Кітап жаршысы
04.11.2025
279
2

«Көсемсөз кемеңгері: Шерхан Мұртаза»

Зерттеуші ғалым Римма Жақсылықбаеваның «Көсемсөз кемеңгері: Шерхан Мұртаза» атты екі томдық монографиясы өзекті тақырыпқа жазылып отыр. Еңбекте қарымды қаламгер Шерхан Мұртазаның 1956–2000 жылдардағы өмірлік, шығармашылық жолына, қазақ публицистикасын дамытудағы рөліне, баспасөздегі редакторлық-ұйымдастырушылық шеберлігіне, очерктеріндегі тілдік-стильдік, көркемдік әдіс-тәсіліне, публицистикалық туындыларының жанрлық түріне, шығармаларының композициялық-құрылымдық поэтикасына ғылыми тұрғыда баға беріп талданады. Шерағаның қазақ журналистикасына қосқан үлесіне, журналистік, редакторлық, басшылық қызметіне, публицистикалық туындыларының тақырыптық, проблемалық, тілдік, стильдік өзгешеліктеріне баға беріледі.
Автор монографияның соңғы қосымшаларында Шерхан Мұртазаның шығармаларына жазылған рецензияларды, жазушы туралы қаламдас аға, әріптес іні, шәкірттерінің естелігін, қаламгерден алынған сұхбаттарды береді. Сондай-ақ публицистикалық шығармаларының барлық кезеңіне қатысты мақала, очерк, рецензия, эсселерінің библиографиялық тізімін жасайды.
Монография журналистика факультеті студенттеріне, қазақ баспасөзін зерттеушілерге, жас ғалымдар мен журналистік шеберлікке қызығатын барша оқырман қауымға арналған.
Алматы, «Қазақ университеті», 2025

«Күйші жігіт құмарым»

Бұл жинақта елімізге белгілі алматылық сазгер, ақын, актриса, кестеші, кірнеші Өрікгүл Өтеміс – Жаныстың өмірі, шығармашылығы, ғұмырында терең із қалдырған кезеңдері, еңбек жолын бастаған ортасы жайлы сыр шертіледі. Жан сұлулығы өмірін өрнектеген, жүректің әміріне бағынған ақынның аялы алақанмен тоқылған кестелері, арнау өлеңдері жас аналарға, жеткіншек қыздарымызға үлгі ретінде және көпшілік оқырманға арналады.
Алматы, «Ақ Шағыл» баспасы, 2024

«Публицистің шығармашылық зертханасы:
Дарын табиғаты, жазу машығы»

Бұл еңбекте автор Бағдат Сұлтанқызы қаламгер Оралхан Бөкей мен Мұхтар Мағауиннің публицистік шығармашылығындағы дарын табиғаты мен жазу машығындағы ерекшелік сипатын көрсете отырып, еңбек, тәжірибе, шеберлік ұғымының астарын жан-жақты аша түседі.
Еңбектің алғашқы тарауында публицистика­ның қайнар бастауы, Алаш баспасөзі, кеңес­тік дәуір және тәуелсіздік жылдардағы журналисти­каның тізгінін ұстаған марқасқа журналистердің тәжірибе, әдісіндегі даралық қолтаңбасы мен тілі, стилі баяндалса, екінші тарауында Оралхан Бөкейдің публицистикасының қайнар бастауы, көркем шығармаларындағы публицистикалық сарын, қандай тақырыптарға бойлап, қандай тақырыптарға қалам тербе­гені, қайталанбас журналист атануының мәні ашылып, Мұхтар Мағауин­нің «Жұлдыз» журналындағы журналистік һәм редакторлық қыры, көркем шығармаларындағы тарихи, деректі публицистикасы зерттеліп, сараланады.
Кітап журналистика факультеті студенттеріне, қазақ баспасөзін зерттеушілерге, жас ғалымдарға, жур­налис­тік шеберлікке қызығатын барша оқырман қауымға арналады.
«Арыс» баспасы, 2025

«Жыр жаңбыр»

Әдебиетке 1985 жылдан екпіндей келіп, проза мен поэзияда қаламын тең тербеген, не тақырыпта жазса да иін қандыра, илеуін жеткізе, қанық ұлттық бояуда жазатын, арғы беттегі қандастарымыздың үлкен әдеби ортасында өзіндік өрісі мен соны соқпағы бар, өз оқырманын тапқан талантты ақын, тартымды жазушы М. Баркөлдәлейдің бұл жинағына Қытай топырағында және Атажұртқа сағына жеткеннен бері жазылған, өлең-жыр, толғау-терме, поэма-дастандарының алғашқы шоғыры енгізілді.
«Мерей» баспасы

«Адам – керуен, өмір –жол

Бұл ғибратнаме кітапта асыл жар, асқар тау әке, тыл-еңбек ардагері, «Түрксіб-Семей» қоғамдық қорының басшысы, «Құрметті теміржолшы» төс белгісінің иегері, «Семей қаласының құрметті ардагері» абыз ақсақал Мақсұт Көшжанұлының өнегелі өмір тағылымы, ғибратты іске толы ғұмыр жолы, саналы көкейіне өмір жайлы түйгендерімен ататек шежіресі топтастырылған. Қарт теміржолшының ұзақ сапар, қилы жол тарамдарын саралай оқи отырып, бір адамның тағдыр жолынан қазақ темір жолының тұтас бір дәуірін әспеттеген тұлға шындығы айқын көрінеді. Ғибратнамеде қазақ магистралының метріне айналған темір жол тарланының тарихи-танымдық тағылымдамасы қамтылған. Ұл-қыздары, ұрпақтарына темірқазық болар асыл сөздері арқылы ата-ананың қамқорлығы, мейір, қасиеті дәріптелген.
Кітап темір жолмен тағдыры байланған, ұлттық индустриаландырудың локомотивіне айналған теміржолшы мамандығын қасиеттейтін, ел-жұртын сүйетін оқырман қауымға арналған.
Мақсұт Қошжан, «Zhardem» РБК, 2025

«Хандықтың дәурені»

Мақсұтқан Баркөл-Дәлейұлының бұл кітабы – біздің заманымыздың 841 жылы
Елетміш білген қаған құрған сегіз оғыз хандығы құлағаннан кейін 871 жылы керейлердің көтерілуімен Марғұс бастаған батырлар Керей хандығын құрғаннан бергі, Тұғұрыл ханның, Тайбұға ханның, Сейдақ ханның ұрпақ жалғап 1598 жылға дейін кедіргекті керуенін жыраулық дәстүрдегі поэзиялық өреге көтеріп жырлаған эпостық роман. Қазақ халқының іргесін қаласқан ірі тайпалық хандықтың бірі болған осы керейлердің өсіп-өніп, бүгінгі ұлы бірліктің көк туын асқақтатуға атсалысқан айбынды жырын жалғасты шертеді…
Кітап ұрпақты тарлан тарихқа бойлауға, ұлтты тануға тәрбиелейді.

«Күй – тағдыр»

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Талап Қараш бұл кезекті жинағына ел мен жер, уақыт пен кеңістік, адам тағдырына қатысты тыныс-тіршілікті арқау еткен жаңа жырларын топтастырған. Ақын елім, жерім деп соққан жүрек лүпілін, сағынышын, перзенттік махаббатын жып-жылы лирикаға айналдыра білген.
Шайырдың нәзік те сыршыл, мазасыз да жараланғыш ой толғамдары оқырман көңілін бейжай қалдырмасы анық. Жинақ өлеңсүйер қалың оқырманға арналған.
Алматы, «Ел-таным баспа үйі, 2025

«Дала данагөйі Мөңке би»

Мөңке бидің 350 жылдық мерейтойына орай шығарылып отырған бұл жинаққа тәуелсіздіктің арқасында аты түркі халықтарына тегіс мәлім болған даланың дана философы, ойшыл, бүгінгі таңда «Түркі әлемінің Нострадамусы» атанған сәуегей болжампаз, жырау, қоғам қайраткері Мөңке Тілеуұлының (1675–1756) қолда бар мұралары, оған қатысты құнды деректер мен ғылыми мақалалар, Мөңке би шежіресіне қатысты кейбір материалдар еніп отыр. Жинақ тарихшылар мен филологтарға, зиялы оқырман қауымға арналған.
«Жебе» баспа үйі, 2025

«Өлеңім – өмір өрнегім»

Ақын Жолдас Сармановтың бұл кітабы «Жыр-жүректің жалыны», «Асау арман арыны» және «Сағым жылдар сарыны» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Әр жылдары жазылған өлеңдеріне туған жер, отан, адал махаббат пен достық, т.б. тақырыптағы өмір өрнектері арқау етілген.
Кітап жырсүйер қауымға арналған.
«Үш Қиян», 2025

Әзірлеген Жүніс ОМАР

ПІКІРЛЕР2
Аноним 04.11.2025 | 18:08

мемлекеттік бағдарламамен шыққан біреуі бар ма, ол жағы неге айтылмайды түсініксіз әдебиетті қолдау жағы мәдениет министрлігі тарапынан не себепті тоқтап қалды, ол неге айтылмайды

Аноним 08.11.2025 | 08:01

Бірінші пікір дұрыс ескертеді. Мем. тапсырыс, мем. қолдау, мем. бағдарламасы дегендер қайда кеткен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір