Түркі әлемінің бойтұмары
27.08.2024
175
0

Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ертүріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің тәңір берген несібі ғой.
(Мағжан ЖҰМАБАЕВ)

Орталық Азия мен Қазақстан аумағында тарих түкпірінде пайда болып, түрлі шапқыншылық кезеңдерде жер бетінен жойылып кетпей, қазіргі уақытқа дейін өмір сүріп келе жатқан ежелгі қалалардың бірі – Түркістан. Қазіргі таңда бірлік пен тұрақтылықтың, әділдік пен ынтымақтың, сенімнің қасиет­ті мекеніне айналған Түркістан қаласының байырғы тарихын тереңдеп зерт­теу – тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі. Әуелі Иасы, кейін Түркістан атанған қаланың тарихы тереңде жатыр. Ертедегі Иасының орны – Күлтөбе, қазіргі Түркістан айналасындағы Сейдақ ата, Шойтөбе, Қарашық І, ІІ, Төрткүл төбе І, ІІ тәрізді басқа да көне және ортағасырлық көне қала жұрт­тары археологиялық тұрғыдан зерт­телу үстінде.
Қазақ хандары XVI ғасырда Түркістан аймағын, яғни Сыр өңірін түпкілікті өзіне қарат­ты. Бұл өңір о баста қазақ хандарының бабасы Жошы ұлысының құрамында болған. Әмір Темір басып алғаннан соң, қазақ ханы Жәнібектің әкесі Барақ Ұлықбектен өз иелігін қайтаруды талап етіп, арнайы елшілік жіберіп, бұл өңірді оның ата-бабалары иеленгенін және қалалардағы құрылыстарды солар салдырғанын тілге тиек ете отырып, шариғат пен ата-баба дәстүріне сәйкес бұл қалалар атамұрасы ретінде өзіне қайтарылуы тиіс екенін мәлімдеген болатын. Ақыры көпғасырлық талас қазақтар пайдасына шешіліп, Түркістан қаласы Қазақ хандығы астанасына айналды.
Есім хан Түркістан қаласына өз ордасын орналастырған алғашқы қазақ ханы болып есептеледі. Түркістанға билігін жүргізген қазақ хандарының бірі – Тұрсын-Мұхаммедхан болды. Ресей мемлекеті архивтерінде XVII ғасырдың аяғындағы Түркістан туралы Тәуке хан билік жасағанын, қалада мыңнан астам қазақ ерлері мен әйелдері тұратыны айтылады. Тәуке хан билігі кезінде қазақтардың қарамағындағы Сырдария бойындағы қалалардың саны 32-ге жет­ті.
Санк-Петербург қаласы Ресей Ғылым академиясына қарасты Шығыс қолжазбалар институтында Әбілғазы Мұхаммед Тәуекел Баһадүр ханның Ташкент қаласында дайындаған хижра бойынша 1006 жылдың құрбан айында, яғни 1598 жылдың тамыз айында Қожа Ахмет Ясауи мазарының мутаваллиі етіп тағайындау туралы жарлығының көшірмесі бары анықталды. Бұл – қазақ хандары тарапынан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қызметкер тағайындау туралы жазған бізге белгілі алғашқы тарихи құжат. Мұнда қазақ ханы Әбілғазы Сұлтан Тұрсын Мұхаммед Баһадүр ханның хижра бойын­ша 1033 жылдың сапар айында, яғни 1623 жылдың қараша-желтоқсан айында шығарған жарлығында бір кісіні шайх ал-ислам етіп, ал екінші адамды Қожа Ахмет Ясауи мазарының мутаваллиі етіп тағайындауы туралы айтылады.
Қазақ хандығының астанасы ретінде Түркістанға небір елшілер келіп-кетіп жат­ты. 1694 жылы Түркістандағы Тәуке ханға Ресей императоры І Петрден елшілер келеді. Елшілерді қабылдау кезіндегі Тәуке ханның сөзі сол кездегі қазақ билеушілерінің биік рухын танытады. Елшілер а дегеннен қыр көрсетіп, орыс патшасының хаты оқылғанда ханның орнынан тұрып, бас киімін шешіп тыңдауын талап етеді. Тәуке оларға бас киімін Құдайға мінәжат еткенде де шешпейтінін мәлімдейді. Түркістан қаласында қазақ билеушілерінің жоғары дәрежеде жиындары, мәслихат­тары болып тұрды.
1771 жылы Түркістанда Абылайды қазақтың бас ханы етіп көтеру рәсімі де өт­ті. Оған Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз хандары, сұлтандары, билері, батырлары, «Ташкент­тіктер мен Түркістандықтардың таңдаулы өкілдері» қатысады және бұл салтанат Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болады. Онда Құран оқылып, жиналған халық ертеден келе жатқан дәстүрге сай Абылайды ақ киізге отырғызып, жоғары көтеріп, үш жүздің ханы етіп жариялайды.
Түркістан қаласы сол кездің өзінде білім мен ғылымның орталығы болды. Көшпелі қазақ балаларының сауатын ашуда Түркістанның орны ерекше. Абд әл-Ғафүр Түркістани жазып кеткен шығармаға қарағанда, Түркістанда көптеген мектептер мен медреселер болған. Түркістанда XIX ғасырдың басында хан болған Тоғайдың інісі Әліақбар сұлтанның тапсырысымен 1813 жылы Абд Рахим Узконди Түркістан қаласында «Шыңғыс хан рисаласы» ат­ты тарихи шығармасын жазған. Түркістандағы Қожа Ахмет кесенесінде ескі кітаптар, жәдігерлер көп болған. Кесенеде болған біраз кітаптар қазіргі кезде Алматыдағы Ұлт­тық кітапханада сақтаулы тұр. Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтан кесенесі (XIV ғасырда Әмір Темір сұлтанның басшылығымен салынған) қазақтың ежелден зиярат жасайтын орны болды.
Түркістан қаласының XV–XVIII ғасырлардағы тарихына қатысты қолда бар санаулы деректердің өзі бұл қаланың қазақ хандығы тарихында орны ерекше екенін, қала, шын мәнінде, астаналық дәрежеде болғанын айғақтайды. Мұны сол кезде де көрші елдер толықтай мойын­даған.
Түркістан қаласы қазақ хандығының негізгі саяси, рухани сауда орталығы болды. Қазақтың Жәңгір, Тәуке, Абылай және басқа да белгілі хандары, батырлары мен билері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде және оның айналасындағы мазарат­та жерленді.
…Әр заманның өз толғауы бар. Сонау жаугершілік, бодандық қамытын киген зар заманда халықтың арман-тілегі азат­тық болса, бүгінгі ұрпақтың жырлары – сол бабалар аңсаған азат­тықтың ақ таңын сыйлаған тәуелсіздік, сол тәуелсіздіктің арқасында қайта жаңғырған, жайнаған қазақ елі, әсіресе егемендік пен еркіндіктің тәт­ті дәмін татып, күн санап өсіп-өркендеп келе жатқан Түркістан өңірін жырына қоспаған ақын, тарихын түгелдеуге атсалыспаған ғалым бүгінде кемде-кем. Өйткені бұл киелі өлкенің әрбір тау-тасы мен бұта-төбесін түртіп қалсаң-ақ, талай дәуірдің сырын шертіп, сайрап ала жөнелері хақ.
Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыз 1994 жылы бір топ зиялы қауым өкілдерімен Түркістан шаһарына барғанда, «Түптің түбінде Түркістан-Кентау аймағы жеке облыс болып, Түркістан оның орталығы болуға әбден лайық. Тек бұған бүгінгі қиын-қыстау, қилы заман тұрғысынан қарамай, өсетін, өркендейтін, тәуелсіз егемен елдің ертеңгі болашақ биігінен қарап, шын ықылас қойып, Түркістан болашағының жоба-жоспарын қазір қолға алған лазым. Бұл – мемлекет­тік үлкен мәселе», – деп өзінің қолжазбасын жазып қалдырған болатын. Міне, елін, ұлтын жан-тәнімен сүйген Шерхан ағамыздың осыдан отыз жыл бұрын айтқан дана сөзі.
Бұрын Түркістан – онда мәңгілік жай тапқан Ясауи бабамызға тәу еткен күллі түркі жұртын ұйытқан рухани дүниенің есігі ғана болса, Түркістан қаласы облыс орталығына айналған алты жылдан бері, ол жан-жақты дамып, жаһандық өркениет­тің бесігіне айналуда.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, «Қазақ елінің алтын бесігіне» айналған тұмарлы Түркістанның тәуелсіздік жылдарында қарыштай басқан қадамы бүгінде төрткүл дүниенің назарын өзіне аударып отыр.
«Әбу-Насыр әл-Фараби – ділдесім, Қожа Ахмет Ясауи – діндесім, Қорқыт ата – сырласым, Асан Қайғы – мұңдасым, Жиренше шешен – тілдесім дейтіндей ұрпақтан екеніңе мың-мың шүкірлік десеңіз де көптік етпейді. Осылайша, ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан өсімтал ұрпақтың қай төлі де, бүгінде «он екінші, не он үшінші атам Қаратау мен Сыр бойында қалған», – деп аңыз етеді. Демек, Оңтүстік – барша қазақтың Отаны. Қазақ қай жерде жүрсе де Қаратауға кіндігімен байланған», – деп заңғар жазушы, абыз Әбіш Кекілбаев ағамыз айтпақшы, бүгінгі ынтымағы жарасқан, бірлік пен берекесі артқан түркі әлемінің бойтұмары іспет­ті қасиет­ті Түркістан өңірі өркендеу үстінде.

Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының
және Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір