МҰРАТБЕКТІҢ МҰРАСЫ
Менің студенттік достарымның ішінде күлсе, жүрегінің барлық қалтарыс-бұлтарыстарын көрсетіп, ішек-қарындарымен ақтарыла мәз болып күлетін екі досым болды. Бірі – Қайрат Әлімбеков, бірі – Мұратбек Оспанов. Біреуі – Талдықорғаннан, бірі – Абай елі Шыңғыстаудан. Екеуі түйдей құрдас. Біреуі – алпамса денелі, салқам, біреуі – тас-тұянадай тарпаң. Маған олардың күлкілері өшпейтін өмірдің сарқылмас сәулесіндей әсер ететін.

Осы достарым қасымда мәңгі жүретіндей сезінетінмін… Олай емес екен. Қазір екеуі де өмірде жоқ. Қайрат сонау 2006-ның жазында анасының басына көктас орнатам деп кетіп бара жатып, Шеңгелдінің тұсында опат тапты. Ал өткен жылдың майсаң мамырында Мұратбектің жыр-жүрегі оқыс шым-м-м ете қалған да, дүниеден көшіп кете барған. Кім көшпеген жалған, кімнен қалмаған арман дерсіз. Бірақ дүниеден ақынның өтуі – мүлде басқа құбылыс. Ол күні, әрине, ай тұтылып, күн күреңітпес, әйтсе де ел-ананың жүрек тұсы удай ашып қалатыны ақиқат. Ол құбылысқа осынау азды-көпті ғұмырда талай мәрте куә болдық…
Жә, басынан бастайыншы. Сонау бір заманда, бояуы өшпеген, жұпары көшпеген Алматы атты қалада бір-бірімізбен шұрқырасып қауыштық. Бір-бірімізді туғалы білетіндей, атамзаманнан етене жандардай татаусыз табысып, алғаусыз араласып кете бардық. Мен 1981 жылы ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түскенде, Мұратбектер журфактың екінші курсында екен.
Әлі күнге дейін көз алдымда, көшеде Мұратбек әңгіме айтып келе жатқанда, қалаңда түгіл ғаламда не болып жатқанында шаруасы жоқ, елігіп-беріліп кететін. Қолын кейде желкесіне қойып, балалық шақтағы қызықтары мен бұзықтарын айтып риясыз ақтарыла күлгенде сен де Шыңғыстаудың еңсесінен, Қарауылдың көшесінен бір шығатынсың. Сол сәтте орысы көп Алматының өзі қазақтанып-ғажаптанып кеткендей көрінетін. Абай елінің ғажайып адамдарымен де алғаш ағеден Мұратбектің арқасында таныстым. Өзінің өлеңдегі ұстазы Төлеген Жанғалиев, сұлу сазгер, аруақты әнші Тұрсынғазы Рахимов секілді ағалардың алдарын көре қалдық. Тыныштықбек атты сұрапыл ақын бар екенін де Мұратбек пен Бауыржаннан естіп білгем…
Алдымызда Ертай Ашықбаев ағамыз, айналамызда: Нүсіп Әдірахимов, Нұрлан Берғазиев (Мәукенұлы), Бауыржан Үсенин, Жаңабек Шағатаев, Базарбек Түкібаев (Балапан Базар), Бауыржан Омаров, Қайрат Әлімбеков, Бауыржан Жақыпов, Табылды Досымов, Әбубәкір Смайылов, Амантай Шәріпов сықылды шерілер, ҚазПИ-ден: Қазыбек Исаев, Нұрлан Әбдібеков, Кәдірбек Құныпияев сынды серілер бар, әй, бір, керуен-жалғанның серуен-дәурені басталды-ай! Оқуға кейінірек түскен Жұмабай Құлиев, Темірғали Көпбаевтар келіп, тобымыз одан сайын түледі. Бұл шоғыр ұзамай «Жұматай қағанатының» нояндарына айналды.
Мұратбек бірде Шаламай атты қаһарлы комендант әйелдің кәріне ұшырап, жатақханадан шығып қалды. Оның сол кезде төсек-орыннан әп-сәтте жұрдай болып қалған кереуетінің жоғарғы жағында ілулі тұрған Есениннің суретіне қарап:
«Бос қалды менің төсегім,
Бозадан болды кеселім.
Не дейін саған, Есенин,
Не дейін саған, Есенин?!» – деген экспромт өлеңі студенттердің аузында жүрді. Содан ол пәтерге көшті. Жай көшпеді, қасына достары Бейбіт Исабаев (қазіргі Жетісу облысының әкімі) пен Қайрат Әлімбековті ала кетті. Пәтерлері КазГУ-градтан аса қашық емес, Каблуков көшесінде болатын. Сол көшеде көпке белгілі жындыхана бар-тын. Бұлардың жындыхананың жанында тұратындарының өзі біраз «жыр» еді. Сенбі-жексенбі күндері сол пәтерде жиі бас қосамыз. Оқымысты Бейбіт көбіне кітапханаға кетеді. Біз жазушылардың анықтағыш кітапшасын ашып қойып ағаларымызды «аулаймыз», яғни өзіміз жақсы көретін қаламгерлерге телефон шаламыз. «Үйіңізге барып батаңызды алсақ» деген бағытта ғой әңгіменің ауаны. «Тізімімізде»: Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ақтанов, Тоқаш Бердияров, Сағи Жиенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Асқар Сүлейменов сықылды нәһандар бар. Осылардың ішінде біздің «ауымызға» ілкі ілінген «шортан» Иранбек (Иран-Ғайып) Оразбаев болды! Түн ішінде зыбан ұрамыз ғой және біз көргенсіз! Ағамыз бізді баласынған жоқ. Ертесіне қой сойып қонақ қылды. Ир-ағамен сол сыйластығымыз ғұмырымызға кетті…
Айтпақшы, Иран ағамен алғашқы танысуымыз одан сәл бұрын. 82-жылдың жайсаң мамыры-тын. Қос Бауыржан, Қайрат, Мұратбек – бесеуміз тәуекел етіп Жазушылар одағына барып, тұңғыш рет атышулы «Қаламгердің» барынан дәм таттық. Ол кезде Одаққа кіру «қалуетсіз хас сопының» мешіт-медресеге кіргеніндей мінәжатты шаруа-тұғын. Кейін:
«Кеудеге бұлбұл қонақтап,
Сол жерде ғажап нұр бардай.
Енуші ек біздер Одаққа
Мешітке кірген діндардай», – деп жыр жазып жүргеніміз сол жүрістердің әсері, күнәсіз шындық. Сол күні небір аңызға айналған ағаларды жақыннан көрдік. Араларында Өтежан Нұрғалиев жараған бурадай буырқанып жүр екен! Біз өзіміз сыртынан поэзиясына аса құрметпен қарайтын ақынымызды қоршап алдық. Бесеуміз де: «Аға, өлең оқыңызшы!» – деп жалбарынамыз. Еститініміз бір жауап: «Ей, бейшаралар, мен өлең оқысам жылайсыңдар ғой!.. – сосын, көзі танадай жарқылдап: – Мына Одақты «арамсідік» басқарып отыр. Мен – сардар, сендер сарбаз, кәні, осы орданы шабайық!» – дейді. Біз сырттай талантына табынып жүретін Одақ басшысын «шабу» түгілі, «арамсідікке» де қимаймыз. Өтежан ағаны тағы да жек көре алмаймыз. «Аға, қатты қызып қалыпсыз. Апарып тастайық, мекенжайыңызды айтыңыз», – десек, әбден елеуреп алған шәлкес шайыр: «Мен Қазақстанда тұрам ғой!» – деп шалжияды. Сөйтіп, амалымыз таусыла бастаған шақта әудем жердегі үстелде орыстың екі сұлу қызын (сірә, аудармашылары болса керек) мейман қылып отырған Иранбек ағадан көмек сұрадық. Ол бірден қойын блокнотын ашып, Өтекеңнің Өтеев көшесіндегі үй нөмірін жазып беріп тұрып: «Бұларың – азаматтық! Ағаларыңды жеңгелеріңнің қолына аман-есен табыстаңдар», – деді… Міне, осы бір сырт көзге елеусіз болса да бізге қатты әсер еткен оқиға туралы Бауыржан Жақып та, Мұратбек те, мен де баллада жаздық. Құдды, әлгі Қуандық, Сырбай, Тоқаш, Сағилардың бір тақырыпқа, яғни құлын туралы өлең жазатыны сияқты. Әрине, үшеуміз де болған жайға әр қырынан келіппіз. Мұратбектің жыры былай басталады:
«Қаламгер» деген кафеге мынау
жайғасқан едiк ендi кеп,
Өтежан ағам өкiрiп отыр
көзiнен жасы мөлдiреп.
Дәл қарсымызда қамықса ақын
қалайша бұған жан шыдар,
Шарадай көзден шашылып түстi
тарыдай таза тамшылар.
Өлеңге құмар өрiмдей жастар жырларын жаттап өскен ек,
Соғыстың салған жарасын жанға сол ақын берген кестелеп…»
Бұл жырда өмірдегі де, өлеңдегі де жолы тым ауыр болған ақынды жылатқан қоғамды айыптайды ақын. Жырдың соңы:
«…Еркiн ел болып, келемiн күлiп,
үлпiлдек үмiт гүл атқан,
Келмеске кеттi Кеңес те қазiр талай талантты жылатқан.
Тракторменен таптап тастаған көк
шықты қайта қыратқа,
Өтежан ақын көрiнбей кеттi, көрiнбей кеттi бiрақ та…
Толады кеудем сұраққа?» – деп аяқталады, яғни қанша азаттық алдық дегенмен, өзгеше ойлайтын, өзгеше жазатын шын ақындардың қандай қоғамда да қарқалләзи ғұмыр кешпейтінін уытты тілмен, бөлекше уәзін-өрнекпен әшкертеді…
Студенттік шақтың өзінде:
«Ақын дейміз, өлең дейміз, жыр дейміз,
Жырымызды жыртып тастап
жүр кей қыз.
Татып алсақ, талантпыз деп шығамыз,
Артты қысып, неге тыныш
жүрмейміз?!» –
деп, өзін осылайша әшкерелеген ақын бәрібір тыныш жүре алмады. Жайраң қалпына сеніп барып қалсаң, кейде аяқ астынан кілт ете қалып, айлап тұнжырап сөйлеспей қоятын қызық мінезді Мұратбектің ішкі буырқанысы ырық бермеген кездер оның жастық кешулерінде жиі кездесті. Қыран жапқандай қырғын төбелестердің ортасында жүрмесе де, деканға ұнамай, оқудан аластатылып, екі жыл солдаттың сұр шинеліне оранып қайтқанына да куә болғанбыз. 1984 жылы ҚазМУ-дың 50 жылдық тойына қатысты өткен айтыста мен Бейбіт Құсанбеков марқұммен айтысып отырып, қазылардың төрағасы Қожакеевке қарап:
«Аңсары аһ ұрғанда айға жеткен,
Соғатын жыр самалы майда леппен.
Абайдың сарқытынан татқан ақын,
Мұратбек Оспановтар қайда кеткен?!» – деп ашулы сауал тастағаным бар…
Иә, «әр күлкің бір қаралық» болып жүретін жастық шақ та басымыздан сәуірдің бұлтындай жөңки көшіп өте шықты. Одан кейінгі қазақтың «ала дорбасы алдына түскен» жылдар кім-кімді де аяған жоқ. Біріміз шығыста, біріміз батыста жүріп арамыз алыстап, хат-хабарымыз үзіліп қалды. Кейін ес жиған соң барып хабарласып тұрдық. Ол сонау 1918 жылы Алаш (Семей) қаласында Жүсіпбек Аймауытов тұңғыш редакторы болып, 12 саны шығып жабылып қалған, тәуелсіздіктен кейін қайта ашылған «Абай» журналының бұйдасын Рысхан Мусин ақсақалдан алып қалып, ғұмырының соңына дейін басқарды. Қазақ руханиятына зор еңбек етті. Өмірінің қандай кезеңінде де ару поэзияға адалдығын сақтады.
«Ат басындай алтын да бар, маржан бар,
Жайым жоқ қой жайдақ тартып арзандар.
Сара жол бар соқпағында санамның,
Салып кеткен ұлы Абай мен
Мағжандар…
…Сағым болып тұнып жатқан бір белде,
Сапарлаймын студенттік күндерге.
Қалғып кетсем қанжар сұғып оятар,
Қайрат пенен Светқали іргемде», –
деп ұлылармен өзін қамшылады, бізбен тебінгісін терге көміп жарысты.
Ол да Абай атасы ұстаған ақиқаттың қандауырын қолынан тастамай өтті. Ұлт бойындағы жолдан жабысқан, қайта «табысқан» мерездерге қарсы «улы сия – ащы тілінің» уытын аямады.
«Қолым әрең жетіп еді күнге азат,
Ата-баба түгендедік уралап.
Әр рудың батырларын ұлықтап,
Әр төбеге мәз боламыз ту қадап.
Ұлы жүз бар, Орта жүз бен Кіші жүз,
Үш бөлініп мандымады ісіміз.
Бір қазақтың жайлауына таласып,
Ағайынға қайралуда тісіміз.
Бүйте берсе оңбайды ғой бұл қазақ,
Бірін-бірі шапқа түртіп жүр қажап.
Түніменен тыным бермей шығады,
Күшік ойым көкіректі тырналап.
Өткір айтсам, ұлт қамы деп ұғыңдар,
Жасырмаймын, міне, осындай күнім дәл.
Күшік ойым ұли-ұли ұлғайып,
Өзім итке айналатын түрім бар!» – деген ашудасқа малғандай ащы шумақтар бүгінгі күннің усойқы ақиқаты емес пе?! Азаттық алғаннан кейін ұлттық санаға жетіп, адамзаттық сапаға көтеріліп кетудің орнына рушылдықтың батпағына қайта батқанымыз, шынында, орны толмас сорақы өкініш қой. Ақын жүрегін мерзімінен бұрын жарып жіберген де осындай кесапаты ұрпаққа тиер кеселдер еді…
Мұратбектің артында халқының қамына қылған қалам қайраты мен отбасы, жары, ұрпағы қалды. Өзі айтқандай:
«Білемін, алдаспандай өткір емен,
Алдымда көкем де жоқ көк тіреген.
Қияли ұлдарыңның бірімін ғой,
Кеудесін тентек өлең тепкілеген.
Жатқаны шамалы оның пайдаға асып,
Отырам өзіме-өзім майдан ашып.
Жұлдызға аспандағы сәлем жолдап,
Боламын түн баласы Айға ғашық.
Сызылып о шіркін де жолатпады,
Жасырып сұлу жүзін таң атты, әні.
Сол Айдың сәулесінен сүзіп алған,
Әйтеуір, жолдар қалды парақтағы», – деп, «ай сәулесінен сүзіп алған» жырлары қалды. Біздің көкірегімізде ақжелең жастық, бозжейде ғашықтық және… сартап сағыныш қалды…
Пейіште нұрың шалқысын, мұратына адал, мұрасы кемел Мұратбек!
Светқали НҰРЖАН,
Абай атындағы Мемлекеттік
сыйлығының иегері