Ұстазын ұлықтаған шәкірт
26.02.2025
150
0

Евней Арыстанұлы Бөкетов жайлы әңгіме қозғалса, ең бірінші есімізге «Біртуар» сөзі оралады. 1998 жылы Қарағандыдан академик Е.А.Бөкетовтің көзін көріп, тіршілігінде онымен сырлас-сыйлас, шығармашылық қарым-қатынаста болған азамат­тардың естеліктерінен тұратын «Біртуар» ат­ты кітап жарық көрді. Зе­йін қоя оқып шыққаным әлі есімде. Онда белгілі қоғам қайраткерлері мен ғылым докторлары, ақын-жазушылар мен ұстаз, тәлімгерлердің Бөкетов туралы жазған сыр-толғам, естелік-эсселері Бөкетовтің адамгершілігі, парасаты, өнегелі істері жайлы ғибрат­ты әңгіме қозғайды. Естелікте жазушылар «Бөкетов – талант­ты публицист, аудармашы-журналист, әдебиет­ші» еді деп ілтипатпен еске алады. 

Халқымыздың ардагер ақыны Әбділда Тәжібаев, медицина ғылымының докторы, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, профессор Ишанбай Қарақұлов, көрнекті ақын Сырбай Мәуленов, жазушы Жайық Бектұров тағы басқалардың естеліктері Бөкетовтің сан қырлы талантын, адамгершілік қасиет­терін жан-жақты ашып көрсеткен. Тіршілігінде Евней Арыстанұлы белгілі қоғам қайраткерлері, ғалым, ақын-жазушылармен жақсы қарым-қатынаста болғаны белгілі. Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұрпейісов, К.Салықов, Ф.Оңғарсынова, А.Сейдімбек, В.Кожевников, С.Никитин, А.Брагин сынды қазақ-орыс ақын-жазушыларымен тығыз шығармашылық байланыста болды. Осы кісілермен жазысқан хат­тары Қарағанды мұрағатында әлі сақтаулы.
Бөкетовтің ғалым, қаламгер ретіндегі тағдыр-талайы, шығармашылық һәм азамат­тық келбеті көрнекті жазушы Медеу Сәрсекенің 2007 жылы«ЖЗЛ» сериясымен Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан жарық көрген «Евней Букетов» ғұмырнамасында толық жазылған. Әрине, кезіндегі алып империяның ошағы болған Мәскеу шаһарындағы «ЖЗЛ»-дан Бөкетов ғұмырнамасының жарық көруі үлкен жеңіс еді. Оның үстіне, кітап авторы шындық үшін от пен судан қайтпайтын, қайраткер, күрескер жазушы Медеу Сәрсеке болса, ол кітаптың болашақ ұрпаққа тарихи құжат болып жететіні сөзсіз.
Ке­йіннен «ЖЗЛ»-дан шыққан осы кітап негізінде «Біртуар Бөкетов» деректі роман-эссесі Бөкетов университетінің баспаханасынан 1 000 данамен басылып шықты. Студент кезінде ғалымнан дәріс тыңдап, өмірлік тағылым алған шәкірті, сол ұстазының ұлағат­ты да шерменді өміріне тағдыр жазуымен куә болған инженер-жазушы Медеу Сәрсеке дарынды ғалым һәм көрнекті қаламгердің ғұмыр жолын өзіне мәлім деректер мен алуан оқиғалар арқылы қайыра жаңғырт­ты.
Биыл ұлт­тың біртуар перзенті, академик-жазушы Евней Арыстанұлы Бөкетовтің туғанына 100 жыл толады. Осындай ұлықты шара қарсаңында саналы ғұмырын ақиқат үшін сарп етіп, Бөкетов тағдырын ақиқат тұрғысынан таразылап, қыруар еңбек еткен көрнекті жазушы Медеу Сәрсекенің есіміне де құрмет көрсеткеніміз абзал-ау, сірә!

Қойлыбай Асан,
филология ғылымының докторы,
профессор, бөкетовтанушы
Қарағанды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір