Ертіс немесе Ертіскент деп аталса екен
21.11.2025
30
0

«Қазақ әдебиеті» газетінің биылғы жылғы 7 қарашадағы №44(3990) санында жазушы, драматург Серік Асылбекұлының «Сарыарқа, Кереку ме, Тұзқала ма, әлде…» деген тақырыппен Павлодар қаласының атын өзгертейік, болашақтағы атын қояйық деген әртүрлі ұсыныстары бар екен.

Сарыарқа, Кереку, Тұзқала, – деп автор өз пікірін білдіріпті. Меніңше, аталған үшеуі де келмейтін сияқты. Дұрыс айтқан, үшеуі де келмейді ғой. Бұл өзі Қазақстандағы ең ірі қалалардың бірі. Қала жедел қарқынмен дамып келеді, үлкен өндіріс орталығы. Орналасқан жері – Ертіс өзенінің бойы. Сондықтан бұған атын да дұрыстап қойған жөн. Сондықтан Ертістің бойындағы қала болғандықтан атын Ертіс немесе Ертіскент деп Ертіске байланыстырып қойса. Себебі Ертістің бойында бірнеше қала бар Өскемен, Семей сияқты.
Әсіресе «Егемен Қазақ­стан» газетінде мақтан қылып Кереку деп жиі жазады. Сонда деймін-ау, ондағылар орыстың саудагері Корякиннің атына қойылғандығын білмей ме екен?! «Купец» қазақтардың тұзын тартып алып, қайтадан қазақтарға сатқан.
Шындығына келгенде, қалардың аты бір-екі жылға қойылмайды. Ол мәңгілік болуы тиіс. Бізде Алматы, Әулиеата, Шымкент, Түркістан деген қалалар мыңдаған жылдар тұр ғой. Орталық Азиядағы Самарқанд, Ташкент, Бұкаралар басқа да дүние жүзіндегі Мадрид, Берлин, Шанхай мыңдаған жылдар атауымен аталып өзгермей келеді. Өйткені басында қолайлы, дұрыс, терең ойланып қойылған.
Сондықтан мұның атауын асықпай ойланып Ертіс деп қойсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл менің жеке өз пікірім.

Жолмұқан ТҮРІКПЕНҰЛЫ,
92 жастағы ардагер,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір