Хизмет Абдуллин мұрасы

1 желтоқсанда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық» үйінде Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы және Республикалық Ұйғыр этномәдениет орталығының ұйымдастыруымен көрнекті ұйғыр жазушысы, ақын, драматург, аудармашы Хизмет Абдуллиннің туғанына 100 жыл толуына арналған «Хизмет Абдуллин мұрасы – Қазақстан халқының мәдени қазынасы» атты әдеби кеш өтті.
Долқунтай Абдулхалилұлы басқаратын Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдениет орталығы бастаманы қолдап, өткен жылы бір топ қаламгерлер жазушының ауылына барып, зиратына зиярат етіп, құран бағыштады. Жазушының туған күнінде Хизмет Абдуллин атындағы орта мектеп ұжымы мен Таштықара, Баяндай ауылының тұрғындары мектепте қаламгер музейін ашып, бюстін орнатты.
Долқунтай Алиев модераторлық жасаған жиында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Құрмет орденінің иегері, ақын Иминжан Тохтияров көлемді баяндама жасады. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов қаламгер туралы толымды сөз сөйлеп, өзге де зиялы қауым өкілдері жазушы шығармашылығын таразылады.
Алматы қалалық Мәдениет басқармасының бөлім бастығы Арман Қалбеков жазушы шығармашылығын жоғары бағалап, Алматы қаласы әкімдігінің сәлемін жеткізді.
Жанерке АБДУЛЛА,
Абылай хан атындағы ҚХҚжӘТУ
журналистика мамандығының 2-курс студенті