БАТЫР БАБАЛАР ҒИБРАТЫ
Туып-өскен атамекен елінің, Алтайдан Атырауға, Алатаудан Омбы, Түменге дейін созылған ұлан-байтақ жерінің, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсарланған қазақ деген қасиет иесі халқының бағзыдан бергі тарихы әрбір саналы көкіректі толғандырары хақ. «Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп қалт кетпес Қадыр Мырзалиев абыз ақын айтқандай, Құдайға шүкір, қазақтың тарихы таудай толағай, теңіздей телегей. Ол тарих сонау есте жоқ ескі замандарда Күлтегін мен Тоныкөктің тасына да басылған, ол тарихты Қытай мен Ресейдің, араб пен парсының, Еуропа мен Американың мұрағаттары да жасырған. Бірақ ерен тарих ел жадынан өшпеді.

Өшпеуіне бір себеп, қазақ тарихы – елдік пен ерлік тарихы, шежірелі тарих. Осы ретте қазақтың ауызша тарихы тауарихнамамызда ерекше орын алады, ел аузындағы әңгімелердің астарында өмірде шын болған жайттар, ақиқат оқиғалар жатады, аңыздың өзі арғы түбінде ақиқаттан туады. Ақтаңгер ғұлама Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты атақты еңбекті жазып жарияға шығаруы да тегін емес. Олай болса, қазақ тарихының керегесін керіп тұрған хикметтің бірі әрі бірегейі ата-бабаларымыздың баяғы замандардан бері жібін үзбей келе жатқан қат-қабат, қатпар-қатпар қордалы шежіресі дер едік.
Қазақ шежіресі бұтақтары тарам-тарам алып бәйтерекпен айшықталады. Әрбір қазақтың түп-тұқияны, асыл тегі осы бәйтерек бұтақтарының тарам-тармақтарынан міндетті түрде табылады. Шежіренің ғажабы сол, ол ата-тегіңді де, тарихыңды да таратып айтып береді. Тарих – ғылым десек, шежіре – ақпар, анықтама. Шынайы тарихты жазуға шежіре көптен-көп көмегін тигізеді. Ендеше, қазақтың тарихынан қазақтың шежіресін әсте де бөлек алып, бөліп қарай алмасақ керек. Осы арада айта кетерлік бір жай, қазақтың тарихы да, шежіресі де ортақ, бір бүтін, яғни бір тамырдан тараған алып бәйтерек іспеттес. Құдіреттің осындай кереметіне ғажаптанып таңғаласың әрі сүйсініп басыңды иесің, бойыңды мақтаныш сезімі кернеп мерейленесің.
Ардақтыларымыздың бірі – Таңатар би Шуашұлы қазақтың Есім және Салқам Жәңгір хандарының дүбірлі жорықтарының да, келелі елдік кеңестерінің де бел ортасында жүрген. Таңатар бидің ұлы Қожағұлдан туған Аман мен Құдайберді биден тараған ұрпақ қазіргі кезде жеті атаға жетіп отыр. Осынау Таңатардан тараған тектілік оның ұрпақтарының арасында біздің бүгінгі азат заманымызға дейін арқауын үзбей келе жатыр.
Осы арада айта кететін бір жайт, бүгінгі Таңатар би ұрпақтарының ата-баба алдындағы қарыз бен парызға, бабалар аманатына адалдығы. Ер бабалардың ерлік істері мен елдік ұйтқысы ұмыт қалдырылмай, қаншама еңбек, кітаптар жазып шығарылған. Солардан ер бабалар жайлы ақпар, мағлұматтарға қанығамыз. Бұл жағдай біздің де «Толағай баба Таңатар» қисса-дастанын еркін көсіліп жазып шығуымызға керемет септігін тигізіп, шалқар шабытқа қозғау салған бірден-бір демесініміз болды.
Таңатар – күллі Алашқа белгілі батыр, сөзге шешен, мінезге мәрт ел басшысы әрі қара қылды қақ жарған әділ биі болған. Дарынды жазушы-журналист Доқтырхан Тұрлыбектің жазғанына жүгінсек, ол он жетінші ғасырда Жетісу өңірінде өмір сүріп, қазақ пен жоңғар арасындағы ұзақ жылдық қанды қырғында жан аямай, асқан батырлықпен елі мен жерін жаудан қорғайды. Баһадүр батырлыққа қоса ақыл-парасаттың да кені болғанға ұқсайды. Қазақтың көкірек сарайы кең, қандай мәселені болсын тереңнен зерделейтін данагөйіне айналып, талай-талай тығырықтан сәтімен шығарған оң шешім, әділ биліктері әлі күнге дейін ел есінде сақталып, ұлағатты ұрпақтың жадында жатталып қалған. Бұлай айтуға дәлел, уәждер де жеткілікті. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген даналық сөз де осы Таңатар биден қалыпты.
Таңатар бидің ел-жұрты жазда Асы, Сарымсақты, Таутүрген жайлауларын мекен етсе, қыста Түрген өзенінің Ілеге құяр тұсынан бастап, Қарашеңгелдің түстігіне дейін қыстаған дейді. Батырлығы, турашыл әділдігі, кең пішіп, тереңнен ойлайтын кемеңгерлігі бірқанша ұрпақтарына дарып, олар атасының ғибратқа толы ізгі ісін одан әрі жалғастырып, күллі қазаққа мәшһүр Таңатар елі атанған. Қасиет-киесі мол баба өзінің ұрпақтарына қиын сәттерде аян беріп, жігерлендіретін кездері де болған. Құдіреттің осындай тылсым ғажабымен аяланған Таңатар бидің бейіті Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Асы жайлауының еңселі биігінде жатыр. Өркен жайып өскен ұрпағы, бір қауым ел әрдайым Құран бағыштап, еске алып, садақа асын беріп тұрады.
Таңатар елінен шыққан келесі бір тау тұлға Құдайберді би Қожағұлұлы – Таңатар абыздың немересі, әйгілі ру басы, қазақтың белгілі биі, беделді батыры. Тарихшы Әсет Кембаевтың айтуынша, Абылай хан дәуіріндегі қазақ пен жоңғар арасындағы сұрапыл қанды шайқастарда елін жаудан асқан ерлікпен қорғап, Арқа жерінде, Жетісудың белес-белінде қалмаққа қарсы тайсалмай күрескен даңқты баһадүр бабамыз. Сол кездері жау қалмақ «Құдайберді батырдың батық шоқпары басыңа тимесін» деп аңыз қылысады екен. Таңатар руының биі, қазірде тоқсан жастың төріне шыққан қария Нұржахан Жамболов та Құдайберді Таңатар бабасының жолын қуып ру басшысы болғанын, ертеде Арқаға, Көкшетау, Қараөткелге дейін келіп қол бастап, қазақ жерін жоңғарлардан қорғап, қалмақ батырларымен нешеме жекпе-жектерде даңқты жеңістерге жеткен. Өте пысық, алғыр, ақылды адам болған дейді. Сол себептен де Қожағұлдан туған ағайынды екі ұлдың аты аспандап, Таңатардан Аман, Құдайберді деп екі атаға бөлініпті.
Біздің күндерімізде Құдайберді бидің сүйегі қазіргі Түркістан облысының Төле би ауданында, Қазығұрт тауының етегіндегі «Көзата» қорымында жерленгені белгілі болды. Осыдан кейін 2009 жылы Қазақстанның ел ағаларының, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, қалың жұртшылықтың қатысуымен сондағы Ақбастау ауылында абыз атаға арналып ас беріліп, рухына Құран бағышталды. 2011 жылдың жаз айында басына еңселі ескерткіш тас қойылды. Ал 2013 жылғы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының үлкен залында талантты замандасымыз Доқтырхан Тұрлыбектің қазақтың Құдайберді биінің туғанына 300 жыл толу құрметіне арналып шығарылған «Тереңнен тартқан тектілік» атты кітабының тұсаукесері өткізілді, бабаға арнап ас берілді. Одан кейін тағы осы Доқтырханның тікелей режиссерлығымен Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясы Құдайберді би туралы аса мазмұнды деректі фильм шығарып, оны көпшілік көрермен жылы қабылдады. Тарлан тұлғаның тарих қойнауындағы ұлағаттарын екшеп кестелеген кітаптың да оқырманға берері көп болып шықты. Осылайша, даңқты баба рухы асқақтай түсті, аруағы разы етілді. Бір ғажабы, барлық осы игі шаралардың ойдағыдай жүзеге асуына тағы да Таңатар бабаның ұрпағы генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтің ұйтықылығымен «Медетбек батыр» қоғамдық қоры демеушілік жасады. «Су үзілсе де, сүйек үзілмес» дегендей, бабалар рухының жалғастығы осындай ізгілікті істерден көрініс тапты.
Ал осы Таңатар елінің Х1Х ғасырдағы бетке ұстары Медетбек батыр Есебайұлы даңқы бар қазаққа жайылған Құдайберді бидің шөбересі болып келеді. Тарихшы Хафиза Ілебайқызы Бәкірова жазғандай, Медетбек батыр бабалардың ерлік һәм елдік жолымен жүрген, Орталық Азияға бет алған отаршыл орыс империясы мен қоқаңдаған Қоқан хандығы арасындағы ұрыстарға, қырғыз бен қазақ арасындағы дау-жанжалдарға белсене қатысқан. Тарих сахнасына қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлынан кейін шыққан, тіптен кей жағдайда кейбір үрдістерін жалғастырған деуге сыярлық. Ұлт намысын, ер намысын ешқашан аяқасты етпей, жоғары қойған. Халықтың азаттығы жолындағы шайқастарда ересен алғырлық пен әбжілдік, қажет жерінде мәмілегерлік қырын да таныта білген. Атақты Саурық батырдың сенімді серігі, бас сарбазы болды. Сұраншы батырмен бірге Әулиеата, Шымкент, Ташкент жерлеріндегі ұрыстарда қолбасшылық қабілетімен көзге түсіп, жеке басының ерлік-өжеттігімен сарбаздарды жеңіске жігерлендірген. Өзі ізіне ерген Сұраншы және Саурық батырлардың екеуі де Хан Кененің азаттық жолындағы күресін Ұлы жүз ішіндегі бірден-бір қолдаушылары болуы да көп жайды аңғартқандай. Демек, кейін сол баһадүрлерге серік болған Медетбек батырдың бойында да халқының азаттығы жолындағы күрескерлік рухы алаулап жанған деп білуіміз керек. Ол осы қасиетті рухты соңғы деміне дейін сақтаған.
1915 жылы 90 жасында дүниеден өткен, ерлігі аңыз болған Медетбек батырға бүгінгі ұрпағының көрсетіп отырған құрметі зор. Соның негізгілеріне тоқталсақ, әуелі 2004 жылы Ұзынағашта батыр бабаға арналған ғылыми-теориялық конференция өтеді, 2007 жылдың қазан айында Таутүргендегі зиратына мемориалдық кешен орнатылып, Түрген өзеніне Медетбек батыр атындағы көпір салынады. Ал Алматы – Қарақыстақ тас жолының 78-шақырымындағы Қаракөтерме биігінде батырдың толағай тұлғасы сомдалған еңселі ескерткіші бой көтереді. Бұған қоса, сол жылы баспагер-жазушы Манарбек Ізбасардың аса құнды мағлұмат деректерді молынан қамтыған «Медетбек батыр» кітабы басылып шықты. Бабаға деген осындай ұрпақ құрметінің басы-қасында тағы да қауіпсіздік саласының сардары, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов жүргенін айту парыз. Сөйтіп, халқымыздың «Ер есімі – ел есінде» деген нақылы іс жүзінде шынайы көрініс тапты.
Таңатар еліндегі ер бабалардың өнегесін жалғастырған ұрпақтар тізбегі Медетбек батырдан кейін де еш толастаған емес. Солардың ішінде атақты Жамбыл Жабаевтың замандасы, 1840–1927 жылдар аралығындағы аумалы-төкпелі кезеңдерде өмір кешкен суырыпсалма төкпе ақын Қарабек Ниязбекұлы, Қазақстанның және Моңғол еліндегі Баян-Өлгей аймағының оқу-ағарту ісіне еңбегі сіңген көрнекті педагог, Алматы қалалық һәм аудандық кеңестердің депутаты болған, Алматы қаласынан атына көше берілген берен тұлға Тілеуберді Сауранбаев, 21 жасында әскер қатарына шақырылып, фашистік Германияға қарсы соғыстың басынан аяғына дейін ерлікпен қатысқан, елге оралған соң ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтер атқарған, «Ленин» орденінің иегері, Жәпек батыр ауылының орталық көшелерінің біріне аты берілген Құлжабай Алтаев, осы қан майданның тағы бір қаһарманы «Қызыл Жұлдыз» орденін алған Қали Надыров, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен үш мәрте марапатталған өжет майдангер Мнайқұл Сағындықов, Отан үшін от кешіп, сұрапыл ұрыстарда үш рет жараланған, кеудесінде Екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен медальдар жарқыраған, туған жерге жеңіспен оралып, ауыл шаруашылығында еселі еңбек еткен, Саурық батыр ауылының тумасы Шаяхмет Ғайнанов, Ұлы Отан соғысында офицер шенінде шайқасқан Әпсағи Қойшыбаев және басқа соғыс һәм еңбек ардагерлері ерекше құрметпен атауға әбден лайықты. Әрине, қанша қаласақ та, сол ардақтылардың бәрінің есім-сойлары шағын мақала аясына сыймайтыны бесенеден белгілі. Қисса-дастанда біраз есімдер келтіріліп, көптен-көп соғыс және еңбек ардагерлері жыр арқауына айналды.
Олай болса, осы күндерде жарық көрген «Толағай баба Таңатар. Бахадүр әулет» атты ерекше миссия арқалаған осынау кітаптан оқырман қауым керегін тауып, рухани тұрғыдан мол олжаға кенеліп, мейір-ықыласына бөлейді деп үміттенеміз. Қасиет-киесі ұрпағына дарып, желеп-жебеген ұлы баба аңсарлы азаттығына жеткен қалың қазақ елімен бірге жасай берсін. Би бабаға, батыр бабаға сомдап соққан ескерткіштей кітап ел ішіне игілік болып енсін. Ғұмырлы болсын!
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты