ТАЛАНТ
26.11.2025
283
1

Гастрольдік сапар. Бас режиссер – Жақып Омаров. Осы өнер тойына орай, Сәкен Жүнісов ағамыз басымызды жыйып: «ертең менің театрым келеді, көріңдер, әңгіме сонан соң» дегеннен кейін бірде-бір қойылымды жібермей бастан аяқ ыждағатпен көрдік. Қойылымның бәрі ғажап болмаса да өте ұтымды жақсы қойлымдар болды. Әсіресе елді елең еткізгені, бітім-үні бөлектеу актердің ерекше ойыны. Ол – сол кездегі жас актер Рамазан Баймағанбетов деген азамат. Осы күнге шейін ел көзіне ілінбей келген, табиғатынан басқашалау туған, бөлек ойлы, дара талант.

   Туған елі – Семей Дегелең, Қайнар, Ұзынбұлақ ауылы. Өскен орта жастық шағы Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданы. Өнерге орай алғашқы алған білімі де бір басқа. Қарағанды қаласындағы музыка мектебінің «Виолончель класы». Қазақ баласы соншалықты құмарта қоймайтын жат мамандық. Ең алғаш театр оркестіріне музыкант ретінде қабылдануына да себепкер болған осы музыканттығы. Тағы бір ерекше қабілеті виолончельден басқа домбыра, пианино, баяныңа да бірдей, бесаспап. Қай инструментіңді алсаң да таза кәсіби шеберліктің үлгісінде, орындауы да бір ғажап. Табиғатынан біткен кең сұлу даусы өз алдына. Ежелгі қисса-дастан жырларды төккенде тек тыңдаушың болса болғаны. Міне, Рамазанның бойына біткен осындай ерекше құдірет тылсым күштің бар сыйқыры. Айтары жоқ таза талант.
Музыка мектебін тамамдап, Қарағанды облыстық театрына қатардағы көп музыканттың бірі болып қабылданғаны 1971 жыл. Ол кез орыс-қазақ театры бір шаңырақтың астында күй кешкен заман. Оркестр ортақ. Күндіз-түні тынымсыз репетиция. Одан қалса ала жаздай үй көрмей бала-шаға біткенді көрші туыстарға аманаттап ел аралап, қысы-жазы бітпейтін гастрольдік сапар. «Бәрі де өнер үшін, бәрі де халық үшін» деген жалынды комунистік ұран. Жоспар. Өнердің бұл рухани майданы өз заманында ел үшін керемет зор тәрбиенің озық үлгісі болғаны бір Құдайға аян. Өткен қоғамның өнер жолындағы осы бір жақсы жері, шынында, керемет. Бұл да бір жақсы тарихтың жақсы беті.
Жалпы, Рамазанның театрға келуі мен өсуіне ең бір себепкер болған адам режиссер Жақып Омаров. Алғаш театр сахнасына шығып көзге түскен рөлі де осы Жақып қойған Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» қойылымы. Инсценировка. Бұл роман сол кездегі жастардың ең бір сүйіп оқитын ерекше романы болатын. Басында айтқандай Алматыдағы біз көрген ғажап рөлдің бірі де – осы рөл. Сөз анық, үн бөлек. Әр қимылы мен отырыс-тұрысына дейін шынайылықтың келбет бейнесінде сомдалған таза бейне.
Ертеңінде Әуезов театрының үлкендері боп Серағаң бастап жыр қып айтқандары да осы Рамазанның ерекше ойыны. Таңдайын қағып тамсанғандарға белгілі театр сыншысы Бағыбек Құндақбаев ағам: «Әуезов театрының нағыз төрінде жүретін осы актер» деп бағалағаны да әлі есте. Кейінірек Бәкең (Құндақбаев) «Ақ кемедегі» Момын шалына арнап мақала да жазды.
Келесі күнгі қойылым Сәкен Жүнісовтің со кезде бар қазақ театрларының сахнасын жаулаған «Жаралы гүлдер» спектакліндегі – Қасым рөлі. Рамазанның мұндағы рөліне риза болмаған көрермен қалмады. Әр сөзі мен әрекетіне қайта-қайта қол соққан жұрттың ризашылығында тіптен шек жоқ. Спектакль соңындағы елдің ерекше қошеметі осы күнге шейін көз алдымызда. Қайта-қайта ашылып жабылған шымылдықтың әсері дуылдаған жұрттың делебесін одан сайын көтерсін. Толық залдан төгілген құшақ-құшақ гүлдер. Аншлаг. Міне, актер таланты мен актер құдіретінің биіктігі. Айтарға сөз жоқ керемет қойылым. Зал мен сахнаның арасында айғайлап жүгіріп, қуаныштан шат болып шапқылап жүрген Сәкен (Жүнісов) ағамыз. Тура әйелі ұл тапқаннан бетер шаттықта. Со кездегі көптеген қазақ театрларының өнердегі жетістігі осындай көріністерде өтетін. Театр өнерінің нағыз өскен шағы.
Ал бүгінде қандай? Сүреңсіз драматургия, сүлесоқ актер, ол аздай тәжірибесіз режиссерлердің таяз білімдерінен жаралған мағынасыз қойылымдар мазақ күлкі. Талапсыз басшылықтың бассыз иелігінен жаралған талантсыз топтың тобыр тойындай ұрлық көріністер. Одан қалса Батыстың осыдан елу жыл бұрынғы қойып кеткен қойылымдарының мәнсіз көшірмесі. Бұған айтылар ой мен сөздің өзі арзан. Басқадай шыққан биіктері болса оны айтсын. Жалпы, «өнерде әркімнің таласы бар» деудің өзі нағыз надандық. Өнер бәйгесінде тек таланттың ғана таласы бар. Сол таланттың тазасы мен мықтысы да сол кездегі осы Рамазан еді. Ендігі сөз бен ой сенің рухыңа арналады.
Өзіңнің Қарағанды театрының сахнасында өткен көп еңбектеріңнің бір ерекшесі – Жақып қойған «Макбет» қойылымы. Аударма иесі қазақтың маңдайына сыймай кеткен біртуар ұлы ғалым Ебіней Бөкетов. Бұл қойылымда қазақтың тұлғалы ірі талантты актері Нұрмұхан Жантөринмен бір сахнада қатар тұрып өнер бәсекесінің бәйгесінде кең тыныспен ерекше еркін ойнаған осы бейнең Рамазан атыңды тағы бір биік белеске шығарды. Кім – кім, өнер алыбы Жантөринмен ұштасқан ыстық құшақ. Шекспирден туған шексіз ой сарын. Жан алып, жан беріскен көзсіз майдан. Тартыс. Қос талант. Шеңгелінен қан төккен текетірес. Кең дүниеге сыйғызбаған тар көңіл. Серіктес партнерің сахна пірі Жантөрин. Жеңіс. Жеңіске жеткізген де өз талантың мен өз қасиет мінезіңнің ерекше күші. Мұндайда өнер адамы өз уақытынан кешіксе сол азап. Сен кешікпедің. Бәрі де өз уақытымен. Бұл тұрғыда, репертуар көрсеткішінде шеттетпей өсірген өз Қарағанды
театрыңа және рақмет! Тек әттегені-айы, сенің орның сол кезде Алматы театрының төрі еді. Оны бұл Құдай бұйыртпады. Бұйыртқанда, Қазақстандағы ең мықты белді актер сен болар едің. Оған өнер кепіл. Дәлелі, режиссер Мәмбетов берген баға. Ортақ көз жас.
Келесі кезекке ілінген ірі бейнең де осы Әзекең қойған Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» қойылымы. Пьесадағы басты кейіпкердің бірі тағдыр тәлкегіне ілінген қарт Момын шал. Ірі бейне. Бұл рөл өз заманында кино мен талай
театрға табыс әкелген Айтматов бәйкеңнің шоқтығы бөлек зор туындысы. Балалық шақ. Жетімдік. Көз жас. Ауыр тағдыр.
Сахна заңында: «Актер образ тудырарда әр актердің бейнеті өз ішкі жан азабынан бастау алар – шер сезім, бітеу жара, жеке өмір, жазылмас дерт, азап көңіл» Мұндайда талант көзі де өнер адамының жеке өмірінің ішкі құпиясының көп сырының бір көлеңкесіндей. Өз ішіңдегі кейбір мұң-сырларыңды елге ашып айтпасаң да сахна арқылы көрсетуге тура келеді. Мұндай сезімдер актердің өзіне азап болса да өнерге табыс. Сырлы сырдың ішкі сыры кейде осылай ұштасады. Ол бейнең – Момын шал, ішкі жан жара, тілсіз күрес. Өз үйіне өзі өгей болған жаттық. Көз жас. Тірі жетім. Немере. Іштен шыққан бедеу қыздың сор кейпі. Қараусыз қалған қара шаңырақ. Қайыра айтқанда, өз өміріңнен туған жалғыздықтың бір белгісіндей. Ұқсастық.
Сені сахнада оятқан да, жылатқан да осы жекебасыңның көп сырының бір мұңы. Со кезде өзіңдей болып жалғыздықтың жан азабында жүрген Әзекең (Мәмбетов) сендей тұлғалы актерді енді тапқанына қуанса да, іштей налып жылағаны бітеу жараның өнердегі өз жарасы мен өз дертіндей болды. Сөнбес пілте шырақ. Әзекең де бала өлімін көрген режиссер. «Ақ кеме» сарыны үлкеннен үміт үзген қорғансыз балалық шақтың бір тағдыры ғана. Бала. Әке. Жалғыздық. Актер бейнетінің азапты көз жасы өнерден осылай туды. Ол – өзің. Момын шалдан туған өз бейнеңнің өз қасіреті. Көндің. Көнгенсің. Өмір. Бұл өнер қойылымында тағы да сенің асығың алшысынан осылай түсті. Тағдырлы актер талантынан туған таза шындықтың бір шешімі осылай тыныстады. Құшағына қысып «где ты был, ей идиот!» деген Мәмбетовтің де көз жас қуанышы бір көтерілді. Талап – талантсыз жерде істің бәрі бос. Ұттың.
Тағы бір осындай ұтымды бейнеңнің бірі, беттісі – Е. Тәпенов қойған Ғабаңның (Мүсірепов) «Ақан сері- Ақтоқты» қойылымындағы Мылқау бейне. Бір ауыз сөзі жоқ, туабітті көз түрткі керең мүгедек. Бұл бейне әу бастан талай актердің арманына айналса да алымы өте ауыр бейне. Көрмесек те, Қаллекидің (Қуанышбаев) көп рөлінің көріктісі болған да осы – Мылқау. Алдыңғы ағалар бастаған өнердің небір әсем бағасы өткеннен осылай сыр шерткен. Тарих.
Мылқау кім? Үнсіз-сөзсіз соқыр қара күш. Дүлей. Айтарға тілі болмаса да жүрек сезімі мүлде бөлек жан. Іштен тынған қара күш. Пенде. Шарасыз мылқау. Бұл жерде де сол, араласарға жақыны, сырласарға досы жоқ тағы да сол меңіреу өз жалғыздығың. Әйелге деген көңіл. Ер адам үшін ең ауыр тірлік, сүйер сезімнен айырылу, жан ашуы, тозақ тірлік. Әйел осалдығының әсерлі сәттері. Адам үшін дүниенің ең ауыры қашаннан жалғыздықтан келер сұм кесел. Ол сахна төріндегі Гамлет, болмаса ұлы Абайдың дүниеден өтерде айта алмай кеткен (әйелге деген) өз жеке қасіреті. Сен ойнаған тілсіз рөлдің ұлы бейнесінің ұлы күші де осылай туындады. Мылқау үннен туған өз тағдырыңның бір жыры қайталанбас «образ» бейнесіне осылай енді. Қан теріңді төккен сахна жауабы актер үшін кейде бақ, кейде сор. Тағдырың, әлде өмірің. Қайталанбас рөлдің актер үшін қасірет күш табысы неше жерден биік болса да осындай кер соққысы және жаман. Өзің. Өнерге де шыдам керек. Жеңілсең де түбі бір жеңетініңді сен де білдің. Ол өнер майданының қайталанбас бір кеші, әлде қайта тумас образ, келбет, бейне. Болмаса, көптен күткен, әлде іштей сағыныштан туар азулы рөлдегі өнердің өз жеке сыбағасы.
Жалпы, өнер адамының жеке тағдыры (өмір соңында) жауапсыз сан сұрақтардың ауыр қияметімен аяқталады. Азап. Уақыт уы. Отбасы. Өз мінезің өзіңе кейде дос, кейде жау. Бұл өмірдің, өнер шындығының бұлжымас ескі ережесінің бір есебі осылай екенін сен де білдің. Жаратқанның тосын сыбағасы өмір бейнетінде осылай жетелеп, осылай өлтірді. Өмір. Өнер. Театр. Сен ойнаған Мылқаудың қайталанбас қара тері мен соры да осындай жұмбақ күштерден құралды. Бұл еңбегің «өнер-өмір» жолында да ұмытылмайтын әрі өлмейтін өз образ бейнеңнің таза көз жасы мен сүртілмеген ащы терісінің ұзақ табысы, көрінісі. Өнер де кейде үнсіз өлтіреді. Білдің. Көтердің. Бұл жалған өмірдің ит тірлігінен сен де солай өттің.
Кереметтей келістірген тағы бір бейнең Ғабаңның (Мүсірепов) «Ұлпан» қойылымындағы Есеней бейнесі. Ондағы айтылар тақырыптың өзі бір басқа. Сөнген жастық елеусіз тағдыр. Драма. Іштен тынған көңіл күй. Үнсіз сезім. Кәрілік. Келеңсіз тірлік. Сен де осы рөлге «өмір-өнер» жолының өткел көпірінен талай сүрініп әзер жеттің. Мұнда да сол өз өмірің. Тағы да сол ұқсастық. Өнер адамының өмірі де кейде отқа ұмтылған көбелектей. Күйеді. Жанады. Өледі. Мұндайда, өз отбасыңнан басқалай тағы бір жасырын кер махабат азабына ілінсең тіптен жаман. Театр өмірінің ішкі тылсым өмірінде актер пенденің жекебасында не болмаған. Қашанда соңы сорақы. Оған да көнгенбіз, көнеміз. Бұл да өнер адамының өз жеке тағдыры. Қалай десек те тірі тіршіліктен жаралған көп жауапсыз сұрақтың сұм сұрағы. Айтуға ыңғайсыз, айтпасқа келмейтін кем-кемістік. Сахна өнерінде оң жанбасыңа ілінген ірі жеңісің де осы Есенейдің ішкі есебінен туған ірі тұлға – өз азабың. Рамазан – Есеней, Есеней – Рамазан. Мұнда да сол өз өміріңнен қиялай тартқан тайғақ жолдың қиыс сүрлеуі. Өткелсіз асу. Тар кезең. Ащы өкініш. Ең бастысы, көрген көрерменіңнің саған деген ерекше сенімі. Талантқа деген көрермен сенімі қашаннан өнер шыңы. Солай болған және солай боп қалатыны да ақиқат. Ит өмір, түлкі ойын, сайтан тірлік. Өнер үшін талантқа бәрі керек. Бұл – ортақ өкініш. Өкінішсіз өнер және жоқ.
Актер мамандығы талант ие. Оған керегі арыстан мінез, жолбарыс жүрек, қасқыр мінез. Одан қалса ерте шапса, кешке озар тұлпар тұяқ, нағыз қас жүйрік сұлу шабыс. Сен, өз өнер жолыңда осы қасиеттердің бәрін игерген нағыз шынайы шыншыл таза талант боп өстің, жеттің. Өнер шындығы өмір шындығынан. Сенің бар шынайылығың да осы өз табиғи тазалығыңнан туған таза өнердің өз сенімі. Өмірде қандай арлы болсаң өнерде де сондай болдың. Сатқындықтан ада өткен бір талант болса, ол – сенсің Рамазан. Ол аз десек, «областной театр», «периферии» деген надан ұғымды теріске шығарған тума талант сирек құбылыстың да иесі – өзіңсің.
Ежелден келе жатқан өнердің ескі жолына көз салсаң, қашаннан жүйріктер аз, шаңдатып шабатындар көп. Ақша дүние десе ұлардай шулаған көп тобыр қара қарға көп күшіген. Өмірде де, өнерде де шаппай бәйге алатын «рөл иесі» де солар. Сенің заманыңда өнер адамдары өз өнерін ит сатқындыққа дәл бүгінгідей сатқан емес. Бұл өткен өмірдің бар таланттарына айтылар ортақ сөз, жақсы баға. Өткен өмір «кірбіңі кетпес кір көңіл, жусаң да өшпес көңілден» деген асыл ұғымның бір белесі боп қалған. Басқа не…
Енді бір баса айтар байлам сөз, актер үшін керегі азулы рөл жеке табыс. «Образ». Мұндайда өнер адамы бір «образ» тудырмай өтсе, ол да өнер үшін ауыр қасірет. Өнерсіз. Егер де ел есінде қалар бір «образ» жасаса, ол – талант. Ал сен болсаң әр рөліңнен бір бейне тудырдың. Ол – Есеней, ол – Момын шал, ол – Мылқау. Ел көріп көзге түспегендері қаншама? Талантсың, талант болғанда да Құдай берген табиғатыңнан ерек біткен ірісі, тазасы. Бітімі биіктен жаралған қоспасыз «самородок». Айта берсе әр рөлің бір дастан. Цезарьдағы Цезарь т.с.с. сияқты әр көркем дүниеңнің орнын түгендеу де мүмкін емес.
Драма трагедиядан өзге комедия жанрындағы қызықты бейнелерің бір төбе. Мұхаңның (Әуезов) «Айман- Шолпан» комедиясындағы Көтібарың мен «Қараш-қараштағы» Жарасбайың қандай. Өзгеге ұқсамайтын өнерің дара тұлғадай осылай өсті, солай өтті. Әттең, жалған қу өмір, өтті-кетті көрген түс, ескен желдей боп көп қайталанбас көп өнерің. Айта берсе, сен ойнаған рөлдің әрқайсысы бір туынды, бір роман. Театр өнерінің де бір кемшілігі, көрсең – көрдің, көрмесең – қалдың. Ал көргендердің айтып жазғанын қайта айтсаң жай бір ертегі іспеттес аңыздай. Театр өнері кейде осы сыйқырымен бағалы әрі сыйлы. Ежелден мысы басым тылсым күш жұмбақ сахнаның өз ойыны қашанда осылай.
Әншілігіңе келсек, асқақ үніңмен ел есінде және қалдың. Театр өнерінен тыс не бір концерттік бағдарламаларда талай атой салып, талай әннің жырын төктің. «Ән домбырам – сән домбырамның» төрінде талай сұлу әндерің көмекейіңнен күй боп төгіліп әніңнен талай ғасырдың үні туды. Сұлу дауыс ерекше орындаудың бір шеберлігі болса, ол сендей-ақ болсын. Ғажап әншілігің талай сұлуды ұйқысынан оятып, талай ердің намысын да қайрады. Бөлек мақам, басқаша орындауың өнерге қосқан әншіліктің бөлек салтындай айтылды, жазылды. Бүгінде қолына домбыра, сырнай алып дәл сендей сахна көркі болардай актер жоқ. Бұл да жасырмай айтар өнердің өз шындығы.
Өнеріңе тәнті болып өскен өз замандас серіктесің ҚР халық артисі Кеңес Жұмабеков айтқан естелік: «Бірде, академик Ебіней Бөкетов ағамыздың алдында «Естайдың қоштасуын» айтты. Бұл жолғы орындауы тіптен ғажап. Сонда балаға зар болған Ебіней ағамыздың құсалықтан егіліп жылағанын көрсең ғой. Көзбен көрмеген жанға айтып жеткізудің өзі қиын. Рамазан да сай-сүйекті сырқырата әр сөзін сүйектен өткізе ән төккенде, қандай тыңдаушың болса да бейжай қалуы мүмкін емес. Үні зарлы, сөзі керемет. Ал орындау шеберлігінде тіптен сөз жоқ. Ән біткен соң да біраз уақыт тылсым меңіреу өлі тыныштықтың құрбаны болдық. Қайран есіл Ебіней ағаның ер көңіліне айтар сөз жоқ. Ауыр өмір, қуғын заман. Ал әннің негізгі иесіне келсек, ол Кереку жақтағы көне қария Шәймерден деген ақсақал. Іздеп тауып, жарыққа шығарған Рамазан. Кейіндері Ебіней ағаның қолдауымен Естайдың бұл әні радионың алтын қорына да жазылды. Ең өкініштісі, осы әнді бәз біреулердің «мен тауып айтқанмын» деп иеленгені. Сонда Рамазаннан не қалды? Тек үн қалды, онда да бар болса. Міне, өкініштің ең ауыры. Ал актерлік талантына келсең Рамазанды қай рөлге салсаң да су бетіне сурет салар нағыз сұңғыланың сұңғыласы еді ғой. Өнер бәйгесінен ат басын бермейтін нағыз қас жүйрік. Тағы бір еске аларым, сонау 90-жылдағы қиын кез. Жәкең (Омаров) Ақмоладан театр ашып, ұжымның тең жартысы сонда кетті. Ішіндегі ірісі осы Рамазан. Айлығы, жылуы жоқ театрда директор боп мен қалдым. Не істейсің, оған да шыдадық. Екі-үш жылдан соң өз театрына өзі оралғанның бірі – тағы осы Рамазан. Оның келуімен театрымыз қайта жанданып, өнер де қайта дүрілдеді. Сондағы бір жағдайды айтайын. Жәкеңнің Рамазанды жақсы көргені сондай, өзі құрған Ақмоладағы театрдан кетіп қалса да «ҚР еңбегі сіңген артисі» деген құрметті атағын алып бергені. Өйткені бала жастан баулып өсірген Жәкең, Жақып Омаров қой. Міне, тазалық, әрі құрмет, әрі ерлік. Ал өз басының тағдыры ауырлау болды. Өнер адамы үшін айналдырған 58 жас деген не? Өмірден нағыз кемел шағында кетті. Соңғы сағат күніне дейін қасында болып, өз қолыммен аттандырдым. Өкінсең де, күйінсең де осы», – деп Кеңкең де әңгімесін тоқтатып көпке дейін өз көңіл күйінен шыға алмай біраз отырып кете барды. Ал өзімнің радиодан сұрастырып Рамазаннан бар тапқаным, «Шөженің Тұрлыбекке айтқаны» деген жалғыз көшірме. Ашық дауыс еркін үннен туған бөлек сарын, бөлек мақам. Жауапсыз зар сағыныш.
Соңғы ойды түйіндесек, өнер де бір базар. Әркім өз керегін іздеген қу тірлік. Бітпейтін ойын, сүреңсіз
спектакль талғамсыз қойылымдардың бүгінгі мәнсіз жалғасы. Дарынсыз режиссер авторлардан тозған театрлар саны. Бұл өмірдің аяғанынан аямағаны ауыр. Әр бейнеңде күліп тұрсаң да налып өтесің. Әлі де сол өзгермеген өкінішті көріністер. Өнерді бағалап, жоқты түгендеп талантқа деген құрметте те жоқ. Бұл өнерге тірі өлексе болғаннан асқан жамандық жоқ. Көнбесіңе көндірген көнбіс қазақы тірлік, мазақ күлкі.
Өнерде қалған ащы өкініштің бірі, әттең, киноға түспей кеткен бір бейнең. Бір жағынан, бұл да дұрыс. Кино актері өзінің не ойнап не істеп жүргенін де білмейді. Театр актері кімді қалай ойнап, қалай ойлап жүретінін білетін тірі сезім иесінің ірі таланты. Құдірет күш. Театр жанды сахна. Ой орда. Процесс. Тірі тіршіліктің өз көркем туындысынан жаралған шерлі шеңбердің басқадай серпілісі.
Мен көріп қызметтес болған (арнайы білімі жоқ) қараңғының қас жүйрігі Әбілқасым Жаңбырбаев, Тұрысжан Айнақұлов қандай болса, сен де сондай тума таланттың өз биігінде өттің. Кезінде Абай рөліне сай түр-тұлға бітіміңде данышпан бейнесін сомдағаныңда дәл сендей Абай қайта туар ма еді, әлде тумас па еді? Абайға қандас туыс болсаң да рөлдің бір реті келмеді. Бұйырмады. Бұйыртпады. Бұйыртпаған кең өмірге қарсы жаралған тар сахна. Абай жасаған 59 жастың күйігі. Өнеріңе бата берген академик Ебіней Бөкетов ағаң да осы 59 жаста кетті. Сен де осы 59 жаста «өмір-өнер» сахнасын қия алмай құса көңілде өттің. Ортақ тағдыр. Одан өзге келісті өң, сұлу даусыңмен Біржан, Иманжүсіп, Балуан Шолақты ойнағаныңда қазақ сахна өнерінің төрінде тарихқа жазылар нағыз образдар сенің атыңда қалар ма еді? Әттең, жалған дүние, мейірімсіз өнер! Адам түсінбес 59 жас!
Бүгінде ойлап қарасаң адамзатқа ортақ ауыр соққы – атақ-даңқ, арсыз тақ, қу нәпсі арам арақ. Соның бірі – арсыз әйел. Бұл қасірет бар әлемге ортақ режиссерсыз ойын. Сүйкімсіз спектакль. Иесі өзіміз. Әсіресе талант біткендердің түбіне жеткен қу арақ, ойнас қатын. Не бір мықты таланттардың түбіне жеткен де осылардың ойыны мен қойыны. Арақтан қайтқандарда тіптен сан жоқ. Бұл тажалдың талант мәселесін шешпей тек алдамшы сәтке ұмыттыратынын да ескермедік. Біз де соған алдандық, сендік. Деннің саулығы деп ішсек те денсаулығымыз түзелмеді. Іштік өлмедік, іштік өлдік. Әлі де сол ұрлық ұрттау. Өмір.
Соңғы күндер. Емхана. Көтеріңкі көңіл-күйде емделдің, сауықтың. Өз үй өлең төсегіңде Анаңның алдына тағы бір мәртебе оралдың. Неден екені белгісіз, көп жүрмей моншаға бардың. Жуындың-шайындың, тыныстадың, ақтық тазалық. Қайтадан есеңгіреткен сол денсаулық соңғы әсер. Шолақ ғұмырдан туған ақтық дем айтылмаған әндер, әлде жүрекке күш салған көп рөлдің шерлі шертпе күйі. Тіріге таусылмас өсек-аяң. Меңіреу үнсіз сұр сахна, жалаңаш бейне, сатқын тірлік, әлде бәрі де болды-ау өзімнен деген үн, қимас көңіл. Жанбаған жарық. Қараңғылық.
«Талант көз жасы өтер-кетер өлшемі жоқ өнермен. Сендей актер енді тумас, өнер-өмір неше жерден толғатса да». Автор, режиссер, актер – бәрі де өз өмірің. Өнердің бір ірі иесі сенсің – Рамазан. Толғау. Толғам. Осылай.

 

Ерсайын ТӨЛЕУБАЙ,
ҚР халық артисі,
режиссер-драматург

ПІКІРЛЕР1
Аноним 30.11.2025 | 22:23

1985жыл.Қарағандыда С.Сейфуллин театрының сахнасында Ш.Айтматов.»Ақ кеме»қойылымында Бала образын сомдадым. Атамды Рамазан Баймағанбетов ойнады.Керемет партнер, адамгершілігі мықты жан еді. Ол кісімен партнер болудың өзі бақыт еді…..Тума талант . Әттең өмірден ерте озғаны өкініш.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір