ҚАЗАҚТА ҚАҒЫП КЕТКЕН ҚАЗЫҒЫ БАР…
15.12.2025
69
0

Қытайда қазақ жазба әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан, алты томдық әйгілі «Қылмыс» романының авторы, 40 жылға таяу ғұмырын Қытай түрмесінде өткізген Қажығұмар Шабданұлының туылғанына биыл 100 жыл. Ол 1925 жылы Шығыс Қазақстан облысының (қазіргі Абай облысы) Таңсық елді мекенінде дүниеге келген.

Жуырда редакциямызға орта бойлы, ашаң жүзді, шашын ақ қырау шалған, өзі де сөзі де салмақты Талғат деген азамат келіп, «Мен – Қажығұмар Шабданұлының баласымын әрі іздеушісімін» деп таныстырды. Біз «Қылмыс» роман-эпопеясының авторының өзі келгендей аңтарыла, таңырқап қолын алып төрге оздырдық. Соны сезгендей Талғат сөзін бастап кетті.
– Уақыт ұзаған сайын, соңында іздеушісі жоқ талай жақсының есімі жадымыздан өшіп, көңілімізден көшіп барады. «Көзден кетсе де көңілден кетпес» жанның бірі әрі бірегейі әкеміз Қажығұмар Шабданұлының дүниеге келгеніне биыл 100 жыл, өткеніне де 14 жыл өте шығыпты. Бүкіл ғұмырын туған елім, жерім, қазағым деп армандап өткен әкеміздің есімі жылдан жылға көмес­кіленіп, ұмыт болып бара жатқандай. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұқаралық ақпарат құралдары жерден жеті қоян тапқандай Қажығұмар туралы жапа-тармағай туыстарынан, таныстарынан сұхбат алып, халыққа ақпарат беріп жатты. Қазір ол үрдіс бәсеңсіп, атақты «Қылмыс» роман-эпопеясының авторы өмірде болмағандай. Осыны көріп, сезіп отырған туған-туыстарымен жанашыр жақыны біздердің де қабырғамыз қайысады, – деп Талғат өзімен бірге әкелген сарғайған құжаттар мен өңі кете бастаған суреттерді үстел үстіне шығара бастады.

– «Жалғыз жүрсең, жолмен жүр, жолдан жолдас қосылар. Жолдан жолдас қосылса, жолың болмас несі бар» демекші Талғат бауырымыздың бекер келмегенін сезіп, қуана қарсы алдық. Біздің сұрайын деп отырғанымызды іші сезгендей өзі туралы әңгімесін жалғады.
– Мен – Талғат Қажиакбарұлы Шабдан 1956 жылы Қытай Халық Республикасы Дүрбілжін қаласында дүниеге келдім. 1965 жылы Семей облысы (қазіргі Абай облысы) Аягөз ауданы «Овцевод» совхозының сегіз жылдық мектебіне 1 класқа барып, интернатта оқыдым. Әке-шешем өмір бойы мал бағып, көшіп қонып жүрді. Біз Кеңестер одағына 1962 жылы оралғанбыз. 1975 жылы Семей облысы, Үржар ауданында он жылдық мектепті бітірдім. 1975–1977 жылдары азаматтық борышымды Монғолияда өтеп қайттым. 1979 жылы Алматы технология техникумына түсіп, 1982 жылы тамамдадым. Қазір Алматы қаласында тұрамын.
Қажиакбар әкемізден он бір ағайын­дымыз. Әскерге барып ант қабылдаған соң полк командирі үш айлық Азбука Морзе (радио операторы) оқуына жіберді. Аталған мамандықты тәп-тәуір меңгеріп шықтым. Оқуымды тамамдап өз әскери бөліміме қайтар кезде Мәскеуден арнайы бөлімнен бір капитан келді. Алаңда (плацта) қару қолдану жаттығуларымен машықтанып жатқан едік. Штабтағы тәртіпті бақылаушы кезекші сарбаз мені штабқа шақырып жатқанын жеткізді.
Штабта жоғары шенді бірнеше офицерлер отыр екен. Әскери тәртіп бойынша қолымды шекеме таяп өз командиріме келгенімді баяндадым. Осы кезде командирімнің қасындағы капитан: «Ей баран, ты должен с перва мне доложит»,– деді. Мұндай сөзден кейін қаным басыма шап­шып кеткенін өзім де байқамай қалдым. Арқама асқан алпыс оғы бар автоматты жұлып алып, оқшантайын іске қосып әлгі неменің қолына ұстата салдым да: «На! Расстреляй мне как 37 году, одного барана меньше станет!» – дедім. Полк командирінің саяси қызмет жөніндегі орынбасары мені құшақтап алып далаға шығарып жіберді. Содан өз бөлімімде бір айға дейін қолыма қару бермеді. Кейін Алматыда техникум бітіргеннен кейін зауыттар мен фабрикаларға, құрылыс кәсіпорындары мен мекемелерге жұмысқа алмаған кездер де болды.

– Әскери қаруыңды ұсынған капитанның кесірінен емес пе?
– Сол қылығым үшін сазайымды тартқан болатынмын. Әйтпесе олар менің басымнан сипады дейсіз бе? Тіптен оған байланысты емес. Сол заманның хикметінің бірі ғой. Үйдегі байланыс құралының өзі тыңдалатын. Оның сырын кейін білдім. Арнайы бақылайтын орындар мені Қажығұмардың ағасына берген Маздап деген баласымен шатастырған болуы керек. Екеуміздің жас арамыз да бір-ақ жас. Әкеміз қытайдан келгеннен бері малда болды. «Овцевод» совхозында жүргенде шөп жиналған маяларға жасырын түрде тыңдайтын қондырғылар іліп кетеді екен. Әкеміз бізге мая жаққа бармауымызды жиі қайталайтын. Ол құрылғыны әскерде өз көзіммен көріп, қолыммен ұстаған адамдардың бірімін. Ешбір жанға зиянымыз жоқ болса да Кеңес үкіметі бізге сенбеді ғой. Себебін ішіңіз сезіп отырған шығар.

– Туыстық қарым-қатынасты халқымыз қашан да жоғары қойған. «Ағайын­ның қадірін ағалы болсаң білерсің, ата-ананың қадірін балалы болсаң білерсің» деп дана халқымыз бекер айтпаған ғой.
– Бұл дүниеде адам баласына берілген сыйдың есебі сансыз. Соның бірі – аға­йын-туыстарымыз. Жанымызға ауырлық түссе жұбататын, қиналғанда арқа сүйерің, қуанғанда қуанышыңды бөлісіп, өкпелесек назыңды көтеріп қателігімізді кешіре білетін тек ағайын-туыстарымыз ғана. Туыстық жағына келетін болсақ, Құрманұлы Шабданның төрт ұлы Қажыкелді, Қажиакбар, Қажығұмар, Ажығұмар. Осы аттары аталған ағайынды төрт адам жақсы болсын, жаман болсын қазақтың салт-дәстүрі бойынша маған әке болып келеді. Ол жағынан ешкімнің күмәні болмауы керек. Қазақ деген халық жер шарындағы ең берекесі мықты, табиғатты қорғай білген, сол табиғат аясында төрт мезгілге сай өмір сүріп, ұрпағын өрбітіп осыншама ұлан-ғайыр жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ұрпағына қалдырған.
«Малымды алсаң ал, жанымды да ал, бірақ пейілімді алма» деп бір Аллаға жалбарынған халықпыз. Қажығұмар менің әкем Қажиакбардың бір анадан туған інісі. Туған жері қазіргі Жетісу облысы, Бөрлітөбе ауданы, Тауқұм деген жердің алтыншы ауылында дүниеге келген. Кеңес одағының жүргізген солақай саясатының арқасында 1930 жылдардың басында Қазақстанды жайлаған ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен Шығыс Түркістанның Дөрбілжін ауданына ауып барған.
1940 жылы Дөрбілжін қаласындағы орталау мектепті бітірген. 1941–1945 жылдары Үрімжі қаласындағы (Шығыс Түркістан) педагогтік мектепте оқыған. 1944 жылы Үрімжіде оқып жүрген кезінде «ұлттық азшылықтар көтерілісіне байланысы бар» деген айыптаумен Қытай билік орындары тарапынан қудаланып, абақтыға түскен.
1946–1951 жылдар аралығында Дөрбілжін орта мектебінде мұғалім болып ұстаздық еткен. Жергілікті халықтардың мәдени-ағарту көтерілісі кезеңінде Дөрбілжіңдегі «Қазақ-қырғыз ұйымын» басқарған.
1952 жылы қызмет бабымен Үрімжі қаласына шақырылып әуелі «Одақ» журналының, кейін «Шұғыла» журналының бас редакторы болды.
Қажығұмар әкеміз: «Қазақ елі өзінің көк байрағын желбіретіп, дербес тәуелсіз мемлекет болса екен» деп армандап өтті. Адам өлтірген жоқ, мемлекеттің ақшасын ұрлаған жоқ. Ол өз өмірінде өлең, жыр, әңгіме, повест, романдар жазды. Қалай жазғанын, қалай жарыққа шығарғанын екі елдің де көзі ашық, көкірегі ояу жандары жақсы біледі. Қазақ болып туылғаны үшін студент кезінде үш жыл Үрімші қаласында, онжылдай Мырза түрмесінде, «социализмге, марксизм-ленинизм-маоизмге қарсы адам» деп Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде 22 жылдай мерзімді өткерді. Оны толық еңбекпен өтеп шыққан соң, араға он жыл салмай 1986 жылдың желтоқсанында «ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия кұрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады» деген айыптаулармен, «шетел жансызы» деген желеумен 15 жылға бас бостандығынан айырылып жазаланады. Жаза мерзімін Үрімжі каласының №1 түрмесінде өткізді.

– Осы жағымсыз хабар етек алғанда еліміз Кеңес өкіметінің әлі ашса алақанында, жұмса жұдырығында еді ғой. Бұл ақпаратты сіздер қалай қабылдадыңыздар, қандай әрекетке бардыңыздар?
– Қажығұмар әкемізді ақырғы рет 1986 жылы «Кеңес одағының шпионы» деп қамағанда төбемізге жай түскендей абдырап қалдық. Соған қарамастан, «Қамшы.kz» деген порталға барып сұхбат бердім. Ол кезде Қажығұмар әкеміз өмірде бар болатын. Сұхбат барысында мен Қажығұмар Кеңес Одағында, Қазақстан жерінде туған, ал мен Қытай Халық Республикасында туылғанын айттым. Сол себепті екеумізді айырбастап әкемді босатуын сұрадым. Басқа амалым болмады.
Дәл осы тұста Қытай үкіметі тарапынан саяси себептерге байланысты заңсыз қудаланғаны үшін Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде Лондон каласында штаб-пәтері орналасқан адам құқығын қорғау «Халықаралық рақымшылық» («Amnesty International») ұйымы оны «ар тұткыны» деп танып, Қытайдың кұзыретті ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен екен.
Тағы бір айта кетер нәрсе 1967 жылы Қажығұмар әкеміздің қайтыс болғанын естіп, есіміздің шыққан кезі бала болсам да есімде. Ата-аналарымыз ешкімге сыр білдірмей Құран бағыштап жетісін, қырқын берді. Ал 1984 жылы тірі екенін естіп, елдегі бүкіл туыстары жиналып қуанып, Ақсарбас шалдық.

– Қажекеңнің тірі екенін естіген соң хат жазысу, хабарласуға мүмкіндік болған шығар?
– Бұл кезде Қажағамның қызмет орны Үрімжіде болғанымен, кеңсесі Шәуешектегі өз үйінде еді. Сол себепті Шәуешек қаласы «Тарбағатай» газетінің редакциясына (Қажығұмарға) деп мекен жайын көрсетіп, хат алмасып тұрдық. Әкеміздің жазуы маржандай болатын. Кирилицамен төгілдіріп жазатын. Бізді, басқа да туған туыстарды сағынып жазған хаттарын оқып отырғанда көзден маржан жастың қалай тамып кеткенін байқамай қалатынбыз. Әсіресе 1985 жылы желтоқсан айында Қажығұмардың ағасы Қажиакбарға жазған хатында: «Қазіргі күй-жайымыз өте жақсы, ешқандай қиыншылық жоқ. Тірі шағымызда, денсаулығымыздың бар кезінде бет көрісіп алуға асығуымыз қажет. Биыл мен 60 жастамын, сен 64-тесің ғой ағатай, соны ескер» депті. Бұл әкемнің бізге жазған хаттарының бірі ғана.

– Жоғары жақтағы билік өкілдеріне Қажығұмар Шабданұлын елімізге оралуына жәрдем беруді өтінген хат­тарыңыз нәтиже берді ме?
– Қағазға да , қаламға да тыным болмады. Жоғары жаққа әкеміздің елімізге оралуын сұрап, өтініш түсіре бастадық. Қажығұмар әкеміздің туған ағасы Қажиакбардың атынан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа (24.07.07); Сол кездегі ҚР Сыртқы істер министрі
Қ.Тоқаевқа; Алматы қаласы ІІБ көші-қон полициясы басқармасының бастығы Т.А.Қаттаубаевқа; Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Бас хатшысы Пьерес де Куллерге, СОКП ОК-нің Бас хатшысы М.С.Горбачевқа, Сыртқы істер министрі Шеверднадзеге, КСРО Жазушылар одағының хатшысы Смирновқа, сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағын басқарған Олжас Сүлейменұлына, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы басшысына хат жаздық. Бірақ бұл хаттарға жауап келмеді, хабарсыз кетті. Барлық хаттардың түпнұсқасы мен көшірмелері әлі күнге менде сақтаулы.

– Талғат аға Қажығұмар Шабданұлына бостандық сұрап, елге оралуы үшін орасан зор жұмыстар атқарып, қол қусырып отырмағандарыңыз көрініп тұр. Сонда да бір өкінішіңіз бен өтінішіңіз бар сияқты ма қалай?
– Иә, оның рас. Шындық іздеп шырылдап, әділдікті қуып аласұрған қуанған да, қайғырған да сәттеріміз аз болған жоқ. Қазақтың ең орныққан, маңызды қағидасының бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Ұрпаққа ең үлкен тәрбиені де осы бір ауыз сөзбен бойына сіңірген ғой. Өзімізден үлкенді құрметтеп, өзімізден кішіге иіліп ізет көрсетудің арқасында ағайын арасындағы қарым қатынасты сақтай алдық. Бұл да – үлкен жеңісіміздің бірі. Үлкендеріміздің көзі тірісінде алдынан кесіп өтпедік. «Қылмыс» романындағы Бигелді – Қажыгелді, Биғажы – Қажиакбар, Биғабыл –Қажығұмар, Биғаділ – Ажығұмар аталарымыздың тағдыры осы сөзімнің тектен-текке айтылмағанын растайды. Жанымызға аяздай бататыны осы төрт ағайынды әкелерімнің бір-біріне топырақ сала алмай арманда кеткені. Мұндай ауыр жағдайды адам баласының басына бермесін деп тілеймін.

– Енді Қажығұмар Шабданұлының отбасы, ошақ қасына да шолу жасап, оқырманға таныстырсаңыз?
– Қажығұмар әкешім үш рет отау құрған. Біріншісі – Мәруан Қасымқызы. Ол кісіден туған ұл менен тура бір жас үлкен. Бажасына аманатқа берген. Қазір Астана қаласында тұрады. Есімі – Маздап. Екінші әйелінің есімі – Мәнігүл. Одан Тайман атты ұл туып, 1998 жылы дүниеден өтті. Өмірде бір- бірімізді бір-ақ рет және соңғы рет көрдік. Үшінші әйелі – әмеңгерлік жолмен алған Бақыш апамыз. Ортақ қыздары Жайнар Алматы қаласында. Араласып тұрамыз.

– Әкеңіздің өлеңдері мен қанатты сөздерін есіңізге түсіріп көріңізші?
– Әкемнің жазған өлеңдері аз емес. Солардың бірі 1947 жылы жазған «Жаз қалам» атты өлеңі:
Жарағың көп, жағдай дөп,
Жарқын үміт күнің бар.
Жау жалаңдап, жалмап жеп,
Жылап өткен түнің бар.
Жау жайлаған түнекте,
Жан қиналған үнің бар.
Жауыз қара жүрекке,
Жара салған күнің бар.
Жалпыға тең жарығы,
Жанға жайлы сенім бар.
Жай атқан кек пен арыны,
Жалынды күш шебің бар.
Жазығы – ырыс тауы – құт,
Жайсаң байтақ жерің бар.
Жауына қарсы жауығып,
Жасаған батыр елің бар.
Құралған жерім, елім деп,
Жауынгер құрыш ерің бар.
Жырла, толқы, ой тербет,
Жаз қаламым, еркің бар.

Қанатты сөздері:
«Шынға – өтірік, бөлінгенге – бөрі, саяққа – таяқ, жалаңашқа – жел қашан да, қай дәуірде де өш болып жаралыпты».
«Дүниеде өз Отанынан айырылудан зор қылмыс жоқ екен!»

– Қажығұмар Шабданұлының 100 жылдық мерейтойында естір құлаққа айтар өтінішіңіз бен өкінішіңіз, тілегіңіз бен қалауыңыз.
– Әлемдегі барлық халықтар тарихи тұлғаларымен мақтанатыны шындық. Әкеміз қайтыс болғалы баспасөз беттерiнен, телеарналардан көз көрген замандастарының, кезінде қолына су құйып батасын алған iнiлерiнiң еске алған лебiздерi естілмей, тасқа да басылмай қалды. Үкiмет бас болып, Мәдениет және ақпарат министрлiгi мен Жазушылар одағы қоштап, тума талант иесiнiң есiмiн ұлықтап, ел есiнде мәңгiлiкке қалдыру мақсатында толық шығармалар жинағын жарыққа шығарса, мектептер мен көшелерге есiмiн берсе, басқа да игілікті шараларды қолға алса деген ағайын туыстардың арманы бар. Бүкіл саналы ғұмырын елім, жерім, Отаным деп өткізген әкеміздің танымал тұлғалардың тізіміне енбеуі – біз үшін де, қазақ елі үшін де үлкен өкініш. 87 жасқа келгенде дүниеден озды. Қажекеңнің ақырғы аманаты «Туған жерім Тау-Құм Балқаштың қойнауына жерленсем» деген арманы орындалмады. Қазақ болып туылғаны үшін өмірінің 80 жылын адам төзгісіз қорлық, зомбылықпен өткізді.
Талғат ағамен болған сұқбатымды Серік Ақсұңқарұлының «Боздағым» атты өлеңімен аяқтауды жөн көрдім:
Қазақта қағып кеткен қазығы бар,
Қытайда шәйіт болды
Қажығұмар.
Құл болып жүре алмады
демесеңіз,
Құдайға оның қандай
жазығы бар.
Қазақта он миллион аз ұлы бар,
Қайтейін бір боздағым
Қажығұмар.
Сол аз жұрт бірін-бірі іздемесе,
Аз ұлдың қандай халық
назын ұғар.

Сұхбаттасқан Жүніс ОМАР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір