Халықаралық медиа форум: Шетелдік журналистер қазақ ғылымының тарихымен танысты

2025 жылғы 18-19 қазанда Алматы қаласында VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы өтті. Екі күнге созылған халықаралық іс-шара Қазақстан, Түркия, Германия, Әзербайжан, Нидерланд, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келген Түркітілдес журналистер одағының басшыларын, жетекші БАҚ өкілдерін, журналистерді, қоғам қайраткерлерін, баспасөз хатшыларын және PR мамандарын бір алаңда тоғыстырды.

Форумның екінші күні «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы, Әзербайжан Журналистер одағының төрағасы Эльчин Шихлы, Германиядағы Түрік медиасы ассоциациясының президенті Аднан Өзтюрк, Нидерландтағы Түрік журналистер ассоциациясының президенті Өзджан Өзбай, «Еуразия ынтымақтастығы қорының» президенті Ахмет Түзүн (Түркия), Өзбекстан Республикасы Туризм министрінің кеңесшісі Лола Рахманбаева, TUSDER Тұрақты туризм ассоциациясының басқарма мүшесі әрі «Ba Projectz» компаниясының құрылтайшысы Бихтер Айиылдыз (Түркия), «Неміс толқыны» телеарнасының Түрік редакциясының директоры Эркан Арыкан (Германия), “Халқ сузи” — “Народное слово” газеттерінің жауапты хатшысы Нұрлан Усманов (Өзбекстан), сондай-ақ Қырғызстан Журналистер одағының төрағасы Илязбек Балташев қазақ ғылымының қара шаңырағы – Ғылым ордасына арнайы қонақ болды.

Қонақтарды Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов қарсы алып, ұйымның негізгі қызмет бағыттарымен таныстырды. Делегация мүшелері қазақ ғылымының қалыптасу тарихымен, тарихи ғимараттың архитектуралық ерекшеліктерімен, сондай-ақ ел ғылымы мен мәдениетінің дамуына негіз болған құнды жәдігерлермен танысты. Реставрация және консервация орталығында жүзеге асырылып жатқан халықаралық ғылыми жобалар туралы ақпарат беріп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін перспективалық бағыттарды атап өтті.

Кездесу барысында Ғылым ордасындағы Қ.И. Сәтбаев музейіне, Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар музейіне, Археология музейіне және Табиғат музейінің Палеонтология залына экскурсия ұйымдастырылды.

Қонақтар сирек кітаптар қорымен, көне жазбалар, қолжазбалар, алғашқы баспа еңбектер, сондай-ақ қазақ ғылымының қалыптасуына үлес қосқан отандық ғалымдардың еңбектерімен танысты. Археология музейіндегі ең құнды экспозициялардың бірі – Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» киімінің қалпына келтірілген көшірме нұсқасы, сондай-ақ Берел қорымындағы №11 қорғанның жерлеу камерасының реконструкциясы мен Берел жылқысының макеті қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Кездесу соңында шетелдік делегация өкілдеріне арнайы естелік кітаптар табыс етілді. Форум қонақтарының Ғылым ордасына келуі ғылым мен мәдениетті ұштастыратын маңызды диалог алаңына айналды. Мұндай кездесулер түркітілдес елдер арасындағы рухани байланысты нығайтып, ғылым мен ақпарат саласындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз.
