ХАКІМНІҢ МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАСЫ
XIX ғасырда қазақ даласында орын алған мәдени өзгерістер тұсында көрінген тұлғалардың бірі – Абай Құнанбайұлы. Оның шығармашылығы қазақ халқының рухани мәдениетінде түбегейлі бетбұрыс жасап, философиялық ойдың, қоғамдық сана мен жазба әдебиеттің жаңа бағытта дамуына жол ашты. Сондай-ақ ол қазақтың әуен жүйесіне де тың бағыт, қазақ музыкасының көркемдік тіліне жаңа сапа әкелді. Абай шығармашылығы қазақ музыкасы мен поэзиясын біртұтас көркем кеңістік ретінде дамытып, мүлде жаңа ырғақтық-интонациялық мазмұнмен байытты. Абайдың бұл бағыттағы мұрасы шығарушылық пен орындаушылық өнердің бөлініп, жаңа композиторлық мектептің іргесін қалады. Айтушы мен тыңдаушы мәдениетін жаңа биікке көтерді. Бұл қазақ ән өнерінде мүлде жаңа тарихи кезеңнің бастауы болды.

Абай әндері туралы алғашқы жазба деректер қазақ музыка этнографиясы тарихының екінші жүзжылдығында – ХХ ғасырдың басында ғана хатқа түсе бастады. Алғаш 1919–1922 жылдары А.Э.Бимбоэс нотаға түсірген «Татьянаның хаты» мен «Сегіз аяқ» әндері «Қазақтың 25 әні» атты мақаласына еніп, «Музыкалық этнография» жинағында жарияланса, «Татьяна әні», «Абай», «Қор болды жаным», «Тілек батам» («Қарашада өмір тұр»), «Өлеңді қайтіп қоярсың» шығармалары 1925 жылы А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» жинақтарында басылды. Кейін В. Дернова, Б. Ерзакович, Ғ. Бисенова сынды ғалымдардың зерттеулері негізінде Мәскеудегі М.И.Глинка атындағы Музыкалық мәдениет музейіндегі А.Затаевич қолжазбаларынан Абайдың тағы 12 әні сақталғаны анықталып, аталған ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапты. Бұл – Абай әндерінің жинақталуының алғашқы кезеңдері.
Абай әндерін жинау ісінің екінші кезеңі 1935 жылы М.Әуезовтің тікелей басшылығымен басталып, қазақтың рухани әлемінде тарихи және мәдени мәні зор игілікті іске айналды. Л.Хамиди, А.Жұбанов, А.Серікбаева, Е.Брусиловский, Б.Ерзакович, У.Бекенов, Қ.Жүзбасов сынды музыка зерттеуші ғалымдар М.Әуезовтен бастап, Ә.Қашаубаев, Ә.Ысқақов, Т. Арғынбаев, Қ. Лекеров, Ж. Елебеков, М. Мұхаметжанова, Ғ. Сармұрзин, Х. Демшінов, Ж.Стамбаев секілді ел ішіндегі әртүрлі айтушылар және белгілі кәсіби орындаушылардан Абайға тиесілі музыкалық мұраларды хатқа түсіріп, ғылыми айналымға енгізді.
Бұл іске түрлі ғылыми-зерттеу институттары мен өнер оқу орындары да белсене атсалысып, Абай әндерінің насихатталуына, ғылыми негізде зерттелуіне зор үлес қосты. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының жанынан құрылған фольклорлық зертхана 1958 жылдан бастап Абай әндерін дыбыс таспасына жазып алып, ғылыми өңдеуден өткізді. 1984 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен М.Мұхаметжанова орындауындағы Абайдың 17 әні жазылып, Қ.Жүзбасовтың нотаға түсіруінде белгілі жинақтарға енді.
Ал Абайдың музыкалық мұрасының алғашқы топтамасы 1940, 1945 жылғы акдемиялық жинақтарға (түр-нұсқаларымен 20 ән) енсе, жеке жинақ ретінде тұңғыш рет 1954 жылы Б.Ерзаковичтің құрастыруымен «Абайдың музыкалық творчествосы» деген атпен жарық көрді (36 ән). 1986 жылы «Айттым сәлем, қаламқас» атауымен (65 ән, 3 күй) екінші рет басылып шықты.
Қазақтың рухани-мәдени тарихында Абайдың музыкалық мұрасы – қайталанбас құбылыс. Оның әндері тек эстетикалық туынды ретінде ғана емес, ғылыми тұрғыдан да терең зерттеуді қажет еткен салаға айналды. Бұл бағыттағы алғашқы жүйелі зерттеулер өткен ғасырдың орта шенінен басталып, ән мәтіні мен әуеннің байланысы, жаңа поэтикалық формалардың музыкалық құрылымға ықпалы, әндердің нотаға түсу барысы мен түр-нұсқалары, Абай әндерінің жалпы музыкалық стиль аясындағы орны секілді бағыттарда зерделене бастады. Мәселен, Абай әндеріндегі жаңашылдық пен ерекше стиль алғаш рет А.Жұбанов тарапынан атап көрсетілсе, Г.Шомбалова Абай енгізген жаңа өлең өлшемдерінің әуенге әсерін нақтылауға септігін тигізді. В.Дернова бұл әндердің стилистикасын зерттеудің әдіснамалық негізі мен түр-нұсқалардың авторлық түпнұсқаға жақындығын салыстыру мәселелерін ұсынса, В.Беляев пен М. Ахметова оларды қалалық-демократиялық әндер деп бағалап, дәстүрлі музыкалық жүйеден ерекшеленетін тұстарына тоқталды.
Кейінгі кезеңде бұл салада тың көзқарастар музыкатанушы ғалымдар А. Бердібаева мен Ә.Сабырова тарапынан көріне бастады. Ә.Сабырова Абай әндерінің ішкі композициялық құрылысы мен философиялық мәнін ашуға бағытталған зерттеу жүргізіп, ән мен сөздің тұтастығын ұлттық таным тұрғысынан талдауға ден қойса, А. Бердібаева Абай мен Жаяу Мұса шығармаларын салыстыра қарастырып, олардың көркемдік ұқсастықтары мен айырмашылықтарына поэзиялық және музыкалық тұрғыда сипаттама берді.
Алайда жинақталған әндер әр басылым сайын көбейіп қана отырғаны болмаса, жүйеленіп, стильдік жағынан сараланып, іріктеліп, бірізділікке түспеді. Атап айтқанда, жинақтардағы бір әуеннің екі ән сөзіне арқау болуы, ақынның бір өлеңі екінші әннің әуенімен айтылуы, Абай сөзімен айтылған халық және сал-серілер әндері мен жоқтау сарындағы әуендер, тіпті жаңа заман композиторлары туындыларының Абай әндері қатарында қарастырылып, жариялануы осыны көрсетеді.
Абайдың музыкалық мұрасы ең соңғы рет 2020 жылы жарық көрген шығармаларының академиялық толық жинағында бір арнаға тоғыстырылды деуге болады. Бұл жинаққа 1919 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі барлық ғылыми еңбектер, онда жарияланған ақын әндерінің үлгілері, архив және ғылыми зерттеу зертханаларындағы Абайға қатысты музыкалық мұралар толық қамтылды. Алайда мұндағы түр-нұсқалар саны 150-ден асса, осы академиялық жинақ негізінде 2022 жылы жарық көрген «Көзімнің қарасы. Абайдың музыкалық мұрасы» атты толықтырылған жеке жинаққа енген ән үлгілерінің саны 170-ке жуықтады.
Иә, Абай мұрасын жинау – тек көлем немесе сан қуалау емес, оның мәнін түсініп, маңызын жоғалтпай сақтау деген сөз. «Абай сөзін көбейтеміз деп, көбік етіп алмайық» деген М.Әуезов сөзі бұл іске жауапкершілікпен қараудың маңызын ескертсе керек. Осы тұрғыдан келгенде соңғы жинақтарда (2020, 2022) Абай әндерін сұрыптау жүйелі түрде саралау негізінде қарастырылды. Мәселен, композитордың ән шығару мәнеріне тән стильдік ерекшелігі алдымен назарға алынса, ақын әндерінің тікелей ұрпақтары мен туыстарының орындауында жеткен үлгілері жеке қарастырылып, олардың түпнұсқалық сипаты ескерілді. Бұдан бөлек, ертедегі кәсіби орындаушылар мен жеткізушілердің орындауында нотаға түсірілген нұсқалар өзара салыстырылды. Сондай-ақ дауысы таспаға жазылып сақталған бұрынғы және кейінгі кәсіби әншілердің орындауындағы үлгілер талданып, олардың интонациялық ерекшеліктері сараптала отырып, 24 ән, 3 күй (түр-нұсқасымен 35 ән) таңдалып алынды. Ал алдыңғы жинақтарда жарияланған Абайдың әуен өрнегінен алыс әндер ақынның музыкалық мұрасы қатарына қосылмады.
Аталған мәселелер биылғы соңғы басылымда да деректермен толықтырылып, салыстырулар жасалды. Осы жайттарға ішінара тоқталсақ.
Абайдың дара қолтаңбасын танытатын ерекше туындыларының бірі – «Сегіз аяқ» әні. Әннің жұртшылыққа кеңінен мәлім болған түрінен бөлек, бірқатар музыка зерттеушілердің әртүрлі орындаушылардан жазып алған өзге де үш түрі және оның бірнеше нұсқасы бар. Мәселен, А.Бимбоэстің М.Нұрабаевтан және А.Затаевичтің Қ.Мырзабеков, К. Қашқымбаевтардан жазып алған және Б.Ерзаковичтің Қ.Лекеров айтуында түсірген үлгілер бір тектес түр-нұсқалар болса, Т.Арғынбаев, Х.Елебекова айтуындағы түрлері өзара үндес болып келеді. Бірақ осының бәрінде Абайдың өзіне тән композиторлық стилінен гөрі халықтық әуенге тән сипат басым, яғни әндердің саздық құрылысы мен интонациялық өрнегі ақынның төл әуенінен алыс. Дегенмен, бұл нұсқалар ел ішінде Абайдың «Сегіз аяқ» әні ретінде қабылданып, бүгінгі күнге дейін түрлі мәдени іс-шараларда сахна төрінен көрініп қалып жүр.
Онегин тақырыбындағы туындыларының ішінде «Татьянаның хаты» («Амал жоқ қайттым білдірмей…») мен «Татьянаның жауабы» («Тәңірі қосқан жар едің сен…») өлеңдерінің музыкалық нұсқалары халық арасына «Тәтіштің әні» деген атаумен кең таралғаны белгілі. Алғашқы кезеңдерде «Ішім өлген, сыртым сау» әнінің әуенімен айтылып, сол үлгіде нотаға да түсірілген. Алайда зерттеушілерден өзге бұл әндердің қайсысы «хаты», қайсысы «жауабы» екенін ажыратып, олардың әрқайсысының қай әуенмен орындалатынына нақты үңілген дәстүрлі орындаушы болған жоқ. Нәтижесінде «Татьянаның әні» деген атпен Ж.Елебеков үлгісіндегі «Татьянаның жауабы» ғана орындалып келеді. Ал «Татьянаның хаты» ертедегі Р. Жаманова, Ә.Нұғманова сынды академиялық бағыттағы орындаушылардың репертуарында ғана кездескені болмаса, дәстүрлі орындаушылардың айтуында (қыздар) естіле қойған жоқ. Бүгінде Б.Төлегеновадан ғана тыңдауға болады. Дегенмен, қос туындының негізі ортақ болғанымен, олардың өлең құрылымы мен мазмұнына сай әуендік өрнектелуі де өзіндік ерекшеліктерге ие. Осыған байланысты болашақта бұл әндер орындаушылар репертуарына екі бөлек, дербес шығарма ретінде орныққаны жөн. Бұл тұста қосар тағы бір сөз, поэтикалық құрылымы жағынан бірдей болып келетін, М.Мұхаметжанова айтуында жеткен «Онегиннің хаты» мен «Онегиннің жауабы» да дәстүрлі орындаушылар назарында болғаны дұрыс.
Абай аудармаларының ішінде әнге айналып, халыққа кең тарағаны – «Қараңғы түнде тау қалғып» әні. Бұл әннің де бірнеше нұсқасы жетті. Осы нұсқалар ішінде еркін де кең, халықтық ән формасына жақын Қ. Байжанов интерпретациясынан туған үлгі де алдағы уақыттарда сахналардан естілуі керек деп ойлаймыз.
Абай сөзіне қазақ жұртының іздеген жоғын тапқандай құмар болуы – оның өлеңдерінің халықтық музыкалық дәстүрмен тоғысуынан да көрінеді. Мәселен, «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма», «Қыс», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Аш қарын жұбана алмас майлы ас жемей», «Ойға түстім толғандым» секілді өлеңдері мен поэмалары халықтық әуендермен айтылып, ел арасына кең тараған. Мұны Абай поэзиясының ұлттық музыкалық санада қалай қабылданғанын айғақтайтын құбылыс деуге болатын шығар. Алайда Абайдың шығармашылық бағытынан алшақ халықтық мұраны авторға телу – оның шығармашылық ауқымын кеңейтпейді, керісінше бұрмалап, музыкалық мұрасына қатысты нақты шекараны көмескілендіреді. Орындаушылар бұл жағына келгенде де Абайға абай болғаны дұрыс.
Абай әндерінің ішінде екі түрде жеткен жалғыз ән – «Көзімнің қарасы». Оның көпшілікке белгілі үлгісінен бөлек Ә.Ысқақов айтуында жеткен түрін Т.Базарбаев әуелде «бұл ән басқа бір мәтінмен айтылатын ән сияқты» деп бағалаған, кейіннен «Көзімнің қарасының» екінші түрі ретінде қарастырған. Осы әуенмен «Қарға мен бүркіт» мысалы да айтылған. Алайда Абай, Шәкәрім әндерін зерттеушілердің бірі, семейлік композитор А.Ахметжанов бұл әуеннің «Көзімнің қарасының» екінші түрі болып қате берілгенін, өзінің жазып алған дерегі бойынша бұл ақынның Әбдірахманға арналып жазылған «Мен сәлем жазамын» өлең-әні деген тың дерек әрі қисынды пайым ұсынады. Дегенмен, жинаққа алдыңғы жинақ бойынша әннің екінші түрі ретінде енді. Бұл – болашақта абайтану мен музыкатанудың біріге отырып қарастыратын мәселесі болуға тиіс.
Абайдың музыкалық мұрасына қатысты жаңа деректердің пайда болуы XXI ғасырда да жалғасын тауып отыр. Алайда табылған деректерді сыни тұрғыдан қарастыра пайдаланбау белгілі шығармаларды жаңсақ тануға алып келуде. Мәселен, 2024 жылы қобызшы Ә.Қазақбаев «Егемен Қазақстан», «Қазақстан дәуірі» газеттерінде жариялаған «Абайдың жаңа әні табылды» мақаласында (кейіннен жеке кітапша болып жарық көрді) А.Балғожиннің 1956–1957 жылдары ШҚО өңіріне жасаған экспедиция кезінде «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңімен айтылған «Абайдың өлеңі» деген атпен жазылып алынған әнді түп негізін зерттемей, зерделемей, интуитивті пайымдармен шектеліп, Абайдың әні деп тұжырым жасаған. Ал бұл анықталғандай, «Жарқ етпес…» өлеңімен айтылған ертеден келе жатқан орыс халқының «Из-за острова на стрежень» әні болатын. Абай мұрасына келгенде сенсация жасаудан гөрі селкеу түсіріп алмайық деген ой бұрын тұру керек деп санаймыз. Жинақ түсінігінде бұл да ескеріліп, кең мағлұмат берілді.
Абайдың музыкалық мұрасы төңірегінде көрінген жаңалықтың бірі – оның күйлері. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап «Желдірме», «Май түні», «Торы жорға», «Майдақоңыр» секілді төрт күйі белгілі бола бастады. Алайда аталған үш-төрт күй оның күйшілік өнердегі орнын, стилі мен көркемдік тәсілдерін анықтауда қиындық туғызатыны жайлы пікірлер де айтылды (Т.Қоңыратбай). Оның үстіне «Май түні», «Торы жорға» күйлерінің алғашқы және кейінгі ноталық үлгілері арасында да айтарлықтай көркемдік айырмашылықтардың көрінуі – Абайдікі делінген күйлердің түпнұсқалығы мәселесін өзектендіре түссе, «Желдірме» күйінің аты мен затына қатысты сәйкессіздіктер мен стильдік алшақтығы да бұл туындылардың Абай шығармашылығына қатыстылығын дәлелдеуді күрделендіреді.
Мәселен, алғашқы басылымда У.Бекеновтің ноталық үлгісі берілсе, «Көзімнің қарасы» жинағына Ғ.Сармұрзиннің өз орындауынан түсірілген С.Малаевтың ноталық үлгісі I нұсқа, У.Бекенов үлгісі II нұсқа ретінде енген болатын. Алайда соңғы басылымға Абайға тиесілі делінетін күй мұрасын тарихи-музыкалық тұрғыда біріздендіру мақсатында «Май түні» мен «Торы жорғаның» 1983 жылы Ғ.Сармұрзиннің алғашқы телевизиялық таныстырылымдағы орындауы бойынша С.Малаевтың нотаға түсіруіндегі соңғы нұсқасы ғана берілді. Сондай-ақ Ә.Қазақбаев мақаласында А.Балғожин қолжазбасынан «Желдірме» атты екі күйдің кездескенін, алайда олардың Абай сөзіне үйлестіріліп (Қыран бүркіт не алмайды салса баптап…), музыкалық-поэтикалық шығарма ретінде айтылғандығы жазылған. Демек, бұл – ертеде Шығыс өңірінде халық әуендері (ән-жыр болсын, күй болсын) Абайдың өлеңдерімен айтылғанын көрсетеді. Ал бұл тұрғыдан алғанда, 1977 жылы Х.Демшіновтен жазылып, алдыңғы жинақтарда жарияланып келген «Желдірме» күйінде де Мәдидің «Үшқарасы» мен Зілқараның «Жиырма бес» әні интонациясының байқалуы – ол «Желдірмені» де тікелей Абайдың төл туындысы ретінде қабылдауға ғылыми негіздің әлсіз екенін көрсетеді. Осы негіздерге сүйене отырып, Х.Демшіновтен жазылып алынған «Желдірме» соңғы басылымда Абай мұрасы қатарынан алынып тасталды.
Сонымен бірге ақынның 175 жылдығы қарсаңында күйші, зерттеуші А.Мәулетұлының «Егемен Қазақстан» газетіндегі (21.05.2020) мақаласында Қытай жерінен «Абайдың Ақтолқыны» секілді күйдің табылуы айтылса, автордың «Ақтолқын» атты бір-біріне ұқсамайтын тағы да бірнеше күйді әртүрлі орындаушылардан жазып алуы, алайда бұлардың нақты қайсысы Абайға тиесілі екенінің анықталмауы, тіпті Қытайдың Іле аймағына белгілі күйші Әшім Дүңшеұлының «Ақ ерке» күйінің «Абайдың Ақтолқыны» болып тартылуы күдік-күмәнді қоюлата түседі. Бұл тұрғыда күй зерттеуші музыкатанушылар тарапынан әлі де кәсіби пікірлердің көрінбеуі – ақынның күй өнеріндегі орнын анықтауда тұрақты көзқарастың қалыптасуына екіұштылық тудырады. Бұл мәселелер де жинақтың түсініктер бөлімінде ескеріліп, кеңінен қамтылды.
Қорыта айтқанда, Абай шығармалары мәтінтану ғылымы тұрғысынан қалай сарапталса, оның музыкалық мұрасы да классикалық үлгі ретінде қарастырылып, біріздендірілгені дұрыс. Сондай-ақ Абай мұрасын зерттеу кеңестік кезеңде идеологиялық шектеулермен жүргізіліп, ұлттық болмыс көбіне назардан тыс қалып, Абай әндері саяси жағдайға сай сипатталғаны да белгілі. Мұндай тұжырымдарға А.Жұбанов, Ғ.Бисенова, С.Күзембаева сынды ғалымдар өз уақытында қарсы пікірлерін білдірді. Дегенмен қазір Абайдың музыкалық мұрасын қазақтың төл мәдени болмысы мен интонациялық табиғатына негіздей отырып, жаңаша пайымдау қажеттілігі айқын байқалып отыр. Бұл – тек ғылыми зерттеудің ғана емес, сонымен бірге ұлттық рухты, дүниетанымды және көркемдік ойлау жүйесін тереңірек танудың маңызды жолдарының бірі.
Абай есімінің қазақ халқы үшін аса қастерлі болуы – оның рухани мұрасының баға жетпес құндылығында. Сол мұраның ажырамас бір бөлігі – ақынның музыкасы. Ал Абайдың ән-күйлері – ұлттық мәдениеттің көркемдік әлеміндегі терең мәнді құбылыс қана емес, сонымен бірге қазақ музыкасының дамуына серпін берген қайнар бастаулардың бірі. Ол – төл халықтық интонация мен поэтикалық сезімнің, эстетикалық талғам мен дүниетанымның тоғысынан туған, мазмұндық әрі формалық жағынан өзіндік ерекшелігі бар музыкалық мұра. Сол мұраны зерттеу, зерделеу, ұлттық дүниетаным биігінен пайымдау, методикалық тұрғыдан қарастыру – болашақтың басты мұраты болуға тиіс.
Еркін Шүкіман,
әнші,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері