СЫНШЫНЫҢ КӨРКЕМДІК КЕҢІСТІГІ
06.12.2025
51
0

Қазақ әдебиетінің көрнекті сыншысы Төлеген Тоқбергеновпен сексенінші жылдардың соңында Созақта кездесіп, төрт күн қасында болған едім. Жұбайы ақын Бәтима Батырбекованың 60 жасқа толған мерейтойын өткізуге келгенде Алматыдан қазақтың ақиық ақыны Қуандық Шаңғытбаев, облыс орталығынан жазушы інісі Мархабат Байғұт еріп жүрді. «Қарағұр» аулының жұртшылығы өмірден өткен ақын қыздарының рухын көтеріп, орталық көшелерінің біріне Бәтима Батырбекованың есімін берді.

Ауылда Бәтима Батырбекова атындағы орта мектеп те бар. Клубта Бәтима Батырбекованың өмірі мен шығармашылық қызметі туралы баяндама жасау маған жүктелді. Жиында Төлеген Тоқбергенов ағамыз да тебіреніп, жүрекжарды сөзін айтты. Бәтима жеңгемізбен дәм-тұзы жарасқан жылдары, екі жарты, бір бүтін болып, бір-бірін демеген сәттері, перзенттері, сыйластық, татулық, ақындық шабыт, кітаптары туралы өмірлік жар, ғашық жүрекпен толғауы тоқсан сөз қозғады. Төкеңе тән қарлығыңқы дауыс қоңыр күйдің әуезіндей кең залды тербеп тұрды.
Төлеген аға екеуміз көкте жұлдызы жамыраған ауылдың қоңыр салқын түнінде оңашалау қалған сәтте:
− Соңғы кезде асқазаны бар болғыр сыр беріп жүр. Көңіл сүйген асты жеуден де тартынып жүрмін, – деді сыр ашқандай болып.
Сол кезде Төкеңнің сөзіне онша мән бермей соңғы рет жолыққанымды сезбеген едім.
Қазақ әдебиетіндегі сирек құбылыс – ерлі-зайыпты сыншы Төлеген Тоқбергенов пен ақын Бәтима Батырбекова өмірде де, әдебиетте де қол ұстасып, жұптасып ғұмыр кешіп, соңына мол жазба мұра қалдырып, жарық дүниемен қош айтысып кете барды.
Төлеген Тоқбергенов еліміздің тәуел­сіздік алуына бір жыл қалғанда өмірден өтті. Өмір сүрген уақыт талабына сәйкес «таптаурын, сара жолдың» шеңберінен ауытқып, қанында бар мінез, болмыстың ерік-жігерімен әлдеқайда биікке көтеріліп, жоғарыдан топшылау, тұжырым жасау қаламына тән болды. Әдебиеттегі даму заманға, кезеңге сәйкес үздіксіз өсіп, жаңарып отыратынын, өнердің мұраты мен өнегесінің өміршеңдігін сыншы жүрегі қапысыз таныды. Төлегендей сұңғыла сыншы өмірлік темірқазығын әдебиеттен тапса, шұрайлы бай сөздік қордың құнарын Созақ сахарасынан жиды. Халқы жергілікті ұлт өкілдерінен тұратын, ықылым заманнан бері ұлттық салт-дәстүріміз бен тіліміздің мәйегі сақталған Созақ өңірі көзі ашық, көкірегі ояу талант иесіне сарқылмайтын шалқар шабыт берді. Созақтың тілі деген ұғым жоқ, ойда-қырда қазақтың жалпақ тілінің кең айдын арнасының бір өзегі десек те, түкпірдегі ауыл кейінгі әлем-жәлем жаһанданудың қойыртпақ жаңалықтарынан ада, бастапқы тума болмысын сап алтындай сақтап қалған еді. Әулие-әмбиелердің құтты мекеніне айналған Әзіреті Қаратауға келген сапарында Мұхтар Әуезовтің: «Қолды босатып алып, алаңсыз зерттейтін өлке екен!» – деп, қызығушылық танытуы да тегін емес. Тағдыры мол сабыр сыйлаған, дамылсыз іздену арқылы өмірлік жолын таңдап алған Төлеген Тоқбергенов жастайынан ауылда өсіп, халықтың тектілік мінезін, шұрайлы сөз құнарын бойына сіңірудің арқасында ұлттық әдебиетіміздің танымал сыншыларының қатарына қосылды. Сыншының әр жылдары баспа жүзін көрген кітаптарынан тың теңеу, айшықты ойға құрылған, көңіл шырайын келтірген сирек қолданыстағы – қиямпұрыс, ноқай, дүбәра, мүттайым, әккіс, пәруайы пәлек, күстана, мәтіби, тәшін қалдыру, ынсап, рәуіш, өзге де сөздерді жиі ұшыратып, зеректігі мен ұқыптылығына таңырқаймыз. Көп оқып, ізденіп, білімнің інжу-маржанын бойына жиған қаламгер ұлтымыздың бай сөздік қорын ой құнарында еркін пайдаланды.
Төкеңнің сыншы ретінде басты ерекшелігі – ары-бері тартқылауға келмейтін кірпияз сын жанрына ұлтымыздың шұрайлы тілінен көркемдік рең, бейнелеу, әрлеу көкжиегін қосты. Ақпалы-төкпелі сезіммен, образбен түрлендіріп, ойын айшықты өрнектеуге талпыныс жасады. «Жазушы-суреткер үшін ең үлкен арман – көркем тіл болса ғой, шіркін! Сонда, сөздік қоры тапшы, жұтаң кісі қаламгермін деуден қысылар еді-ау… Айта берсек, армандай асқақ тілектің өзі пиғыл тазалығына тіреліп жатады. Өйткені ондай тазалық өнерге деген жауапкершіліктен туады. Сонда менің тілерім: жазушымын деп жүргендер алды-артына қарап, суреткерге керек ең басты компонент – тіл болса, сол тіл өзінде олақтау шығып, шолақтау қайырылып жатса, жазушы емеспін деп мойындар болса, мойындап қана қоймай біржола бездім деп шықса деймін» деп жазды Төлеген Тоқбергенов 1990 жылы жарық көрген «Ай мүйіз» атты сын кітабында.
Сол әңгіме болып отырған тоқсаныншы жылдары әдебиетте көрінген жазушылардың қабілеті кем, дарынсызы бүгінгі күннің деңгейімен салыстырғанда көп те емес еді. Әйтеуір, дүрмекке ілесіп, атқа жайдақ мініп шабатындар қай кезде де болған. Бірақ көптің талқысы, сыншылардың тетку сөзінен кейін олардың біразы шама-шарқын байқап, бағытынан айныған еді. Ол кезде, қанша дегенмен, қолына қалам алған жан «қызыл көз» сыншылардың «қанды шеңгелі» мен «кәріне» ұшырап қалудан қаймығатын. Оның үстіне саусақпен санарлық мемлекеттік баспалар шығаратын кітап рецензенттің, редактордың, көркемдік кеңестің, әдеби цензураның елегінен екшеліп барып, оқырман қолына тиетін. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, қазіргі кезде жазатындар көбейіп, көркемдік деңгейі сын көтермейтін кітаптар жекеменшік баспалардан толассыз шығып жатқанда қалың нөпірдің ішінде ат төбеліндей сыншылар шаң қауып, адасқандай әсерде жүрміз. Ұлттық әдебиетімізді шаң-тозаң қаптап, жақсысы қайсы, жасығы қайсы, ажырату қиынға соққан осы бір кезде Төлеген Тоқбергенов өмір сүрсе қандай күй кешер еді деген ой мазалайды. Масылынан асылын аршып алып, жетістігін жарқыратып көрсетуге талпынған сарабдал сыншы сөз өнерінің қайталанбас қас шеберлерімен бірге бақилық болып кетуінде де біз білмейтін сыр бар ма деп те ойлаймыз.
Өмір жолы – бұралаң, өнер жолы – шырғалаң. Ұлы шығарманың бәрі бірдей ұлы атанбайды. Уақыт талқысын көріп, уақыт тезін өткеріп барып, мұратына жетеді. Демек, ұлылықтың өзі уақыт үкіміне қарайды екен. Әдебиет әлеміндегі ағымдар, әртүрлі тақырыптарда жазылған көркем туындыларды саралау, көзқарастар мен пікірлер тоғысын ой зердесіне салу, өткен мен бүгінді екшей отырып, келешекке бағдар жасау, озық үлгілерді алға тартып, көркем ой көкжиегін кеңейтуге талпынған сыншы мұраты діттеген мақсатына жетіп жатады. Көркемсөз құдіреті туралы толағай сөз қозғаған, әдебиеттің ауқым-көкжиегін бағдарлап, ой топшылаған сыншы Төлеген Тоқбергеновтің жазба мұралары қай кезеңде болмасын өзінің құндылығын жоймақ емес.
Танымал сыншы болып қалыптасқан, тынымсыз еңбек етіп, ұлттық әдебиетіміздің кем-кетігін түгендеуде ақ тер, көк тер болып еңбек еткен Төлеген Тоқбергенов тындырған шаруасына тоқмейілсімеген жан. «Өзімді және тұстастарымды ойлап отырсам, тұтамдай ғана тұспалмен там-тұмдап айтқан сөзімізді талшық етіп келіппіз. Жалпы, түк тындыра алмай, күйбеңмен ғана жүргенімізді мойындаудан әдебиетке кедергі-кесір тие де қоймас. Әйтсе де «әдеби сынға араласқанда тапқаның не?» «Әдебиетіміздің болашағына бола жан салғаның қайсы?» деген сауалдарға жауап таппай, кішірейіп сала беретініміз жалған емес. Тіпті тындырып тастадық дегенде, ең болмаса қазіргі кезде екінің бірі бетке салық қып жүрген «сын жоқ, сыншы да жоқ» деген кінаратты айтпас едік қой. Алайда құр өкініп, салың суға кеткеннен, асылы, үміт жақсы. Үмітсізден сақтасын деуден басқа шара тағы жоқ».
Төлеген Тоқбергенов әдебиет әлеміндегі шынайы көркемдікті дөп басып таныды, әдеби сынның өзін көркем туынды деңгейіне, шеберлік шыңына жеткізуді армандады. Әдебиеттің асқақ мұраттарын ашқан кең тынысты, ойлы, әдеби процестің даму барысын қадағалау арқылы болашақтағы бағыт-бағдарын айқындаған әдебиетке жанашыр нағыз сыншының мінез-болмысын, ой-мұратын, пікір тазалығын, әділет жолын ұстануын, өнерді өнеге тұтатындарға өсиет, ғибрат болар, өнер сүйген, оның мұрат-мақсатын тереңнен бойлап ұғынар ұлылығын арман етті. Хал-қадірінше ұлттық әдебиетіміздің көкжиегі туралы толғауы тоқсан ой топшылап, сын әлемінде кесек-кесек еңбектер қалдырып кетті. Ұлттық әдебиетіміздің биік көркемдік деңгейге қол жеткізуі үшін күресті. Қазақ әдебиетінің әлемдік жоғары сатыда жарқырап көрінуін армандады. Көркемдік кемеліне келген шығарманы өзгелерге үлгі тұтты, бөлекше құбылыс ретінде бағалады. Кезінде сын тезіне салуға келмейтін кітаптар туралы сөз қозғаудан бойын аулақ салды. «Толыспаған толстойлар» мен «шала шекспирлердің» туындысымақтары уақыт сынына төтеп бере алмай, өшіп қаларын талғампаз сыншы сезді.
Төлеген Тоқбергеновтің газет-жорналдарда жарияланған мақалаларын, баспа жүзін көрген кітаптарын оқып, ауызекі әңгімесін тыңдап жүріп байқағанымыз, ол жан-жақты, сан қырлы, өте сезімтал, аңғарымпаз сыншы болды. Тек қаламгер ретінде ғана емес, адамдық асыл қасиетімен, ұстамдылығымен, тілдескен жанның сөзінен, түр-келбетінен көп жайтты бағамдап, оның болмыс-жаратылысына қарай өзін теткіп, сыпайы-салтаң ұстағанының куәсі болдық. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегенді есте ұстап, жолығысқан адамын құрметтеп отыратын. Белгілі бір жазушының көркем туындысы туралы қалам тербегенде шығарманың көркемдік деңгейі, оқиға желісінің өрбуі, кейіпкердің мінез-құлқы, өзге де ерекшеліктері туралы әңгіме өрбітіп, олардың бәрі түптеп келгенде, сол қаламгердің жаратылыс-мінезімен, жүрек соғысымен қабысып жататынын сыншы Төлеген Тоқбергенов қапысыз таныды. 60–80-жылдардағы қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармашылық қарымына баға беріп, тақырыптық, идеялық, көркемдік ізденістерді жан-жақты талдады. Мерзімдік басылымдар бетінде жарияланған сын мақалаларында объективті шындықты әділ бағалау, турашылдық пен принципшілдік сипат орын алды.
«Төлеген Тоқбергенов «Тоғыз тарау­ға» тоғыз тарам жолдармен жетті, қазақ әдебиеті бір сыншысын тапты. Кезінде жаңа автор – «жас» сыншының өз алдына дара тіккен тырнақалды оңаша отауына құтты болсын айтып, сәт сапар тілеген үміткер пейілдердің бірі болған­быз. Тұңғыш кітаптың тынысын, қалам иесінің ғылыми түсінігін, талғам-таразысын жобалау ғана емес, жанымен жарылып бейнелі, шешен сөйлей отырып, жаңаша таным жағын жетістіре алмай жататын жаттанды кемшіліктерін айту да қажет болған. Қалай дегенмен, оның өзі алғашқы ет қызуы еді.
Кейінгі сын кітаптарының ішінде маған шоқтығы айрықша көрінетіні, әсіресе «Үш тоғыс» – қазақ әдебиетінің өзекті біраз шындығын бабымен талдайтын көшелі кітап. Мақалалардың жазылу мерзімі, сапалық сыны әр деңгейлі шыққанымен, композициялық құрылысы, саралау мәдениеті тұрғысынан туған әдебиетіміздің келешегі, бүгінгі қазыналы қыруар құбылысын, мұрат-межесін өзара сабақтас қарастырып, тұтастық әсерін еш сейілтпей, бір деммен жеткізетін әдеби толғаныстар», – деп жазды Зейнолла Серікқалиев.
Төлеген Тоқбергенов өмір сүрген елу бес жыл ақыл-ойының кемеліне келіп, жан-жақты тоғысқан, шығармашылық қабілеті шыңдалған мәуелі кезең болды. Төкең егемендігімізге қол жеткізіп, еркіндікке, әсіресе ойлау еркіндігіне жол ашылған кезеңде өмір сүргенде көкірегіндегі түйткіл жазылып, шабыттың шалқарына кезігер ме еді деген де ой келеді.
Төлеген Тоқбергенов өмірден өткелі талай жылдың жүзі болса да, сыншының ұлттық әдебиетіміздің бағыт-бағдары туралы айтқан болжамы мен тұжырымы әлі күнге құндылығын жойған жоқ. Уақыт өткен сайын айқындалып, астары ашыла түскендей болады. Төкеңнің 70 – 90-жылдар аралығында сын тақырыбына қалам тербеген кітаптары ұлттық әдебиетіміздің өсу-өркендеу тарихында орны бөлек. Сол кезеңдегі әдебиеттегі танымал тұлғалардан бастап, жыл мезгіліндей жаңалық алып келген жаңа лек ақын-жазушылардың алғашқы шығармаларына дейін назардан тыс қалдырмай жан жадыратар жақсылығын, олқы тұстарын екшеп жазып, көркем сөз өнерінің көкжиегін кеңітуге қосқан үлесі қомақты.
Төкең әуелде жазушы болуға талаптанған екен. «Мектеп өмiрiнен әңгiме жазып, «Қазақ әдебиетiне» жiбердiм. Өкiн, өкiнбе, ендi айтатын несi бар. Прозадан бетiмдi қайтарған Тәкен едi. Жиырмадағы жiгiтке қырыққа толмаған кiсi «олай жаз, бұлай жаз» деп жатса, не үмiт, не қайыр. Әйтеуiр, прозаға бармау себебiмдi осы күнге дейiн Тәкеннiң бiр сөзiнен көремiн!» – деп еске алады Төкең. Тәкен Әлiмқұлов жерлес қаламгер iнiсiнiң талабын қуаттайтындығын, әңгiмедегi оқиғаның оп-оңай шешiлiп қалатынын, образ жетiспейтiн тұстарының бар екенiн, әдебиетте әрбiр сөздiң астарында ой жатуы керектiгiн, сондықтан әңгiменi қайта жазып жiберуiн өтiнген екен.
Төлеген Тоқбергенов өзiнiң зерде-пайымын, қабiлет-қарымын ұлттық әдебиетiмiздiң сын жанрына арнады. Екiнiң бiрiнiң жүрегi дауалап бара бермейтiн, қыртысы қалың, шоқтығы биiк, тыңнан түрен салуға тура келетiн күрмеуi қиын тоңтерiстеу сала жүрек соғысына жақындау келді. Кез келген көркем туынды туралы сөз айту үшiн орынды уәж, төрттағандаған тиянағың болу керек. Оның бәрi көзмайын тауысып оқудан, көп нәрсенi көңiлге тоқудан келедi. Қай салаға болсын өзгеше екпiн, жаңалық енгiзбеген соң жұртшылықты елiктiру мүмкiн емес. Төлеген Тоқбергенов қанмен дарыған туабiттi мiнездi әдебиеттегi сыншы мiнезiмен шебер ұштастыра бiлдi. Сыншы көркем әдебиеттiң басты мұраты деп адам арқылы қоғамның, заманның тынысын беру, адамдардың өзара қарым-қатынасын, мiнез-құлқын, ақыл-парасатын суреттеу, осы арқылы көркемдiк компоненттермен бейнелеу деп түсiнедi.
Төлеген Тоқбергенов сын жанрын көркем сөзбен әрлеуде, образбен бейнелеп айтуда жаңалық алып келдi. Көп оқып, көңiлге тоқығандықтан да болар, сыншы ойын құнарлы сөз мәйегiмен ұрымтал бейнелеп, ұтымды жеткiзедi. Әдебиет сыны туралы сөз қозғай отырып, сол сынның өзiн жоғары көркемдiк деңгейге жеткiзедi. Шұрайлы тiлмен ақпалы-төкпелi ойын құндақтап, жатық, айшықты етiп өре бiледi. Ұлттық әдебиетiмiздiң бастау алып дамуын, кемелдену кезеңiн, болашақ бағытын зерттеп, тұшымды ой қозғаған, тамырын ұстап, жүрек қағысын дөп басқан балгердей бағамдаған Төлеген Тоқбергенов қазақтың көрнектi сыншыларының қатарына именбей қосылды. «Қазақ совет әдебиетi» деп айдар тағылған кезеңнiң алғашқы ақын-жазушыларынан бастап, 30-жылдардағы Асқардан Саттарға дейiн, 40-жылдардағы Баубектен Тайырға дейiн, 50-жылдардағы Хамиттен Қалтайға дейiн, 60-жылдардағы Хамза, Зейiн, Iлияс, Тәкендер, Әнуар, Олжас, Оспанхан, 70-жылдардағы Оралхан, Сағат, Дулат, Төлегенге дейiн, одан кейiнгi жаңа лек, толқын iлгергiнi өкшелей қуып, кезең-кезеңiмен көркем сөз өнерiн жаңғыртудағы алтын арқауды уақыт тынысымен, заман ағысымен жалғаған көш дүрмектiң аяқ алысына зерделi көзбен қарап, ой топшылады.
Бүгiнгi әдебиеттiң басты-басты белгiлерi, бағдары, жанр сипаты қандай? Қазiргi талпыныстан қандай болашақ сезiледi? Уақыт тынысының сезiлуi қандай? Бұл сыншы Төлеген Тоқбергеновтiң құдіреттi әдебиет соқпағында ұстанған бағыты, сара жолы, шабыт арқауы едi.
Төлеген Тоқбергенов көзi тiрiсiнде қазақ әдебиетiнiң күрделi саласы – сын жанрында 150-ден астам мақала және «Тоғыз тарау» (1974), «Үш тоғыс» (1977), «Қос қағыс» (1981), «Ай мүйiз» (1990), «Тәкен Әлiмқұлов» (1994) атты сын кiтаптарын шығарып, ұлттық қазынамызға мол мұра қалдырып кеттi. Әдебиет тарихында көрнектi сыншыға айналған Төкең мансап, атақ үшiн емес, әдебиеттiң биiк мақсат-мұраты үшiн тер төктi. Кезінде Төлеген Тоқбергенов қаламгерлік қарымын көркем аударма саласында да сынап көріп, А.Алдан-Семеновтің «Семенов Тянь-Шанский», К.Симоновтың «Өлілер мен тірілер» трилогиясының екі кітабын, Б.Томастың «Менің әпкем» пьесасын және «Эстетикалық тәрбие» кітабын қазақ тілінде шебер сөйлете білді.
Төлеген Тоқбергенов еңбек жолын Созақ аудандық газетінде журналистік қызметтен бастағаны туралы көнекөз қарттардан естігенбіз. Жасы егде тартқан әке-шешенің жағдайына қарайлап, қалаға оқуға бара алмай, ауылда біраз кідірістеп қалады. Сол елуінші жылдардың ортасында-ақ Төкең өзінің болашақ соқпағы жазу өнерімен байланысты екенін сезсе керек. Мектепте мұғалім болып сабақ беретін Бәтима Батырбековамен отау құрып, қарттарды сенімді қолға тапсырып, білім іздеп шығады. 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, Қазақ радиосында, «Мектеп» пен «Жазушы» баспасында, «Жұлдыз» жорналы, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүріп, күрмеуі қиын әдеби сын саласында ұзақ жыл қалам тербеді. Алматыдағы қызметінің алғашқы жылдары ауылдағы отбасын көшіріп әкеледі. Міне, сол Төлеген ағаның қарлығып шығатын даусын естiмегелi де аттай 35 жыл өтіпті. Қарлығыңқы дауыс тек сол кiсiнiң табиғатына жарасатын сияқты болып көрiнетiн. Кең тыныспен шығатын сол дауыс бойдағы бұйығылықтың көбесiн сөгiп, сергiтiп жiберетiн. Ол кезде Төкеңнiң пәтерi Алматының Орталық колхоз базарының маңындағы трамвай жүретiн көшенiң бойында, биiк үйлердiң бiрiнде едi. Есiктi күлiмсiреп Бәтима жеңгеміз ашатын. Шаңырақтың тұтқасы – әйел-ана Бәтиманың жүрек жылуы мен жан шуағынан болар, қаланың төрт бөлмелi тас үйi ауылдың меймандос қазағының кең даласындай көрiнетiн. Тап-тұйнақтай жинақы, әр бұйым өз орнында, ұқыпты қолдың табы бiрден байқалатын. Қабырғадағы қолдан тоқылған қалы кiлем, едендегi өрнегiнiң бояуы қанық текемет те ауылды еске түсiретiн. Төкеңнiң кабинетiндегi қабырғалар кiтапқа сықиып толып тұратын. Жасы тоқсаннан асқан Зейнеп әжейге сәлем берiп, Бәтима жеңгеміздің дастарқанынан дәм татып, көңiлденіп қайтатынбыз.
Бiр шаңырақ астында екi бiрдей қарымды қаламгердiң, ерлi-зайыпты талант иелерiнiң бiрге жұптасып ғұмыр кешуі сирек құбылыс. Шығармашылық еңбекке тұрмыс тауқыметiн ұштастыра бiлу, азаматтық ар мен сабырға байланысты. Төкеңнiң қарт анасын нәрестедей мәпелеп, шаңырақтың берекесiн келтiрiп отыру – сезiмтал ақын жүректi ананың ғана қолынан келеді. Ұлттық әдебиетiмiздiң айдынында қос аққудай қатар жүзген ерлi-зайыпты қаламгерлер халқымыз үшiн рухани мол мұра қалдырып кеттi.
«Көзден тайған соң көңiлден таса» демекшi, Төлеген Тоқбергенов өмiрден өткелi берi көрнектi сыншы есiмiнiң жылдан-жылға көмескiленiп, ұмытылып бара жатқаны қабырғамызға батады. Төкең туралы баспасөз беттерiнен көз көрген, дәмдес-тұздас болған замандастарының өкшесiн алып жүрген iнiлерiнiң еске алған лебiздерiн де кезiктiре бермеймiз. Елiне кең танылған қарымды қалам иесiнiң дүниеге келгенiне 90 жыл толғанда Үкiмет бас болып, Мәдениет және ақпарат министрлiгi мен Жазушылар одағы қоштап, тума талант иесiнiң есiмiн ел есiнде мәңгiлiкке қалдыру мақсатында толық шығармалар жинағын жарыққа шығару, мектептер мен көшелерге есiмiн беру, кейiнгi жас ұрпақ арасында жазба мұраларын насихаттау мақсатындағы шараларды қолға алса деген елдiң арманы бар. Әсiресе оңтүстiк өңiрiнде туып-өсiп, ұлттық әдебиетiмiздiң көрнектi өкiлiне айналған Төлеген Тоқбергеновтiң рухын көтеруге игiлiктi iстер кең көлемде жүргiзiлуi тиiс-ақ. Қаламгер дүниеден өткелi республика көлемiнде тындырылған шаруа Төкеңнiң балалық шағы өткен Шолаққорған ауылында шағын бiр көшеге есiмiн берумен шектелген екенбiз. Бақилық болған ата-бабаларымыздың бәрi бiз үшiн ардақты. Орыстың ұлы ойшылы М.Добролюбов кезiнде «Орыс әдебиетi қандай күйге ұшыраса да, Белинский оның әманда мақтанышы, даңқы, көркi болып қала бередi» деп жазғандай, ұлттық әдебиетiмiзде аз ғана сыншылар қатарында Төлеген Тоқбергеновтiң жұлдызы жарқырап тұра берерi анық.

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,
Қазақстанның Құрметті журналисі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір