізге оралды. Оған себеп – кітап кейіпкері Саянның алғырлығы мен қағілездігі. Он төрт, он бес жасар баланың ізкескіштігіне таңғаласың. Таңғаласың да, «бұл жаста мұншама білгір, көреген болуы мүмкін бе?» деген күдігіңнің оянуы да заңды. Бірақ қазақ халқында он үш-он төрт жасынан сұңғылалық танытып, тіпті билік айтып, «Бала би» атанған жастардың аз болмағанын жақсы білеміз ғой. Содан кейін пайымдап қараған адамға Саянның көп оқығаны, оқығанын, көргенін көңілге жақсы тоқығаны аңғарылады. Себебі мұндай ізге, орын алған жағдайға қарап, нақты болжам жасау халық ауыз әдебиетінде көптеп кездесетіні мәлім. Міне, Саян кейіпкеріміз де сол ауыз әдебиетінің асыл жауһарларынан молынан сусындағанын аңдатады. Мұны бала кейіпкеріміздің қотанға шапқан жыртқыштың шолақ құйрық, сол көзі соқыр мәлін екенін дәлелдеуінен байқаймыз. Оның ізге қарап, істің жай-жапсарын шешуі де бекер емес екен. Сөйтсек, Саянның Әділбек сынды өз қатарластарымен бірге із кесумен айналысып жүргендеріне біраз уақыт болыпты. Бұл ретте оларға бағыт-бағдар сілтеп, жөн-жосық көрсетуші ұстаз Мырзабек ағайлары екенін де жол-жөнекей сөз арасында оқып, білеміз. Оның үстіне өзі жастайынан Ахмет атасының қасында жүріп, қырда, мал арасында өскен малшының баласы болса, сенбеске лажың қайсы? Авторлық қисын (мотивировка) да сенбесіңе қоймайды.
Саянның балалық құмарлығы мен қызығушылығы аяқ астынан небір қаскөйлердің құпия сырын ашуға себепкер болатыны тағы бар. Бұл ретте оны бала Шерлок Холмс деуге әбден болатын сияқты. Алғаш Батпаққарадан батып кетпей қылтиып тұрған екі бұтақты көріп, көңіліне секем ұялаған Саян сым темірден бұғалық жасап, әлгіге шалма тастап тартып көрген әуестігі арқылы батпаққа батқан сиырды табуы – бұл сөзімізге айқын дәлел.
Шығарма желісінде бір түйіннің ұшы Саянның әкесіне ерегіскен бұрынғы «зап­перме», қазіргі бас зоотехник Шаханнан келіп жатқан бәле екенін ішің сезгенмен, соның бәріне ол қайтіп үлгерсін. Білдей бастық деген аты бар, толып жатқан
науқандық шаруалары бастан асады дегендей. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Шаханның бұларға егесуі Кертөбел аттан басталады. Жайлауға көшетін қойшылардан екі-үш күн кешіктіріп, жеке қалдыру арқылы бас зоотехник байқатпай ғана Саянның атасына қысастық жасамақ па? Жайлау мен екі ортада қауіпті шөл аймақ бар. Жалғызілікті малшының ол жерден өтуі өте қауіпті. Соған қарамастан, отарды жеделдей айдап, алдағы қойшыларды қуып жетуге күш салған тәжірибелі Ахмет атасының еңбегі еш болып, қырсыққанда, аттар жоғалады. Түнде жайы­лымға жіберген аттар қайда? Шідерлеулі аттардың ұзап кете алмасы анық. Үш аттың бірдей шідері шешіліп кетуі де мүмкін емес. Осындай сансыз сұрақ толғандырған Саян ізкесушіміз жайылымды барлай жүріп, бір жерден үлкен етікті жаяу адамнң ізін табады. Аттылы дәл осы арада аттан түскен. Демек, қасақана аңдып келген біреу бар. Аттардың шідерін шешкен де сол! Қатты қуалап айдағаны да байқалмайды. Саянның пайымдауынша бұл өңірге келген аттылы екеу сияқты. Бірақ екеуі – екі басқа кісі. Демек, біреуі екіншісіне кедергі болды ма екен, бір салт аттылы, бәлкім, көзге түспес үшін тез қайтып кеткен.
Осындай ой қорытудың нәтижесінде Саян із арқылы жайылған жылқылардың беталысын анықтап, мініс аттарын тез тауып алады. Ең қызығы, әлгі аттан түскен кісінің ізі. Өкшесінде жарты ай пішіндес нәлі бар орасан үлкен етік киген адам. Ала сиырды іздеп барған Күйгенжардан көрген, кейін Батпаққарадан кездестірген ізге қатты ұқсайды. Бұл құпия іздердің иесі кім сонда? Бәрі бір адамның ізі ме, әлде?..
Бұл сауалдың жауабы Әділбек досы қоярда қоймай ертіп барған Мырзабек ағайларының шеберханасында қылаң бергендей болады. Қолөнерші ағайлары қамшы да өреді, домбыра да жасайды, қанжар соғып, етік те тігеді екен. Құпия іздер жайлы толғаныста жүрген қос «батыр» осы жерде қонышы ұзын үлкен саптама етікке тап болады.
Құпия іздердің иесі аяқ астынан, оп-оңай табылған сияқты. Бірақ әйтсе де, «қолынан осыншама өнер тамған ұстаз ағайларының мұндай қаскөйлікке, ұрлыққа бара қоюы екіталай-ау» деген дүдәмал оймен құпия іздердің сырын ашуға ынтыға кірісесіз тағы да. Кім біледі, өзі болмаса да, сыбайласы болуы мүмкін ғой.
Бұл жұмбақ салт аттылар мен құпия іздер шөлде де, жайлаудағы тау басында да жадымыздан шықпайды. Құм төсінде Саянның аталарын шөлге ұрындырып, қоғам малын қырғызуды көздеген жаман ойларын іске асыра алмаған арам ындындарын жайлаудағы тұманды күнді пайдаланып, іске асырмақ болғандар кімдер? «Аңдыған алмай қоймайды». Көзге түртсе, көргісіз соқыр тұманда отарлы қойды бөліп жіберу көп қиындық тудыра қоймаса керек-ті. Бірақ «Аққа құдай жақ» деп, тағы да біреу емес, екі салт атты бір-бірінің жолын кес-кестегендей болып шығады.
Романның ортасына қарай ол жұмбақ салт аттылардың саны үшеуге жетіп, із кесушімізді жаңылдыра бастаса, ақыр соңында төртіншісі пайда болып, оқырманын айран-асыр етеді.
Көлемі үш жүз беттей роман оқиғасы шымыр құрылғандықтан бір деммен оқылады. Үлкенді де, жасты да жалықтырмайтын тартымдылығы өз алдына. Құм төсіндегі шөл суреті мен тау басындағы жайлау төрі негізінде, бір-біріне контрасты көрініс. Соған қарамастан, көз алдыңнан сырғып өтіп жатқан кинолентасындай табиғат суреттері әсерлі де айшықты берілген. Қиыр жайлап, шет қона жүріп, шөлдің де, таудың да құбылма «мінезіне» қанып өскен қойшының баласы ретінде автордың әсіресе осы көріністерді суреттеген тұстарын тұшына оқыдық. Жаттанды тіркестерден аулақ. Тың, тосын теңеулер мен жаңа сөз тіркестерін көптеп кездестіруге болады. Шығарманың бас кейіпкерлері Саян мен Әділбектің бейнесі (образы) жеткіншектерімізді осындай алғырлыққа, көрегенділікке жетелеріне сенімдіміз. Бұл дегеніңіз балаларға арналған детектив романның тәрбиелік рөлі зор екенін көрсетеді.
Түйіндей айтқанда, «Іздер құпиясы» романы – бүгінгі қазақ балалар әдебие­тінің зор табысы деп нық сеніммен ауыз толтырып айтуға лайық көркем дүние!

Арасанбай Естен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір