Орта білім беру комитетінің жауап хаты
24.11.2025
65
0

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы 2025 жылдың тамызында белгілі ақын-жазушылар, әдебиет танушылар, сыншылар, тіл ғалымдары, ведомство өкілдері,оқытушылар, оқулық авторлары және БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Қазақ әдебиеті, қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламаларындағы елеулі кемшіліктер және оларды шешу жолдары» атты форум өткізген болатын. Сол форумда осы саладағы қордаланған мәселелер төңірегінде айтылған сыни ойлар негізінде қабылданған қарар мен ұсыныс-пікірлер Үкімет басшысына, Мемлекеттік кеңесшіге, Оқу-ағарту министріне жолданған болатын. Осы хатқа байланысты ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінен жауап хат келіп түсті. Біз төменде сол хатты оқырман қауымға таныстыруды жөн санадық.

Қазақстанда білім беру стандарттары мен бағдарламаларын әзірлеу және оқулықтарды сараптау тек мемлекеттің құзыретінде, яғни бұл жұмыстар мемлекеттік монополия болып табылады («Білім туралы» ҚР Заңының 8-2-бабы).
Жалпы орта білім беру ұйымдарында оқу процесі Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты (ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығы) (бұдан әрі – Стандарт), Үлгілік оқу жоспарлары (ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы
8 қарашадағы № 500 бұйрығы) мен Үлгілік оқу бағдарламаларына (ҚР Оқу-ағарту министрінің
2022 жылғы 16 қыркүйектегі № 399 бұйрығы) сәйкес жүзеге асырылады.
Анықтама: А. Құнанбайұлының шығармалары 2-11-сыныптар аралығында қамтылған: 2–4-сыныптарда «Әдебиеттік оқу» пәнінде жазба әдебиет үлгісі ретінде; 5–9-сыныптарда «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Ғылым таппай мақтанба» өлеңдері және кейбір қара сөздері; 10–11-сыныптарда бірнеше өлеңдері, қарасөздері және «Ескендір» поэмасы.
«Абайтану» курсын мектептер оқу жоспарының вариативтік бөлігінен дербес енгізе алады. Сонымен қатар «Абай мектептері» желісінде және қазақ тілінде оқытатын мамандандырылған сыныптарда «Абайтану» курсы міндетті пән ретінде оқытылады.
Бүгінгі таңда әлем әдебиетінің озық үлгілері 5–9-сыныптарға, сонымен қатар 10 –11-сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқу пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасында қамтылған. Сонымен қатар жаңартылған Стандарт (Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 23 қаңтардағы № 12 бұйрығы) бойынша «Әлем әдебиеті» пәнін оқыту Үлгілік оқу жоспарының вариативтік компоненті есебінен (таңдау бойынша) жүзеге асырылатын болады.
Анықтама: соңғы 15 жылда мектеп бағдарламасына аптасына бір рет оқытылатын 8 жаңа пән енгізілді. Зерделеу барысында елімізде бастауыш мектепте оқу пәндерінің саны
10–11 болса, ЭЫДҰ (ОЭСР) елдерінде ол 7–8 пән аралығында. ЭЫДҰ елдерінде апталық орташа оқу жүктемесі 30–33 сағатты құрайды, ал Қазақстанда – 35 сағат; бастауыш мектепте Беларусьте – 23 сағат, Қазақстанда – 26 сағат. 5–9-сыныптарда ең көп жүктеме Қазақстан оқушыларына тиесілі (35 сағат), Ресейде бұл көрсеткіш – 33 сағат, Беларусьте – 30 сағат. Осылайша, әртүрлі елдердің оқу бағдарламаларына жасалған салыстырмалы талдау Қазақстанда ТМД және ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда оқушыларға түсетін апталық оқу жүктемесінің ең жоғары екенін көрсетті. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектептердегі шамадан тыс оқу жүктемесіне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ Президент өз сөзінде оқушылардың оқу әрекеті мен олардың дамуының басқа да бағыттары арасында теңгерімді сақтаудың қажеттігін атап өтті.
Білім алушылардың «Қазақ тілі мен әдебиеті» (Т2) және «Орыс тілі мен әдебиеті» (Т2) пәндері бойынша білім, білік, дағдыларына қойылатын талаптар шет тілін меңгеруін бағалаудың жалпыеуропалық жүйесіне сәйкес енгізілген (CEFR).
Қазақ тілінен басқа тілде оқытатын сыныптарда (орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік) «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнін кіріктіріп оқытудың тиімділігі бірнеше ғылыми және практикалық негіздерге сүйенеді. Біріншіден, CLIL үлгісі бойынша тіл мазмұн арқылы меңгеріліп, оқушылардың уәждемесін арттырады және тілдік құзыреттілікті жылдам қалыптастырады. Екіншіден, оқу мен жазуды қатар дамыту күрделі мәтіндерді түсініп, құрастыру қабілетін жетілдіреді, бұл CEFR деңгейлері бойынша B2–C1-ге жетуге мүмкіндік береді.
4-5. Қазақ тілі пәнінің басты мақсаты – оқушылардың тыңдалым, оқылым, жазылым және айтылым дағдыларын дамыту, тілдік құзыреттілігін қалыптастыру. Сондықтан оқу материалдары бейтарап мазмұнға, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің құндылықтарына және өмірлік жағдаяттарға негізделуі дұрыс деп санаймыз.
Жетілдірілген үлгілік оқу бағдарламаларында қазақ тілінің грамматикалық жүйесі тіл салалары бойынша әр тоқсанға жоспарланып құрылды. Бұл бағдарламалар бүгінгі таңда мектептерде сынақтан өтуде.
6. 2004 жылдан бері оқу әдебиеттерін әзірлеу және басып шығару бәсекелі ортаға берілген. Осыған орай, қазіргі уақытта авторлық ұжымы қалыптасқан баспалар мектеп оқулықтарын әзірлейді.
Елімізде оқулықтарға сараптама жүргізу жұмыстары мемлекеттік монополия болып табылады («Білім туралы» ҚР Заңының 8-2-бабы). Қағидаларға («Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтарды және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендерді дайындау, сараптау, сынақтан өткізу және мониторинг жүргізу, басып шығару жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 24 шілдедегі № 344 бұйрығы) сәйкес оқулықтың сараптамасына бейіні бойынша ғылым кандидаттары мен докторлары, жоғары біліктілік санатына ие педагогтер («педагог-зерттеуші», «педагог-шебер»), «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», «Үздік педагог» конкурстарының жеңімпаздары, сондай-ақ мемлекеттік және ведомстволық наградалардың иегерлері іріктеуден өтіп, сертификат алған жағдайда республикалық сарапшылар базасына енгізіліп, сараптама жұмысына қатыса алады. Ол үшін Орталықтың ресми сайтында (https://bmso.kz) «Сарапшы болу» бөлімі арқылы тіркелуге болады.
7. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу қағидаты оқулықтарды әзірлеу және сараптау барысында міндетті түрде ескеріледі. Сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету үшін әзірленген Талаптар («Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 5 сәуірдегі № 132 бұйрығы) баспаларға да, сарапшыларға да нұсқаулық болып табылады. Онда оқулықтарда Отан мен ұлт­тық мәдени кодқа құрметті қалыптастыру, мәдениетаралық диалогты дамыту, халық пен мемлекеттің мүдделерін, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қамту көзделген. Сондай-ақ батырлар, фольклорлық кейіпкерлер және ғылым, мәдениет, спорт сияқты салаларда жетістікке жеткен тұлғалардың үлгі болатын өмірлік сәттері берілуі тиіс.
8. Жоғарыда баяндалғандай Үлгілік оқу бағдарламаларын мемлекеттік монополист болып табылатын Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанынан құрылған жұмыс тобы (педагогика саласындағы жоғары оқу орындарының профессор-ғалымдары, үздік педагогтер, тәжірибелі әдіскерлер мен сарапшылар) әзірлейді. Үлгілік оқу бағдарламаларының жобаларына Қағидаларға («Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларына, үлгілік оқу бағдарламаларына сараптама жасау және оларды сынақтан өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 18 мамырдағы № 221 бұйрығы) сәйкес сараптама жасалып, сынақтан және қауымдастықта талқылаудан өткізіліп, бекітуге ұсынылады.
Үлгілік оқу бағдарламаларын әзірлеу барысында оқытуға арналған көркем шығармаларды іріктеу МЖМБС-ның талаптарына, пәнді оқытудың мақсаттары мен міндеттеріне, педагогикалық тәсілдерді (құндылыққа бағдарланған, тұлғалық-бағдарлы, құзыреттілікке негізделген, конструктивистік, іс-әрекеттік, коммуникативтік) іске асыру ерекшеліктеріне, пәнаралық байланыстарға, шығарманың өзектілігі мен танымдық мәніне, сондай-ақ білім алушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Сонымен қатар сауалнама нәтижесі мен пән мұғалімдерінің ұсыныстарын ескере отырып, «Балалар кітапханасы» бағдарламасында («Балалар кітапханасы» бағдарламасын және көркем әдебиеттің түрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын кітаптардың арнайы тізімін бекіту туралы» ҚР Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 12 желтоқсандағы № 368, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 2023 жылғы 12 желтоқсандағы № 511-НҚ және ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 15 желтоқсандағы № 633 бірлескен бұйрықтары) ұсынылатын көркем әдебиеттер тізіміне сәйкес шығармалар іріктелініп алынады.
9. Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 11 маусымдағы № 917 Жарлығына сәйкес тіл саясаты саласындағы функциялар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілген.
Орта білім беру жүйесінде 1-сыныпқа арналған «Әліппе» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасында әріптерді үйрету реті А. Байтұрсынұлының еңбектеріне және тілші, әдіскер ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп жасалған.
10. Балаларды кітап оқуға қызықтыру мақсатында ҚР Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрліктері бірлесіп, «Балалар кітапханасы» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарлама аясында көркем әдебиеттің түрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын 2580 аталымнан тұратын кітаптар тізімі бекітіліп, 2024–2025 оқу жылында мектеп кітапханаларына 767 мыңнан астам кітап сатып алынды. Бағдарлама кітапханалардың материалдық базасын нығайтуға, цифрландыруға және әдеби қорды жаңартуға ықпал етті. Мектеп кітапханаларының қызметі 2016 жылғы № 44 бұйрықпен бекітілген Қағидамен реттеледі. Қағидаға сәйкес, кітапханаларға қажетті әдебиеттер тізімі педагогтер мен әдістемелік бірлестіктердің өтінімі негізінде анықталады.
11. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, еліміздегі оқу бағдарламаларын орталықтандырылған түрде әзірлеу үрдісі дамыған мемлекеттердің білім беру жүйесіне тән (Финляндия, Франция, Жапония, Сингапур және т.б.). Бұл үрдістің басты мақсаты – ұлттық қауіпсіздікті, білім беру сапасының біртұтастығы мен қоғамдағы әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету.
Үлгілік оқу бағдарламаларын қабылдар алдында қоғаммен кең талқылау
үшін «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының 18-бабына сәйкес ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында жария талқылауға орналастырылады, онда кез келген азамат жария талқылауға қатысып, ұсыныстарын жолдай алады.
Өтініш иесіне 2025 жылғы 16 қыркүйекте (№ЗТ-2025-02895160) және
18 қыркүйекте жауап хаттар жолданды (№ЗТ-2025-02895313, №ЗТ-2025-02896090).
Жоғарыда баяндалғандар негізінде елімізде білім беру стандарттары мен үлгілік оқу бағдарламаларын әзірлеу, оқулықтарды сараптау толықтай мемлекеттік монополия ретінде Заңмен бекітілген. Оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұны кәсіби мамандармен, сарапшылардың қатысуымен әзірленіп, ғылыми, әдістемелік және ұлттық құндылықтар тұрғысынан бағаланады.
Сонымен қатар жобалар ашық жарияланып, қоғаммен кеңінен талқыланады және оған кез келген азамат ұсыныс бере алады. Бұл үрдіс халықаралық тәжірибеге сүйеніп жүргізіледі және білім беру сапасының біртұтастығы мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Осы бағытта жұмыстар жалғасады.

Ұсыныстар қолдау таппаған

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитетінен жоғарыда аталған форумда қаралған мәселелерге байланысты жауап хат алғанымызда ішіміз жылып қалғаны рас. Алайда жауап хаттың мазмұнымен таныса келе көңілге кірбің ұялады. Форум ұсынған келелі ұсыныстар қолдау таппаған тәрізді. Мәселен, ел мектептерінде «Абайтану» пәнін жаппай міндетті пән етіп енгізу ұсынысы қабылданбады. Абай Құнанбайұлының шығармалары 2–11-сынып аралығында қазақ әдебиеті пәні аясында оқытылып жүргені айтылған. Абайтану пәнін таңдау пәні деңгейінде емес, міндетті пән сапасында оқыту көптеген оң өзгерістер әкелер еді.
Мектептерде әлем әдебиеті пәнін енгізу ұсынысы да қолдау таппапты. Әрбір сыныпта қазақ әдебиеті оқулығында бір шетел әдебиеті тұлғасының шығармасы ұсынылып жүргені шындық. Тұтас оқу жылында бір әлемдік тұлға шығармасымен танысу әлем әдебиетінің озық үлгілерінен хабардар болу деңгейіне жеткізбейді.
Ұлт сыныптарында «қазақ тілі мен әдебиеті» деп кіріктіріліп оқытылып жүрген қос пәнді дербес пән есебінде оқытуға қатысты ұсыныс та аяқасты болған. Қазақ тілін өзге тіл сапасында оқитын мектептер тіл мен әдебиетті қатар меңгеріп, тіл үйренудң В2, С1 деңгейіне жетіп жүр дегенге көңіл илан­байды.
Оқулықтарда барлық бөлімдер, тіпті әрбір тақырып ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталуы тиіс. Осы орайда білдірген ұсынысымызға ұлттық құндылықтар тиісінше ескеріліп жүргені хабарланған.
Оқулықта меңгеруге берілген көркем шығармалар оқушылардың танымдық деңгейлеріне, жас ерекшеліктеріне сай таңдалып алынатыны ескертілген. Мадақ жырлар оқушылардың танымдық деңгейлеріне сай келетініне сену қиын.
Өскелең ұрпақтың келешегі мен ұлттың болашағына тікелей қатысты білім саласын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарымыздың қолдау таппағаны өкінішті-ақ.

Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының хатшылығы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір