БҰЛ ҚАЗАҚ БІЛЕР МЕ ЕКЕН БӨКЕТОВТІ?!
28.10.2025
193
0

Алғаш рет академик Е. Бөкетовтің есімін 1968 жылы Алматыдағы М.Әуезов атындағы Академиялық қазақ драма театрының жанындағы театр студиясын бітіріп, жолдамамен Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрына актер болып келгенде естідім. Сол кезде Қарағанды облысының қазақ және орыс театрлары бірігіп қойған Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді» спектаклі көрермендер мен сыншылардан жоғары баға алып, республиканың театрлар ортасында абыройлары асқақтап жатқан кез екен. Мен де осындай қайнаған шығармашылық еңбектің ортасына келіп араласып кеттім.

Театрда алғашқылардың бірі болып мені бауырына жақын тартқан Сатаев Қарғаш аға болды. Ол бірден қолыма «Орталық Қазақстан» газетінде шыққан «Амангелді» спектакілінің рецензиясын «мынаны оқы» деп ұсына берді. Сосын: «Бұны жазған анау-мынау емес, химия ғылымдарының докторы, академик Ебіней Бөкетов!» – деді. Баяндауында мақтаныш пен қуаныштың сезімі астасып-ақ тұрды.
Рецензияны оқып, таңғалдым. Жай мақтау «жалпылама», «бірсыдырғы», баға беру емес, шын мәніндегі, бүгінгі сыншыларға үлгі болатын құнды зерт­теу. Өнерді, әдебиетті ұлттық деңгейде біліп қана қоймай, әлем әдебиеті мен өнерінен хабардар екені білініп-ақ тұр. Салиқалы ойлары, салыстырмалы тұ­жырымдары актер мен режиссер және суретші шеберліктері бірін-бірі толық­тырып, үлкен симфониялық үндестікпен екі өнер ұжымының арқасында екендігін талдап, саралап берген.
Шеберлігіне, сөз саптасына, сын­шыл­­дығына құмартқаным сондай, көр­ген­ше асық болдым. Театрдың жаңа маусымы ашылып, Ш.Айтматовтың «Алғашқы мүғалім» спектакілінің премьерасын ойнап, бір-бірімізді кұттықтап мәре-сәре болып жатқанбыз, бір кезде Қарғаш аға:
– Тез киін де, фойеге шық, менің ағам Амантай (Сатаев) мен өткендегі айтқан академик Бөкетов келіп тұр, таныстырамын, – дегені.
Гримді сүрте сала фойеге шықсам, бес-алты адамның ортасында биік бойымен бірден көзге түсетін, қапсағай денелі, өзі паң ба қалай, шалқасынан қайырған қап-қара шашы, келісті келбеті бірден көз тартады. Мен де іштей «дәу де болса дөй Бөкетов осы болар» деп топшылап қойдым. Мен де бәрімен қол беріп амандасып шықтым. Тұрғандардың бәрі Қарғаш ағаны құттықтап, мақтау мен марапат сөздерін аямай-ақ айтып жатыр. Бір кезде әлгі қапсағай денелі ірі адам:
– Ш.Айтматовтың философиясын шашыратпай, жас шағы мен үлкейген кезеңін әдемі қабыстырған екенсіңдер. Есейген шағындағы ойындарың (Алтынай рөліндегі А.Абылаеваны қосып айтып отыр) нағыз спектакльдің шарықтау шегіне жеткен екен, көңілім босап кетті, – деп ризашылығын білдірді. Кетуге ыңғайлана бергенде Қарғаш аға:
– Аға, мынау Кеңес деген жігіт, Алматыдан оқу бітіріп, бізге жақында актер болып келді, – деп мені таныс­тырып үлгерді. Ойлы, тұңғиық қара көзі күлімдеп қолын ұсынып:
– Жаңағы пионер ғой. Жақсы ой­на­дың, қадамың құтты болсын, – де­генде ұсынған қолын шап беріп ұстадым. Менің кішкентай қолым алып алақанның аясында шексіз мейірімнен нәр алғандай болды, өнебойым қуаныштан тоқ соққандай дір ете түсті. Қуаныштың тебіренісі еді. Сол бір аялы алақанның бір сәттік жылуын, мейірімін еш ұмытқан емеспін, үнемі жадымда. Қызметі де, атақ дәрежесі де зор бола тұра өте қарапайым, кішіпейіл, адамды жатырқамайтын, мен секілді жастарды баласынбай, әңгімеге тартып отыратын қасиеті ерекше еді.
Ебней Арыстанұлынан үйренерлік жақсы ғадет көп, ол театр сахнасында қойылған барлық классикалық шығармаларды, мейлі ол шет тілдерінен аударылған аударма болсын, спектакльдерден қалмайтын және міндетті түрде өз пікірін режиссерге, актерларға ауызша да және баспасөз беттерінде білдіріп отыратын. Ол кісінің әрбір ескертпе-сындары театрдың бағыт-
бағдарына, жоспарларына, қоғамдағы орнына, таным мен талғамының өсуіне көп септігін тигізді деп айта аламын.
Ебіней ағаның театрға келгенін ес­тісек көзіне түсіп, қолын алып, аман­дасып қалудың сәтін іздейтін­біз. М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» трагедиясын көргендегі жастардың ойынына риза болып, кереметтей толғана сөйлегені есімде. Мысалы, А.Островскийдің «Найзағай» спектаклі­нен кейін актерлермен кездесіп, Добролюбовтың «Луч света в темном царстве» деген мақаласындағы ойларын өз пікірімен қабыстыра отырып, қойылымның құнды жақтарын баса айтып, өнер адамының өсуі үшін мұндай шығарманың қажет екенін үлкен бір тебіреніспен, тілекпен айтқаны дәл бүгінгідей көз алдымда.
Айталық, 1975 жылы Қ.Бекхожин­нің «Ұлан асу» тарихи драмасы ең алғаш рет біздің театрда қойылды. Кезекті спектакльде ойнап бола бергенімізде сахна сыртында тұрған
театрдың бас режиссері Жақып Омаров:
– Ебекең келді. Спектакль біткен соң Рамазан екеуің маған көтеріліңдер, – деді. Жақаңның кабинетінде екі-үш кісімен Ебіней аға көңілді сұхбаттасып отыр екен. Бізді көргенде қуанышын жасырмай:
– О, батырлар, келіп калдыңдар ма! Жарайсыңдар, өте сәтті шыққан спектакль болды, ұялмай көрсетуге болатын қойылым, – деп, сәлемімізді алып, арқамыздан қақты.
Спектакль туралы, авторы Қалижан Бекхожин жайлы, сахна шешімінің ұтымдылығын, көпшілік сахнасының сәттілігін, Абылай рөліндегі Қарғаш Сатаевтың ғажап шеберлігін, тіптен музыкалық көркемделуінің орынды пайдаланғанын саралап, бұл спектакль жөнінде пікірінің өте жоғары екендігін, халыққа осындай тарихымыздың өте қажет екенін айтып, алғысын білдірді. Академик ағамыздың құнды пікірлері мен мақтау сөздерінен қанаттанған Жақаң:
– Келесі күрделі қойылым өзіңіздің аудармаңызбен болады. Өзіңізге ертеректе құлаққағыс етіп едім, енді міне, шешуші кезең келді. Алматыдағы гастрольге шетел классикасынан бір күрделі дүние керек… – деп бізге қарап, қуаныштан көзі күлімдеп: – Қатырған жоқпын ба, ә! – деді, Жақаң бізге қарап қарқ-қарқ күліп. Ұсталып қалған Ебекең де бізге қосыла күліп:
– Уәде – Құдай сөзі. Есімде, есімде. Бір­ақ қайсысына тоқталамыз? – дегеніне, баяғыдан іштей дайындалып, сәтін күтіп жүрген көкейкесті арманын Жақаң:
– Шекспир, «Макбет!» – деп, ойын сарт еткізді.
Бағанадан көңілді, еркін отырған Ебекең көзін бір нүктеге тоқтатып, қысылыңқырап үнсіз отырып қалды. Бәріміз де Ебекеңнің әр қимылын аңдып, қатып қалдық. Ойлы көзі бір ұшқынды көргендей күлімдеп, дауысын соза:
– Апырым-ай, мұхиттың түбінен мар­жан іздетейін дедің-ау. Жағасында жүрген орыс классиктерінен біреуі табылмады ма?! – деп Жақаңа бұрыл­ғанда:
– Маяковскийді, Есенинді аудардыңыз, енді Шекспирге құлаш ұратын кезіңіз келді, – деп дес бермеді.
– Бірен-сараны болмаса «Макбетті» коюға орыс театрларының тісі батпай жүргенде, біздің көзсіз батырлығымыз жарға жығып жүрмесін.
– Қазақ сахнасында тұңғыш рет «Макбетті» сіздің аудармаңызда біз қоямыз. «Макбетті» ойнайтын актерді таптым, ол да құлшынып отыр. Ол – Жан­төрин! – деп Жақаң сырын айтамын деп, көптен көкейінде жүрген шынын ақтарып салды.
Сөздің шынға тартып бара жатқанын сезген Ебекең:
– Нұрмұхандай актерлерге Шекспирдей ғұламаның философиялық ойы терең, тілі шұрайлы, мағыналы, маңызы зор трагедиясын біз жатық жеткізе алсақ жақсы. Ойын – өзенге, сөзін – көкке, тілін – құмға тартып, ша­шыратып алмасақ, – деп ойлана, сескене сөйледі.
Атақтан гөрі абыройын ойлайтын ағамыз салмақты үнмен:
– Әзір тура «Макбетті» аударамын деп уәде бере алмаймын, бірақ тағы оқып көрейін. Орысшасындағы қайсысының аудармасы жақсы екенін салыстырып байқайын. Пастернактың аудармасы табылса жақсы болар еді… Біздің бұғалыққа икемдісі, көнетіні болса айтармын. Жауап менен болсын, – деп сөзін аяқтап, рақметін айтып, бізбен қоштасып, жолдастарымен кабинеттен шығып кетті.
Асыға күткен күн де жетті. Алматыдан Жантөрин Нұрмұхан аға келген күні-ақ пьесаны оқып, талқылап, рөлдерді бөліп беріп, репетицияға кірісіп кеттік. Репетициядан кейін Нұрағаң амандасамын деген соң, Жақаң еке­у­іміз қосшы болып, университетте күтіп отырған Ебіней Арыстанұлына бардық. Ебіней Арыстанұлы орнынан тұрып, босағадан қарсы алды. Бі­рін-бірі сыртынан жақсы білетін екі тұлғаның құшақтары айқасып, құл­шына көрісті. Екеуі де ой-өрістің кені, өз мамандықтарының жетігі, абы­рой-атақтары республикадан асып, Одаққа тараған тарландар, «қазақ кім?» десе, ұялмай көрсететін алып тұлғалы ағаларымыз әңгіме-дүкеннің тиегін ағытып, ұзақ отырды. Олар айтушы, біз тыңдаушымыз. Кездесу аяқталар кезде академик ағамыз:
– Нұреке, жақсы болса абырой ортақ қой. Өзіңіз секілді тарланбоздарға біздің аудармамыз тайыз болып жүрмесін. Көңілгe қарамаңыз, айтыңыз. Мына Жақып қолқалап, болмай аудартты… Пьесаның екі өмірі бар ғой. Біріншісі – оқырмандарға, екіншісі – көрермендерге. Мен оқырмандарға ғана аударушы едім. Енді, міне, көрермендерге де аударуға қажет болып қалдық. Сөйлеуге тіл орамы келмей жатса айтыңдар. Тағы да қарап шығып, түзетейін. Ертеңгі күні көрермендер алдында ұялып қалмайық, – деп шалалықты, жаны сүймейтіндігін білдіріп, әдебиет алдындағы ар тазалығын көрсетіп тастады. Мұндай сөз әдебиетті еріккендіктен емес, рухани киелі байлық деп бағалайтын ірілерден ғана шығады. Талғампаз Нұрмахан аға да:
– Бір ай бойы орысша түпнұсқасы­мен салыстырып отырып дайындалдым. Шынымды айтайын, Шекспир тілінің нағыз қазақша түпнұсқасы. Ұлы Мұқаңның «Отеллосынан» кейінгі шөліркегенімді басқан аудармалардың бірі, – деп өз ризашылығын білдірген соң көпке бөгелмей қоштасып, шығып кеттік.
Репетицияның нағыз қызған шағы. Сахнаның декорациясы түгел бітіп, музыкасын орны-орнына қойып, спектакльді бастан-аяқ бір қарап, артығын алып, кемін қосып жатқан кез болатын.
Күндегі әдетіміз бойынша қонақүйден Нұрмұхан ағаны кешкі репетицияға алып кеткелі келдім. Режиссеріміз Жақып Омаров ағаны күтуге тура келді. Бір кезде ерні дүрдүйіп, қа­ба­ғы түсіп кеткен ашулы Жақаң келе сала:
– Бүгінгі «Ленинская смена» газетіне Ебекең туралы үлкен мақала шығыпты, – деп қолындағы газетті Нұрағаңа ұсынды. Тезірек көзәйнегін киіп, әлсін-әлсін басын шайқап, кей тұста ызалы пішінмен мырс етіп, оқып шықты да:
– Мынау айсбергтің беті ғана, пә­лесі түбінде. Бұл мақаланың артында дөй біреу тұр және ол жалғыз емес… – деп, киіне бастады.
Көктемнің күн шуағы ұнаған ағаларым театрға жаяу баруға келісе кетті. Бірақ бәріміз де үнсізбіз. Мақаланың жаман әсерінен шыға алмай келеміз. «Ебіней қалай қабылдады екен?!» деген сұрақтың бәрімізді де мазалап келе жатқаны анық еді. Үшеуміз Бұ­қар жырау даңғылын өрлеп, театрға жа­қындай берегенімізде, Жақаң бізге қарап:
– Анау Ебекең емес пе? – деді. Анық­тап қарасақ, шынында да, сол кісі екен. Киген ұзын плащының алды ашық, қалпағын қолына алып, екі қолы артында жайлап жүріп театрға беттеп барады. Біз де тездете басып қуып жеттік. Күтпеген кездесуге қуанғандай, жымиып амандасқанмен жүрек түбіндегі мазасыз ойдың әбігері көзінен, бет пішінінен көрініп тұрды. Нұрағаң мен Жақаң әңгімені калай өрбітетінін білмей, қипақтап тұрғандарын сезген Ебіней Арыстанұлы баппен:
– Бүгінгі газетті байқаған шығарсыңдар? – деді.
– Жаңа оқып, есімізді жинай алмай отырмыз, ол кім өзі? Мақала авторын Ю. Рощин, тарих ғылымдарының кандидаты дей ме?.. – деп, екеуі Рощин дегенді жарыса сұрады.
– Уайымдап қайтесіңдер, бәрі орнына келеді. Тек оқырманы көп жастар газетіне жариялағандары жаныма батып тұр. Жастар істің анық-қанығына бойламай, калай жазылса солай қабылдайды ғой, – деп, ұстаздық беделіне кір келгеніне, сенім артқан шәкірттерінің алдында абыройының лайланғанына өкінішін білдірді. Неткен жан тазалығы десеңізші! Өзінің жекебасынан гөрі ұстаздық абыройына кір келгеніне намыстанып тұр.
– Кабинетке сыймадым да, күншуақпен серуендеп және сіздерді көрейін дедім. Премьера белгіленген күні болады ғой, өзгеріс жоқ қой? Егер күні шегеріліп жатса Алматыға барып қайтсам деп едім, – деп Жақып ағаға қарады. Ол:
– Премьера белгіленген күнде болады… бәрі дайын, қазір тек бастан-аяқ қарап жатырмыз, – деп Жақаң іс барысын айтты.
– Ендеше, Алматыға премьерадан кейін барармын, әйтпесе айналып қалармын… – деп Нұрағаңа көңіл аудара қарады. Нұрағаң:
– Біз мұндай қыл көпірдің талайынан өткенбіз. Найзасын ұстап қарсы тұрса жауыңның кім екенін білесің, әлің жетсе алысып-жұлысасың, ал тасада тұрып қызғаныш жебесін атса, кімнен көреріңді білмей дал боласың. Қолыңнан ұстап, көзіңмен көрмеген соң қиын… Қазір олар осындай тәсілге көшкен, көрінбей тасадан тас атып, титығыңа тиеді, жүйкеңді жұқартып, әбігеріңді шығарады, – деп, өз басынан талай құқайдың өткенін, намысына талай тигенін ызлалана айтты. Ебіней Арыстанұлы байсалды үнмен:
– Крыловтың пілге шәуілдеген қанденіндей дейсіз ғой, – деп мырс етті. Біз дөп айтқан Ебекеңнің теңеуіне күліп жібердік.
– Жарайды, сіздерді көріп кішкене шерімді тарқатып, көңілденіп қалдым ғой, енді бөгемейін. Бүгін репетицияны көрейін деп едім, жағдайым болыңқырамай тұр, – деп бізбен қоштасып, театрдың сырт жағындағы қақпа алдында күтіп тұрған машинасына бет алды. Біз тұрып қалдық. Аңдаусызда аярдың оғынан жараланған жолбарыстай, жотасы күжірейіп, бұрынғыдай паң жүрісімен кетіп бара жатты. Сырты бүтін, ішінде алай-дүлей көңіл күйдің астасып, жанды да, тәнді де жеп жатқаны анық еді. Біз жаққа бұрылып бір қарады да оң қолын көтеріп, «жақсы» деген ишарамен машинасына отырып кете барды. Жүріп кеткен машинаның соңынан Нұрағаң басын шайқап:
– Осындай ірілерімізді талатып қойып, әй, оңбаймыз ғой, оңбаймыз… – деп, ренішін кімге бағыштағаны белгісіз, қасында тұрған менің иығыма қолын салып, «кеттік» дегендей асығыс бұрылып театрға кіріп кеттік.
Межелі күн де жетті. Академик, аудармашы Ебіней Арыстанұлының әлемді мойындатқан ұлы Шекспирдің «Макбет» трагедиясының қазақ тіліндегі тұңғыш аудармасын тамашалауға, Нұрмұхан Жантөриндей ғұлама актердің шеберлігіне шөлдеген қарағандылықтар театрға лық толды. Мәжбүрлеп әкелген студенттер емес, салиқалы, саналы зиялы қауым. Нұрағаң 15 жылдай сахнаға шықпай, Макбеттей сан қырлы аяр бейнесін сомдауға жан-жақты, тыңғылықты дайындалды. Кейіпкерінің астарлы сырларын ашуға, автордың терең ойларын көрерменге жеткізем деп жүріп, жүрегіне ауыр салмақ түсіріп алғанын білмей де қалды. Тура спектакль басталар кезде жүрегі ұстап, режиссеріміз Жақаңнан бастап бүкіл театр ұжымы абдырап қалдық. Мән-жайды түсінген Ебіней Арыстанұлы Нұрмұхан ағаға келіп:
– Қобалжымаңыз, спектакль бүгін болмаса ертең болар, жүрекпен ойнауға болмайды, өзіңізді сақтаңыз, көрермендер түсінеді. Сіз әлі халқыңызға, бізге керексіз… – деп жанашырлық ойын нық айтып, спектакльді ертеңге ауыстыруға көндірді. Ебіней аға өз абыройының жетегінде кетпей, ірілік көрсетті. Нұрмұхан аға оны түсінді. Мен адам тағдырын бәрінен биік қоятын қос алыптың үндестігіне риза болып, сол сәтте амандықтарын іштей тілеп тұрдым.
Ертеңінде театрға халық кешегідей көп жиналды. Бос орын жоқ. Уақытында залдың шамы сөніп, күңіренген музыкамен жылжып, сахна шымылдығы да ашылды. Жеңісіне шабыттана сахнаға шыққан Макбет-Жантөрин алғашқы шығысынан спектакльдің шарықтау шегіне жеткенше, шым-шытырық қақтығыстарға толы драматизмді бір деммен, оқиғаны әлсіретпей соңына дейін алып шықты. Сахнадағы іс-әрекеті, майда қоңыр күмбірлеген дауыс ырғағы, жанталасқан іс-әрекет үстіндегі жалт-жұлт еткен жанары… не керек, шебер актердің шеберлігі шалқып-ақ жатты. Спектакль бітті… шымылдық жабылып, қайта ашылды…. ду қол соққан көрермен көпке дейін тынышталмады…
Ұлы Шекспирдің «Макбет» трагедиясының биік дәрежеде қойылуына аудармашы Ебіней Бөкетовтің еңбегі ерен. Жантөриндей ғұлама актердің сахнаға қайтып оралуына септігі тиген осы Макбет рөлі еді. «Ебеке, мен талай аудармасы жасалынған пьесаларда ойнадым, білемін… Сіздің аудармаңыз жатық, сөздеріңіз домалап-домалап түседі, үш сағат сахнадан түспейтін Макбет рөлін жаттау маған оңай болды. Сол үшін рақмет айтқым келеді…» деп, Нұрмұхан ағаның ағынан ақтарылғаны біздің жадымызда. Қазақтың екі ірі тұлғасының қарағандылық көрермен алдына шығуына себепкер болған, өзіндік ерекше қолтаңбасы бар режиссер Омаров Жақып ағаға да бүгінде дән риза боламыз, аруағы шат болсын дейміз.
Дәл бүгінгі қоғам, ғылыми орта, әдебиет пен мәдениет майданында еңбек етіп жатқан замандастарым Ебіней Бөкетов өмірінен тағылым алса деп ойлаймын. Ол кісі өзінің мамандығы химия-металлургия саласына да, жанымен жақсы көретін көркем әдебиетке де адал болды. Әдеби сынды бір сатыға көтеріп тастады десек, артық айтқандық емес. Оның 1953 жылғы 6 сәуірде «Казахстанская правда» газетіне шыққан әдеби сыны оның атын бір күнде танымал еткен дүние. Сол күннен бастап ол, жазушылықтың көшінен қалған емес, сын жазды, Маяковский, Есенин, Шекспирді аударды, әңгіме жазды, Шоқан мен Сәтбаев өмірінен роман бастады…
Өзімнің Ебіней ағадан алар тағылым өте көп. Өмірімнің «соқтықпалы соқ­пақ­ты» жолдарында ол кісіні өзіме бағ­даршам – таңшолпандай еттім. Адал болуға ұмтылдым, қиындыққа қарсы тұра білуді үйрендім, білім жинап, жан-жақты болуды ойладым. Бүгінгі күнге ұран болып жатқан «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» дегенге КСРО Жазу­шылар одағының мүшесі, академик Бөкетов Ебіней ағаның өмірі нақ үлгі бола алады.

Кеңес ЖҰМАБЕКОВ,
Қазақстанның халық артисі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір