ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ
25 қарашада «Алматы облысы білім басқармасының Райымбек ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес, аудан мектептерінде оқушылардың ғылыми көзқарасын кеңейту, ғылымға қызығушылығын арттыру, отандық әдебиет пен руханиятқа құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында Қайнар ауылдық орта мектебінде белгілі ақын, шығыстанушы ғалым, аудармашы, Парасат орденінің, Халықаралық ақындар Пен клубы «Алтын қалам» сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Дүкен Мәсімханұлымен «Мен сізді үлгі тұтамын» атты тағылымды кездесу өтті.

Қайнар ауылдық орта мектебінде өткен тағылымды іс-шараға мектеп мұғалімдері, оқушылар мен ауыл тұрғындары қатысты. Хантәңірі өңірі – текті сөздің, терең ойдың, рухани биіктің бастауы. Осы аймақтың әдебиеті мен мәдени мұрасын зерттеп, оның асыл қазыналарын бүгінгі ұрпаққа жеткізу тұрғысында да профессор Дүкен Мәсімханұлының еңбегі зор.
Ғалымның зерттеу бағытының бір саласы осы өңірден шыққан батырлардың, ақын-жазушылардың, ойшылдар мен тарихи тұлғалардың мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеуге, олардың ұлттық руханияттағы орнын айқындауға бағытталған.
Кездесу барысында Дүкен Мәсімханұлы оқушылармен еркін сұхбат құрып, олардың қойған сұрақтарына шынайы әрі жан-жақты жауап берді. Осы өңірдің әнші-жыршы, ақындарымен қоса, Алматыдан арнайы ат арытып келген белгілі ақын, ұстаз Биғайша Медеуова, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, география ғылымдарының кандидаты, ақын Қастер Сарқытханұлы, ақын, Чернобль қаһарманы Ерлан Әбдіхалов, философия ғылымдарының докторы, белгілі шығыстанушы Айнұр Әбиденқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің докторанты, тарихшы-шығыстанушы Ертай Жомарт қатарлы қаламгерлер қатысып, профессордың өмір жолы мен ғылыми еңбектерін талдап, таразылады. Шара ұйымдастырушысы, Қайнар ауылдық орта мектебінің директоры Рая Жұмаділқызы кездесуді қорытындылай келе қаламгер еңбектерін: «Өткеннің аманатын бүгінге жеткізіп, бүгіннің үмітін ертеңге жалғайтын рухани көпір» – деп бағалады.
Бабұрбек БАЗАРБАЙҰЛЫ,
Р.Б.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының докторанты