Поэзияның алтын қазығы
Есағам кеткелі де үш жылдың жүзі болды. Есенғали ақынды сағынғаннан «Құбыла» атты поэмамда: «Есентай жоқ, Есентай жатыр ағып…» – деп жазып едім.
Ол қазақ поэзиясының қақпасын айқара ашып, өзінің қайталанбас жырларымен құбылыс болып келген еді. Оның жырлары соншалықты шынайы, соншалықты мөлдір, табиғаттың өзінен тамыр алған риясыз еді.
Қазақ лирикасын түрлендірді, сондай-ақ өзінің поэмаларымен эпикалық жанрға да тыңнан түрен салды.
Кезінде қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза-Әли: «Ұлттық бояу» дегенде, әрине мен тек көзді де, көңілді де қандырар, сыртқы сымбатын, мінсіздігін ғана емес, ішкі иірімдерінің соншама көркемдігін, мазмұн байлығын, ой тереңдігін, теңіз түбінен інжу-маржан суырғандай теңдессіз тапқырлығы мен шеберлігін айтсам керек. Бұлар – тіпті мен ашқан жаңалық емес, әлдеқашан әдеби қауым мойындаған ақиқат. Ал лирикасы солай болғанда, Есенғалидың қамшы салдырмас хас жүйріктей есіп отыратын дарқан да парасатты тамаша дастандарындағы эпикалық қарымдылығына қайран қаламын.
Бір сөзбен айтқанда, ақын Е.Раушанов шығармаларының қай-қайсысы да қазақ поэзиясының, шын мәніндегі, алтын қазығы деуге аузым барады», – деп жазыпты.
Өзінің інжу-маржан жырларымен әдебиет сүйер ортаны мойындатқан Есенғали ақын өмірден ертерек озғаны өкінішті. Бірақ оның жырлары қашан, қай уақытта оқысаң да, жаныңды сергітеді, сарайыңды ашады.Нағыз ақын шығармалары елінің асыл қазынасына айналып кететіні айдай ақиқат.
Қазақ поэзиясының классигі Есенғали Раушанов есімі де қазақ барда жасай бермек, ал оның өлеңдерінің өміршеңдігі әр оқыған сайын жаңа қырынан танылады. Шын ақынның шығармашылығы қашан да оқырманның жан серігі болатынына сенім мол!
Бауыржан ЖАҚЫП
Есенғали РАУШАНОВ
Аққудай айдынынан ұшып кеткен…
***
Есімде бәрі, есімде
Көлдер де, самал желдер де.
«Бестөбе» жақтан бесінде
Келелі түйе келгенде;
Бір көрсем деп ем, бір көрсем,
Өзгедей арман жоқ менде,
Бұзылып ағып жүрген сең
Көпірді жұлып кеткенде.
Желін қап тартқан інгендер
Ботасын іздеп боздайтын,
Түтіндік салған түндерде
Түйекеш бір сыр қозғайтын.
Сары үлек гәптің басы боп,
Қалғитын жаңа туған ай.
Кететін көзі шашып от
Келеге түсер бурадай.
Қамшысын бүктеп қолға ұстап,
Маған бір қарап, оған бір,
Шылымын жиі сорғыштап,
Сөйлейтін сонда ағаң бұл.
Жағымсыз даусы барқырап,
Тұратын атып далбаңдай.
Жараспаушы еді нән тұмақ,
Ботаға жазы салғандай.
Сары үлек гәптің басы еді,
Соңы да осы бар уақ.
Сары үлек – оның әселі,
Сары үлек – қолдар аруақ.
Құтыртып әзіл-оспақты,
Салатын күй ғып ысқыра,
Қайыта барып қоспақты,
Қайта алмай қалған тұсты да.
Әңгіме дейсің кай тәуір,
Жетпейді кейде шадамың.
…Болуы керек, әйтеуір,
Айқайлап айтар бір әнің!
***
Құла тай үзіп шылбырын,
Құдағи сасып жүгірді.
Құнан боп қапты-ау «құрғырың»,
Құданың ауылы «бүлінді».
Бүлігін сосын өршітіп,
Үйірге қарай ұмтылды.
Керзі етікпен жер шұқып,
Ер жетіп қалған ұл тұрды.
Не істермін тарпаң шіркінге,
Не болса, болды, өтті енді…
Құдаша қыз кеп, бір түнге
Әбзелімді алып кеткен-ді.
Мен «жоқ» деп қалай айтармын,
Мың рет қолқа салсаң да?!
Ер-тұрманымды қайтардың,
Еркімді алып қалсаң да.
…Төгіпсің бәрін зердің де,
Ісмер ме едің мұншалық?!
Көнтақы ерді көрдің де –
Көрпеше тіктің түр салып.
Қырғыздан келген қыл шылбыр,
Сырғызған жабу – ол дайын.
Жас дәурен, сен де – жырсың бір,
Қай мақамменен толғайын?!
Шағыр бураның шудасын
Ширатып алып бөстектен,
Шеребеменен жуғасын,
Шежімдеп тұсау еспеп пе ең!
Тұманды сайға ап барып,
Тұсауын құнан жоғалтты.
Іздеген болдық – таппадық,
Таппадық жасыл қолатты.
Тұңғиық көзді тұнық қыз
Отыр ғой міне, өмір-ау,
Тұсауды іздеп жүріп біз,
«Тұсалып» қалған едік-ау.
СЫР
Шаруаның көбі бітпеді,
Ойға алған арман-мақсат көп.
Үдіре көшкен үттегі
Үргедек бұлтқа «сап, сап» деп;
Үздігіп талай жалындым,
Үзгенде моншақ нұр-түндер.
Үрзада жырын жанымның
Тыңдаса деп ем шіркіндер.
Қалды үнсіз бөгіп сағымға,
Барып ем тауға шоң мүсін,
Теберік берер шағында,
Теперіш көрген сорлы шың.
Өзенге келдім әйгілі
Өзінше шулап тасыған.
Қарабайға ұқсап қайрымы
Аспады қара басынан.
Егеулі кездік – сырлы арман
Елеусіз неге ескірсін,
Дауылға толы жылдардан
Даусымды менің естірсің.
Тас-қайғың болса, уатып,
Тас-талқан етіп жіберем.
…Қалай да саған, уақыт,
Оқуым керек бір өлең!
ҚАРАКӨК АЙҒЫР ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
(Аманғалиға)
Ақша бұлт ақ батсайы жаулық па еді,
Жұлқиды әйленкес жел әулікпелі.
Үйірден көрінбейді қаракөк ат,
Құдайың беріп қапты-ау, сәурік торы.
Ұранын шақыртатын дүйім елдің
Пырағым, кімге ол үшін күйінермін.
Сүркектеп желі айналған қойторының
Сүмпиген сұлбасына сүйінер кім?
Үріп бір соқса боран үдемелі,
Үйірін шырқ үйіріп жүрер еді.
Ол емес байталсырап лағып кеткен,
Түзде қап, тұсап қойсаң түнегелі.
Қорада қайтарардай қарымтасын,
Ақырға салғандайын бар ынтасын.
Томар бас келбетіңмен, торы шобыр-ай,
Сен маған тұлпарларды сағынтасың.
Қалтырап түні бойы сабат қарда,
Білдіріп айғырлығын таң атқанда,
Қутыңдап қулық қашса күйі келген,
Тымпыңдап қуу үшін жаратқан ба?
Қарасам болмысыңа бойлап анық,
Сен емес бәйге алатын тойға барып.
Шобырды мінгенменен, тұлпар болмас,
Оданда тұлпар жайлы ойланалық.
Ақ қасты ер, жез жалатқан өмілдірік,
Жібекпен сүрттім қатқан теріңді үгіп.
Жапқаным – жабағы жүн киіз емес,
Түрікмені қалың кілем төгілдіріп.
Әбзелі жараспайтын басқа малға,
(Музейде, қазір бәрі астанамда).
Сөз болдың маслихат құрғанда ел,
Неше бір жайсаңдар мен қасқаларға.
Сөгіліп қыс көбесі тұрған өктем,
Сол жылы ерте келді құмға көктем.
Ай бойы жиендерде жатып алды,
Сары шал базаршылап Сырға кеткен.
Өзімше суыттым мен Қаракөкті,
Таң ата-ақ тарттым ұстап дала бетті.
Қыз – алқа, сабау – кірпік жанарынан
Мен өптім, содан кейін самал өпті.
Өзгелер «бұл қалайлап» қараса да,
Дестік біз той иесіне оңашада:
«Серке үшін күріш еккен шептіктер бар,
Сен бізге тайынша сап тамашала».
Басталды қызу дода қырғын салым,
Дірілдеп көкжиекте гүл-гүл сағым.
Ширатып атты аспанға шын жүйріктер
Шылбыр ғып есіп алып қырдың шаңын.
Мәстегін басына ұрып, талға байлап,
Кей жігіт күйіністі «арман-айлап».
Қамшыны қараш өрме тістеп алып,
Біз кірдік бір бүйірден андағайлап.
Шал-шауқан жігіттерге атты беріп,
Шоң-тозаң құм кілемін жатты көміп.
Шағырмақ жұлдыздайын іңірде аққан
Шапқан боз көкпарды іле ақты келіп.
Жөнелді Каракөк те ытырылып
(Қиын-ды одан жылқы құтылуы).
Аулақта өз-өзінен тулап алды
Құйымыр құла байтал құтырынып.
Сүрінді ат, омақасты сонда кенет,
Ес жидым, өзімді-өзім зорға демеп.
Алқынып, бүйірін соғып жатыр тұлпар
Бұлбұлдай түсіп қалған торға бөлек.
Жылқының жігін танып білер бүгін
Бапкердің байламына тірелді мұң.
Ағима шапан киген атсейіс шал
Сипайды күп боп кеткен шідерлігін:
– Балам-ай, қам екен ғой Қаракөгің,
Енді кеш, бір айласын табар едім.
Көктемгі өткіншіге арзымайтын
Азбан бұлт алды бүркеп дала көгін.
Ағат іс жасапсың-ау сен, қарағым,
Ұшырдың абыройдың желге бәрін.
Бапкердің өресі тар болса, атқа
Кеңдігі неге керек кер даланың.
Соңғы амал, жабырқама секем алып,
Алалы жылқы айдап өт, жеке қалып.
Дүбірге шыдамайды зылт арғымақ,
Не өліп, не түрегеп кетері анық.
Өмірдің өсіп шыққан гүлі дара
Мезгілсіз шынымен-ақ жұлына ма?
Хас пырақ жатқан дөңнен өтті шұбап
Тас тұяқ сәйгүліктер құбылаға…
Осы сәт бар дүниені ұмытқам-ды,
Бұл сурет есте мәңгі тұрып қалды.
Ышқына ұмтылды да ең соңғы рет,
Мәңгіге қайран тұлпар сұлық қалды.
…Қалтырап бал құрағы қаралы өңір,
Мен жатсам қош айтқалы саған, өмір,
Соңғы рет сом тұяқ-жыр болып өт сен,
Дүбірлеп тынсын мына дала-көңіл.
БАР ЕДІ СОЛ АУЫЛДА БІР ЖАС АҚЫН
Тұратын тоғыз жолдың торабында,
Ісі жоқ Жазушылар одағында.
Көрт мініп, көген тартып, түйе діздеп,
Бір ақын өсіп еді сол ауылда.
Мінезі – әрі керней, әрі сырнай,
Ер жетті ештеңеден сағы сынбай.
Күндері өтіп жатты бір ырғақпен
Жайқоңыр «Қосалқаның» қағысындай.
Өлең ғып өзі туған белес, қырды,
Оңаша өз ойымен кеңес құрды.
Өтірік мақтаған жоқ ол ешкімді,
Көпіріп даттаған жоқ ол ешкімді.
Жақын боп жанаспады біреулермен,
Ол емес біреулерді тіреу көрген.
Сыр тартып отыратын жалғыз қалып
Күміс көл, күмбірлі өзен, күрең белден.
Ол емес жоқ нәрсеге ісіп-кепкен,
Айта алман, тағы да оны пысық деп мен.
Періште секілді еді, назырқанса,
Аққудай айдынынан ұшып кеткен.
Көрсе де ауыр күнді, қиын жылды,
Саудаға салмай өсті сүйіп жырды.
Өмірде кейін жүрді ол осылай,
Өмірде ол осылай биік жүрді.
Сол ақын, беу, Алматы, келді саған,
Ол деген – кереметтей сенгіш адам.
Өмiрді үйретiңдер оған енді,
Өмiрдi үйренiңдер ендi содан.