Түркі әлемінің рухани тұтастығына тың серпін
Әзербайжан Республикасының Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүкіл түркі жұртына ортақ тағдыр мен тарихи сабақтастықтың маңызын тағы бір мәрте атап өтті.
Президентіміздің «Қазақта «Өнерлі өрге жүзеді» деген сөз бар. Шын мәнінде, өнер, білім, ғылым құндылықтары өркениетіміздің өрісін кеңейтуге ықпал етеді. Қазақстанда елдеріміздің зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, арнайы іс-шара өткізген орынды болар еді» деген бастамасы – бауырлас ұлттарды жақындастыратын үлкен мәдени қадам, рухани дипломатияның көрінісі.
Қазақстан Жазушылар одағы бұл ұсынысты толық қолдай отырып, түркі мемлекеттерінің жазушылары, ғалымдары, өнер және мәдениет қайраткерлері бас қосатын ауқымды басқосудың өткізілуін аса өзекті әрі дер кезінде көтерілген бастама деп санайды.
Мұндай жиындар ортақ әдебиетімізді, мәдени мұрамызды, тарихи үндестігімізді терең танып-білуге жол ашады. Сондай-ақ рухани дипломатия арқылы халықтар арасындағы сенімді, өзара түсіністікті, мәдени байланысты бекемдей түседі.
Қазақстан Жазушылар одағы «Түркі әлемінің әдебиеті» атты тарихи-мәдени, рухани байланыстарды нығайту жобасын жүзеге асыруды бастап-ақ кеткен. Жобаның басты мақсаты – түркі елдері әдебиетінің ең үздік шығармаларын қазақ тіліне аударып, шығару. Бұл кешенді жобаның алғышарттары да жасалып қойған. Мәселен, республикалық «Таң-Шолпан» әдеби журналында жыл бойы бір түркі елінің (қырғыз әдебиеті – 2022 жыл, өзбек әдебиеті – 2023 жыл және әзербайжан әдебиеті – 2024 жыл, татар әдебиеті – 2025 жыл) көрнекті қаламгерлерінің шығармалары қазақ тіліне аударылып, оқырман ілтипатына ие болды.
Қазіргі күнде үш мемлекет – Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстандағы Жазушылар одақтарымен тиісті меморандумдарға қол қойылып, алдын ала дайындық жұмыстары атқарылды. Әр елден 52 автор, барлығы 156 қаламгер қамтылып отыр. Басқа да түркі елдерінің шығармашылық одақтарымен келіссөздер жүргізілуде.
2025 жылы осы жоба аясында қырғыз әдебиетінен Сұлтан Раевтың «Топан» романы, Арслан Қойшиевтің «Тұқұмқұрт» романы, әзербайжан әдебиетінен Анар Рзаевтің «Қонақүй бөлмесі» повесі, өзбек әдебиетінен Хайриддин Сұлтанның «Бақыт жағалауы» кітаптары жарық көрмек. Ал 2026 жылы жоба аясында Ашым Жакыпбектің «Тиңири Манасы», Мелис Абакировтың «Барымтасы», Самсак Станалиевтің «Чагылгандын көз жашы (Найзағайдың көз жасы)» кітабы, Бекен Назаралиевтің «Баткен тұтқыны», Бейшебай Усубалеевтің «Повесть, әңгімелері», Топчугүл Шайдуллаева мен Абдиламит Матисаковтың «Әңгімелер жинағы» басылуға дайындалып жатыр.
Бауырлас түркі елдерінің зиялы қауымын бір шаңырақтың астына жинайтын игі бастама түбі бір, туысқан халықтардың рухани ынтымақтастығының жаңа, жарқын кезеңіне жол ашады деген үміттеміз. Осыған орай, бұл игі бастаманы қолдай отырып, Қазақстан Жазушылар одағы жыл сайын бауырлас түркі елдерінің астаналарында кезекпен «Бауырлас түркі елдерінің әдеби форумын» өткізіп тұруды ұсынады. Біздің бұл ұсынысымызды барлық түркі елдерінің басшылары қолдайтынына сенеміз.
Біз, Қазақстан Жазушылар одағы, Мемлекет басшысының осы бастамасын жүзеге асыруға өз тарапымыздан үлес қосуға дайынбыз.
Бауырлас елдердің рухани бірлігі бекем болсын!
Мереке Құлкенов,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының төрағасы