РУХАНИЯТ ОРДАСЫНЫҢ БЕСЖЫЛДЫҚ БЕЛЕСІ
Биыл Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының құрылғанына бес жыл толып отыр. Тарих үшін бұл қас-қағым сәт болғанымен, кітапхана үшін мазмұнды істер мен маңызды бастамаларға толы кезең болды. Осы уақыт аралығында кітапхана өңірдің ірі рухани-мәдени және ақпараттық орталығына айналып, кітапхана ісін жаңа деңгейге көтерген бірегей жобаларды жүзеге асырды.
2021 жылы Түркістан қаласында заманауи технологиялармен жабдықталған көпфункционалды білім және мәдениет кешені пайдалануға беріліп, оның құрамында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы өз жұмысын бастады. Жаңа ғимаратқа көшірілген кітапхана қоры толық жүйеленіп, оқырманға қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтерілді.
Үш қабатты зәулім ғимарат бүгінгі талаптарға толық сай жабдықталған. Кең оқу залдары, электронды қызмет көрсету жүйесі, интернет орталықтары, балалар бөлімі, мерзімді басылымдар залы мен жайлы демалыс аймақтары оқырман игілігіне қызмет етуде. Қорда қазақ әдебиетінің классикалық мұралары, тарихи еңбектер мен әлем әдебиетінің таңдаулы туындылары жинақталған.
Кітапхананың басты ерекшеліктерінің бірі – автоматтандырылған қызмет көрсету жүйесі. Электронды оқырман билеті арқылы кітаптарды өздігінен алып, қайта өткізу мүмкіндігі жасалған. Бұл заманауи жүйе кітапхана қызметінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыра түсті.
Бүгінде «Фараб» кітапханасы тек кітап оқитын орын ғана емес, шығармашылық пен инновацияның орталығына айналды. Мұнда жұмыс істейтін «Атамұра» саз балшық шеберханасында ұлттық қолөнердің көне түрі – құмыра жасау өнері үйретіледі. Ал «Fab-Lab» сандық шеберханасында жастар робототехника, 3D модельдеу және заманауи технологиялармен жұмыс істеуді меңгеруде.
Кітапхана құрамындағы 400 орындық заманауи конференц-зал халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми конференциялардың, әдеби кештердің, кітап таныстырылымдары мен мәдени басқосулардың тұрақты алаңына айналған.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған жағдайлар да назардан тыс қалмаған. Зағип және көру қабілеті төмен жандарға арналған арнайы кабинетте Брайль қарпіндегі кітаптар мен аудиокітаптар қоры жинақталған. Ал «DybysLab» студиясында дыбысты кітаптар жазылып, түрлі аудиожобалар әзірленуде.
Кітапхана жанындағы «Фараб» кинозалында кітап желісімен түсірілген фильмдер мен танымдық туындылар тұрақты көрсетіліп келеді. Бұл жастардың мәдени талғамын қалыптастырып, рухани дүниесін байытуға ықпал етуде.
Кітапхананың үшінші қабатында мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков пен көрнекті жазушы Мархабат Байғұттың есімдері берілген арнайы залдар орналасқан. Бұл – ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға деген құрметтің жарқын көрінісі.
«Фараб» кітапханасы халыққа жақын болуды басты қағидаттарының бірі ретінде ұстанып келеді. Осы мақсатта бүгінде қала аумағында тоғыз жылжымалы кітапхана пункті тұрақты қызмет көрсетуде. Олар әкімдік, сауда орталықтары, жастар орталықтары, әскери бөлімдер, оңалту мекемелері мен ауруханаларда орналасып, кітапханалық қызметтің қолжетімділігін арттырып отыр.
Соңғы бес жылда жүзеге асқан «Рухани керуен – Түркістанда», «Кітап саяхаты», «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар», «Ауыл кітапханаларына – 20 мың кітап» секілді жобалар өңір руханиятының өрісін кеңейтті. Әсіресе республика көлемінде ұй
ымдастырылған әдеби сапарлар Түркістанның әдебиеті мен мәдениетін кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.
«Ауыл кітапханаларына – 20 мың кітап» акциясының нәтижесінде, жоспарланған межеден асып түсіп, 26 мыңнан астам кітап жиналды. Бұл әдебиеттер облыстағы 390 кітапханаға таратылып, мыңдаған ауыл оқырманының жаңа кітаптарға қол жеткізуіне жол ашты.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әдеби-сазды кештер, ақын-жазушылармен кездесулер, шығармашылық жобалар мен интеллектуалдық ойындар тұрақты ұйымдастырылып келеді. «Түнгі кітапхана» жобасы жастар арасында ерекше танымалдыққа ие болып, кітапхана кеңістігін еркін шығармашылық алаңына айналдырды.
Сонымен қатар «Құм сағат» шығармашылық клубы, «Кітап талқы» және «Фараб» оқырмандар клубтары әдеби орта қалыптастырып, оқырмандардың дүниетанымын кеңейтуге үлес қосуда.
Соңғы жылдары кітапхана цифрлық технологияларды енгізу бағытында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Интерактивті моноблоктар, виртуалды Meta-библиотека жобасы және жасанды интеллект негізіндегі электронды кеңесші жүйесі оқырмандарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Бұл кітапхананың заман талабына сай ақпараттық-мәдени орталық ретінде дамып келе жатқанын көрсетеді.
Кәсіби жетістіктер де аз емес. «Рухани қазына» фестиваліндегі жеңістер, «Жылдың үздік мәдениет және өнер мекемесі» атағы және республикалық «Кітап Time» фестиваліндегі табыстар кітапхана ұжымының еңбегінің лайықты бағасы болды.
Осы жетістіктердің барлығында кітапхана директоры Жанат Сәдібекқызының еңбегі ерекше. Оның бастамашылдығы мен кәсіби басқаруының арқасында кітапхана өңірдегі ең белсенді рухани орталықтардың біріне айналып, жаңа жобалар мен тың идеялардың ұйытқысы бола білді.
Бес жыл ішінде Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы кітап сақтайтын мекемеден руханияттың, мәдениеттің және білімнің заманауи ордасына айналды. Бүгінде ол ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оқырман мәдениетін қалыптастырып, қоғамның зияткерлік әлеуетін дамыту жолында жемісті еңбек етіп келеді.
Өткен бес жыл – толайым табыстар кезеңі. Ал алдағы уақыт жаңа жобаларға, жаңа бастамаларға және жаңа белестерге бастайтын жарқын жол болмақ.
Айдар СЕЙДӘЗІМ