Халықаралық әдеби форум: 15 кітап оқырманға жол тартты
06.01.2026
104
0

Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты маңызды мәдени жоба аясында әдеби форум және жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті.

Мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асқан жоба барысында отандық қаламгерлер ТМД елдерінің бірқатар архивтерінде ауқымды зерт­теу жұмыстарын жүргізіп, қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты тың деректерді жинақтады. Нәтижесінде 15 ғылыми-шығармашылық еңбек дайындалып, оқырманға ұсынылды.
Әдеби форумда сөз алған Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары, белгілі ақын Қасымхан Бегманов жобаның ұлттық әдебиет пен тарихи сананы жаңғыртудағы маңызын атап өтіп, архивтік зерттеулердің қазақ руханияты үшін құндылығына тоқталды.
Форумға еліміздің белгілі ақын-жазушылары, әдебиеттанушылар, зерт­теушілер, жас ғалымдар, Ресей Федерациясынан келген әдебиет зерттеуші қаламгерлер мен мәдениет өкілдері қатысты. Форум аясында авторлар өз еңбектерінің маңызын, архивтік деректердің әдебиет пен тарихқа қосар үлесін таныстырды. Зерттеу еңбегі туралы ашық талқылаулар тыңдалып, кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Қазақстан мен Ресей жазушылары қатысқан форумның жоғары деңгейде өтуіне Павлодар облысының әкімі, өңір басшысы Асайын Байханов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова, Павлодар облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан, жазушы Серік Төлеубайұлы мен ұйымдастырушылар кеңінен атсалысты.
Аталған жоба мен әдеби форум ұлттық әдебиет пен тарихты терең зерделеуге бағытталған маңызды мәдени оқиға ретінде жоғары бағаланды.

Қазақстан Жазушылар одағының
Баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір