АБАЙ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛУДА
Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Абай мұрасы және заманауи музей: таным, білім-ғылым және тәрбие тоғысы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Абай университетінің және Семей қаласындағы Шәкәрім университетінің басшылары мен белгілі ғалымдары, сондай-ақ белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, Абай өңірінің зиялы қауымы, әкімдік пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Осы іс-шара аясында Абай атындағы ҚазҰПУ «Хәкім Абай» орталығының директоры Жабал Шойынбеттің «Абай қарасөздерінің ерекшеліктері» атты кітабының тұсаукесері өтіп, Абай университеті туралы деректі фильм көрсетілді.
Бұл іс-шара Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тікелей бастамасымен өтті. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты жастар арасында Абай мұрасын насихаттаудың инновациялық нысандарын айқындау, жаһандану жағдайында мұражайдың мүмкіндіктерін өскелең ұрпақтың оқу-тәрбие, ғылыми-тәрбие үрдісінде тиімді пайдалану жолдарын іздестіру, өлкетану бағытындағы мәдени туризмді дамыту, Абай музейі мен Абай университетінің арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылау болып табылады.
Ел Президентінің бастамасын жүзеге асыру аясында Абай университеті Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында арнайы ғылыми-әдістемелік кабинет ашуды жоспарлап отыр. Бұл кабинет тарихи-мәдени және ғылыми ынтымақтастықты дамытуда, сондай-ақ ұлы Абай есімін алып жүрген екі мекеме арасындағы ынтымақтастық байланыстарын нығайтуда маңызды қадам болмақ.