ҰЛТ ТІЛІН ҰЛЫҚТАҒАН ҚАЙРАТКЕР
Қазақ тілінің ғылыми негізін бекемдеп, әдеби сипатын айшықтауда көрнекті ғалым, тілтанушы Ахмеди Ысқақтың еңбегі ұшан-теңіз. Ана тіліміздің сонау ықылым замандардан сақталып келе жатқан тазалығы мен саф құдіретін, бай қорын күллі ғалымдық қажыр-қайратын жұмсай жүріп жүйелеп берген қайраткердің сара жолы тіл білімінің қай саласында да сайрап жатыр. Көрнекті зерттеуші Рақыш Әміров ғалымның еңбектеріне тоқтала келіп: «Қазақ тіліне көңіл бөлінбей, мектептерде дұрыс оқытылмай жүрген қалаймақан заманда бұл кісі 1957 жылы «Қазақ тілін оқытуды жақсартайық, конференция өткізейік» деген талап, ұсынысын білдіреді.

Оқу министрлігі конференция өткізуге мұрша беріп, Ахмеди Ысқақ «Қазақ тілін оқытуды жақсартудың ғылыми жолы» атты баяндама жасады. Ахмеди Ысқақтың ұйымдастыруымен өткен осы конференция материалдары негізінде Орталық комитет бюросы өтіп, онда маңызды қаулы қабылданды. Қазақ мектептерінің еңсесі көтерілді, қазақ тілін оқытудың жағдайы жақсарды, сағатын көбейтті. Орыс мектептерінде бұған дейін тыйылып қалған қазақ тілін оқыту қайта енгізіліп, екінші кластан бастап оқытатын болды. Мектептерде қазақ тілін оқытудың бағдарламасы жаңадан құрылды, практикалық барысына көп мән берілді. Оқулықтарды қайта жазды. Сол екпінмен қазақ мектептерінің қазақ ұлттық сипатын күшейту, жергілікті халықтың тұрмыс-халін, табиғатын таныту мәселелері лезде жалғастырылып, көтерілді. Нәтижесінде мектептерде Қазақстан тарихын оқыту, Қазақ ССР-нің географиясын оқыту пәндері шықты», – деп жазған екен естеліктерінің бірінде. Кеңес үкіметі қаһарына мініп тұрған аласапыран кезеңде ана тіліміздің айбынын асқақтату арқылы қазақы болмыстың, ұлттық рухтың, мемлекеттік бет-бейнеміздің өміршеңдігін берік ете түскен Ахмеди Ысқақ күллі жұмысын, қызметін ұлтжандылықпен атқарғанын көреміз.
Семей облысының Абыралы ауданында дүниеге келген Алаштың арда ұлы анасынан алты жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Әбілқасымның тәрбиесінде өскен екен. Көзін көргендердің айтуынша, әкесі Ысқақ Абыралы өңірінде болыс болған, ағайын-туысқа, айналасына жанашырлығымен есте қалған деседі.
Ағасы Ахмедидің оқуға деген ынтасын байқап, арабша хат танытады. Жеті-сегіз жасында Құран сүрелерін жатқа айтқан ол, орысша да тіл сындырады. Бастауыш мектепті тамамдап, Қарқаралыдағы мұғалімдер гимназиясында оқиды. Жолдама алған соң еңбек жолын Қарқаралы, Қызылжар қалаларында ұстаздық етуден бастаған ол 1936 жылы білімін шыңдау мақсатында Алматыға ат басын бұрып, қара шаңырақ КазПИ-ге оқуға түседі, профессор Құдайберген Жұбановтан тіл білімінен дәріс алу бақытына ие болады. Ары қарай Ленинградтағы КСРО ғылым академиясында аспирантық оқуын жалғастырып, ғылым даңғылына толықтай табан тірейді. Ұстаздық ұлағаты мен ғалым ретіндегі табандылығын ұштастыра білген сөз зергері талай шәкірттің жолын ашып, ғылымдағы жұлдызын жарқыратты. Зерттеушінің мол тәлімін бойына сіңіріп, кесек-кесек сөздерін ойына қондырған шәкірттерінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парасат орденінің иегері, ғалым Асылы Осман: «Ахмеди Ысқақұлын 1970 жылға дейін оқулықтар мен жазған еңбектері арқылы білсем, 1970 жылдан бастап ғалымның ғылыми шәкірті болдым. Ахмеди аға бір тақырыпқа ғана тұсалып қалған ғалым емес, қазақ тіл білімінің сан түрлі саласының бәрін де қамтыған жан-жақты зерттеуші. Қазақ ғалымдарының ішінде тіл тарихы мен әдеби тіл туралы ең алғаш пікір айтқан тұлға. Ол өзі ғылымға адал болғаннан кейін, ғылымға адал жандарды да ерекше сезетін. Ат жүрісінен белгілі болатыны сияқты, ағайым әрбір адамның сөйлеген сөзінен, ойынан, логикасынан, адамға деген қарым-қатынасынан адамды таңдай да білетін, тани да білетін. Сондай көрегендігінің, тани білетінінің арқасында Рабиға Сыздық апамызды сонау Ақтөбеден осында, ҚазПИ-ге шақырып, беделді, белгілі ғалымның болашағына бағдар жасады. Ахмеди ағайдың адамды ұлтына, нәсіліне бөлмейтін адалдығын менің басымнан да көруге болады. Мені өзге ұлт деп бөлмей, кеудемнен итермей, басымнан сипап, арқамнан қағып, туған перзентіндей көріп, халқының кең пейілділігін көрсетіп, мені де сол рухқа баулыды.
Ахаңнан оқып, білім, тәрбие алған мұғалім, ғалымдар республикамыздың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етті, етіп келеді. Ол кісінің шәкірттерінің көбі халық ағарту саласында басшылық қызметте, мектеп директоры, кафедра меңгерушісі, оқулықтар мен методикалық құралдардың авторы, түрлі дәрежелі атақтағы ғалымдар болды. С.Қирабаев, Р.Сыздықова, Қ.Сәдуақасов, С.Сарыбаев, Н.Оралбаева, А.Хасенова, Ф.Мұсабекова, Т.Қоңыров, Р.Әмірев, Ә.Хасенов, А.Әбілқаев, М.Ұйықбаев, Б.Кәтенбаева сынды қазақтың көрнекті ғалымдары мен профессорлары Ахмеди Ысқақтың білімімен сусындады», – дейді ұстазы туралы толғана сөйлеп.
Әліппенің атасы Ахмет Байтұрсынұлының тіл біліміне қатысты зерттеулері мен терминдерін одан ары дамыта жіктеген Ахмеди Ысқақұлы қазақ тілінің морфологиясын, лексикографиясын, тіліміздің грамматикалық құрылысы мен этимологиялық түп-тамырын, тыныс белгілері мен түбір сөздердің мағынасын, сөз, сөйлем жасау ерекшеліктерін, бәрін-бәрін тереңнен зерделеп, ғылыми монографиялар, мектеп оқулықтары мен жоғары оқу орындарына арналған әдістемелік құралдар жазды. Бірнеше мәрте қайта басылған «Қазақ тілі грамматикасы», «Есім сөздер», «Қазіргі қазақ тілі», «Марфология» еңбектері күні бүгінге дейін жоғары оқу орындарының, зерттеушілердің басты оқу құралдарының бірі болып келеді. «Мектепте ана тілі мен әдебиетті оқыту жөніндегі ғылыми зерттеу жұмысының жайы мен міндеттері», «Қазақ тілін оқыту методикасының қазіргі жайы мен міндеттері», «Ана тілін оқытудың түйінді мәселелері», «Қазіргі қазақ тіліндегі үстеу сөздер», «Қазақ тілі морфологиясының зерттелу жайы», «Қазақ тіліндегі сөздердің топтастырылуы», «Қазақ тіліндегі сөздердің морфологиялық құрылысы және есім сөз топтары» зерттеулерінде де тілімізге тән түйткілдерді тамыршыдай тап басып, саралаған.
Қазақ тілін жаңа тіл деп ділмәрсігендерге дәйекті түрде тойтарыс беріп, қазақ тілінің бағзыдан тамыр тартқан, тілдік даму нормаларының барлық сатысын өткерген көне тіл екенін еңбектерімен айғақтады, көне жазба ескеркіштердегі жазулармен салғастыра зеррттеді. Ежелден адам баласы табиғат құбылыстарына, тіршіліктегі түрлі жайттарға құлақ түре жүріп, бірте-бірте сөйлеуге машықтанғанын, түрлі дыбыстарға еліктеуден еліктеуіш сөздердің қалыптасқанын алға тартты.
Төл тіліміздің көнеден келе жатқанының бір дәлелін ғалым былайша келтіреді: «Қазіргі қазақ тілінде алғашқы екі буыннан кейін ерін үндестігінің сақталмауы кездейсоқтықтан пайда болған нәрсе емес. Бұл құбылыс түркі тілдерінің ерте замандардың өзінде ала-құла болғанымен байланысты болса керек. Бұған тек дауысты дыбыстардың үндестігі ғана емес, дауыссыз дыбыстардың арасындағы үйлесімділіктің алалығы да айғақ. Мысалы, қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде: «қыз-лар», «ат-лар», «йаш-лар» сияқты формалармен қатар «қыздар», «аттар», «жастар» болып айтылатыны осыған дәлел.
…Тіліміздің даму тарихында, бір жағынан, сабақтастық заң берік сақталғаны айқын көрінсе, екіншіден, барлық дәуірде де сөздердің шығу, даму, қалыптасу жолдарын бағдарлайтын және оларды бір арнаға түсіріп отыратын берік заң болғанын көреміз. Оның бірі – дыбыстар мен сөздердің ынтымағы, екіншісі – тілдегі жаңа пайда болған құрылыс-құрылым өзгерістерінің ұзақ уақыт бойы үзбей қолданылғандағы тыңғылықтылық (ықтияттылық) көрінісі».
Айтулы тұлғаның ұлт руханиятының алтын қоржынына қосқан ерен еңбектерінің ішінде онтомдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» құрылуына басшылық еткенінің орны бөлек. Қазақтың ғана емес, бүкіл түркі халықтарының тарихында тың құбылыс болып қатталған онтомдыққа дейін Ахмеди Ысқақ сөздік құрастырудың жүйелі сатыларынан өткен. Қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктер түзе келіп, жауапкершілігі орасан «Абай тілі сөздігін» құнттап, халқының рухани қажетіне ұсынады. Ақынның туындыларында қандай сөздер, қандай тіркестер қолданылғанын, әр сөз бен тіркестің қай жерде қанша рет өлең жолдарына әр бергенін белгілеп, жеке-жеке мағынасымен, сол тұстағы қоғамдық мәнімен мазмұндайды. Сөздік алғы сөзінде: «Абай өз шығармаларында алты мыңдай сөз қолданыпты. Бұдан Абайдың сөздігі кедей екен деуге болмайды. Шындығында, Абай қазақ сөзін шығармаларында қолданған сөздердің аясынан әлдеқайда көп білген», – деген ғалым, ұлы ойшылдың үйреншікті сөздердің үйреншікті мағыналарына жаңа реңк, жаңа мағына үстеп жазғанына да тоқталған.
Жиырма жылға ұласқан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастыру да оңайға соқпады. Көрнекті ғалым Байынқол Қалиев бұл жылдарды: «Қазақша шыққан бүкіл газет-журналдарды, көркем әдебиетерді, қазақша жазылған мақалалар мен ғылыми еңбектерді, оқулықтардың барлығын карточкаға түсіріп, реттеп, санап көріп едік, жүз алпыс мыңдай сөз шықты. Бір қызығы, әлгі жүз алпыс мың сөздің (60–70-жылдар, Совет үкіметі бар кез) жүз мыңы орысша, алпыс-ақ мыңы қазақша болды. Бұл қазақ тілінің түсіндірме сөздігі болғаннан кейін, қолданыста жүрсе де, орысша сөздерді сөздікке қосамыз ба, қоспаймыз ба деген үлкен мәселе тұрды алдымызда. Ахаң осының жай-жапсарын анықтау үшін Мәскеуге барып, ғалымдармен ақылдасып келді.
Мен Ахаңның шәкірті, көмекшісі ретінде шырылдап: «Жоқ. Бұл – қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Орысша айтылып, орысша жазылып жүрген орыс, Еуропа сөздерін, латын, грек сөздерін сөздікке түгел енгізуге міндетті емеспіз. Ол қазақтың сөзі болмайды», – дегенімде, Ахаң тоқтатып, парасатты түрде пайымдап еді. Шын мәнінде де, кейін онтомдықты аяқтағанда, тұтас сөздікте алпыс жеті мың сөз қамтылды. Соның жеті мыңы ғана орысша айтылып, орысша жазылатын сөздер, алпыс мыңы қазақтың төл сөздері болып шықты. Ахаңның көрегендігі сол, егер ол кісі заманға орай жат сөздердің де біршамасын алуымыз керек екенін айтпағанда, сөздік жасағандар «ұлтшыл» атанатын ба едік?.. Сөздікті шығаруға қол жеткізетін бе едік?..» – дейді, қысылтаяң сәтте саналы жол тауып, қазақ сөзінің түгенделуін басты мұрат еткен ғалымның тұлғалық болмысын аша сөйлеп. Сөздік жайында: «Қазақ лексикографиясының теориялық мәселелері құнтталып, зерттелмегендіктен, оның көп тұманы айықпағаны, көп түйіні шешілмегені аян. Солай бола тұрса да, халқымыздың замандар бойы мектебі жоқта – мектебі, кітабы жоқта – кітабы болып, оның бүкіл азаматтық тарихының, шаруашылық тұрмысының, рухани өмірінің, өмір бақиғы тіршілігінің айғағы болып қызмет етіп келген ана тілінің әрі асыл, әрі бай қазынасынан сөз қалдырмауға тырысып, қордағы материалды сарқа пайдаланып, сөздікшілер көп уақытын, қыруар еңбегін сарп етіп, жетпегенін жетілдіре, толмағанын толтыра отырып, алдарыңызға осы сөздікті ұсынып отыр», – деген Ахмеди Ысқақ тіл-тілдің сөздік құрамы әр халықтың өз тарихының, өз тұрмысының, өз мәдениетінің, оның дүниелік және рухани қазынасының айнасы болып есептелетінін де еске салады.
Тіл білімі маманы Мырзатай Серғалиевтің жазуынша, онтомдыққа «66 мың 931 атау сөз және 24 мың 498 фразеологиялық тіркес, жалпы алғанда, 103 мың 429 лексикалық-фразеологиялық единица қамтылып, 103 мың 627 түрлі сараптама берілген. 1089 автордың 2597 кітабынан, 108 жеке кітап пен жинақтаy, 12 аударма әдебиеттен, 17 оқулықтан, 14 журнал мен 7 газеттен – барлығы 2827 жазба нұсқадан алынған материалдар» екшеліпті.
Осындай қадау-қадау жұмыстардан тұратын түсіндірме сөздікті құрастыруда Асылы Әлиқызының да үлесі зор. «Институтта Ахмеди ағаның жөн сілтеуімен «Абай жолындағы» сөздерді зерттеуді үйрендім. Онтомдық түсіндірме сөздіктің жұмысына қатыстым. Сөздікті жасау кезінде білмегенімді біліп, үйренбегенімді үйрендім. Соның өзі бір ғылыми мектеп болды. Бірде-бір түркі тілдес халықта онтомдық түсіндірме сөздік жоқ. Он тоғызыншы ғасырда Еуропаны француз тілі қалай тербесе, бүгінгі таңда қазақ тілі түркі тілдеріне сондай дем беруде. Қазақтың «бірақ» деген бір сөзінің өзіне жүз отыз синоним бар. Осыны Париж төрінде тұрып айтқанымда, олар қатты таңғалған еді», – деген Асылы апай, басшылық қызметтерді абыройлы атқарып, көптеген мәртебелі сыйлықтарды еншілеген ғалым бүгінде көп атала бермейтінін, еңбектері әлі де өз бағасын алмағанын айтып, ішкі қынжылысын да білдірді. Туған өңірі Семей қаласынан ғалым атына бір көше бұйырмай тұрғаны да шәкірт көкейінде жүр.
Қазақ тілінің көне де көркем тіл ретіндегі табиғатын әр тараптан терең зерделеп, кеңестік идеологияның кәрінен жасқанбай, ана тілге араша түсіп, ұлттық тіл ретінде жандануына жанын сала еңбек еткен тұлғаның кемел ілімі ұрпақтар жалғастығымен жасай бермек.
Мөлдір Райымбекова