АЛАШТЫҢ АЛМАХАНЫ, ҚАЗАҚТЫҢ КЕНДЕБАЙЫ
Жапырақ жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын,
Келісесің бе, жас қайың?!
Ақиық ақын Мұқағалидың осынау терең философияға тұнып тұрған жыр жолдары күллі қазақтың көңілін қозғап, жанын тербейтін әсем әнге айналғаны баршаға мәлім. Ал сол сырлы да сазды, салмақты әуенді небәрі 26 жастағы ару жазғанын біреу білсе, біреу білмес. «1976 жылы туған ән ғой. Театр ашқанымызға бір жыл толғанда Алакөл ауданына гастрольдік сапармен бардық. Ақын өмірден өткен тұста газеттің бір бетін толық ала Мұқағали ағамыздың өлеңдері жарияланыпты. Оқығанымда «Ақ қайың» өлеңі ерекше әсер етті. Ақын жанының ең соңғы шырылын табиғатқа осы өлеңмен айтып кеткендей күй кештім. Мен сонымен ауырдым да, бірден ән жаза бастадым. Алакөл ауданының Халық театры бізді құрметтеп түс кезінде өзен жағасына дастарқанға шақырды. Күн деген шайдай ашық. «Жігіттер, қыздар, отырысты бастамай тұрып, мен сендерге бір әнімнің премьерасын жасап берейін дедім де, «Жапырақ жүрек жас қайың» деп шырқай бергенімде, күн жарқырап тұрған мезгіл еді, төбеде бір қара бұлт үйіріліп кеп, сар етіп жауа жөнелді. Мен әнді тоқтатпадым, ел орнынан тұрмады. Бұл ән осылай өмірге келіп еді», – деп еске алады театр және кино актрисасы, Қазақстан Республикасының халық артисі Алмахан Кенжебекова әннің қалай туғаны жайлы әңгімесінде.
Жалпы, кез келген талант иесі өнер жолына кездейсоқ түспесе керек. Домбырамен ән шықрқағанды жақсы көретін ана мен серілікті жанына серік еткен әкеден туған Алмахан Кенжебекованың да әнге әуестігі балалық шақтан бастау алды. Өнер иесінің балдәурен кезеңі Райымбек ауданының тау бөктеріндегі Қайнар ауылында өтті. Сол асқар таулардың баурайында таза ауамен тыныстаған сәби жүрек өмірді өлең, аспанды әуен, табиғатты көркемдік деп қабылдады.
Бірде ауылға арнайы ат басын бұрған фильм түсірушілер осы өңірдің өскелең өнерпазын іздейді. Осы сәтті толқыныспен қайта парақтаған Алмахан апай: «Апа, қызыңызды колхоздың бастығы шақырып жатыр, – деген шақыруды естіген соң, бірге еріп барып, колхоз бастығының кабинетіне кіргенімде ұзын бойлы, аққұба, бозғылт шашын артына қарай қайырған кісі отыр екен.
– Ән айтасың ба? – деп сұрады бірден.
– Айтам.
– Қандай ән айтасың?
– Анадай ән, мынадай ән… – деп білетін әндерімді атай бердім.
– Болды, осы баланы аламыз, – деді ол кісі. Сөйтсем, ауыл туралы кино түсіріп жатыр екен.
Ол кісінің Мұхаметжан Тынышбаев ағамыздың жалғыз ұлы, қазақтың тұңғыш кәсіби операторы Ескендір Тынышбаев екенін кейін білдім. Менің өнерге деген жолымның ашылуында Ескендір ағаның рөлі орасан. Тіпті түсірілім тобы шай ішуге дастарқан басына жайғасқан кезде, мен етекте шай құйып отырғанмын, төрден орын алған манағы ақ шашты кісінің «Қызым, сенің әнің жақсы екен, келешекте әнші болуыңа болады. Алматыда Эстрада студиясы ашылды. Онда Жүсіпбек Елебеков деген атаң бар, егер сен соған барсаң, оқуға түсесің, ол кісі қабылдайды. Сен білесің бе, Роза Жаманова деген халық артисі атанған апаң бар, Жаман әкесін жақсы қылды. Кім біледі, мүмкін, сен де халық артисі боларсың кейін» дегені ғұмырымның мақсат-мұратын айқындап бергендей болды», – деп жалғастырды сөзін.
Талаптанған жас талант мектеп бітірген соң оқу іздеп Алматыға аттанады. Алғашқы жылында сәті түспей, ауылына қайта оралып, жұмыс істеп, келесі жылы Эстрада-цирк колледжіне барып, тағы бір рет бағын сынап көреді. Сонда, айтқандай-ақ, ән орындап болған соң өнерпазды Жүсіпбек Елебеков өз класына оқуға қабылдайды. Дәстүрлі әндердің табиғаты, тарихы туралы, ән мен жырдың қыры мен сырын Жүсіпбек ұстаздан естіп, өнер көкжиегіне терең бойлайды. Сонымен қатар ұлттың өткен жолы мен ұлы тұлғалары жайлы да Жүсіпбек ұстаз кеңінен толғайды.
Әйтсе де ән айтып қана жүруді аздық еткен Алмахан Кенжебекова театрда өнер көрсетуді мақсат тұтып, ұстазынан келесі бір белеске өтуге рұқсат сұрайды. Өзінің ізбасары ретінде көріп жүрген Жүсіпбек Елебеков шәкіртін қимаса да, даңғыл жолға бата тілеп, Шолпан Жандарбековаға, консерватория қабырғасына аманат еткендей болады. Жүсіпбек Елебеков ән өнерінің өріне бойлатса, Шолпан Жандарбекова қасиетті сахнаның киесіне үңілдіреді. Өмірлік серігін де осы оқу орнында, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясында кездестіреді. Бүгінде сахна өнерінің биігінен көрініп, ел ағасына айналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Кендебай Темірбайұлы мен Алмахан апай бір курста оқып жүріп табысып, отау құрып, үлгілі әулетке айналды. Қазақ сахнасының қасиетті топырағында, Талдықорғанның мәдени ордасы — Бикен Римова атындағы театрдың құрылуында да, шымылдығын ашып көрермен көзайымы болған аяулы сәтінде де қос таланттың үлесі зор. Осы өнер ордасында табан аудармай жарты ғасыр еңбек етіп келе жатқандары да өнер иелерінің сахнаға, топыраққа, өнерге деген адалдықтарын айшықтаса керек.
Кішкентайынан ерке де бұла болып өскен таланттың сахнадағы образдары да өжеттіктің бейнесі іспетті. Сахнадан да, көркем фильмдерден де атойлап сезіліп тұратын сол асқақ образдың ұшқыны балалық шақта екенін аңғарамыз. «Отбасымда жалғыз баламын. Соңымнан ұл келсін деп, мені туа сала ырымдап ұлша киіндірген екен. Әкем жылқышы болған. Кішкентай кезімнен аттың жалында ойнап өстім. Шауып келе жатып, бір жағыма қарай еңкейіп жерден тасты іліп әкетіп, садақ атысып ойнайтынбыз. Мектеп табалдырығын аттаған шақта да мені бәрі ұл бала деп ойлады. Ұстазым ұрса беретін: «Кенжебеков, тұр», – дейді. Тұрам. «Ертең шашыңды алдырып кел, алдырмасаң, қайшымен қиып тастаймын», – дейді. Содан үйге келем де: «Шашымды алсаңдаршы, мұғалім ұрысып жатыр», – деймін, сондағысы төбеде ғана өсіп тұр шашым, жан-жақтарын қиып тастаған. Үйдегілер маған деп арнайылап белдемше де тіктіріпті. Мені «кішкене жігіт» деп атайтын жеңгем: «Юбка киейік», – дей бергенде, бір-ақ ұрдым ол кісіні.
Сондай күндердің бірінде мұғалім: «Кенжебекова, көйлек киіп кел, сен қыз екенсің ғой», – дегені. Бітті… Өзім сап-сары, толық болатынмын, тұра жүгіріп, сыныптан атып шықтым. Содан домалап жүгіріп отырып, жоғарғы көшедегі үйге жеткенше қара терге малындым. Әлгі сөзді не елге, не үйдегілерге айта алмаймын. Ауылда тұратын бір-екі үлкен әжелеріміз бар еді. Сол кісілер бөлмеге ақырындап кіріп: «Алмаш, айналайын, сенің ақылың бар ғой. Сен деген әкеңнің ұлға татитын қызы, азаматы болдың. Сен ұл десе – ұл, қыз десе – қызсың. Әкең ауырып жатқанда: «Қолына қамшы ұстайтын ұлым болмады-ау», – дегенін естіп едік. Осы уақытқа дейін көңіліңді қимай келдік, енді қызша киінбесең болмайды, айналайын», – деді. Үлкендердің сөзінен кейін орнымнан тұрдым. Ісініп, жұдырық түйіп, бұртиып тұрғаным. Тіктірген белдемшені әкеліп кигізе бастады. Енді ана юбка маған жараспайды, мен оған келмеймін. Әжелерім мақтап-мақтап, юбканы кигізіп, түймесін бел тұсыма қадады да, кетті. Өмірімдегі ең қатыгез күн сол күн болды.
Енді ол юбкамен мектепке баруым керек қой… Шалбарды шешу деген миыма сыймайды. Юбканы шалбардың сыртынан киіп алам да, етегін бүктеп-бүктеп ішке салып қоям. Мектепке жеткен соң, әлгі белдемшені шығаруға қиналғаным-ай… Расын айтқанда, тұрмысқа шыққанша әрең-әрең үйрендім белдемше киюді», – деген талант иесінің өмірінің бір үзік сәті де бүгін аңыз болып айтылады.
Кендебай Темірбайұлы – сахнада өмірдің өзіндей табиғи кейіпкерлерді сомдайтын сирек талант. Ол үшін сахна – тағдыр. Әрбір рөл – өмірдің жаңа тарауы. Кендебай Темірбайұлының дауысында философиялық салмақ, көзінде сабырлы от бар. Сахнаға шыққанда бір сөз айтпай-ақ, ішкі болмысымен кейіпкердің тағдырын сезіндіре алатын актёр 70-тен астам алуан түрлі рөлдерде ойнады. Ол М.Әуезовтің «Қаракөзіндегі» – Сырым, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» – Қозы, Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесіндегі» – Алдар көсе, Т.Ахтановтың «Күшiк күйеуіндегі» – Бекболат, С.Жүнісовтің «Өліарасындағы» – Жуков, Б.Тоғысбаевтың «Ақын Сарасындағы» – Әріп, Ш.Айтматовтың «Жәмиласындағы» – Данияр, «Арманым-Әселімдегі» – Жантай, Р.Сейсенбаевтың «Өзіңді тап» қойылымындағы – Әділет, Т.Қалилахановтың «Алтын бесігіндегі» – Жәпек, А.Вампиловтің «Сүйінші табылдысындағы» – Кудилов,
Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпанындағы» – Торсан, Ш.Құсайыновтың, А.Кенжебекованың «Абай туралы аңызындағы» – Ербол, Т.Әліпбайдың «О, Атилла, Атилласындағы» – Хильдбранд, «Қанды ғасырындағы» – Бошақан, К.Әбдірахмановтың «Мұнар да, мұнар, мұнар күніндегі» – Махамбет, «Қаракерей Қабанбайындағы» – Ақтанберді жырау, Л.Егембердиеваның «Әріптестеріндегі» – Мықтыбек, «Ғашық жүрегіндегі» – Әуезхан, Қ.Сатыбалдиннің «Аякөз аруындағы» – Шатшәлекей хан, Р.Сейсенбаевтың «Қазақстан тұңғышындағы» – Еремин, М.Әуезовтің «Бәйбіше-Тоқалындағы» – Жендет, Т.Әлімқұлотың «Қош бол, Қараойындағы» – Ықылас тағы басқа кейіпкерлерді сомдауы нағыз театр өнерінің шырқау биігінен көрінді. Ұлт батырлары – Қабанбай, Барақ сұлтан, Жәпекті, ақындар – Махамбет, Әрiп, Ақтанбердi, Нысанбай жырауды, Е.Төлеубайдың «Алаштың Әлиханында» – Әлихан Бөкейхановты, М.Әуезов пен Қ. Мұхамеджановтың «Айман-Шолпан» комедиясында Көтібар бейнелерiн сахналауы да өнер иесінің толысқан, жан-жақты талант екенін дәлелдейді.
Алмахан Кенжебекова – нәзік те өр әйел образдарының шебері болса, Кендебай Темірбайұлы – сабыр мен рухтың туабіткен кескіні секілді. Алмахан апай жас таланттарға сахнадағы нәзіктікті, әйелдік болмысты, рөлге адалдықты үйретсе, Кендебай аға ер мінез, актерлік мәдениет пен сахналық жауапкершіліктің мектебін көрсетіп жүр.
Мөлдір Райымбекова