АҚТӨБЕДЕГІ РУХАНИЯТ КҮНДЕРІ
07.10.2025
126
0

Әдебиет деген не деген сауалға жауап іздеп, әдебиет туралы енді ғана әңгіме қозғап жатқандай болмайын. Бүгінгінің баршасы кеше болған сықылды. Айтайын, әрісі Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» кітабында, берісі Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» атты теориялық еңбегінде әдебиет мәселесі жан-жақты талданған.

  

Мағжанның заманында да, Жамбылдың тұсында да, тіпті бір жақсы жыр жаза алмай арманда кеткен әлдебір халтурщиктің дүрілдеген кезінде де әдебиет туралы әлдебір сөздер айтылмай қалған емес.
Сонда да әдебиет туралы әңгіме таусылмақ емес.
Өкінішке қарай, тауысқысы келетіндер де бар. Өзі әдебиетті ұқпайтындар, неге екенін кім білсін, өзгенің әдебиетке деген ма­хаб­батын жойып жібергісі-ақ келеді. Сондайда Жұмекен Нәжімеденовтің мына жыр жолдарын қайталағың кеп кетеді. «…Дейді жұрт «Өлең жазбау — бақыттылық, Аузыңды бұзайын ба атып тұрып!»
Жә-ә, әріге бармайық.
Өйткені әдебиетті ұғатындар, оған қамқорлық жасауға ықылас­тылар жетіп артылады.
Соның бір мысалын Ақтөбе көрсетті.
25–27 қыркүйек күндері Ақтөбе өңірінде қазақ руханиятының дәстүрге айналған кезекті «Әдебиет. Рух. Қоғам» форумы өтті. Форумға Қазақ­стан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов бастаған белгілі ақын-жазушылар, мәдениет майталмандары, қоғам қайраткерлері қатысты.
Сәл шегініс жасасақ, тек ақтө­белік­­тердің ғана емес, жалпы қазақ қаламгерлерінің рухын көтеру мақсатын көздейтін бұл форум алғаш рет 2019 жылы өткізілген еді. Осы алты жылдың ішінде облыс әкімшілігінің тікелей қолдауымен бұл форум өзінің ауқымын кеңейтіп, бүгінде халық­аралық деңгейдегі беделді, үлкен әдеби жобаға айналды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Асхат Берлешұлы Шахаров еліміздегі осы бірегей, әдеби байқаудың рухани маңызына ерекше тоқталып, бұл форумға алдағы уақытта да өз қолдауын көрсете беретінін айтты.
Асхат Берлешұлы әуелде жеті сыйлық болып белгіленген сөз бәйгесінің саны биыл он бірге жеткенін айтып, қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары Сағи Жиенбаев, Төлеген Айбергенов, Тобық Жармағанбетов, Тахауи Ахтанов, Үмбетбай Уайдин, Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Қажығали Мұхамбетқалиев, Өтежан Нұрғалиев, Бәкір Тәжібаев, Есенбай Дүйсенбайұлы атындағы бұл 11 номинацияға келер жылы Өтебай Қанахин мен Сәбит Баймолдиннің есімдері қосылатынын атап көрсетті.
«Әдебиет. Рух. Қоғам» байқауының биылғы додасына еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден барлығы 140-тан астам шығарма қабылданды. Байқау нәтижесінде белгілі қаламгерлер Дидар Амантай, Айгүл Кемелбаева, Нұрлыбек Қалауов, Гүлжайнар Қалдина, Индира Кереева, Балагүл Бакиева, Ернұр Сейдахмет, Есболат Айдабосын, Аманжол Исламғали, Моншақ Бекайдарқызының шығармалары, түрік ақыны Фатих Сұлтанның аудармалары үздік деп танылып, әр жеңімпазға бір миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы мен арнайы жасалған естелік сувенир табысталды.
Сонымен бірге облыс әкімінің ұсынысымен туындылары қазылар алқасынан жоғары баға алған төрт қаламгерге — Мұхтар Шерім, Маржан Ершу, Назарбек Нұрмағанбетов, Есенбек Жұмағалиевке бес жүз мың теңгеден арнаулы жүлделер берілді.
«Әдебиет. Рух. Қоғам» халық­аралық әдеби байқауының аясында 25 қыркүйекте облыс орталығындағы Шығармашылық академиясының үлкен ғимаратында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығына арналған «Сөз өнерінің сәулеткері» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Кеште ақынның шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталып, оның өлеңдері мен әндері шырқалды. Шараға ақынның ұрпақтары да қатысты.
Сондай-ақ 26 қыркүйекте Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде сатирик-жазушы, публицист Үмбетбай Уайдиннің 90 жылдығына арналған «Қазақ сатирасының саңлағы» атты әдеби-танымдық конференция өтті. Жиын барысында қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме қойылып, замандастары мен шәкірттерінің естеліктері тыңдалды.
Халықаралық «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби байқауының жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсіміне модераторлық еткен Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов осы дәстүрлі форумның Ақтөбеде биыл алтыншы рет жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап көрсетіп, өңір руханиятының жанашыры, облыс әкімі Асхат Берлешұлы Шахаровқа өз алғысын білдірді.
Осы форумда Мереке Құлкенов алдағы уақытта аймақ әдебиетін дамыту, қаламгерлерді қолдау, әдеби үдерістерге заманауи цифрлық технологияларды енгізу бағытында жұмысты жаңа деңгейге көтеру үшін өз бұйрығымен ақын, қоғам қайраткері, облыстық мәслихаттың депутаты Бижан Қалмағанбетовты Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалының директоры етіп тағайындағанын жеткізді.
Сонымен қатар ақтөбелік көрнекті қаламгерлер Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Төрежан Мәндібайға Қазақстанның Құрметті жазушысы куәлігі мен төсбелгісін тапсырды.
«Әдебиет. Рух. Қоғам» форумының аясында Ақтөбеде өткен іс-шаралар әдебиетіміздегі көрнекті тұлғаларды дәріптеумен қатар, жергілікті қаламгерлердің шығармашылығын қолдауда, ұлттық мәдениетімізді насихаттауда басқа өңірлерге үлгі, рухани бағыт-бағдар береді деп ойлаймыз.

Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының
Ақтөбе облысындағы өкілі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір