ЖОЛЫ АШЫҚ, ЖАЙСАҢ ЖАН

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әскери қаламгер, журналист, отставкадағы полковник Құмарбек Омаров туралы бір үзік сыр.
Жас кездегі мақсатың мен арманыңның орындала бермейтіні рас. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деп бекер айтылмаған ғой. Адам өскен сайын арманы да асқақтап алыстарға жетелейді.
Құмарбектің де бала кезден аңсаған арманы – дәрігер болу. Оның себебі де жоқ емес. Әкесі Кәмәли аңшылықты кәсіп еткендіктен, үй қарасын көрмей үнемі түзде жүреді. Үйдегі бар жұмыс анасы Мақаштың мойнында еді.
Анасы орта жастан асқалы науқастанып сырқаты сыр бере бастаған. Бала қиялы сан саққа жетеледі. Бірде дәрігер, бірде мұғалім болғысы келді.
Ол кезде Құмарбек тұратын шалғай ауылда төрт-ақ сыныптық мектеп бар еді. Төрт сыныпқа бір ғана мұғалім сабақ береді. Шамасы келгендер балаларын одан әрі интернаттарға, орталықтарға жібереді. Ал оған мүмкіндігі жоқтар сол төрт сыныптық білімді қанағат тұтып, ауылда қалатын. Төртінші сыныпты бітірген соң Құмарбектің де оқуды жалғастырғысы келді. Сөйтіп, қанша жерден туыс болса да ағайынның үйінде тұрып білім алды. Шетқақпайлықты көре жүріп, ширыға түсті. Өмірдің алғашқы қиындықтарымен де сол бала күнінде бетпе-бет келді. Көп балалы отбасы болғандықтан ауылдағы ата-анасынан да жиі ақша келмейтін. Киімі тозып, шалбарының әр жері тесіле бастаса да, қысылып жүріп оқуын тастамай табандылық танытты. Сондай түрлі қиындықтарға шыдауының себебі – ата-анасына көмектесіп, бауырларына қамқор болуға жарасам деген ниеттен туған еді.
Зымыраған уақыт зулап өтіп жатты. Тарыдай болып кіріп, таудай болып мектепті тамамдап, Семейдегі құрылыс техникумына түсіп, оны үздік бағамен бітіреді.
Енді алда үлкен асу тұр еді. Ол – Отан қорғау. Бұл қай дәуірде болсын әрбір азаматтың қасиетті борышы болып келген. Өзін ер-азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында ерік-жігері, жүрегінде оты бар әр жігіт үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет. Сонымен Құмарбек азаматтық борышын өтеу үшін Мәскеу түбінен бірақ шықты.
Жат жерде жүріп Құмарбектің айы оңынан туды десек, артық айтқандық емес. Осындағы әскери бөлім командирі капитан Василий Егоров деген жерлесі болып шықты. Егоровтың әкесі Парк Черновинский ауылда басқарма бастығы болған көпшіліктің құрметіне бөленген еңбекқор жан еді.
Василий Құмарбекті қорғап-қолдап жерлестік қамқорлығын аямайды. Ақыл кеңесін айтып, партияға өтуге ұсыныс жасайды. Әскери бөлімде қалуына штаб бастығы полковник Караванский де күш салады. Елге, ауылына, ата-анасына деген сағынышы сарбаздың қара шаңыраққа оралуына түрткі болады.
Шинелдің буы кетпеген Құмарбек сол кездің тәртібі бойынша қара шаңыраққа асықса да Үлкен Нарын аудандық партия кеңсесіне кіріп партиялық тіркеуге тұрды. Аудандық комсомол ұйымының хатшысы Құмарбекті танып:
– Жолдас ефрейтор Омаров, әскерден оралуыңызбен! Мені танымадың ба? Мен Алексей Кириллович Федоровпын,– деді.
– Менің кабинетіме жүр, – деп Құмарбекті соңынан ертті. Шағын кабинетте Құмарбекке, Үріл совхозы комсомол ұйымының хатшысы бол деген өзінің ұсынысын айтты.
Сонымен не керек, сағынып жеткен қара шаңырағына, ата-анасына Үріл совхозы комсомол ұйымының хатшысы болып табалдырықтан аттайды.
Әскерден келген соң Үлкен Нарын ауданындағы Үріл совхозында қызметте жүрген кезі еді. Бірде сол ауылға Тұрсынай деген қыз институт бітіріп, мұғалім болып келді. Сол қызбен тіл табысып, 1973 жылы отау құрды. Екеуі содан бері өмірдің ащы-тұщысын қатар татып, бірге келеді. Сол жылдары аудан орталығында өткен комсомол конференциясында баяндама жасайды. Мәслихаттан шығып келе жатып, дәлізде бір кісімен қарсы келіп қалады. Қараса, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Құмаш Боранбаев екен.
«Әй, Омардың ұлы, сен қайдан жүрсің? Ертең маған келіп жолық», – дейді ол. Ертеңіне барса, ауданның жақсылары мен жайсаңдары отыр екен. Жас комсомолдарды жұмысқа шақырып жатқандарын айтып, Печи ауылдық аймағына ауылдық кеңестің хатшысы керектігін есіне салып, келісімін сұрайды. Құмарбек: «Хатшысы қалай, одан да неге төраға қылып бір-ақ қоймайсыздар», – деп қалжыңдайды. Отырғандар ду күледі. Екі-үш айдан кейін орталықтан қайта шақырту келеді. Ақыры басшылықтың ұйғарымымен 22 жасында аталмыш аймаққа өзі айтқандай ауылдық кеңестің төрағасы болып барады.
Келе сала ауылдағы қордаланып қалған мәселелерді шешуге күш салады. Әсіресе жол мәселесіне баса назар аударады. Балшыққа белшесінен батқан халықтың аудан орталығына жетуі мұңға айналған кез екен. Білек түре іске кірісіп кетеді. Бір жылдың ішінде аудан орталығына автобус жүретіндей етіп, жол салуды жүзеге асырады. Атқарылар шаруа шаш етектен, бірақ оған бас ауыртып жатқан ешкімнің көрінбейтіні жанына батса да сыр білдірмей тәуекелге барады. Сонымен, жол төсеп, көпір салып, игерілмей жатқан ақшаның да ретін тауып, жатпай-тұрмай шаруамен айналысады. «Ауылға жап-жас бала келіп, өстіп жатыр екен» деген әңгіме жан-жаққа тарай бастайды.
Сөйтіп жүргенде, Үлкен Нарын мен Қатонқарағай аудандары екіге бөлінеді. Жаңадан құрылған аудан үшін Алматының жоғары партия мектебінің журналистика факультетіне оқуға бір орын бөлінеді. Соны ести сала Құмарбек дереу басшылыққа білім алғысы келетінін жеткізеді. Өтініші қабылданып, он бір адамның ішінен сол орын оған бұйырады. Ол кезде жасы жиырма төртте. Әйелі мен екі қызын алып, Алматыда пәтер жалдап жүріп оқиды.
Оқуды бітіріп, жаңа қызметке кірісе бергені сол, бір күні Орталық Комитеттен шақырту келеді. Түнімен не бүлдіріп қойдым деп қобалжып, ұйықтай алмай шыққан Құмарбек ертесіне мазасы кетіп Орталық Комитетке келсе, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетіне қызметке шақырады. Үйге келіп қабырғасымен келіседі. Жұбайы: «Біз осы уақытқа дейін аз қиыншылық көрген жоқпыз. Сен олардан әуелі пәтер сұра, егер баспана мәселесін шешіп берсе, онда ұсыныстарын қабыл ал», – деп кеңес береді. Орталықтағылар өтінішіне құлақ асып, Алматының дәл ортасынан екі бөлмелі пәтер береді.
Осылайша, кадр бөлімінде аға жедел уәкіл болып жұмысқа кіріседі. 1994 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бөлім басшысы болды. Біртіндеп қызметі жоғарылай бастады. 1997 жылға дейін органда жұмыс атқарып, жасы елуге келгеннен кейін зейнетке шықты.
Енді мемлекеттік қызметтен босап, Алматыдағы қыздары мен жиендеріне барып, мауқын басайын деп жүргенде, Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Виталий Метте «Алтын Төбе» металлургия зауытына директор болуын өтінеді. Жеті жыл сонда басшылық етіп, ақыры өз еркімен қызметтен босауға өтініш білдіреді. Сонда Метте: «Мен талай басшыны көріп едім, бірақ дәл сіз секілді өз еркімен қызметтен кеткен адамды бірінші рет көріп тұрмын», – деп таңдана басын шайқайды.
Ақырында, қыздарының өтінішімен Алматыға көшіп келеді, келгеніне үш ай толысымен оны Президенттің күзет қызметіне жұмысқа шақырады. Онда бас директордың орынбасары қызметін атқарады. Екі жылдан кейін денсаулығы сыр бере бастайды. Әуелі дәрігерлер «сырқатыңыз қауіпті, жаман ауру» деген диагноз қояды. Денсаулығын уайымдап жүргенде түсінде анасы Мақашты көреді:
– Құмашым, сен әлі жассың, көп ойлап уайымдама, әлі-ақ жазылып кетесің. Әкең борсықтың майын әкеліп емдеймін деп кетті. Кездестіре алмай жүрген болар. Аң аулауда оңай емес. Хайуан болса да өмір сүргісі келеді ғой. Кәмәли, мені ат деп мойнын созып қасына келмейді ғой, – деп анасы күліп, Құмарбектің шашынан сипап, мейірлене маңдайынан иіскеп, құшағына қысты.
Алғашында анасының күлкісін түсінбеген ол: «Иә, апа, аңның да миы бар шығар, – деп анасына қосыла күлді.
Мақаш болса күлкіден шыланған көз жасын сүртіп: «Менің саған айтарым, ботақаным, Алла тағала жолыңды ашық, ақ қылсын. Жаныңнан әрқашан тек жақсы адамдар табылсын. Қандай мамандық иесі болсаң да Отаныңа, еліңе адал қызмет жаса. Ойлаған арман-мақсаттарың орындалсын. Біз әкең екеуміз сенің демеушің болып жүре берейік»,– деп анасы ұзай бергенде оянып кетті. Түсін іштей жақсылыққа жорыды.
Кейін Швейцарияға барып, толық тексеруден өткеннен кейін, бастапқы диагноздың қате қойылғаны анықталып, сол жақтан өт қабына ота жасатып, оңала бастайды. Осыдан кейін ойға келеді.
Журналистика факультетін тамамдаса да жазушы боламын деген Құмарбектің үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Бір күні газет қарап отырып, «Рудный Алтай» газетіне көз жүгіртсе, кезінде өзі басқарған Печи кеңшары туралы мақала жарық көріпті. Қараса, кейбір деректері шындыққа сәйкес келмейді. Кезінде өзі басқарып, аяққа тік тұруына мұрындық болған ауыл туралы жалған дерек бергендері жанына батып, дереу тілшіге хабарласады. Ол келіп, мән-жайды түсіндіргеннен кейін, онда сіз қарсы мақала жазыңыз деп кеңес береді.
Жарайды көрейін, қалай болар екен деп жүрексініп, қолына қалам алады. Кейін жазғандарын редакцияға алып барса, «мынауыңыздың көлемі газетке тым көп, сіз тағы біраз нәрсе жазыңыз, бәрінің басын құрап, кітап етіп шығарайық», – дейді. Бастапқыда «қолымнан келе қояр ма екен» деп жүрексінеді, бірақ қалам ұстаса болды, жүрек түбіндегі сезім сырлары өз-өзінен қағаз бетіне төгіліп қоя беретінін байқайды.
Өзіне өзі: «ал жаз, сонда нені жазамын? Көргенімді, естігенімді жазамын ба? Ауданым мен туған ауылым Чернованы ғана білемін. Ал оның талайын Оралхан мен Қалиқан жазып қойды. Енді не істеймін деп жүріп жолын тапты. Әкесі туралы жазбақ болды. Әкесі жай ғана адам емес, атақты аңшы, соғыс ардагері. Демек, әкемнің өткені менің жаңа қадамыма апаратын бірден-бір жол деп ұйғарады». Біртіндеп қаламмен достаса бастайды.
Жазбаса тұра алмайтындай жағдайға жетеді. Соның нәтижесінде
«Последняя охота», «Река начинается с ручьев», «Загадочная Бухтырма», «Обречение», «Катын-Карагай», «Стойбище Омара» атты кітаптары жарық көрді. Негізінен, орыс тілінде жазады. Бірақ кітаптарынан қазақтың өзіне тән иісі француз әтірінен артық шығып тұрады. Кітаптары еліміздің түкпір түкпіріне таралып жатса да, атақ-дәреже қуып, жазушы болып, жұртқа танылсам деген ниеті болған емес.
Бір күні ары ойланып, бері ойланып Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновке екі-үш кітабын арқалап алдына барады. Төраға қабылдау күні болмаса да Құмарбекті жылы жүзбен қарсы алады. Ол келген себебін айтады:
– Мереке бауырым, мен шен, тон сұрап келгенім жоқ. Біреулер тойда шапса, біреулер босқа шабады демекші, осы мен босқа әуре болып жүрген жоқпын ба? Мына әкелген кітаптарымды қолың тисе бір қарап шығып бағаңды берсең екен,–деп өтінеді. Төраға қалай жылы қарсы алса, солай жылы шығарып салады.
Арада екі-үш ай өтпей қара шаңырақтың табалдырығын қайта аттайды. Бұл жолы төрағаның арнайы шақыруы бойынша келіп, кеудесіне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тағып, Жазушылар одағына мүше болып қайтады. Мүшелікке өткені туралы куәлік қолына дәл 13 шілде – Қауіпсіздік қызметкері күні тигені де әлі есінде. Қуанышы қойнына сыймай, алып-ұшып куәлікті алып, кәсіби мерекеге арналған салтанатты шараға барады. Әріптестері де қатты қуанды, сол күн оның жеке мерекесіне айналып кеткелі қашан.
Бүгінде сексеннің ауылына таяған шағында табандылығымен, білімімен талай-талай биікті бағындырған зейнеткер, өз ортасының мақтанына айналған. Оның бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында, жария болған мақалаларында адами қалпынан айнымағаны байқалады. Жолы ашық жайсаң жан отставкада болса да оншақты кітаптың авторы, ағайын-туғандарының әрі әулетінің қорғаны.
Жүніс ОМАР