ҚЫСҚА СҰРАҚҚА НҰСҚА ЖАУАП

Аймұханбет Тұрсынбекұлы БЕЙСЕМБЕКОВ – өнердің сан алуан түрін өмірлік серік еткен күміс көмей әнші-композитор, тілінің «тікенегі», қаламының қағытпасы бар ақын-сатирик, ҚР еңбек сіңірген мәденинет қызыметкері, Алакөл ауданының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Қаламгердің «Бірі – қалжың, бірі – шын», «Күлместерді күлдірген», «Сайтан алғыр сатира», «Сақ-сақ күлген сатира», «Қазағым-ай» т.б. кітаптары жарық көрген.
Сатирик-ақын қазақ елінің зор жетістіктерін мақтанышпен жырлай отырып, саудаға түскен жер тағдыры мен қазақ тілінің қазіргі жағдайы, қоғамдағы кертартпа жемқорлық пен парақорлықты сатираның өткір тілімен түйрейді.

Демократия деген не?
– Демократия дегенің – айтқың келгенінің бәрін айтасың, бірақ сол «айтқыштығың» үшін сені медальдан, орденнен, атақтан, жұмыстан жұрдай етіп, «көзіңе көк шыбын үймелету».
* * *
– Жаппай сөз бостандығы деген не?
– Жаппай сөз бостандығы деген – әрбір үйге, әр мекемеге, әр адамның қалта телефонына тыңдау апаратын қосу. Содан кейін «еркін» сөйлете беру.
* * *
– Депутат пен тұтқындағылардың қандай ұқсастығы бар?
– Депутат мерзімі біткенде қайғыдан инсульт алса, тұтқын мерзімі біткенде қуаныштан жүрегі «жарылады».
* * *
– Қытай мен МАИ қызметкерінің айырмашылығы неде?
– Қытай тамақты екі таяқпен жесе, МАИ қызметкері бір таяқпен жейді.
* * *
– Министрлер неге бай болады?
– Себебі, мемлекеттің бар қаражаты солардың басында «қайнап», ұртында «шайналады»…
* * *
– Қарақшы мен әйелдің қандай айырмашылығы бар?
– Қарақшының қолына түссең, не ақшаңнан, не өміріңнен айырыласың. Ал әйелдің қолына түссең, екеуінен де жұрдай боласың.
* * *
– Жүз миллиард ұрлағанға бір жыл, жүз мың ұрлағанға он жыл. Неге?
– Жүз мың ұрлағанның беретін «түйірі» жоқ, жүз миллиард ұрлағандардан «соттағыштардың» бүйірі тоқ.
* * *
– Саясаткер мен сайқал қатынның қандай ұқсастығы бар?
– Саясаткер де, сайқал қатын да сөздерінде тұрмайды.
* * *
– Министр мен облыс әкімінің қандай ұқсастығы бар?
– Екеуі де орындарынан түскенде парламентке депутат болып сайланып, «жазаларын» өтейді.
* * *
– Парақор мен жемқордың қандай ұқсастығы бар?
– Екеуі де табыс салық төлемей, таза пайда көреді.
* * *
– Алматыдағы Саин көшесіндегі «көбелек» қыздардан, Сейфуллин көшесіндегі жұмыссыз жігіттердің қандай айырмашылығы бар?
– «Көбелек» қыздар біреудің маңдай терін төккізіп ақша тапса, жұмыссыз жігіттер өз маңдай терлерін төгіп ақша табады.
* * *
– Билік пен оппозицияның қандай айырмашылығы бар?
– Екеуі де билік үшін халықты алдайды…
* * *
– Прокурор мен адвокаттың қандай ұқсастығы бар?
– Прокурорға адвокатқа бергеннен әлде қайда көбірек «гонорар» берсең, айыптыны екеуі бірігіп қорғайды.
* * *
– Пара алмаған сақшыға,
Сыйлық беру жақсы ма?
Сыйлық мемлекеттен,
Пара «клиенттен».
Парасын алсын десеңші,
Есеп білмейтін басшыңа.
* * *
– Асфальтты шұрқ-шұрқ тесіп жеген қандай құрттар?
– Асфальтты «жеген» құрттар емес, жолды салған «мұрттар».
РУБАИЛАР МЕН ҚҰРҒЫР ОЙЛАР
Сол иықта сайтаным «сұлуларды өп», – дейді.
Оң иықта періштем «жарыңнан жақсы жоқ», – дейді.
Сол иықта сайтаным «шарап іш, шалқып өт»,– дейді.
Оң иықта періштем «ел үшін еңбек ет», – дейді.
* * *
«Тесіктен» шығып, бесікке
барып жатарсың,
Бесіктен шығып, «тесікке»
бәрін сатарсың.
Кетерсің бір күн, орының
қалар ойсырап,
«Тесікке» кіріп, мәңгі ұйқыға батарсың.
* * *
Жастығыңа тоқта деп айта алмайсың.
Өткеніңді енді сен қайтармайсың.
Қарттық келсе, бойыңнан
қайрат кетіп,
Жетім қалған баладай жаутаңдайсың.
* * *
Мақтағанға көзіңше, ісіп, кеппе,
Ойла одан да жақсылық ісің көп пе.
Мініңді айтқан адамды жау санама,
Жаны ашыған дос қана айтар бетке.
* * *
Танауыңды көтерме тазаламай,
Дұшпаныңның қаларсың мазағына.
Мақтанбасақ біз бірақ жүре алмаймыз,
Мақтан жеткен түбіне қазағым-ай!
* * *
Есектен қашса ту бие,
Құлыны туар қашыр боп.
Тексізден туған жаман дос,
Бір күні сатар қасың боп.
* * *
Тағың мен бағың бар болса,
Табаныңды жалайды.
Күнің түссе бақ тайып,
Жабылып итше талайды.
* * *
Құдай беріп үш ұл менен төрт қызды,
Ішпей, жемей білім берді жеткізді.
Қартайғанда кемпір-шалды жетеуі,
Жетім қарттар үйіне әкеп өткізді.
* * *
Туушы еді ұлдары бұл қазақтың батыр боп,
Көп жігіттің бұл күнде еркек деген заты жоқ.
Әке болу ойда жоқ, қасы көзін боянып,
«Геи» клубта «қылымсып» бұраңдайды
қатын боп.
* * *
Қыздарына қазақтың қос бұрымын
сәндеген,
Арналатын өлең де, көрікті күй,
әнменен.
Бүгін қыздар көз тартар қысқа шашты,
қысқа етек,
Бүлкілдеген бөксесі, жарқылдаған
санменен.
* * *
Сергітейін көңілді шараптан құйшы,
бауырым.
Сарғышын емес, қызылын, қымыз
дәмді тәуірін.
Мұқағали мұңдасып, жырына қосқан
сусын ғой,
Қайғысын басып, қайтарған,
тағдырдың ашшы бар уын.
* * *
Шарабын құйшы Хайямның, шөліркеп
бір татайын.
Шақшасын таста Абайдың, бұрқыратып
атайын.
Сұлуы қайда жырлаған, Низами мен
Науаидың,
Қолаң шашқа оралып, құшағында
жатайын.
* * *
Қайда менің жас күнім,
Қыдыратын оң мен сол.
«Заначка» тыққан қалтама,
Салып жүрмін валидол.
* * *
Сұлулықты сүйетін сезім қандай!
Сұлу көрсең жанатын кезің қандай!
Шыныменен жас дәурен өткенің бе?
Сұлу қыздай жалт еткен бір
қайырылмай…
* * *
Қорықпаймын мен ертең өлемін деп,
Демім жетсе еліме берерім көп.
Бір білерім ертеңге мені апарар,
Ұрпағым мен әндерім, өлеңім тек.