National Book Fair Delhi халықаралық көрмесінде қазақ әдебиетінің үздік туындылары таныстырылды

Қазақстан Азия құрлығындағы ең ірі әдеби алаңдардың бірі саналатын National Book Fair Delhi 2026 халықаралық кітап көрмесіне қатысып, ұлттық әдебиетті әлемдік оқырманға кеңінен таныстыруда.
Халықаралық кітап көрмесі аясында Қазақстанның ұлттық экспозициясы ұйымдастырылып, онда қазақ халқының бай әдеби мұрасы, классикалық және заманауи қазақстандық авторлардың шығармалары, сондай-ақ елдің тарихи-мәдени және рухани құндылықтарын таныстыратын кітаптар ұсынылды. Көрмеге келушілердің қарасы қалың. Қатысушылардың айтуынша, қазақ әдебиетіне, әсіресе жастар тарапынан қызығушылық жоғары.
Экспозиция аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбеков, Дулат Исабеков сынды қаламгерлердің шығармалары көпшілік назарына ұсынылған.
Көрме барысында қазақстандық әдебиеттің даму үдерістеріне арналған кәсіби кездесулер, тақырыптық пікір алмасулар, сұхбаттар мен әдеби таныстырылымдар өткізілуде. Мұндай басқосулар халықаралық әдеби байланыстарды нығайтып, көркем аударма мен баспа ісі саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашып отыр.
Іс-шара аясындағы маңызды мәдени оқиғалардың бірі – ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерінің» хинди тіліне аударылған басылымының таныстырылымы болды.
Осылайша, Қазақстанның National Book Fair Delhi 2026 халықаралық кітап көрмесіне қатысуы қазақ әдебиетін халықаралық мәдени кеңістікте ілгерілетуге, әдебиет арқылы халықтар арасындағы рухани байланысты күшейтуге және мәдени дипломатияны дамытуға маңызды үлес қосып отыр.
Аталмыш көрме 18 қаңтарға дейін жалғасады.
Қазақстан Жазушылар одағының
Баспасөз қызметі